Дүйсенбі, 31 Наурыз 2025
Көкмұнар 847 0 пікір 28 Наурыз, 2025 сағат 12:21

Қазақстан тарихи кезеңде тұр: Уәдеден іске қашан көшеміз?

Сурет: Автордың жеке альбомынан алынды.

Бүгін порталымыздың оқырмандарына белгілі мәдениеттанушы, саяси ағартушы Абылайхан Қалназаровпен шағын сұхбатты ұсынамыз...


– Қазақстан дамуының қазіргі үрдістерін сараптап жүрген саяси ағартушы маман ретінде сізден еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі ең өзекті мәселелердің бірі – орындалмаған уәделер мен олардың қоғамға әсері туралы сұрағым келеді. Сіз бұл құбылысты желідегі парақшаңыздағы жазбада «уәдебиет» деген жаңа да қызықты терминмен анықтапсыз. Әңгімені осыдан бастасақ.

– Мен мұны «ұлттық уәдебиет» деп атар едім. Бізде сөзден іске көшпейтін, үнемі уәде берумен шектелетін саяси дискурс қалыптасты. Жыл сайынғы жолдаулар, мемлекеттік бағдарламалар, стратегиялық бастамалар көп айтылады, бірақ олардың басым бөлігі ұзақ мерзімге шегеріле береді немесе тіпті орындалмайды. Әләулайлымы бітсе, хәлаулайлымы басталады. Негізі, бұл үрдістің қоғамға кері әсері өте зор.

Егеменді Қазақстанда шынымен де көркем әдебиетпен қатар, бір ерекше жанр қалыптасты. Ол – уәдеге негізделген «уәдебиет». Бұл жанрдың басты ерекшелігі – әдемі де пафосты сөздер, әсерлі жоспарлар, ұзақ мерзімді перспективалар, доктрина, концепциялар, 100 қадам», «40 шешім» және тағы басқа. Тек нақты іске келгенде жағдайдың өзгермейтіні қиын.

– Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында бұл уәдебиеттің қандай салдары бар?

– Ең әуелі, халықтың сенімі азаяды. Уәде көп болған сайын, әйтсе де нәтиже көрінбеген сайын, азаматтардың билік пен үкіметке деген сенімі төмендей береді. Бұл, өз кезегінде, әлеуметтік тұрақсыздыққа, саяси белсенділіктің төмендеуіне, жалпы қоғамдық пессимизмнің артуына әкеледі.

Екіншіден, экономикалық жоспарлау нашарлайды. Егер үкімет бір жылдары ауыл шаруашылығын көтереміз десе, келесі жылы көлік-логистикаға басымдық береміз десе, алайда олардың ешбірі жүйелі түрде дамымаса, онда елдегі ресурстар тиімсіз жұмсалады. Инвесторлар үшін де бұл тұрақсыздық белгісі.

Үшіншіден, кадрлық саясаттың әлсіздігі. Уәдебағдарлық саясат жүйе ішінде білікті мамандарды емес, жақсы сөйлей алатын, беті қызармай оңды-солды уәде бере алатын, «уәдепулимет» адамдарды алға шығарады. Осылайша, публикаға ойнауды ғана білетін, жылтырақ, абыройын бәске тігіп, стратегиялық шешім қабылдауға қабілетті емес менеджерлер көбейіп, түбінде барлық жоспарлар декларация деңгейінде қалады.

– Қандай нақты мысалдар келтіре аласыз?

– Мысалға, цифрландыру мен жасанды интеллектті алайық. Қазақстан үкіметі бұл бағытта үлкен қадамдар жасаймыз деді. Электронды үкімет жүйесі енгізілді, мемлекеттік қызметтер цифрланды. Бұл белгілі бір дәрежеде оң нәтиже бергенімен, әлі күнге дейін IT саласы әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болмады.

Тағы бір мысал – агроөнеркәсіп кешені. Идеалында еліміз өз-өзін азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алатын, тіпті экспорттаушы ел болуы керек еді. Тап Қазақстанның агроәлеуетіндей жойқын ел әлемде кем де кем. Дегенмен субсидиялау жүйесіндегі жемқорлық, бюрократия бұл саланы толыққанды дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Біз әлі күнге дейін шикізат сатумен шектелеміз, ал ауыл шаруашылығындағы терең өңдеу деңгейі төмен.

Энергетика саласында да үлкен уәделер берілді. Атом электр стансасы туралы талқылау он жылдан бері жүріп келеді. Ақырында халық референдумда бейресми қарсы болды. Дегенмен ол қарсылық белгілі бір «дөңайбат» танылған елдің сол нысаналы құрылысты салуына қарсылық-тын. Өз-өздігінен өркениетті ел жолға қоятын болса, атом қуатына деген ықылас соншалық жаман емес қой. Сөйткенмен бұл жобаның нақты қашан іске асатыны әлі белгісіз. Әзірше аспай тұра тұрғаны да қайырлы сияқты.

Көлік-логистика саласы да көп айтылған сақалды тақырыптардың бірі. Қазақстан «Еуразияның логистикалық хабы» боламыз деп мәлімдеді, бірақ инфрақұрылымдық жобалар баяу жүруде. Транзиттік дәліздердің көпшілігі толық қуатында жұмыс істеп жатқан жоқ.

– Сонымен, «уәдебиет» феномені қалай пайда болды деп ойлайсыз?

– Бұл жүйелік және ілгерідегілерден мұра болған мәселе. Кеңес Одағынан кейінгі кезеңде Қазақстан нарықтық экономикаға көшіп, ләкін басқару стилі түбегейлі өзгерген жоқ. Кеңестік жоспарлы экономикада уәде беру – орталықтандырылған басқару құралының бір тетігі болды. Бүкіл Одақ қазан төңкерісінен бері «Алдағы бақытты коммунизм» уәдесімен тойдырылып келді. Әйтсе де ол кезде, кем дегенде, белгілі бір жоспарлар орындалды. Ал қазіргі кезде уәдебағдарлық стиль формалды сипатқа ие.

Сонымен қатар саяси есеп беру жүйесі әлсіз. Егер мемлекеттік органдар нақты жауапкершілікке тартылмаса, әрбір уәде үшін есеп бермесе, онда бұл жүйе жалғаса береді.

Содан соң, халықтың тарихи тәжірибесі де әсер етеді. Кеңес дәуірінде жаңа айтқандай, «Ертең бәрі жақсы болады» деген идеология үстем болды. Қазіргі саяси риторика да осыған ұқсас. «2030», «2050» сияқты «Есекті сөйлетуді мақсат еткен» Қожанасырлық «Не хан өледі, не мен өлемін, не есек өледі» сарынындағы бағдарламалар күлкілі анекдоттарды еске түсіретіндей ме, қалай?! Бірақ айырмашылығы – қазір ақпарат ашық, халық уәденің орындалуын бақылай алады, әлеуметтік желілер арқылы пікірін білдіре алады.

– Бұдан шығудың жолы қандай?

– Біріншіден, уәделер нақты және өлшенетін болуы керек. Егер үкімет белгілі бір жобаны жарияласа, оның орындалу мерзімі, аралық кезеңдері, жауапты тұлғалары көрсетілуі керек.

Екіншіден, мемлекеттік бағдарламалар тәуелсіз сарапшылармен, азаматтық қоғам өкілдерімен бірге бағалануы тиіс. Қоғамдық бақылау күшеюі қажет.

Үшіншіден, нәтижеге бағытталған саяси мәдениет қалыптастыру керек. Бізде уәде беру – саяси карьера құрудың негізгі құралы болып кеткен. Керісінше, нақты іске негізделген саяси жауапкершілік жүйесін құру қажет.

– Демек, Қазақстанның болашағы уәдеден іске көшумен байланысты деп айта аласыз ба?

– Дәл солай. Қазір Қазақстан үлкен тарихи кезеңде тұр. Біз тек әдемі сөздермен шектелетін ел болып қалмауымыз керек. Қазақстанға нақты экономикалық және әлеуметтік реформалар, жүйелі өзгерістер қажет.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан әдебиетте айтарлықтай жетістіктерге жетті. Өкінішке қарай сол әдебиеттің қасында тағы бір жаңа жанр – уәдебиет те пайда болды. Енді біз осы жанрдан арылып, нағыз әрекетке, нақты іске көшетін кез келді. Ораторлық, шешендік, жалпы гуманитария деген жақсы-ақ. Бірақ «Сөздің тілінен істің тілінің шешенірек» екенін ұмытпасақ керек.

Елдегі ақын-жазушы, әдебиетшілердің кеңес заманынан бері Алматыда Жазушылар Одағы бар. Мына қарқынмен, уәдебиетшілер де Астанада өз Одағы немесе бірлестігін ашып қалуы ғажап емес. Себебі қатары күн өткен сайын молайып, сағаттап емес, минуттап балалап жатыр. Сондықтан да шұғыл қамданбай болмайды.

– Қызықты әрі маңызды пікірлеріңіз үшін рақмет!

Abai.kz

0 пікір