Ердоған өмірбойы билік жүргізе ме?

Түркиядағы ереуіл бүгін жетінші күнге жалғасты. Кеше Ердоған телеарналар арқылы ереуілдің дүрбелеңге ұласқанын айыптап, Республикалық халық партиясын жұртты желіктіруді тоқтатуға шақырып, жараланған сақшылар мен бүлінген мүліктер үшін жауапкершілік арқалайтындарын ескертті.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше алғашқы бес күнде 1133 ереуілші тұтқындалған. Арасында БАҚ өкілдері бар.123 құқық қорғау қызметкері жараланған. Ереуіл өткізуге тыйымды сәуірдің 1-не дейін ұзартқан. Соған қарамай Ыстамбұл мен Измирде қарсылық тоқтамай тұр.
Сәрсенбі күні тұтқындалған Экрам Имамоғлы қызметтен шеттетіліп, ісі сотқа жеткенімен, оны елеп жатқан ешкім жоқ. Республикалық халық партиясы оны 2028 жылғы президент сайлауына басты үміткер ретінде бекітті.
Экрам Имамоғлы 2019 жылы Ыстамбұл қаласының әкімі болып сайланған. Өткен жылғы сайлауда халық тағы да оны таңдады. Ол ел ішінде Ердоғанға бірден-бір бәсекелес тұлға ретінде танылған. Шетелдік сарапшылар Экрамның тұтқындалуының саяси астары бар, Ердоғанның мақсатты әрекеті деп санайды. Олардың пайымынша Ердоған АҚШ пен Еуропаның өзара араздығы күшейген ұрымтал кезді пайдаланып, саяси ұпайын түгендемек.
Демократ Байден президент болып тұрғанда Түркиядағы кісілік құқық мәселесін қатаң сынап келген. Қазіргі Ақ үй басшысы Трамп демократияны ұртоқпақ ететін ондай саясаттан бас тартқан. Түркиядағы ереуіл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз өкілі: "Екінші бір елдің ішкі ісіне пікір білдіре алмаймыз", - деді.
Англия мен Франция да Түркиядағы билікке наразылықты сырттай бақылап тұр. Олардың өз есебі бар. Еуропа Сирияны қайта құру мен Украинаға бітімгерлік күштерін жіберуде Ердоғанның көмегіне мұқтаж.
Ердоғанның билікте жүргеніне ширек ғасырға таяды. 2003-2014 жылдары үш кезек үкіметбасы болды. 2014 жылы президентікке ауысты. Содан бері билікті бермей келеді. Сол себепті оны Путин мен Лукашенкомен салыстыратындар көп.
Abai.kz