Жұма, 25 Сәуір 2025
Алашорда 2438 0 пікір 4 Сәуір, 2025 сағат 12:11

«Ағасы алашордашыл ақын болған!»

Сурет: EL.kz сайтынан алынды.

1930 жыл Жұмабай әулетіне қаһарын төгіп, ата қонысынан ажыратып, қаңғыртып жіберді. Ал 1937 жылғы қуғын-сүргін одан да асып түсті, ұрпақтың түбіріне балта шапты. Абақтыға жауып, атты, құрбан қылды тірісін. Мағжанның туыстары "халық жауының тұқымы", "алашордашылар" деп айыпталып, мүлдем көшеде де жүруге болмай қалды.

Мен ол тұста 13 жастағы баламын. Көшеде келе жатсаң кейбіреулер: "Әне, қасқырдың бөлтірігі, халық жауының інісі", – деп көзге шұқығандай қолымен көрсетіп, кіжінетін. Оларды көрмегендей болып тез басып жүгіріп кететінмін.

1941 жылы соғыс басталысымен мен майданға өзім сұранып кеттім. Жоғарыдағыдай жексұрын атақтан арылар ма екенмін деп. Майданға Орлов – Курск жағына апарып салды.

Соғыс біткенге дейін майданда болып, екі рет жараланып, тек 1946 жылы елге қайттым. Қайтып келгеннен соң, "халық жауының тұқымы" деген қаңқу сөзден құтылғандай болдым. Бірақ көңілде сенімсіздік болды, біреу болмаса біреу айып қыла ма деген. Сондықтан нағашы жұртыма көшуді жөн көріп, шешемді Көкшетау облысына қарасты Бурабай станциясында тұратын Байғожа нағашыма апарып, өзім Алматыға оқуға кеттім. Педагогикалық институтқа түсіп, оны 1952 жылы бітіріп шықтым да, сол Көкшетау облысында мұғалімдікте қалдым.

Алайда менің туған жеріме деген құмарлығымда шек жоқ, қайда жүрсем де Қызылжарды аңсап, сағынышым арта беретін. Оның көшесінде ағам Мағжанның табанының ізі жатқандай болатын. Ақыры 1954 жылы Қызылжардың қазақ орта мектебіне оқу бөлімінің меңгерушісі болып бардым.

Қызмет бабында бәрі жақсы, "сіз-біз" – деп тұрады. Бірақ оқу жылы аяқталып, емтихан басталарда мені қалалық оқу бөлімінің меңгерушісі шақырып алып әңгімелесті. Сөз соңында: "Сіздің ұжымнан арыз түсті, сізді "халық жауының баласы, ағасы алашордашыл ақын болған" дейді, осы рас па?" – деп сұрағанда не дерімді білмей қалғаным бар.

Жасырмай түгел ағымнан жарылып айтып бергенімде ол: "Өсектің бәрін өзіңіздің жолдастарыңыз жеткізіп отыр. Менің ақылымды алсаңыз, қызмет орныңызды өзгертуге тура келеді", – дегенді айтты. Мен қарсыласпай, қайтадан Көкшетау жаққа ауысып кеттім. Менің сыртымнан КГБ бақылау жүргізіп жүргенін де сездім.

Мағжан Жұмабаевтың немере інісі Ғадылша Қаһармановтың естелігінен

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2251
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5157
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4431