Дүйсенбі, 14 Сәуір 2025
46 - сөз 1640 0 пікір 9 Сәуір, 2025 сағат 12:27

Зеленский: «Қытай әскері орыс жағында соғысып жүр...»

Сурет: unian.net сайтынан алынды.

Кеше, сейсенбі күні Украина президенті Зеленский шұғыл баспасөз жиынын өткізіп, орыс сапында соғысып жүрген екі қытай әскерін тұтқындағанын жариялады.

Оқиға барысы былай болған екен: Донецкідегі ұрыс майданында Украина сарбаздары 6 адамнан құралған ерекше әскери қосынмен бетпе-бет келеді. Қиянкескі атыс басталып, 6 жасақтың үшеуінің көзі жойылады, екеуі қолға түседі, біреуі қашып құтылады. Қолға түскен тұтқындардың жеке бас куәліктерінен, әскери киімдері мен қаруларынан Қытай азаматтары екені анықталады. Зеленский қойған бейнежазбада Қытай әскері өзінің қалай қолға түскенін, өз ана тілінде баяндайды.

Мәселенің егжей-тегжейін құпия қалдырған Зеленский өзінің әскери әріптестерін бұл түйінге баса назар аударуға шақырып, өздерінің Қытайдың Украинадағы өкілдігіне мәселені төтесінен қойып, түсініктеме талап еткенін жеткізді. Қазір Қытай әскерінің алдыңғы шепке бой көрсеткенін әлемдік БАҚ жарыса жазып жатыр.

Кеше ғана Песков АҚШ пен Ресей тарабының кездесуі 10-шы сәуірде Түркияда өтетінін жариялаған еді. Кремль бір жағынан келісімге келген боп, енді бір жағынан әскери шабуылды үдетіп, Ақ үй қожайыны Трампты ашуландырған еді. Орыс әскерінің 9 баланың өліміне әкеп соқтырған кезекті шабуылын барша әлем жұрты қатаң айыптады. Зеленскийдің мәлімдемесі Ресей үшін де, оның артына жасырынған Қытай үшін де оңай болмайын деп тұр.

Қытай әскерінің орыстарға көмекке келгені расталса, Путиннің мүлде соғысты тоқтату ойы жоқ екенін, АҚШ-пен келіссөздердің соғысты созбалаңға салу жолындағы саяси ойын екені әшкереленіп, Трампқа әріптестері жағынан қысымды көбейтпек. Салдарынан Трамп Ресейге санкцияны қатайтуға мәжбүр болады.

Соғыс басталғалы-бәрі Еуропа мен АҚШ Қытай билігін Ресейге жасырын көмектесіп келеді деп айыптағанмен, Қытай тарабы екі ел мүддесіне саятын халықаралық отырыстарда өзінің бейтарап позициясын білдіріп, мәселені бейбіт жолмен шешуді ұсынып келген еді. Донецкідегі Қытай жасағы еріктілер емес, құпия келіісім шартпен келгені анықталса, Қытай Иран мен Солтүстік Корея сияқты Ресейге әскери көмек берген, соғысқа тікелей араласқан үшінші ел атануы мүмкін. Ол кезде Украина одақтастары жағынан қатаң жауапқа тартылуы мүмкін.

Осы сағатқа дейін Қытай тарабы Украина жақтың сұрағына ешқандай жауап қатпады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 1865
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4676
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 3724