Белгілі ғалым Сейіт Қасқабасов қайтыс болды

85 жасқа қараған шағында белгілі ғалым Сейіт Қасқабасов қайтыс болды. Қаралы хабарды М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жеткізді.
«Бүгін белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасов өмірден өтті. Марқұмның отбасына мен жақындарына, Қазақ халқына қайғыра көңіл айтамыз!»—делінген хабарламада.
Сейіт Қасқабасов 1940 жылы 24 маусым күні Семей қаласында дүниеге келген. 1967 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген. 1969 жылы «Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған.
Еңбек жолын 1970-1981 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғылыми хатшы әрі «Қазақ ССР Ғылым академиясының хабарлары» атты журналының жауапты хатшысы болып бастады. Кейіннен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Әдебиет жөне өнер институтының ғылыми қызметкері, Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғылыми хатшысы, КСРО Ғылым Академиясы Әлем әдебиеті институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының қызметкері, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестация комиссиясының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметтерін атқарған. Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ фольклорының теориясы мен тарихына, әдебиет пен өнер мәселелеріне, этнография мен ауыз әдебиеті мұраларының текстологиясына арналған.
Қасқабасовтың мифология мен прозалық фольклордың шығу тегі мен даму жолдары, фольклордағы әр заман болмысының сипатталу ерекшеліктері, фольклордың көркемдік әдісі туралы теориялық ой-пікірлері мен тұжырымдары өзбек, татар, түрікмен, карақалпақ, башқұрт ғалымдарының зерттеулерінде қолдау тауып, негізге алынды. Ол — В.Радлов жинаған қазақ фольклоры үлгілері мен ақын-жыраулар шығармалары енген «Алтын сандық», «Ел қазынасы - ескі сөз» жинақтарын құрастырушылардың бірі. Жамбылдың орыс тіліндегі таңдамалы жинағының алғы сөзі мен түсініктерін жазып, құрастырған. Танымал еңбектерінің қатарында «Казахская волшебная сказка» (1972), «Қазақтың халық прозасы» (1984), «Родники искусства» (1986), «Колыбель искусства» (1990), «Казахская несказочная проза» (1992),«Абай және фольклор» (1995), «Золотая жила» (2000), «Жаназық» (2002), «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу. Қыз Жібек. Қазақтың ғашықтық жырлары» (2003), «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (2005), «О фольклоре и не только» (2005) «Елзерде» (2008) сияқты монографиялар мен зерттеу кітаптары бар.
Abai.kz