Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 4002 0 пікір 5 Қазан, 2009 сағат 07:36

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ. Тұтас қазақ айбынын асырған Аңырақай

Даңқты Аңырақай шайқасының 280 жылдығы қарсаңында бір топ ғалымның «Аңырақай үшбұрышы: ұлы шайқастың тарихи-географиялық кеңістігі  және хроникасы» (И.В.Ерофеева, Б.Ж.Аубекеров, А.Е.Рогожинский и др. «Аныракайский треугольник: историко-географический ареал и хроника великого сражения». Алматы, 2008) атты ғылыми-зерттеу еңбегі жарыққа шықты. Кіріспеден, екі бөлімнен және көптеген өте мазмұнды қосымша материалдардан тұратын осынау іргелі жұмыс ғасырдан астам уақытқа созылған қазақ-ойрат соғыстарын, оның 1723-1730 жылдарғы кезеңін, әсіресе, қаралы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен соң қазақ үшін Отан соғысына айналған азаттық жорықтарының ең шырқау шыңы боп табылатын Аңырақай шайқасын түбегейлі қарастырған.

Құрамына тарихшы, геолог-геоморфолог, этнограф, археограф, палеоклиматолог, шығыстанушы, палинолог, географ ғалымдар енген зерттеушілер тобы 2005-2007 жылдары Шу-Іле аймағының ортаңғы бөлігінде бірнеше рет экспедицияда болыпты.  Олардың далалық зерттеулері мен ізденістерінің нәтижелерін өңдеуге салалық ғылыми институттардың бірнешеуінің қызметкерлері қатысқан екен. Авторлар осы жылдары атақты шайқас өткен Аңырақай өңіріне өздері кешенді түрде  жүргізген арнайы зерттеулерінің нәтижелерін сабырлы, сындарлы, ғылыми тілмен баяндап, кейбір қалыптасқан пікірлерге сын көзбен қарауға мәжбүр ететін қорытындылар жасайды.

Даңқты Аңырақай шайқасының 280 жылдығы қарсаңында бір топ ғалымның «Аңырақай үшбұрышы: ұлы шайқастың тарихи-географиялық кеңістігі  және хроникасы» (И.В.Ерофеева, Б.Ж.Аубекеров, А.Е.Рогожинский и др. «Аныракайский треугольник: историко-географический ареал и хроника великого сражения». Алматы, 2008) атты ғылыми-зерттеу еңбегі жарыққа шықты. Кіріспеден, екі бөлімнен және көптеген өте мазмұнды қосымша материалдардан тұратын осынау іргелі жұмыс ғасырдан астам уақытқа созылған қазақ-ойрат соғыстарын, оның 1723-1730 жылдарғы кезеңін, әсіресе, қаралы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінен соң қазақ үшін Отан соғысына айналған азаттық жорықтарының ең шырқау шыңы боп табылатын Аңырақай шайқасын түбегейлі қарастырған.

Құрамына тарихшы, геолог-геоморфолог, этнограф, археограф, палеоклиматолог, шығыстанушы, палинолог, географ ғалымдар енген зерттеушілер тобы 2005-2007 жылдары Шу-Іле аймағының ортаңғы бөлігінде бірнеше рет экспедицияда болыпты.  Олардың далалық зерттеулері мен ізденістерінің нәтижелерін өңдеуге салалық ғылыми институттардың бірнешеуінің қызметкерлері қатысқан екен. Авторлар осы жылдары атақты шайқас өткен Аңырақай өңіріне өздері кешенді түрде  жүргізген арнайы зерттеулерінің нәтижелерін сабырлы, сындарлы, ғылыми тілмен баяндап, кейбір қалыптасқан пікірлерге сын көзбен қарауға мәжбүр ететін қорытындылар жасайды.

Олар экспедициялар кезінде тарихи оқиға аймағын жер бетінен, ұшақтан суретке түсіріп, негізгі табиғи және әлеуметтік-экономикалық объектілерін географиялық және геометриялық тұрғыда көрсететін ғылыми сызбалар жасаған. Сондай-ақ, жер бедері мен су көздерінің қазіргі сырт кескініне ғылыми зерттеулер мен есептеулер жүргізіп, олардың жүздеген жылдарға созылған уақыт бойы табиғат салған өзгерістерден бұрынғы кейпін елестетуге әрекет еткен. Жер мен мекен-жайдың тарихи атауларын, әр кезгі географиялық карталарды, өлкені мекендеген тайпалардың тұрмыстық және мәдени ерекшеліктерін, олардың тіршілігі мен қызметінің біздің заманымызға жеткен материалдық қалдықтарын, бұрынғы Аңырақай ауылы тұрғындарының экспедиция мүшелеріне берген ақпараттарын қарастырған.  Солардың бәрін өлкенің әскери-саяси тарихымен тығыз байланыста зерттей отырып, бұдан үш ғасыр ілгергі табиғаты мен жорымалы бейнесін және тарихи шайқастың бас-аяғы мен өту ретін ғылыми әдіспен қалпына келтіруге тырысқан.

Қысқасы, ғалымдар зерттеуге алынған аймақтың топографиясын, геоморфологиясын, ландшафын, палеоклиматын, археологиясын, тарихи топонимикасын, картографиясы мен этнографиясын, сол тұста орын алған саясат пен жаугершіліктер шежіресін жан-жақты талдап, зерттей келе, алынған деректердің пәнаралық синтезі негізінде, Аңырақай шайқасының нақты болған жерін, дәл уақытын және сондағы оқиғалардың қандай ретпен өткенін,  қазақ әскери жасақтарының Аңырақай тауы ауданында жоңғарларға қарсы ұстанған шабуылдау стратегиясы мен тактикасының өзіндік ерекшеліктерін анықтаған.

Кітапта безендіру материалдары ретінде ғылыми зерттеулердің танымдылығы мол көрнекі нәтижелері - сызбалар, карталар (әсіресе отан тарихына қызыға қараушыларға мейлінше түсінікті ерекше де жаңа жұмыс - авторлардың соңғы деректері бойынша құрастырылған «Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның аумағындағы жоңғар қарауыл бекеттерінің орналасу картасы (ХVII ғ.-XVIII ғ. ортасы)», жер бедерлері мен табылған айғақтардың фотосуреттерімен қатар 18-ғасырдағы қазақ және ойрат тайпаларының қоныстануын, Ресей мен Жоңғария арасындағы даулы жерлерді  көрсеткен карталар, жоңғар қонтайшысы Қалдан-Сереннің «Қалмақ картасы», соның негізінде 1738 жылы Ренат (жоңғарлардың зеңбірек құю, отты қару-жарақ жасау зауыттарын салған шведтік соғыс тұтқыны) жасаған «Жоңғар Қалмақиясына қарайтын қотандардың картасы», 1758 жылғы «Орынбор және Сібір губерниялары шекаралық орындарының жағырафиялық картасы», тағы басқа да көне карталардың репродукциялары берілген.

Іргелес ғылымдар өкілдерін тарта отырып  үйлесімді сипатта жасалған зерттеулер нәтижесінде дүниеге келген бұл еңбекте отан тарихын білуге құмартушылар танымының көкжиегін кеңейте түсетін тың жаңалықтар көп, солардың ішіндегі бірегейі  Аңырақай шайқасына қатысты ашылған.

Отан соғысының шешуші шайқасы болған  тарихи майдан даласы, фольклорлық дерек көздеріне қарағанда,  Аңырақай жоталары мен Алакөл жазығы аралығында, яғни,  Аңырақай алқабының солтүстік-шығыс бөлігінде жатыр. «Демек, Аңырақай шайқасының табиғи шекарасы оңтүстік-батыста - су айыратын сала мен Аңырақай жоталарының солтүстік-шығыс шоқыларын, батысында - Қопалы өзені мен Қаракемердің тармақтарын, солтүстік-шығыста - Бескөл алқабын, ал шығыста - Сарыбұлақ өзенінің аңғарын» алып жатқан аумағы 210 шаршы шақырымдық  аудан. Сол орын  «қазақтардың басқыншы-жоңғарларға жалпыхалықтық қарсылығының қорытынды кезеңінде басты әскери қимылдар театры болды» («Аңырақай үшбұрышы...», 70-б).

Зерттеулер барысында Аңырақай шайқасы болған даланың айқын үшбұрыш түрін елестететіні анықталған. Үшбұрыштың табанында Аңырақай қырқаларының солтүстік-шығыс баурайы, ал қос қанатында - ортасына бекіністі қамал (қазіргі Қалмақтөбе) салынған биік жарқабақты Қопалы және Сарыбұлақ өзендері жатыр. «Осы үш тараптағы табиғи шекаралармен «Аңырақай үшбұрышын» мекендеушілер өз заманында сыртқы жаулардан сенімді түрде қорғалып тұрған, тек солтүстік-шығыс жағы ғана, Қопалы, Қаракемер және Сарыбұлақ алқаптарының ең төмен әрі жазық бөліктері ғана қарсыластың қарулы жасақтары кіре алатындай біршама ашық болып қалған еді» (73-б.). Осы тау етегі аймағындағы жазық жолақпен Шу-Іле аймағының оңтүстік бөлігінен Қазақ даласының батыс аймағы мен солтүстік-батысына қарай, бекіністің шығысынан 8-10 шақырымдай  жерден (50-б.) Үлкен Қалмақ  жолы өтетін. Тарихи қалыптасқан осынау көш және керуен жолы Еділ-Жайық аралығы мен жоңғар ургасын (ордасын) байланыстырып жататын. Міне сол жолда Аңырақай  ауданы елеулі тораптық телім тәрізді рөл атқарып тұрды. Сонысымен қазақ үшін де, қалмақ  үшін де үлкен әскери-стратегиялық маңызға ие болған-ды.

Жалпы, Шу-Іле тауларының ауданы мен Шу және Талас өзендерінің арасы 17-ғасырдың екінші жартысынан 18-ғасырдың алғашқы жартысындағы Жоңғар хандығының шекаралық аймағы  болған екен де, сол ретте ойрат тайпаларының көштерінің негізгі бөлігін қазақтар орналасқан аумақтардан айырып-қорғап тұрса керек. Зерттеушілер осы географиялық кеңістікте жоңғарлардың 19 немесе одан да көбірек әскери-қорғаныс бекеттері орналасқанын анықтады. Олардағы 5 мыңдай жауынгері бар қарулы жасақтардың «бас командирі» етіп Жоңғар ханы Қалдан-Серен күйеу баласы Лацзан-Серенді 1728 жылдың ортасында тағайындаған-ды (74-б.). Сол басқарған ойрат басқыншыларына қарсы Аңырақайда біріккен қазақ әскері Отан соғысының шешуші шайқасына шықты.

Зерттеулер көрсеткендей, мықты бекінісі бар «Аңырақай үшбұрышы» ауданы жоңғардың Солтүстік-Батыс Жетісуға орнатқан әскери-саяси бақылауының ең оңтүстігіндегі қуатты алғышепкі бекеті (форпосты) болатын. Жоңғардың  1653-1667 жылдар аралығында салынып, бертінде қазақтар арасында  Қалмақтөбе аталып кеткен сол күшейтілген ірі  бекінісі (45-б) Аңырақай тауының солтүстігіндегі жазықта, Сарыбұлақ пен Қопалы өзендерінің аралығында, осы екі өзеннің биік жарқабақты арналарынан бірдей қашықтықта - қос қанатындағы өзендерден арасы 18 шақырымнан болатын жерде орналасқан (119-б.). Ғылымға бұрын белгісіз болып келген Жетісудағы осы Қалмақтөбе кешені ондағы қорғаныс қамалы мен өз әскерінің ұрыс жүргізуін жеңілдетуді, ал дұшпан үшін қиындатуды көздейтін барлық фортификациялық құрылысымен және оған жәрдемін тигізетін нысандарымен тұңғыш рет 2005-2007 жылдары Ирина Ерофееваның басшылығымен ашылып, ішінара зерттелді.

Бірқатар зерттеулерін қорыта келе, авторлар Аңырақай шайқасын осы кезге дейін басымырақ мойындалған 1729 жылы емес, одан бір жыл кейін, 1730 жылдың көктемінде болды деп есептейді.

1729 жылы Қытай Жоңғар хандығымен соғысатынын жария етіп, жыл соңында шекараға әскерін шоғырландыруға кіріскен. Өстіп қытай-жоңғар қатынасы шиеленісіп, арада қақтығыс тууына байланысты, жоңғар қонтайшысы Қалдан-Серен 1730 жылдың басында Аңырақай ауданын мекен еткен халқы ішінен  соғысуға қабілетті адамдарының көбін асығыс түрде оңтүстік майданға шақыруға мәжбүр болды (23-24-бб). Бекеттерде саны шағын қарауыл жасақтарын ғана қалдырды. «Осыншама қолайлы ахуалды пайдаланып қалуға ұмтылған Әбілқайыр хан аялдамастан, 1730 жылғы сәуірдің басында қазақ әскери күштерін Шу-Талас өзендері аралығынан Оңтүстік-Батыс Балқаш маңы ауданына қозғады» (78-б.). Сөйтіп, жоңғар әскери-саяси жүйесінің Аңырақай форпостына қазақтардың біріккен қолы сол кезгі әскери ілім-білімнің  озық тәсілін қолдана отырып шабуыл жасады.

Қазақ жасақтары Аңырақай үшбұрышына солтүстіктегі басты даңғыл болып табылатын Үлкен қалмақ жолымен емес, қарама-қарсы екі бағыттан (Балқаштың оңтүстік-батыс жағасы мен Шу алқабынан) келді. Шабуылдың негізгі мақсаты  Аңырақайдың солтүстік-шығыс бұрышындағы Қалмақтөбе бекінісіне шоғырланған 5-6 мыңдық жоңғар әскерін қоршап алып, жойып жіберу болатын.

Бас қолбасшы Әбілқайыр хан шешуші шабуылда қолданған әдісінде халықтың көпғасырлық дәстүрі бар «дала соғысы» орайындағы әскери ойға, оның «аңды жан-жағынан қаумалап аулау» тәсіліне сүйенген-тін. Жауынгерлік соғыс қимылдарын әйгілі қазақ қолбасылары мен батырлары қатысқан үш атты жасақ жүзеге асырды. Олардың екеуі  Сарыбұлақ пен Қопалыдағы жауға өткел болары ықтимал жазық тұстарды торыды әрі Қалмақтөбе бекінісін шабуылдады. Шақпақты, білтелі мылтықтармен атқылай отырып,  әуелі дұшпанның бекінісін  басып алды, сосын бекіністің маңына топтасқан және бекіністі тастап шыққан ойраттарды тықсыра қуып, тауға қашуға мәжбүр етті. Қашқан жауды Аңырақайдың орталық шатқалдарына бекінген садақшылар қарсы алды (80-81-бб.)...

«Аңырақай шайқасы сегіз жылға жуық уақытқа созылған қазақ-ойрат соғысындағы шешуші ұрыс болды, ол қазақ халқын өзінің байырғы күшті қарсыласын біржолата жеңуге алып келді, сөйтіп, үш жүздің сарбаздарынан құралған халық жасағы басқыншы-жоңғарларды бұрын жаулап алған аумақтарынан қуып шыққан қиындығы мол күрделі қаһармандық дастанды іс жүзінде аяқтады. Ол қазақ халқының жауынгерлік рухын нығайтты, халықтың этностық тұтастық сезімін және өз еліне деген сүйіспеншілігін... арттыруға септесті» (83-б.).

Біріккен қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілқайыр хан 1730 жылғы сәуірдің соңында жоңғар қонтайшысы Қалдан-Серенмен бейбіт келісімшарт жасады (24-, 77-, 81-бб.). Сол акт арқылы «Ақтабан шұбырынды» қасіретінен бері өрши үскен қантөгісті азаттық күресінің шырқау шыңына айналған Аңырақай шайқасын қорытындылап, Отан соғысына жеңісті нүкте қойды. Артынша Әбілқайыр солтүстік-батыс шекараға қайтадан  қауіп төндіріп тұрған орыс мемлекетіне қарасты казактар қауымымен,  қалмақ және башқұртпен қатынасты реттеуге аттанды...

 

***

Аңырақай үшбұрышында соғыс қимылдарын жүргізу үшін қарсылас атты әскерлерге қажет түрлі шарт пен аймақтағы тіршілік сипатын ескере келіп, күрделі зерттеулер мен есептеулер жасау нәтижесінде, зерттеуші-ғалымдар атақты шайқасқа 2,5-3,3 мың қазақ сарбазы қатысты және өзінен саны басым ойратқа қарсы ұрысты екі-үш-ақ күнде жеңіспен аяқтады деп қорытқан (80-81-бб.). Яғни олар осы уақытқа дейін бекем қалыптасып кеткен деректерді - шешуші шайқасқа екі жақтан да кемі отыз-қырық мыңнан жауынгер қатысқандығын және ұрыстың бір жарым айдай уақытқа созылғандығын салқынқанды пайымдауларымен жоққа шығарады.

Егер 1730 жылғы Аңырақай жеңісі жайындағы қаһармандық ауызекі әңгімелердің қағаз бетіне алғаш түсірілуі 20-ғасырдың бастапқы жылдарында ғана орын алғанын ескерсек, қазақ мемлекетінің тарихында мәні аса зор ұлы шайқас шындығы ауыздан ауызға беріліп келген 175 жыл ішінде заңды мақтанышпен елеулі әсірелеуге ұшырауы әбден ықтималдығын ұғамыз. Дегенмен, осы орайда, «Аңырақай үшбұрышы...» авторларымен келіспейтін жаңа зерттеушілер шығуы да ғажап еместігін мойындаймыз.

Қалай болғанда да, қазақ аңыздарынан басқа, ғылыми ізденістердің тоқырауына жол бермейтін жазбаша деректер де бар ғой. Мәселен, белгілі қытайтанушы Клара Хафизова тәржімалап 1994 жылы жариялаған қытай құжаттарына енген «Цин ұлы династиясының хроникасы» ішіндегі қазаққа қатысты жолдарды қалай түсіндіруге болар еді?  Бұлар жылнамаға император Юнчжен басқарған мерзімнің 9-жылында, аудармашы оны біздің күнтізбеге лайықтап көрсеткен уақыт бойынша - 1731 жылы жазылған. Дегенмен баяндаманың мазмұнына және осынау Цин дәуірінің 1722-1735 жылдары патшалық құрған төртінші императоры таққа отырған жылды қоса есепке алып қарағанда, сонау жолдар патша сарайының шежіресіне Аңырақай оқиғасы болған 1730 жылғы 6-айда, яғни шілдеде жазылған тәрізді. Сонымен, қолға тиген «Аңырақай үшбұрышы...» авторларының ғылыми еңбегін толықтырғысы әлде түзеткісі келетін жаңа зерттеушілердің жаңаша зерттеп, түсіндіруін күтіп тұрған 1730 жылғы қытай мәліметтерінің бірі мынандай:

«Қалдан-Сереннің інісі Лобуцзян-Шуну қазақ ханы Әбілқайырдың қызын әйелдікке алды, қазір, шамасы, қазақ жерінде тұрады. Әкесінің тағына мұрагер ретінде отыру мәселесін шешу үшін 1-айда (ай күнтізбесінің бұл айы 7 ақпан мен 7 наурыз аралығына сай келеді) өз жаушыларын  Қалдан-Серенге жіберді. Бұдан басқа, Қалдан-Серен оның анасын, сондай-ақ бірге туған інісі мен қарындасын өлтіргендіктен,  ол Қалдан-Сереннен өш алуды қатты тілеп жүр. Оған әскери шабуыл жасағысы келеді.

2-айда (8 наурыз бен 6 сәуірдің арасы) қазақ ханы 70 мыңдық әскерді өз бұйрығымен інісі Бұлқайырға басқартып, жорыққа шықты.  Шу-Талас жерінде тұратын мың шаңырақтың бәрін олар басып алды. Одан басқа, қазақтар Жоңғарияның өзге қоныстарынан 2-3 мың ат айдап әкетті».

Біз мұны тілге тиек болған «Аңырақай үшбұрышы...» негізінде зерттеулердің әлі де  жүргізілуі ықтималдығын, тіпті жалғастырылуы қажет екендігін ұмытпау орайында айтып отырмыз. Ал жұмыс авторлары алдарына қойған міндеттерін тамаша орындап шыққан. Олар ғылымға, барша отан тарихын қастерлейтін ұрпаққа жаңалығы мен тәлімі мол іргелі еңбек тарту етті.  Тұтас қазақ айбынын асырған Аңырақай шайқасының 280 жылдығы қарсаңында назарға ұсынған осынау қажырлы ізденіс, жан-жақты зерттеу нәтижелеріне  толы кітабы үшін  олар зор құрметке, риясыз көңілден мол алғыс білдіруге әбден лайық.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

 

Суреттерде:

1. «Аңырақай үшбұрышы...» кітабы.

2. Қазақ сарбазы. 19-ғасырдың басы. Суретші Р. Сергеев.

3. Ойрат жауынгері. 18-ғасырдың ортасы. Суретші Дж. Кастильони (1688-1766,   1715 жылдан Пекинде тұрған католик миссионері, қытай императорлары Канси, Юнчжен, Цяньлунның сарай суретшісі).

4. Қалмақтөбе бекінісі. Шығыстан қарағандағы көрінісі. Суретке  түсірген А.Рогожинский. 2007 ж.

5.  Қалмақтөбе кешені. Батыстан қарағандағы көрінісі. Аэрофото. Түсірген  Р.Сала. 2005 ж.

 

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572