Жексенбі, 30 Наурыз 2025
Арылу 762 0 пікір 27 Наурыз, 2025 сағат 11:54

Өлім терапиясы

Сурет: medexpress24.kz сайтынан алынды.

Ұйықтап тұрған киіммен күні бойы жүре беруді шығардым, өзіме көңіл бөлуді қойдым, 2-3 күнге дейін жуынбайтын болдым, салмақ болса 75 келіге жетті. Оны айтасыз, тісті де жумайтын болдым, тіпті өмір сүргім келмеді… депрессия…

Мына түрімді көрген жапон құрбым мені бір клиникаға алып келді. Айтуынша, мұнда бір керемет процедура бар екен, одан кейін өмірге жаңа келгендей болады екенсің. Токионың қақ ортасында орналасқан клиникаға киім де ауыстырмастан, сол беті үйде жүрген киіммен, аяққа үй сүйретпемді іліп келдім. Шашымды төбеге түйе салғам. Жапонияда ешкім үсті-басыңа қарамайды. Бәрі еркін. Жалаңаш жүресің бе, бәрібір. Әркім өзімен өзі әлек.

Сонымен қойшы, клиникаға келдік, бір қағаздарға қол қойдық. Айтқан жерге кірсем бөлменің қақ ортасында табыт тұр.

Дәрігер маған бірнеше сұрақ қойды, сосын соңғы сапарда киетін арнайы киімді берді де, “киініп, табытқа жатыңыз, өлген адамның не сезінетінін сезініңіз, шыққыңыз келгенде мына түймені басасыз, біз сізді шығарып аламыз” деді. Мен айтқанын істеп табытқа жаттым. Іші қып-қызыл атластан жасалған екен, жайлы көрінді. Табытқа хош иіс сеуіп қойғанынымен біртүрлі иіс болды.

Жатып алып ішін зерделеп жатырмын. Бір кезде қоштасу әні орындала бастады. Табыттың кішкентай тесігінен бөлмедегі әлсіз жарық көрініп тұрды. Бір уақытта мені көтеріп алып, көлікке салып жатқанын сездім. Шошып кетіп, жанұшыра жаңағы айтқан түймені бастым, түйме басқан сәтте сынып қалды. Менде зәре жоқ, аласұрып айғайлап, оларды көмеккке шақыра бастадым. Естіген адам жоқ. “Бұларың не, ақшаны бұл үшін төлегем жоқ” деп бұлқынып, ойбайлап жатырмын. Ләм мим.

10 минуттай жол жүрдік.

Мен болсам дем жетпей тұншыға бастадым. Бір кезде “түсіріңдер!” деген бұйрық естілді. Сәлден соң мені жіппен жер астына түсіріп жатқанын сездім. Табыттың үстіне топырақ лақтырып жатқанын да естіп жатырмын. Олардың дауысы бірте-бірте алыстап, естілмей барады. Сұмдық-ай, мені көміп жатыр! Аласұрып бар дауысыммен айғайлай бастадым. Аузыма келгенді айтып, орысшалап боқтап жатырмын. Енді қайтпекпін, тірідей көміп жатыр емес пе?!

Басыма миллион ой келді. Мүмкін мен сектанттардың қолына түскен шығармын..

Олар мені тірідей көміп, өлтірмекші. Шетелдіктерді жеккөретін сектанттар шығар.. Мүмкін жапон құрбым олармен сыбайлас шығар.. Оңбаған!

Еститін де, тоқтайтын да түрлері жоқ. Мені шынымен тірідей көміп жатыр. Жынды адамша аласұрып, аяғыммен табытты тепкілей бастадым. Бәрінен қорқыныштысы ауа жетпей, тұншыға бастағаным. Ойбайлап, бар дауысыммен жылай бердім. Тар табытта қозғала алмаймын. Көз жасым бетімді жуып, құлағыма тамшылап ағып жатты. Қатты қорыққаннан бұтыма да жіберіп қойдым...

Бұл сұмдықты сөзбен айтып жеткізу қиын. Не қозғала алмайсың, не демала алмайсың. Ауасы жоқ тар қапас. Сені ешкім естімейді.

“Құдайым, менің өлгім келмейді” деп жылап, Оған жалбарына бастадым. Ауа жетпей басым айнала бастады. Жердің асты сондай суық екен ғой деген ой сумаң етті, қатып қалдым.

Өкіріп жылаумен болдым..

Бір кезде әлсіреп, есімді жоғалта бастадым. Бұл сұмдықты сипаттауға тіл жетпейді. Гоголь есіме түсіп кетті, ол бишара мен сияқты тірідей көміліп, өлген екен ғой, дедім.

Көз алдымнан бүкіл өмірім зыр етіп, өте шықты. Қызымды туғаным, қолыма алғаным, оның алғаш тәй-тәй басқаны, мен күнде өретін бұрымдары…. Құдайым- ай, мен депрессия деп жүріп, қызыма көңіл бөлуді ұмытқан екем ғой. Анама хабарласуды да қойыппын. Өмірдің сондай ғажап екені есіме түсті. Өмір неткен тәтті, қандай тамаша еді!

Ал мен табытта жатырмын. Мені өлтіріп жатқан сонша құрметтейтін жапондарым екеніне сене алар емеспін. Ее, жапондар-ай. ..

Өлу деген осы екен ғой деп жатқанымда кенет табыттың беті ашылды.

Қарасам, сол бөлмедеміз. Ешқайда шықпағанбыз да, ешкім көмбеген де. Өңім бе, түсім бе деп ажырата алмай, есеңгіреп тұрғанда әлгілер келді. Құрбым күледі. Мен оларды әбден боқтап, тағы жыладым. Жыламағанда ше, жаңа ғана жеті қат жердің астында табытта жатсаң…. Тірі екем ғой!!!

Олар мені әзер дегенде уатып алды. Болған нәрсенің бәрі - жерлеудің иллюзиясы екен, бағанағы адам шошырлық әрекеттің бәрін компьютер жасаған. Олар табыттың ішіне камера қойған екен, содан мені бақылап отырыпты, кейін жазылған бейнені өзіме берді.

Осы жағдайдан кейін мен арықтап, әдеміленіп кеттім. Өмір сүруге құлшынысым артты, өмірді одан сайын сүйдім. Қазір депрессия, өмір сүргім келмейді деген бөтен ой кіріп те шықпайды. Жоқ. Ол жаққа барғым келмейді. Мен осында және тура қазір өмір сүргім келеді.

Солай, достар! Өмірді сүйіңдер!

Авторы Назым Осака

Аударған Жанар Шәмел

Abai.kz

0 пікір