Дүйсенбі, 28 Сәуір 2025
Ғибырат 201 0 пікір 28 Сәуір, 2025 сағат 12:14

Ұстаз ұлағаты

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

(СДУ-дың профессоры, ұлағатты ұстазым Береке Жұмақаеваның 60 жылдық мерейтойына орай)

Түнгі сағат тілі 00:30 ды көрсетіп тұр. Бір сағат жылжып кеткенімізді ескерсек 01:30. Қызу талқы. Әрбір сөздің астарынан тылсым сыр іздеп отырмыз. Күні бойы шапқылап жүріп істеген жұмыстың шаршатқаны рас. Алайда түн жарымындағы пікір алмасу рухани демалыс сыйлайды. Апай баяғы сабырлы, салмақты қалпымен әр сұрағыма толық жауап беріп отыр. Арасында 2-қабатқа жүрігіп шығып «Бес ғасыр жырлайды» кітабын алып келіп ойға ой қосып байытып жіберді. Қаладан жырақтағы СДУ-ға барып 7-8 сағат жан-тәнімен сабақ өтіп келгесін ештеңе істемей жақсылап демалуы керек еді. Бірақ... үй шаруасы бар, оны былай қойғанда, күні ертең өткелі жақан шешендік сайыс тақырыптары мен сұрақтарын соңғы рет пысықтап алғым келген менің өтінішімді орындамауды ұят санап отыр. Ал менің апайды аяйын деген ойым да жоқ. Талқылау 01:50 ге қарай аяқтады. Шаршатып тұрсам да «шаршадыңыз ба?» – деп сұрадым. Апайым сыр бермеді. Недеген парасаттылық?!

Таң атысымен тағы да жанталасып жұмысқа беттедік. Бұл жолы өзім қызмет істейтін Абай мектебіне емес, Береке апай жүрген жолмен СДУ-ға тарттым. Бүгін студенттер арасындағы ІІІ Республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өтетін күн. Осы жолы мен алғаш рет ұстазымның жұмысқа дейін қаншама уақыт пен күш-қуатын сарп ететінін сездім, сездім де апайдың қайсарлығы мен еңбекқорлығына одан сайын тәнтті болдым. Кейде таяқ тастам жердегі жатақханадан оқушылар сабаққа кешігіп келіп жатады. Ал көлігі көп алып қаладан атшаптырым алыстағы оқу орнына кешікпей барып-қайтудың өзі үлкен жұмыс қой.

Әдеттегідей шешендік сайыс басталды. Бұл өзі жан алып, жан беретін, алдаспандай жарқылдаған қызыл тілмен сөз қазанын қайнатып, сорпасын сапыратын ұлы дода. Сайыскерлерге қарағанда қазы болып отыратындардың жауапкершілігі әлдеқайда жоғары. Өйткені, олар қас-қағым сәт басқа іске ерік бере алмайды. Телефонға, жан-жағына қарамайды, сыртқа шықпайды, бөгде ойға берілмейді. Себебі, әр қатысушының аузынан шыққан сөздерді мұқият зер сала тыңдап, артық-кемін алдындағы ақ қағазға жазып отыруы керек. Онымен қоймай өзі де сайсқа қатысқандай күй кешіп «мен болсам мынаны  айтар едім» деп ойын ұштап отырады. Мұндай қатал тәріпттен қозғалмай отыру кемі 7-8 сағатқа созылады. Әр жұптан кейін жеке-жеке талдау жасап салмақты, дәлелді пікір айтылады. Айтушының артықшылық-кемшілігі таразыға түседі. Ол аздай тағы нені айту керек екендігі де міндетті түрде ескертіледі. Бір сөзбен айтқанда, байқауға келген студент сабақ алып байып қайтады. Бүгін де сол әдетімізден жаңылмай жап-жақсы талдау жасап жарты күндік жұмысымызды аяқтап түскі асқа беттедік. Бір әттеген-айы, қате есептеуіме байланысты 2-бөлімнің сұрақтары жетпей қалды. Бірден апайға айттым. Басқа адам болса ашуға басар еді. Берке апай байсалды қалпымен түсіністік танытып түскі асты асығыс ішті де кеңсесіне апарды. Екеуміз ешкімге білдірмей қалған сұрақтарды дайындап сайыс алаңына бардық...

Береке апайдың бас қазы болуымен мектепішілік жарыстарды былай қойғанда 3 аудандық және 7 республикалық шешендік байқау өткіздік. Әрбір сайыстың тақырыптары мен сұрақтарын дайындауға кемі бір күн(кейде екі күн) кетсе, байқаудың өзіне кемі 6-7 сағат жұмсаймыз. Әрбір сөз додасының барынша әділ, сапалы өтуіне Береке апайдың бар ынтасы, асқан жанашырлығы, зор жауапкершілігі ықпал етті. Біздің сайыстарда ешкім баласын, шәкіртін немесе туысын тамыр-таныстық, жеңілдік жолмен жүлде алғыза алмайтынын еркісзі мойындады. Жалғаншысы мен алдамшысы көп қоғамға жағылған ақиқат шырағы талай шәкірттің талантын шыңдап, сенімі мен жігерін арттыра түсті. Осыншама жүйке тоздырып, жүрек сыздатар саналуан жұмысты сабырлы түрде зор нәтижемен істеп келе жатқан еңбекқор оқытушыға сайсқа қатысушылар мен жетекшілер белшеден қарыздар екенін ұмытып та кеткен шығар?!

Менің шығармашылық және мұғалімдік жолымдағы ең көп әңгімелесетін, жиі сырласатын, үздіксіз ақыл-кеңес алатын ұстазым – Береке Дәулетханқызы. Үйіне үзбей баратыным сонша, кейде өзімді сол үйдің бір мүшесіндей сезінемін. Әсіресе 7-11 сыныптарға арналған «Шешендік өнер» пәнінің оқу бағдарламасын жасаған кезде 2-3 ай бойы Береке апайдың берекелі дастарқанынан дәм татып, мол білімі мен зор тәжірибесінен мейлінше молырақ енші алдым. Кейде бағдарламаны талқылау жайында қалып апай құйған ыстық әрі дәмді шайды сораптай ішіп ұзақ әңгімелесетінбіз. Әдебиет, өнер, Абай әлемі, шешендік өнер, тарих, елдің ертеңі, қоғам, ұрпақты ұлтсызданудан сақтау, білім мен тәрбие саласындағы өзекті мәселелер, т.б тақырыптар қызу талқыға түсіп, өлең оқып, кітап ақтарып кететінбіз. Сол сәттерде көз қиығым апайымыздың отбасы құндылықтарын сақтаудағы ізгі қасиеттерін шалып отырады. Жарына адалдығы, бала-шаға, келіндері мен немерелеріне деген шексіз мейірімі, үйді тап-таза ұстауы, кез-келген сәтте сау етіп кіріп келген қонақтарды қабақ шытпай жайдары жүзбен қарсы алып, бар құрметімен бәйек бола күтіп шығарып салатындығы, барлық іске байыппен қарап, байсалды шешім қабылдап, мейлінше ұқыпты әрі пайдалы іске асыратыны бәрі-бәрі айрықша әсерге бөлейді. Жұмыс үстелінде, жеке компютерінде тыным жоқ. Әрбір шәкіртінің курстық және дипломдық жұмысын, түрлі жобаларын толық әрі тиянақты қарап түзеуі, өңдеп, бағыт-бағдар беруден ешқашан шаршамайтындығы, осы жұмыстарды ерінбей әрі ең жанашыр күйде орындау үшін таңды таңға атыратыны нағыз ұстазға тән ерекше қасиеттер. Қайбір шаруалармен хабарласа қалғанымда шәкірттерін мектептен іс-тәжірибеден өткізуге өзі апарып, қасында қадағалап жүргенін естігенде мына өмірдегі ең бақытты шәкірттер Береке апайдадың шәкірттері екенін толық түсіндім. Ол шәкірттер бұл бақытты дәл сол сәтте сезінбес-ау, алайда өмір тәжірибесінде, өзі мұғалім немесе ата-ана болғанда анық көздері жетер деп ойлаймын. Береке апай республикалық Абай мектебінде негізгі пән ретінде оқтылып жатқан Абайтану пәнінің оқу бағдарламасының авторы. Бағдарламаны жасап қана қоймай оқушыларға дәріс өтіп, бағыт пен білім беріп ізгілік жолына түсірді. Өткен жылы 10-сыныптарға Абайтану пәнінен сабақ өткенімде аталған пәннің маңыздылығы мен бағдарламаның жүйелі әрі аса пайдалы екенін анық аңғардық.

Тұп-тура бір жыл бұрын Олжас досымның демеушілігімен Райымбек ауданында шешендік сайыс өткізген кезде Береке апаймен ұзақ жолда сапарлас болдық. Жол-жөнекей ақын, ұлт жанашыры Тәлімұлы Кәмінұр ағамыз қатарымызға қосылды. Көлікке отыра сала әңгіменің көрігі бірден қызды. Екеуара әңгіме біз естімеген тың мәлімет, ақпарат, дерекке толы болды. Осы сәтте Береке апай да шабыттанып жыраулардың толғаулары мен поэмаларды жатқа айтты. Қосыла ән салды. Апайдың әсем дауысы әр жүректі тебірентіп, балықыта түседі. Осылайша бір ойлы-шұңқыры көп 4-5 сағаттық жолды қалай артқа тастағанымызды сезбей қалдық. Сөйтсек бұл басы ғана екен. Сайысқа дейінгі және сайыстан кейінгі Шоғансайдағы Сәрсемхан апаның үйінде қонған 3 күн мен жолдағы 2 күн дәл осындай тағылым-тәрбиесі мол ерекше күйде өтті. Тіпті, айтылар әңгіме мен ән таусылған жоқ. Недеген білім, недеген тереңдік?! Осы сапар Береке апайдың тұлғалық болмысын одан сайын тани түсуіме әсер етті. Ешқашан артық талап қойып адамды әуреге салмайтыны, кісі көңіліне қарайтын мейірімділігі, шыдамдылығы мен парасаттылығы бірге барған азаматтар мен шәкірттеріме терең ой салып, өшпес өнеге болды.

Қанша жанашырлық танытып, әділдік, адалдықпен жақсы істер істеп жатсақ та жағымсыз сөздер мен әрекеттерді көріп жүрек ауыратын кез болады. Кейде тіпті мектептегі жұмыстан кету шешімін қабылдап апаймен ақылдасамын, ондайда күш-жігер беріп қайта сабама түсіретіні бар. Бір жағынан Береке апайдың жанында біздің істегеніміз түкке тұрғысыз екенін сеземін. Өмірін де, көңілін де ұлт пен ұрпақтың тағдырына толықтай арнаған ұлағатты ұстаздың әр қадамы, әр ісі мен сөзі мұғалімдерге өнеге, шәкіртке шабыт пен күш-қуат екені даусыз!

Сіз жайлы жазылар естелік, айтатын әңгіме өте көп. Қалғанын алдағы күннің еншісіне қалдырып бір үзік сырдың нүктесін қояйын...

Жарқын Сәленұлы,

Республикалық Абай мектебінің мұғалімі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Қайраулы қара семсер

Есболат Айдабосын 2369
Анық-қанығы

Еуропаға Ресей аумағынсыз шығу жолы

Асхат Қасенғали 5309
46 - сөз

Бізге беймәлім Барақ хан

Жамбыл Артықбаев 4577