Сейсенбі, 5 Тамыз 2025
Тарих 379 0 пікір 5 Тамыз, 2025 сағат 15:53

Әуез қожаның қоңыраттарды қытайға көшірмек болуы

Сурет: E-hiatory.kz сайтынан алынды

ХІХ ғасырда Ресей патша өкіметі қазақтардың арасындағы діни ахуалды, халықтың көңіл күйін мұқият бақылап, қадағалап отырған. Халық арасында жүрген салпаңқұлақ агенттері арқылы жағдайды анық біліп отырған. Сондай жағдайлардың бірінде елді дүрліктіріп Түркістан аймағындағы қоңырат елін Қытайға көшіріп алып кетпек болған Әуез қожа туралы деректерді баяндаймыз.

Әуез қожа деректерде кейбір жерде Әуез Мырза Үмбетов, кейде қысқартылып Әуез Мырзамбетов деп аталады. Ол туралы Ресей патшалығының «конфиденциально» белгісі қойылған құпия құжаттарында Түркістанның мың үй қоңыраттарын Арқаға көшіріп, одан ары қарай Қытай империясына көшіріп алып кетпек ойы бар екен деген қауесет өрттей қаулады.

Әуелі Әуез туралы айта кетсек. «Секретное донесение Акмолинского уездного начальника о беспорядках в Ортавской волости 1888г.» деген құжаттағы деректерге қарағанда Әуез қожа Түркістанда беделді кісі болған екен. Оның жай ғана біреу емес екенін мынадан білуге болады. Ол 1880 жылы Арқада Ақмода уезі Нілді болысының қазағы Шалғымбек Балаубеков деген бір байдың қызын алып күйеу бала болған. Шалғымбайдың қызының аты Бибіқатша (бибі Хадиша), тағы бір қызының аты Шәрипа. Әуез қожа Шалғымбайдың қызымен некелескен кезде Түркістан шаһарының бас қазысы Бахауддин қожа Хусейін қожаұлы некесін қиған (Бахауддин қазы Әзірет сұлтанның ұрпағы), Кәландар қазы (1888 жылы қайтыс болып кетті), муфти Еш-Мұхаммедтер куә (шахид) болған. Некені бірақ ешбір Неке кітабына тіркемеген себебі Әуез қожа мен Шалғымбек қалың малдың мусаммасын ақырына дейін келісе алмаған. Некеде Шалғымбайдың Ахмет деген жалғыз баласы куә болған. Бірақ көп өтпей Ахмет сол өздері тұратын Нілді болысында қайтыс болған. Ұлы өлген соң Шалғымбай Түркістанға күйеу баласын іздеп келмек болған. Бірақ 1887 жылы апрель айында ғана Түркістанда екеуі кездескен. Бұл туралы құпия мәліметтерді жеткізген бұхарлық сарт Толыбай, қазақ Төртбай, жесір әйел Үмбігүл Ақымбекова. Осылардың айтуына қарағанда Шалғымбай Балаубеков пен Әуез қожа Умидов көп мал мүлік пен ақша жинаған. Ойлары Нілді болысына көшіп, одан ары қарай Қытай асып кету. Толыбайдың айтуына қарағанда 11 январь 1888 жылы Шалғымбай мен Әуез қожа отыз қой, екі түйені базарға алып келіп сатқан. Осы жағдайдың алдын алу үшін Түркістан уезінің пристав бастығы дереу Ақмола уезінің бастығына құпия хат жазып былай дейді: «Маған құпия түрде жиналған ақпараттарға қарағанда біздің Түркістан қоңыраттарын бастап Әуез мырза Умидов Қытайға көшіп кетуге ниеттеніп жатыр. Мыңға жуық шаңырақ қоңыраттар, 1000 сомдай ақшасы бар».

Ақмола уезінің бастығы болса Түркістан уезі бастығына 27 январь 1888 ж жазған құпия хатында «Әуез Мырзамбетов туралы деректерді жинап жатырмыз» - деп жауап берген. 8 февральде жазған хатында болса «Арқадағы Ортау болысының қазағы Кенже Жұмабаевтың жеткізген мәліметтеріне қарағанда Әуез қожаның Ортау болысында Құтжан Өтебаев деген мүриді бар. Ол сол Әуез қожаның «жалған жолын» ұстанады. Құтжан бұрын кісі өліміне араласты деп елден қуылған еді енді қайтадан келіпті. 1884 жылы күзде осы Құтжанның ылаң салуымен Арқада Ортау болысында * отырған 150 шаңырақ қоңырат елі Түркістанға қарай көшіп кетіп қалды. Қазіргі кезде Құтжан мен оның бауыры Ерденбай тағы басқа Тұрсынбек деген туысқандары елді дүрліктіріп Қытайға көшеміз, біздің артымыздан барлық қоңырат елі көшеді деп айтып жүр. Құтжан Өтебаев деген қылмыскердің Түркістанда отырған Әуез деген «жалған пайғамбар» кісімен қылмыстық байланысын әшкерелеу керек. Оның бір дәлелі Құтжанның келіні Тәнен Ақмамбетова деген әйел 1885 жылы 1000 сом ақшаны алып Әуезге садақа ретінде жеткізіп берді. Шу болысының биі Бақтыбай Тұржановтың хатында айтылған мәліметтеріне қарағанда Өтебаевтың Қытай өкіметімен және Бұхара әмірімен байланысы бар, олардан қымбат бағалы сыйлықтар алып тұрады екен. Қоңыраттарды және басқа қазақтарды қытайға көшіру үшін олармен келіссөздер жасап жүр. Осыларды айта келіп Ақмола уезінің бастығы Әуез Мырзамбетовтың соңынан адам салып және Қытайға көшіп кеткісі келіп жүрген қоңыраттардың көңіл-күйі туралы құпия мәліметтерді жинауды сұраймын, Бақтыбай Тұржановтың хатының копиясын жіберемін» - деп аяқтайды сөзін. Осы хатта Әуез қожаның Шу болысының биі Бақтыбай Тұржанов жазған хатта Әуез қожаның 1886 жылы Бұхара әміріне барып мәжіліс жасамақ болғаны, елді Қытайға көшіру туралы ақылдаспақ болғаны айтылады.

Осы деректерде аты аталған Әуез қожаның кім екендігін, оның қазір ұрпақтары бар ма жоқ па, әзірге толық анықтай алмадық. Нілді болысында өмір сүрген қоңыраттарға не болды, Қытайға өтіп кете алды ма, жоқ жете алмай жарты жолда қалды ма? – ол да белгісіз. Анықтау, сұрақтарға жауап іздеу келешек тарихшылардың ісі. Анығын Алла біледі. Тәммат тәмам.

*Ортау - қазіргі кезде Қарағанды облысы Жаңарқа ауданы, Сәкен Сейфуллиннің туған жері.

Нұржан Сәдірбекұлы тарихшы-генеалог

Abai.kz

 

0 пікір