Сенбі, 19 Сәуір 2025
Абай мұрасы 678 0 пікір 17 Сәуір, 2025 сағат 11:25

Абайдың «үш сүю» ілімі

Сурет: el.kz сайтынан алынды.

Абай – 180 жыл!

Дана Абай: «Осы үш сүю болады иманигүл» дейді («Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңі). Иманигүл – қазақта бұрын-соңды айтылмаған тосын ұғым, ол – «толық (түгел) иман» дегенді, метафорамен бейнелесек, «Хош иісті гүлдей Алланың сүйіктісі бол» деген мән-мағынаны білдіреді. Ол – Құдайға ғашықтықтың символы, әрі ес-ақылдың шыңы:

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тахқиқ[1] біл.

Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

Үш сүю ілімінің маңызын, міне, осыдан-ақ бағамдай аласыз! Бірақ үш сүю, мейлі, иманигүл дейік, өте күрделі ілім, бек шетін, бек нәзік жол. Сондықтан оның мағынасына жету үшін алдымен жүрек көзі, жүрек тазалығы ұғымдарын ізерлеуге ұйғардық.

Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде...

Хақ тағала күллі ғаламды махаббатпен жаратқан. «Оның керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ» (Абай). Сол илаһи махаббат – жүрекке тән қасиет. Сондықтан Абай: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бар ма?» дейді. Ет жүрек, жау жүрек, жаралы жүрек, жамау жүрек, жылы жүрек, ыстық жүрек, ынталы жүрек дегендей сан алуан мағынада көп қолданған. Екпінді «Атың адам болуға жүректі тыңда, оған құлақ ас!» деген тәлімге түсірген.

Тоқ етері, хакімнің иманға һәм адамшылық тәрбиеге қатысты көзқарастарын жіті танып-білудің кілті – жүрек болып табылады.

Абай жүрек терминін қайтіп қолданған екен? Оның мағынасы түрліше. Жұрт назарын мынаған аударғым келеді: 1891 жылға шекті жүрек – адам мінезін танып-білудің құралы емес. Он бес өлеңде ұшырасты: ғашықтық поэзиясы («Қор болды жаным», «Сен мені не етесің?», «Жігіт сөзі», «Қыз сөзі», «Білектей арқасында өрген бұрым», «Жастықтың оты қайдасың», «Желсіз түнде жарық ай», «Кейде есер көңіл құрғырың», «Қызарып, сұрланып»), насихат пен өнерге қатысты жырлар («Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол», «Білімдіден шыққан сөз», «Сегіз аяқ», «Өзгеге, көңілім, тоярсың»).

Бұл – Ақшоқылық кезең. Әзірге жүрек, жаңа айтылғандай, адам мінезін танып-білудің құралы емес. Сондай-ақ, оған ой-танымдық, пәлсапалық жүк те артылмаған. Неге? Себебі, 1891 жылға шекті Абай құбыласы – нақлия, яки мәдени-ағартушылық болды.

1891-1892 жылдар Абайдың ойлау жүйесіне ұлы өзгеріс әкелді. Алланың қалауымен жан дүниесі, сана-сезімі төңкеріліп түсті: ұлы шайыр рухани кеңістікке құлаш ұрды. «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?» демекші, шарқ ұрған іңкәр көңілі іздеген кәмәлат жолын тапты. Сәйкесінше шығармашылығы нақлиядан ғақлияға ауысты. Рухани жағынан шапшаң дамып, тез жетілу кезеңі де жетті. Сөйтіп, бұдан былайғы уақытта жүрек – пәлсапалық категория. Енді хақтықтың сәулесі, жүрек культі  өле-өлгенше ажыраған емес.

«Дәлелде» десеңіз, жүрек жайлы 14-ші қара сөзінде Абай: «Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды» дей келе, ғашықтық, рақымдылық, мейірбандық, бауырмалдық – бәрі-бәрі жүрек ісі деп тиянақтаған. 17-ші сөзін: «Жүрегіңді таза сақта, Құдай тағала жүрегіңе әрдайым қарайды» деп қорытады.

Әсіресе, поэзиясы ақынның әлемге жүрек көзімен қарағанына айғақ. «Жүрегім, ойбай, соқпа енді! Бола берме тым күлкі» (1892), «Жүрегімді қан қылды, Өткен өмір, өлген жан» (1893), «Кірлеген жүрек өз ішін, Тұра алмас әсте жуынбай» (1896), «Ынталы жүрек сезген сөз, Бар тамырды қуалар» (1898),  «Жүрегім менің қырық жамау, Қиянатшыл дүниеден» (1899), «Жүрегім, нені сезесің, Сенен басқа жан жоқ па?» (1900) сияқты өлең жолдары жүрегін естіген, өмір құбылыстарын сол арқылы сезінген, қабылдаған кісінің сөзі.

Жүрек термині пәлсапа жүгін де арқалаған, оның мысалдары:  «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» (1896),  «Жүректің ақыл – суаты, Махаббат қылса Тәңірі үшін» (1897),  «Жүректе қайрат болмаса, Ұйқтаған ойды кім түртпек?» (1898), «Қарашы өз бойыңа түгел ме екен, Ыстық жүрек, өң-шырай, қуат пен күш?» (1901),  «Жүрек – теңіз, қызықтың бәрі – асыл тас» (1902).

Қорыта айтқанда, жүрек культін зерделеуден Абайдың рухани биігі – иманигүл іліміне қалай басқыштағанын аңдауға болады.

Илаһи ізденістің басы – 1891 жылға қайтып оралайық.

Осы жылы Абай «Ғақлия» атты қара сөздерін мұрасына кірісіп: «Енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» дейді. Сондай-ақ, осы жылғы «Көзінен басқа ойы жоқ» өлеңінде ойшыл: «Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі»,  – десе, бұл-дағы –  жалаң дидактика емес, ғайыптың шапағатына өзі бөленгенінің куәсі.

Иман көзімен қарап, жүрек тазарған сайын даналық бұлақ боп ағары сөзсіз. Оған айғақ: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» (1894), «Күні-түні ойымда бір Тәңірі, Өзіне құмар қылған Оның әмірі» (1895), «Сүйенген, сенген дәурен жалған болса, Жалғаны жоқ бір Тәңірім кеңшілік қыл!» (1896), «Адам ғапыл дүниені дер менікі, Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі» және «Ынталы жүрек, шын көңіл, Өзгесі Хаққа жол емес» (1897), «Мүмин болсаң, әуелі иманды бол, Пендеге иман өзі ашады жол» (1902) деген лұғаттар.

Сонымен, 1891 жылдан жүрек – Абайдың көңіл-күйінің айнасы, жан дүниесінің барометрі секілді. Сонымен бірге мәлім болды:  адам болу мәнісі – іштегі кірді қашыру, иманның тазалығы екендігі. Абай: «Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде, Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме» (1897) дейді. Жүрек түбіндегі шын асыл не? Ол – иманигүл! Алланың сәулесі, аз ба, көп пе, баршада бар: «Құдай жүрегімде» дейтініміз сол.

Иманның тазалығы – күллі ғұламалар бас қатырған, әлемдік пәлсапаның проблемасы.  Хакім Абай оның шешіміне үш сүю, яғни иманигүл ілімін ұсынған. Олай болса, Абайдың соңғы өсиеті – үш сүю іліміне хал-қадіріміз жеткенше түсініктеме беруге ойысайық.

Бірінші сүю – Алланың адамды сүюі

Абайдың «Тасдиқ» трактаты (қазіргіше 38-сөз) мен «Алланың өзі де рас...» өлеңі ажырамас егіздер. Сондықтан оларды тұтастықта қарастырмақпыз. Аталған өлеңінде Абай трактаттағы негізгі идеясын тиянақтай түскен және қазаққа ұғымды болуын ескерген.  Төмендегі мақсат – үш сүюге жаңаша түсініктеме беруге саяды.

Өлеңнің әйгілі бесінші шумағы мынау:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті.

Кешегі кеңестік кезеңде әуелгі өлең жолына мән берілген емес. Өйткені, «Құдай жоқ», демек, махаббаты да жоқ. Еріксіз бірден екінші жолға секіріп, бірінші сүю, міне, осы дескенбіз.

Шын мәнінде, үш сүюдің кілті – бірінші жолда. «Махаббатпен жаратқан адамзатты». Олай болса, Алла тағала мен адам баласының қарым-қатынасы ана мен баланікі секілді. Жаратқан Иенің махаббатын танып-білуге пендесі неліктен құлықсыз? Себебі, адам жаны жабылып, іштегі кірменен қапталып қалған. «Тасдиқ» трактатында  Абай: «Адам баласын құрт, құс, өзге хайуандар сипатында жаратпай, бұл гүзәл сипатты беріп, екі аяққа бастырып, басын жоғары тұрғызып, ...біреуі ойын біреуіне ұқтырарлық тіліне сөз беріп жаратпақтығы махаббат емес пе?» – дейді. Сондықтан бұл ұлы махаббатты елеп, ескермеуге қақымыз жоқ.

Сонымен, бірінші сүю – Алланың адамды сүюі. Оны танып-білмеген жағдайда екінші және үшінші сүюді дұрыс қабылдау неғайбіл. Шумақтың бастапқы жолының құдіреттілігі осы арада.

Екінші сүю – адамның Алланы сүюі

Кешегі атеистік дәуір келмеске кетті. Тәубә, Құдай жоқ деуге ешкімнің аузы бармас қазір. «Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті» дегеннің мәнісін Абай былайша ұқтырады: «Миллион хикметпенен жасалған мәшине, фабрик адам баласының рахаты, пайдасы үшін жасалса, бұл жасаушы махаббатпен адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?». Иә, күнде жұтатын ауаны, суды, бүкіл несібені беріп отырған Құдіретке бас ию, Оның махаббаты ана мен бала арасындағы махаббаттан артық болмаса, кем емесін жүрекпен сезу қарыз іс. Бірақ, «жаннан тәтті сүюдің» жөні өзгерек. Оған үнемі Хақ жолында, Алламен байланыста болу шарт. Демек, бұл – толық адам деңгейі.

Сонымен, екінші сүю – адамның Алланы сүюі. Рухани шыңға апарар жол жайында: «Ғылымның да зоры, шындық, қайраттың да, махаббатың да бек зоры табылмақ керек»  дейді Абай.

Үшінші сүю – адамзаттың бәрін сүю

Үшінші сүю – ең күрделісі. Оған Абай әйгілі шумақтың соңғы екі жолын  арнаған. Кеңестік кезеңде екі өлең жолын екі бөлек сүю деп қабылдап, жаңылысқа ұрындық. Бұл стереотип әлі күнге күшті. Шын мәнінде, үшінші сүю – адамзатты сүю. Болды, бітті. Ал қос өлең жолы оның екі аргументі, қос тірегі ғана. Әділет – махаббат, мейірім, ынсап, ар-ұят, шындық, адалдық, теңдік сынды категорияның бірі (демек, Абай «әділетті сүй» демеген, кілтипан «Хақ жолы» идеясына тіреледі). Дәлелдеп көрейік.

Бірінші аргумент – адамзатты «бауырым» деп сүю. Бұл киелі жазбалар ақиқаты. Сондықтан: «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді» (Шәкәрім). Әсілі, адам адамсүйгіш қылып жаратылған: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» (Абай). Бірақ бұл қағиданы құлаққа ілгеніміз шамалы, адамзат қырқысудан еш тыйылған емес. Сондықтан Абай «Адамзатты Хақ жолы осы деп сүю керек» деген екінші қосымша аргументті енгізіп отыр. Бұл – жаңалық! Яғни адамдарды сүюдің екі шарты бар: бірі – «бауырым деп», екіншісі – «Хақ жолы осы деп».

Осынау жаңаша көзқарасты байыптай түсейік. Құлдың қожаны, отарланған халықтың басқыншыны «бауырым» демегі абсурд. Өйткені, теңдік, әділеттілік жоқ. Олар қайтсек табылмақ? «Тасдиқ» трактатында Абай: «Алла тағаланың пенделеріне салған жолы қайсы? Оны көбі білмейді» деп бастап, шиырлы ізденістерін: «Енді білдіңіздер, ей, перзентлерім! Құдай тағаланың жолы деген жол шексіз болады. Оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді» деп қорытады. Міне, Хақ жолы – әділеттілік жолы екені түсінікті. Сондай-ақ, рухани ұстаздар кімдер екендігін де білдік. Демек, қалың бұқара Абай, Шәкәрім сынды «единица» соңынан еруі керек. Алла тағаланың барша пенделеріне салған сара жолында ғана теңдік, әділеттілік салтанат құрмақшы. Болмаса жоқ.

Сөйтіп, үшінші сүю – адамзаттың бәрін сүю. Бұл – адам болу деңгейі. Абай дәлелі екі тарапты: бірі – ихсан, бауырым деп сүю, екінші – иман, Хақ жолы осы деп сүю. Ихсан мен иман егіздер.

Қорыта келгенде, үш сүю ілімінің алтын өзегі – ақжүректік пен мейірімділік. Сонымен бірге, ол Абайдың өзі жүріп өткен рухани жол. Көпке аян, осы заман қатты заттанған заман, адамзат көші ешқайда апармайтын жолда қазір. Қараңғылықты тек жарық қана жеңбек. Демек, Құранға негізделген Абай ілімінің жарығы бүкіл әлемге демейін, берісі түркі, әрісі ислам дүниесіне сұранып-ақ тұр. Асыл мұраны ұқтыру, насихаттау ісінде осынау  практикалық мақсатты көздеудің уақыты жеткен сияқты.

Асан Омаров

[1] Тахқиқ (арабша) – анық, айқын, рас. Бұл жерде Абай терминді кәміл, яғни таза деген мәнінде қолданған.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2035
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 4892
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4092