Абай іліміндегі адам мен "толық адам"

Абай іліміндегі толық адам жолындағы «адам» мен «толық адамның» арасында үлкен айырмашылық бар. Көпшілік қауым, тіпті, кейбір ғалымдар арасында да, олардың негізгі айырмашылықтарын білмегендіктерінен жаңсақ пікір туып жүр. Олардың ойынша «толық адам» қатарына жақсылардың барлығы жатады. Бұл «толық адам» сатысын түсінбегендіктен шығатын өте қате пікір. Сондықтан, Абайдың өзінің ілімі арқылы олардың айырмашылығын біліп алудың маңызы зор.
«Толық адам» мен «адам» арасындағы айырмашылық олардың адамгершілігін білдіретін иманның деңгейіне байланысты. Екеуінің де иманы бар, бірақ, бірдей емес, әртүрлі. «Адамның» иманы әлсіз, тұрақты емес. Жүрек көзі әлі ашылмағандықтан, ол нәпсі ықпалымен имандылық жолынан жиі шығып кетеді. Ал «толық адам» олай емес, ол бұл фәни әлем шырғалаңдарын жақсы біліп, енді оның ықпалынан толық шығуға бет алған, иманы берік. Ол рухани жолға толық беріліп, жүрек көзін ашу арқылы іштегі кірді қашыруға ұмтылады.
Толық адамның анықтамасын отыз сегізінші сөзінде данышпанымыз былай деп берді:
«Ендi бiлiңiздер, ей перзенттер! Құдай тағаланың жолы деген жол Алла тағаланың өзiндей ниһаятсыз (шексiз, өлшеусiз) болады. Оның ниһаятына ешкiм жетпейдi. Бiрақ сол жолға жүрудi өзiне шарт қылып кiм қадам басты, ол таза мұсылман, толық адам делiнедi». Осылай Абай толық адамның негізгі шартын береді. Ол шарт – тек қана имандылықтың жоғары дәрежесінде болатын Құдай тағаланың шексіз жолында жүруді өзіне шарт қылып қадам басу. Барлық iс-әрекетiн, ақыл-санасын, ғұмырын Жаратушыны ләззаттандыруға арнаған адам ғана кемелдiктiң шыңына жете алады. Абай сопылық философиядан алынған «толық адам» түсiнiгiн осылай деп бередi.
Имандылық дәрежесіне байланысты, «Адам» мен «Толық адамның» рухани болмысы ғана емес, сонымен бірге, мақсаттары мен өмірге көзқарастары да бөлек. «Адам» Абайдың көрсеткен екінші сүюіне «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген адамзатты сүю қағидасына ұмтылса, ал толық адам үшінші сүюге Алланың Өзін сүюге ұмтылады. Абай «адамды» «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі – бос» деп бірлікке, өзара сүйіспеншілікке үйретсе, ал «толық адамды» «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» деп Алланың Өзін сүюге үйретеді. Бұл таза рухани деңгей.
Адам сатысы Алла Тағаланың жаратқандарын сүюге ұмтылып гуманизм, адамгершілік деңгейінде болса, ал толық адам Жаратқанның Өзіне ұмтылып, рухани жаңғырудың шыңына жетеді. Рухани жаңғырудың бұл деңгейіндегілер жетілу шыңында әлемнің ықпалынан толық шығады. Адамдар қоғам өмірімен тығыз байланыста болса, ал бұлар, керісінше, көпшіліктен бөлектенуді, өзімен-өзі жеке болуға ұмтылады. Әулие болған Шәкәрім бұл деңгейге жеткенде тау ішіне кетіп, қоғамнан бөлек өмір сүрген. Абай да жекеленуге ұмтылды, бірақ қоршаған ортасы оған мүмкіндік бермеді. «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп ол өзінің осы ішкі сырын білдіреді.
Толық адам – рухани жаңғырудың шыңы, өзінің рухани болмысын толық тануы. Өзін-өзі тану дегеніміз өзін-өзі білу емес. Абайдың «Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі» дегенін біліп, біз өзімізді бірден жан ретінде тани алмаймыз. Өзін білу мен тану, екеуі екі басқа, арасы жер мен көктей алыс. Білу дегеніміз тек қана хабар, ақпарат дейтін болсақ, тану дегеніміз сол ақпаратты сезіну, бойға сіңіріп, түйсік арқылы өзіндік қасиетке айналдыру, яғни, болмысты өзгерту (трансформациялау). Өзінің жан екенін тану дегеніміз – өзінің жан екенін сезініп, рухани қасиет арқылы жанша әрекет ету деген сөз, яғни адамның толық өзгеруі.
Бұл оның материяның ықпалынан шығып, мүлде басқа қасиет, рухани қасиет алды деген сөз. Оның ой-өріс, сөйлеген сөзі, жасаған іс-әрекеті мүлде басқаша рухани қасиетке ие болады. Ондай адам бұл фәни әлемнің заңдылықтарынан шығып, осы әлемде жүргенімен, рухани әлем заңдылығымен өмір сүреді. Өзін жан екенін тану дегеніміз, міне, осы.
Өзін жан екенін тану деңгейіне тек қана тәжірибе (практика) арқылы жетуге болады. Өзін-өзі танудың жолы пікір және зікір болып екіге бөлінеді.
Бұл деңгейге жеткен адамдарда қарапайым пенделерде жоқ қасиеттер қалыптасады. Олардың ақыл-есi, сана-сезiмi, яғни нәзiк денесi ғарыштық нәзiк әлеммен байланыса алатындықтан, материалдық әлемнiң көптеген эзотерикалық құпиялары ашылады. Олар өткендi және алдағы өмірдi көріп болжау, материалдық нәзiк әлемдердегi жан иелерiмен байланысу, тәннен бөлініп нәзiк денелерiмен басқа планеталарға ұшып бару тәрізді тыслым қасиеттерге ие болады. Мұндай «жоғары адамдарда» басқа да көптеген құпия қасиеттер болуы мүмкiн. Мысалы, ел аузында Ахмет Яссауи таң намазын Меккеге барып оқып келеді-мыс деген сөз тараған. Абайдың да ерекше қасиеттерден құралақан болмағанын білеміз.
Толық адамның негiзгi қасиетi – бұл фәни өмірге байланбай, оның құрсауынан шыға білуінде. Ондай адамдар рух пен материяны айыра бiледi, жан ләззатқа, бiлiмге толы және мәңгiлiктi болғандықтан, олардың өмірi толық ләззатты.
Бұл деңгейге көтерiлгендер жұрттың құрметiне бөленген, бұрынғы заманда хандар сарайында емшi, ұстаз, немесе олардың ақылшы-көмекшiлерi, хакімдер болып, елдiң денсаулығын сақтау, бiлiм алуды басқарып салауатты өмір кепiлi болған.
Бұл деңгейдегiлер барлық жан иелерiне бiрдей қарайды. Олардың білімі толық болғандықтан, ешкiмдi жынысқа, ұлтқа, дiнге бөлмейді, барлық адами қасиеттерге ие. Өмірдiң түрлi зардап-қиыншылық, қайғы-қасiреттерiне төзiмдi.
Ал «адам» сатысындағылар екі нәрсеге ұмтылады. Бiрiншiсi, өзiнiң материалдық құмарлықтарын қанағаттандыру. Екiншiсi, рухани құмарлықтарын қанағаттандыру. Абай біріншісін – «тән құмары» десе, екіншісін – «жан құмары» дейді. Жан құмары мақсаты – Алла тағаланың разылығы үшін өмір сүру. «Адам» осы тән құмары мен жан құмарының арасында бірде қуаныш, бірде қайғы көріп, өмір шырғалаңдарынан шыға алмайды.
Тән құмары мен жан құмарының әсеріне байланысты адам мен толық адам болмысының арасындағы айырмашылықтар да үлкен.
Бірінші айырмашылық – ой жүйесі. Екеуі екі бөлек ойлайды. Материалдық әрекет жасайтын адамның санасы дене деңгейінде, сондықтан ол өзін «денемін» деп сезінеді. Соған байланысты «менiкi» – оның тәнiмен байланысты: отбасы, бала-шаға, мал-мүлiк, халық, отан, тағы сол сияқты болып кеңейе бередi. Толық адамның ойы рухани деңгейде. Ол үшін «Мен» – жан, ал «менiкi» – Алла тағала, яғни менiң Жаратқан Ием.
Адам сатысындағылар имандары толық болмағандықтан, тән құмары ықпалымен олар бiр Алла тағала үшiн әрекет жасамай, тек қана Одан өзiне жақсылық тiлейдi. «О, Алла тағала! Маған тамақ бере гөр, денсаулық бере гөр, отаныма тыныштық бере гөр» және тағы-тағылар деп ол өзiнiң денесiне байланысты құндылықтарды сұрауы мүмкiн. Сөйтiп адам Құдайға құлшылық жасаудық орнына өзiне жақсылық тілеп, Алланың мейірін тек қана өз қамы үшін пайдалануға тырысады. Рухани жаңғырудың материалдық деңгейі дегенiмiз осы. Ол әлi Абай көрсеткен өмірдiң негiзгi мақсаты «Түп Иеге қайтуды» бiлмейдi, не болмаса толық сезiнiп-түйсiнбейді. Бірақ материалдық қажетiн Құдай тағаладан сұраған кезде Оны есiне түсiредi. Осылай жаны бiртiндеп тазарып, түбiнде өмірдiң негiзгi мақсатына ұмтылуға мүмкіндік алады.
Ал толық адам мүлде басқа. Ол өмір мақсатын түсiнген және соған өмірiн толық арнаған. Ол Аллаға толық беріліп, өзi үшін ештеңенi сұрамайды, iс-әрекетiнiң барлығын тек қана Түп Иенiң разылығына арнайды.
Абай осылай өмірдің түпкі мақсатын беріп, оған жету жолындағы деңгейлерді көрсетіп, адам баласының ой жүйесін дұрыс жолға бағыттап, оны дамудың жоғары сатысына көтереді. Махаббаттың ең жоғарғы нысанасы Құдай тағалаға болғандықтан, жетілу рухани жолда болу керек. Абай «жаннан тәттi» сүй деп ол махаббаттың ең жоғарғы деңгейін көрсетеді. Адамға ең қымбаты жаны болса, ал «жаннан тәттi» деген сөз бұл сүю одан да құнды, ең жоғары дәреже. Сондықтан рухани жетiлу – ең жоғарғы саты, одан жоғары сана жоқ.
Толық адам сатысының екінші айырмашылығы – өмірдің мақсатында. Толық адамдарда бірақ мақсат бар. Ол – Түп Иеге қайту. Ол үшiн толық адамдар Абайдың «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәттi» қағидасын берiк ұстанып, Аллаға деген биік махаббатқа жетуге ұмтылады. Олар құлшылық жолындағылар. Себебi бiреудi жақсы көру үшiн оны сырттай бiлiп қою жеткiлiксiз. Нағыз сүйiспеншiлiк қарым-қатынастан басталады. Сол сияқты Алла тағаланы сүю үшiн де Онымен қарым-қатынас аясына кіру керек. Ал ол құлшылық арқылы ғана болмақ. Олар Алла тағаланы ешуақытта ұмытпай, үнемі естерiнде ұстаушылар. Осылай олар рухани сатыға көтерiлiп, Құдайға деген сенiмдерi биiктеп, Онымен қауыша алады. Адам ендi барлық iс-әрекетiн өзiнің емес, Құдай тағаланың разылығына арнайды.
Үшіншi айырмашылық – Құдайға деген жүрек пен көңiлдің тазалығы. Абай Құдайға ынталы жүрек, шын көңіл керек екенін айтады. Бұл туралы Абай былай дейдi:
"Алла деген сөз жеңiл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңiл,
Өзгесi Хаққа жол емес".
(«Алла деген сөз жеңiл»)
Осылай Абай «Өзгесi Хаққа жол емес» деп нақтылап, ал қара сөзiнде ынталы жүрек пен шын көңiлдiң рухани жолдағы маңызын баса айтады.
Өзiнiң отыз сегiзiншi қара сөзiнде ол бiзде де Құдай тағаланың қасиеттерiндей қасиеттер бар екенін айтады. Бiрақ олар зәредей – кiшкене. Рухани жаңғырудың мақсаты сол зәредей қасиеттердi өсіру. Ол үшiн, бiрiншiден, ынта-жiгер, екiншiден, таза ниет, яғни Құдайға деген шын көңiл керек, болмаса – жоқ. Абай Құдайға деген ынта мен талап адамның ниетiнiң тазалығына байланысты екенiн айтады. Құлшылық барысында ниет тазарып, имандылық нығаяды. Ал таза ниет пен берiк имандылық Құдайға деген ынта-жiгердi арттырады. Адамның Құдайға деген ниетi мен ынтасы бiр-бiрiмен тығыз байланысып жатыр. Адамның рухани дәрежесi Құдайға деген ынталы жүрек пен шын көңiлiне сай. Соңғылар жетiлу деңгейiнің таразысы.
Төртiншi айырмашылық – адам мен толық адамның негiзгi қасиеттерiнде. Материалдық сатыдағы «адамдардың» негiзгi қасиетi – имандылық дәрежесiмен өлшенеді. Соған байланысты олар түрлi жетiлу деңгейiнде болады. Ал рухани жетiлу сатысындағы «толық адамдардың» негiзгi қасиетi – Құдайға берiлу, яғни Оған деген ынталы жүрек пен шын көңiл дәрежесiмен өлшенеді. Яғни, рухани сатыға көтерiлу шарты – ынталы жүрек, шын көңiлмен Құдайға толық берiлу.
Толық адам өзінің адами қасиеттерін сырт көзге көрсетпеуі де мүмкiн. Көпшілік тәрізді ол да жақсы отбасы, қоғам қайраткерi, ұлтының қамын ойлайтын кемеңгер, патриот, гуманист болып көрінуі мүмкін. Бiрақ оның iшкi дүниесi бөлек, өзгерген. Ол ендi өзiн, немесе «менiкi» дегендердi қанағаттандыру үшiн емес, барлық себептердiң себебi Алла тағаланың разылығы үшiн әрекет жасайды. Алла тағаланың аясына кiрiп, оның iстеген барлық iс-әрекетi рухани және өте кемелдi болады. Яғни, толық адам дәрежесі сыртқы сымбаты емес, оның ішкі сырымен анықталады.
Кемелдi дегенiмiз – барлық жағынан кемшiлiгi жоқ толық дегенмен бiрдей. Сондықтан бұл сатыдағы адамдарды Абайдың өзi атағандай «толық адам» дейміз. Толық адам жолында қоғам да, адам да ештеңенi жоғалтпайды. Керiсiнше, қоғамға үйлесiмдiлік, ал әркiмге рухани жаңғырып, өмірдiң жоғарғы ләззатын алуға жол ашылады.
Рухани жаңғыру жан саулығына бағытталса, ал тән саулығы – оның салдары ғана. Сондықтан, бұл жол – бүгiнгi адамзаттың арманы болып отырған денсаулық сақтау мәселесiн шешудiң тура жолы. Оған жету шарты – Абай көрсеткендей, рухани жаңғыру арқылы иманды өсіру.
Абай рухани жаңғырудың бұл деңгейін «бек нәзiк, бек шетiн жол» дейдi. Бұл жолмен «ақыл-есiн бiр бағытта дұрыс пайдалана алған адам ғана жүре алады». Данышпан Абай «Жүректiң ақыл – суаты, махаббат қылса Тәңiрi үшiн», яғни Тәңiрi үшiн пайдаланған ақыл жүректiң нәр алатын суаты болып, жолдан адаспауға мүмкiндiк беретiнiн бiлдiредi. Ақылды дұрыс пайдаланудың маңызы осындай!
Құдайға құлшылық неғұрлым таза болса, оның нәтижесi де солғұрлым жоғары болады. Сондықтан Абай таза құлшылыққа шақырады. Бұл туралы өзiнiң он үшiншi қара сөзiнде имандылықты таза сақтамайтын адамдарды сынай келiп, сөзiн былай деп жалғастырады:
«Иманға қарсы келерлiк орында ешбiр пенде Құдай тағала кеңшiлiгiмен кешедi-дағы демесiн, оның үшiн Құдай тағаланың ғафуына (кешiру) яки пайғамбарымыздың шафағатына (қорғау) да сыймайды, мүмкiн де емес. «Қылыш үстiнде серт жоқ» деген, «Құдай тағаланың кешпес күнәсi жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденiң жүзi құрсын», – деп таза құлшылық жасағылары келмейтiндердi қатты сынайды. Ол отыз төртiншi қара сөзiнде мұндай адамдарды тiптi «мұсылман емес» деп бағалайды.
Ендi Құдайға таза құлшылық дегеннiң не екенiне қысқаша тоқталайық. Құдайға таза құлшылық дегенiмiз – өзiне ешқандай да пайда ойламай, барлығын тек қана Құдай тағаланың разышылығына арналған ой-өрістен бастап, айтылған сөз, iс-әрекетке дейін түгел қамтиды. Нағыз таза құлшылық әулие деңгейінен ғана басталады. Басқалары соған ұмтылушылар. Таза құлшылық жолындағы адам өзi үшiн бiлiм де, пайда да iздемейдi. Барлығы тек қана Алла тағала разалығы үшiн және ешқандай басқа ниет, ой болмауы керек.
Бұл арада «Егер мен барлығын тек қана басқалар үшін жасасам, онда мен өзiм қайда қаламын?» деген сұрақ тууы мүмкiн. Абай iлiмi бойынша оған былай деп жауап беруге болады. Бүкiл дүние Құдай тағаланың жаратқаны және барлығы Сонікі болғандықтан, Ол ештеңеге, бiздiң iсiмiзге де мұқтаж емес. Бiздiң iс-әрекет, дүние мүлкiмiздiң Оған қажеттiгi жоқ. Оған бiздiң таза ниетiмiз ғана керек. Сондықтан бiздiң iс-әрекетiмiздiң нәтижесi азайып қалмайды, керiсiнше, ол рухтанып, бiзге рухани әрекет болып қайтады. Сөйтiп Алла тағалаға қызмет жасау – бiздiң өз игілігіміз үшін қызмет жасау деген сөз. Бiз әрбiр iсiмiздi дұрыс орындап, барынша кемелдi болуға ұмтыламыз. Алла тағала біздің ісімізді барлық иждиһат-ықыласпен, таза ниетпен жасалғанда ғана қабылдайтын болғандықтан, осылай бiз кезiнде кемелдi адам қатарына көтерiле аламыз. Сөйтіп, болмысымыз тазарған сайын санамыз өсіп, өмiрдiң негiзгi мақсатына жетуге жол ашыла бередi. Кемелдi адамдардан құралған қоғам да кемелдi болмақ.
«Толық адам» сатысын Абай отыз сегiзiншi қара сөзiнде: «Бұл айтылмыш үш қасиеттiң иелерiнiң алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң хакiмдер, ең ақыры – кәмiл мұсылмандар» деп төртке бөледi.
Бұлардың бастапқы екеуi таза құлшылық жолындағылар. Ал соңғы екеуi – аралас құлшылықта, себебi ниеттерi таза болғанымен, болмыстары әлi толық тазаланып үлгермеген. Олар сый-құрмет, атақ-даңқ тәрiздi адамның жүрегiн құрсаған құмарлықтардан әлi де болса толық арыла қоймаған.
Абай көрсеткен рухани жаңғыру жолын тереңiнен түсiнудің маңызы өте зор. Сонда ғана дінді дұрыс түсініп, еліміздегі бүгінгі ислам мен тәңіршілдердің арасындағы алауыздықты да имандылық арқылы дұрыс шешіп, ұлтымыздың бұл екі құндылығын ел игілігіне нәтижелі пайдалануға болады. Құдайтану iлiмiнiң түрлi сатыларын анықтап алмай діни жолды толық түсіну мүмкін емес.
Досым Омаров абайтанушы, теолог
Abai.kz