Еліміздің «көгілдір отын» бойынша әлеуеті зор

Олжас Бектенов: Табиғи газ қорларын игеру үшін жүйелі тәсілдер мен заманауи инфрақұрылым және ұзақмерзімді стратегия қажет.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі қаралды.
Бүкіл әлемде экологиялық жағынан таза отын ретінде табиғи газды тұтыну деңгейі тұрақты өсіп келеді. жаһандық энергетика нарықтарында орын алған тұрақсыздық жағдайында декарбонизациялауға бет алған елдердің өзі газды негізгі әрі резервтік генерация көзі болып қала береді.
Олжас Бектенов елімізде газ күнделікті отын түрі ғана емес, ол азаматтардың тұрмыс сапасына, сондай-ақ экономика мен өңірлердің дамуына тікелей әсер ететін әлеуметтік маңызы зор ресурс екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы газ саласын дамытудың басымдығын бірнеше рет атап өтіп, халықты газбен тұрақты қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа кен орындарын барлау жұмыстарын кеңейту бағытында тапсырмалар берді.
Біздің еліміздің «көгілдір отын» бойынша әлеуеті зор. Елімізде табиғи газ қорының расталған көлемі шамамен 4 трлн текше метрді құрайды. Алайда, оны игеру үшін жүйелі тәсілдер мен жаңа инвестициялар, заманауи инфрақұрылым және ұзақ мерзімді стратегия қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Abai.kz