Путин Украинаның сирек металл қорын саудаламақ...

Ресей президенті Владимир Путин Украинаның жаңадан қосылған аумақтарындағы кен орындарын игеру үшін шетелдік инвестицияларды тартудың маңыздылығына тағы да тоқталды.
Экономикалық зерттеулер институты (ERI) таратқан мәліметке сүйенсек, соңғы жылдары әлемдік экономиканың негізгі факторы ретінде пайдалы қазбаларды, әсіресе сирек жер металдарын өндіру және қайта өңдеу маңызға ие. Атап айтқанда, бұл ресурстар жартылай өткізгіш материалдарды, катализаторларды, тұрақты магниттерді өндіру үшін қажет.
Жоғары технологиялық өнімдерге сұраныстың тез өсуі және "жасыл" энергетикаға көшу жағдайында сирек жер металдары стратегиялық маңызға ие болады. СЖМ едәуір қорлары бар және оларды қайта өңдеуді қамтамасыз ете алатын елдер экономикалық қана емес, сондай-ақ геосаяси артықшылыққа ие болады. IEA (International Energy Agency) бағалауы бойынша СЖM-на сұраныс артып, өсе береді, сондықтан олар соңғы кездері ең алдымен Қытай мен АҚШ арасында геосаяси бәсекелестік пен қарама-қайшылықтың тақырыбына айналды.
Қытай әлемдік өндірістің 60%-дан астамын қамтамасыз ете отырып, тау-кен өндірісі бойынша көш бастап отыр. Одан бөлек, ел СЖМ қайта өңдеу қуаттылығының шамамен 90%-ын бақылайды, бұл оны нарықта басым ойыншы етеді.
Өз кезегінде, Ақ үй де әлемдік өндірістегі өз позицияларын күшейту бойынша жұмысты жандандыра бастады. Осылайша, ел 2025 жылғы ақпаннан бастап Украинамен келісімге келу туралы келіссөздер жүргізуде. Бұл америкалық компанияларға Украинаның минералды ресурстарын, соның ішінде СЖМ-ін игеруге мүмкіндік береді. Келісім шарттарына сәйкес, Украина табиғи ресурстарды сатудан түскен кірістің 50%-ы елдің қауіпсіздігі мен экономикалық дамуына ықпал ететін жобаларды қаржыландыру үшін пайдаланылатын бірлескен қалпына келтіру инвестициялық қорына жібереді.
Сонымен бірге Ресей сирек жер металдары саласындағы АҚШ-пен ынтымақтастыққа дайын екендігін білдіріп, кен орындарын бірлесіп игеруді ұсынып отыр. Бұл осы стратегиялық маңызды ресурстарды бөлу мәселесіне геосаяси шиеленісті күшейтеді. Ресей президенті Владимир Путин кен орындарын, соның ішінде Украинаның жаңадан қосылған аумақтарындағы кен орындарын игеру үшін шетелдік инвестицияларды тарту арқылы өз мүддесін нықтамақ.
Қазақстан аумағында 2024 жылы перспективалы СЖМ кен орындары, оның ішінде қорлары шамамен 800 мың тоннаға бағаланатын Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесі анықталды. Геологиялық барлау жұмыстары 12 учаскеде жалғасуда, бұл елдің сирек жер элементтерін әлемдік өндіру мен өңдеудегі өз ұстанымын нығайту жөніндегі стратегиялық ниетін растайды.
АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) таратқан деректерге сәйкес, 2024 жылы сирек жер металдарының әлемдік қоры 90 млн тоннаға бағаланған. Алайда жылдық өндіріс 390 мың тоннаны ғана жетті.
Айта кетерлігі, сирек жер металдарының қоры бойынша үздік ондыққа мына елдер кіреді:
- Қытай (44 млн тонна)
- Бразилия (21 млн тонна)
- Үндістан (6,9 млн тонна)
- Аустралия (5,7 млн тонна)
- Ресей (3,8 млн тонна)
- Вьетнам (3,5 млн тонна)
- АҚШ (1,9 млн тонна)
- Гренландия (1,5 млн тонна)
- Танзания (890 мың тонна)
- Оңтүстік Африка (860 мың тонна).
Abai.kz