«Дарын» баспасының биігі

Фэнтези – әдебиеттің ерекше жанры. Аталмыш жанрдың көмбе табиғаты әлем әдебиеттанушыларын қызықтырмай қоймады. Шетел әдебиетінде қиял жанрын зерттеушілердің алдыңғы қатары білінді.
Ең алғаш рет бұл шаһдат жанр төңірегінде Вентерле И.Д., Гусарова А.Д, Шамякина С.В, Нестерова Е., Елена Ковтун сынды ғалымдар императивті еңбектер жазып, қиял парагдигмасын өрнектеген. Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымы – фэнтезитанушылардан құр алақан емес. Қазақ әдебиетінде фэнтези жанрын зерттеумен Шоқан Уәлиханов, Серікбол Қондыбай, Әбіл-Серік Әлиакбар, Әбу-Асқар Мекешұлы, Зира Наурызбаева, Нұрдаулет Ақыш, Риза Әлмұқанова, Гүлден Кеңесқызы, Ерболат Баятұлы, Сәбит Жәмбек, Аян Төлегенұлы, Ақерке Деминисовнаның еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Бірақ бұл фэнтези жанры осы зерттеулермен тоқтап қалады дегенді білдірмейді. Мәселен, жуырда ғана Алматы қаласындағы «Дарын» баспасынан «Қазақ фэнтезиінің поэтикасы мен кейіпкерлер типологиясы» атты монографиялық еңбек 500 таралыммен жарық көрген болатын. Бұл – Қазақстандағы фэнтези жанры туралы тұңғыш монографиялық еңбек. Монографиялық еңбектің басылып шығуына үлкен демеушілік жасаған «Дарын» баспасының бас директоры Бекетан Жанат Саятқызы мен «Дарын» баспасы ұжымына шексіз алғысымызды білдіре отыра, біз «Дарын» баспасы жөнінде сұхбат құруды жөн көрдік.
– Ғылыми бағыттағы баспаны ашуыңызға не түрткі болды? Баспа ашу бала күнгі арманыңыз ба?
Жанат Саятқызы:
– «Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті». Ұлт дамуының негізгі индикаторы – ғылыми ізденіс, білімге құштарлық, ұлттық мүддеге сай кітаптарды басып шығару және оны халыққа ұсыну. Мен жастайымнан кітапқа құмар болып өстім. Түлеп ұшқан Республикалық Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатында «кітапты кеміріп оқу» деген түсінік болатын. Яғни зерделеп оқу, өзіңе ой түйіп алатындай мән-мағынасына үңіле оқу. Бой жетіп, студенттік өмірге қадам басқан шақтарда қазақ тілді кітаптардың жетіспеушілігін байқадым. Ресейлік оқулықтармен оқыдық, отандық авторлардың кітаптары аз болды немесе азғантай данамен басылып шығып, баспа тарапынан ары қарай оны тарату үрдісі қалыптаспады. Осы олқылықтарды басты назарға ала отырып, «Дарын» баспасы құрылды. Баспаның негізгі мақсаты – ғылымды популяризациялау, отандық авторларға қолдау көрсету және оқырман мен автор арасында көпір болу. Мәселен, жас ғалымдар алғашқы монографияларын шығару барысында көп жағдайда бастамаларын қолдайтын баспа таба алмайды, өз қаражаттарына кішігірім баспаханалардан шығарып жатады. Ал үлкен баспалар аты әйгілі, ғылымда ойып алар орны бар авторлармен ғана жұмыс істегісі келеді. Осы орайда біз жас ғалымдарға монографияларының жарық көруіне ықпалдасамыз. Еңбегінің жарық көруіне көмектесеміз.
– Баспаның ғалымдарға берер мүмкіндіктері қандай? Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыздар.
Жанат Саятқызы:
– Ғылыми кітап бұл – ғылыми ізденіс нәтижесінің соңғы кезеңі. Ғылыми кітапты жазуға екі фактор себеп болады: материалдық және моральдық. Авторлық қаламақы бұл символикалық сипатқа ие, ал екінші аспект – имидж, престиж және әлеуметтік маңыздылық материалдық сыйақыдан да жоғары тұрады. «Дарын» баспасы ғылыми-академиялық кітаптардың авторлық данасын авторларға тегін шығарады және кітап сатылған жағдайда қаламақы төлейді. Сапалы білім беру – ғылыми-академиялық кітаптарсыз мүмкін емес. Сондықтан «Дарын» баспасы университет, колледждермен етене жұмыс істейді, республикалық және халықаралық көрмелерге қатысады. Біздің мақсат – көпшілік қауымды отандық ғалымдардың маңызды ғылыми жетістіктерімен, жаңалықтарымен таныстыру. Бұл – ғалымдар үшін жақсы мүмкіндік. Баспаның алдағы мақсаты – ғылыми кітаптардың дәйексөзін ұлғайту, ғылыми метрикалық жүйелермен тығыз жұмыс жасау, «Дарын» (darynbaspa.kz) онлайн-кітапханасын дамыту арқылы отандық ғылыми-академиялық еңбектерді бір платформада жинақтау бағытында тынымсыз еңбек ету.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.
– Кітап баспасын ашу кезінде қандай кедергілер мен қиындықтарға тап болдыңыздар?
Жанат Саятқызы:
– Ғылыми кітаптардың көркем әдебиет немесе бизнес, психология саласындағы кітаптармен салыстырғанда, аудиториясы тар. Бұл өз кезегінде кітаптың аз таралыммен шығуына әсер етеді. Ал таралымның аздығы кітаптың өзіндік құнының жоғары болуына тікелей қатысты. Шетелдік баспалар ғылыми-академиялық әдебиетке, кітап басу мәдениетіне үлкен қолдау көрсетеді. Осы орайда «кітапханаларға ғылыми әдебиеттер қажет пе?» деген риторикалық сұрақ туындайды. Әрине, қажет. Тек мемлекет тарапынан кітап қорын толықтыруға жеткілікті деңгейде қаражат бөлінсе, бұл да бір отандық ғылымды, баспаларды қолдаудың көрінісі болар еді.
– «Дарын» баспасынан қандай маңызды кітаптар жарық көрді, жобалар іске асырылды?
Жанат Саятқызы:
– «Дарын» баспасынан 800-ге жуық кітап атауы жарық көрді. Әр кітаптың өз оқырманы бар, әр еңбек – ғылыми ізденіс, жетістік. Осы жылы белгілі ғалымдар Ж.А.Aлтaев, Ә.А.Құранбек, Қ.М. Алтынбектің авторлығымен тұңғыш рет «Фарабитану» көптомдығының алғашқы 10 томы оқырманға жол тартты. Аталмыш академиялық еңбекті шығарудағы басты мақсат – ғұлама мұрасын зерттеген көрнекті ғалымдардың еңбегін тарихи-хронологиялық реттілікпен жинақтау арқылы оқырман қауымға ұсыну, мың жылдан бері зерттеліп келе жатқан фарабитанудың ірі қайраткерлерінің де еңбектерін жүйелеп, тұтас фарабитану мектебінің тарихын жинақтау.

Сурет: Спикердің мұрағатынан алынды.
– Қандай әлемдік баспалармен байланыстасыздар? Кімдермен меморандум орнатып үлгердіңіздер?
Жанат Саятқызы:
– Қазіргі таңда «Дарын» баспасы халықаралық ынтымақтастық орнату бағытында белсенді жұмыс атқарып келеді. Біз, отандық және шетелдік ғалымдар, өзара озық академиялық тәжірибе алмасып, конструктивті білімдермен бөлісетін жүйелі платформа құрмақшымыз. Қазіргі таңда Германияның «Лихтраушен» жүйелі әдебиеттер баспасысымен һәм Ресейлік IPR Media компаниялар тобымен серіктестік орнаттық.
– Болашақтағы «Дарын баспасын» қалай елестетесіз? Келешекте баспа қандай жетістіктерге жетуі мүмкін?
Жанат Саятқызы:
– «Дарын» баспасы – болашақта бәсекеге қабілетті, әлемдік кітап нарығында ойып алар орны бар, мықты баспалардың біріне айналады деп ойлаймын. Бұл тек бизнес емес, баспа ісімен айналысу – өмірлік миссия. «Дарын» ғылыми кітаптардың құндылығын білетін оқырман үшін құдды бір «оазис» іспетті. Заман талабына сай осы оазисті мультимедиялық, электронды кітаптармен жабдықтау, халыққа пайдалы контент ұсыну бізді үнемі ізденіс әлеміне жетелейді. Жаңа технологиялар мен бизнес-үлгілер нәтижесінде сандық трансформацияға жол тартпақпыз.
– Әңгімеңізге көп көп рахмет!
Сұхбаттасқан, Алтыншаш Құрманаева.
«Қазақ фэнтезиінің поэтикасы мен кейіпкерлер типологиясы» еңбегінің авторы,
Көкшетау қаласы
Abai.kz