Бейсенбі, 15 Мамыр 2025
Билік 700 0 пікір 14 Мамыр, 2025 сағат 22:40

Азаптауларға қарсы ҮЕҰ Коалициясының жарияланымына қатысты Омбудсменнің пікірі

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Жақында (2025 жылғы 13 мамырда) порталдардың бірінде «Қазақстандағы азаптау жағдайы туралы құқық қорғаушылар нақты ахуалды баяндады» деген атаумен мақала жарияланды.

Онда Қазақстандағы азаптауларға қарсы үкіметтік емес ұйымдар Коалициясы елдегі азаптау фактілеріне қатысты белгілі бір баяндама дайындағаны айтылған. Сондай-ақ бұл жобаны қазақстандық құқық қорғаушылар Еуропалық одақтың қаржылық қолдауымен іске асырып жатқаны ерекше атап өтілген.

Мақала мәтінінен аңғарғанымыздай, «баяндамада» елімізде белгілі бір оң өзгерістерге қарамастан, азаптаудың зиянды әрі «жүйелі» деп аталатын тәжірибесі мен кінәлі тұлғалардың жауапкершіліктен жалтаруы жалғасып келеді деген тұжырым жасалған.

Әдетте, біз мұндай сипаттағы мәлімдемелерге жауап қатпаймыз, азаматтық қоғам және мемлекетпен өзара іс-қимыл шеңберінде нақты проблемаларды бірлесіп, сындарлы түрде шешуге басымдық беруді жөн көреміз. Алайда «баяндама» елдегі жағдайға объективті баға беруге талпыныс білдіріп отырғандықтан, қысқаша пікір білдіруге мәжбүрмін.

Азаптауларға қарсы күрес саласындағы негізгі жетістіктер.

Біз әрбір сөзімізде 2022 жылы мемлекет пен Омбудсмен институтының азаптауларға қарсы тиімді күрес бағытында маңызды әрі тыңғылықты жұмыс жүргізгенін атап өтеміз.

2023 жылдың басына қарай бірқатар маңызды реформалар қабылданды:

1) Түрме медицинасы Ішкі істер министрлігінің құзыретінен азаматтық ведомство — Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілді. Осы өзгерістен кейін сотталғандар медицина қызметкерлері үшін бақылаудағы контингент емес, пациент ретінде қарастырыла бастады. Енді сотталғандарға медициналық көмек көрсететін дәрігерлер офицерлік антына емес, Гиппократ антына бағынады. Бұл — медициналық көмекке мұқтаж адамдарға деген институционалдық көзқарастың өзгеруін білдіреді;

2) Отандық клиникалық хаттамалар Ыстамбұл хаттамасына сәйкестендірілді. Бұл медицина қызметкерлерін азаптау белгілерін дереу тіркеуге, ал қылмыстық қудалау органдарын тиісті тергеп-тексеруді жүргізуге міндеттейді;

3) Барлық түзеу мекемелерінде үздіксіз бейнебақылау жүйесі енгізілді және қызметкерлерге бейнежетон тағу міндеттелді. Қазіргі уақытта еліміздің барлық мекемелері 45 мыңнан астам бейнекамерамен жабдықталған. Бұл жүйе азаптаулардың алдын алуға ғана емес, орын алған фактілер бойынша дәлелдеме ретінде де қызмет етеді. Бейнежазбаларға «онлайн» және «мұрағат» режимдерінде прокуратура мен ІІМ барлық деңгейде қол жеткізе алады. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан әлем елдері арасында көшбасшы орындардың бірін иеленеді;

4) Сотталғандарға шағым беру құқығын қамтамасыз ету мақсатында түзеу мекемелерінде 612 электрондық терминал орнатылды. Олар мекеме әкімшілігінің араласуынсыз қолданылатындай етіп жабдықталған. Бұл жүйе арқылы сотталғандар тікелей сот және қадағалау органдарына шағым түсіре алады;

5) Азаптаулар үшін жауапкершілік едәуір күшейтілді: 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы, татуласуға, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға, амнистияға тыйым салу, сондай-ақ мұндай істер бойынша қылмыстық қудалауға ескіру мерзімінің қолданылмауы. Сонымен қатар, қатыгез қарым-қатынас үшін бөлек қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

6) Азаптау істерін тергеп-тексеру өкілеттігі прокуратураға берілді. Конституцияға сәйкес, бұл – еліміздегі жоғары қадағалаушы орган. Бұл — теориялық тұрғыдан ғана емес, іс жүзінде де ведомстволық мүдделілікті болдырмайтын шешім.

Бұл практикалық тұрғыда не берді.

Тек 2023 жылдың өзінде азаптау фактілері үшін күш құрылымдарының 47 қызметкері сот үкімімен жазаланды.

Бұл көрсеткіш 2020–2022 жылдар аралығындағы үш жылдың жиынтық көрсеткішінен асып түседі (2020 ж. – 13, 2021 ж. – 15, 2022 ж. – 8, барлығы – 36 адам).

2024 жылы 30 адам сотталды, тағы 12 іс сотта қаралу үстінде (2025 жылға өтпелі).

Соңғы бес жылда барлығы 160 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылып, сот үкімімен жазаланды.

Олардың ішінде 144-і немесе 87%-ы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, 10 адамға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Осының бәрі Қазақстанда жаза бұлтартпастығы қағидатының тиімді жұмыс істеп тұрғанын айқын көрсетеді.

Сонымен қатар, азаптау фактілері үшін сотталғандар санының артуы азаптауларды тіркеудің азаюымен тікелей пропорционалды түрде қатар жүріп келеді.

Мысалы, 2019–2022 жылдар аралығында жыл сайын 600-ден 900-ге дейін іс тіркелген болса (2019 ж. – 850; 2020 ж. – 766; 2021 ж. – 685; 2022 ж. – 920), 2023 жылы бұл көрсеткіш 50%-ға төмендеді (920-дан 462-ге дейін), ал 2024 жылы тағы шамамен 60%-ға қысқарды (462-ден 193-ке дейін).

Қарапайым тілмен айтқанда – шағымдар саны бес есе дерлік азайды.

Қорытынды.

Мұның барлығы – елде жүргізіліп жатқан азаптауға мүлдем төзбеушілік саясатының тікелей нәтижесі.

Дәл осы әрекет ету жүйесінің және ашықтыққа бағытталудың арқасында қоғам үшін бұл саладағы ақпарат қолжетімді бола бастады.

Алайда дәл осы ашықтық «баяндамада» елдің құқық қорғау жүйесі үшін кері фактор ретінде көрсетілген.

Жоғарыда аталғандардың өзіне сүйене отырып, баяндама авторларының қорытындыларымен еш келісу мүмкін емес.

Олар, біздің түсінуімізше, елдегі қазіргі шынайы ахуалды бұрмалауға тырысып отыр. Мен Омбудсмен ретінде мемлекетке сын айтып, тиісті ұсынымдар енгіземін, бірақ елде орын алып жатқан өзгерістерді айғақтайтын объективті деректерді де көремін. Сондықтан «сарапшылар» деп аталатын тараптардың біржақты көзқарасқа негізделген қорытындыларымен келіспеймін. Дәл осы себепті Уәкіл институтының, сондай-ақ тұтастай мемлекеттің күш-жігерін жоққа шығаруға бейжай қарауға жол бере алмаймын.

Айта кету керек, осы баяндаманың авторлары ретінде өзін таныстырып отырған Коалиция мен Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының сайтында күмән туғызатындай ұқсас, бірақ 2017–2019 жылдарға арналған баяндама орналастырылған, онда іс жүзінде дәл сол қорытындылар келтірілген.

Өкініштісі, БҰҰ-ның азаптаулар мәселелері жөніндегі Арнайы баяндамашысы бұл объективті емес баяндаманы алатын болды, ал біздің серіктесіміз – Еуропалық одақ бұл үшін ақы да төлейді.

Біз бар мәселелерді жасырын ұстауға шақырмаймыз; керісінше – біз әрқашан ашық әрі шынайы диалогты қолдаймыз. Конструктивті жұмыс жүргізуге ниеттілер үшін – біз әрдайым ашықпыз.

Еліміздегі барлық ҮЕҰ мемлекеттік органдармен де, Уәкілмен де ашық диалог орнатуға толық мүмкіндігі бар.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, тек серіктестік негізінде дайындалған құжаттар ғана мазмұны жағынан салмақты болып, танылу деңгейіне ие бола алады.

Алайда бұл жағдайда баяндама біржақты тәртіпте дайындалып, жағдайға объективті баға беруге де, өзара ынтымақтастық орнатуға да ұмтылыс байқалмаған.

Мұндай құжаттар қоғамның сеніміне ие болмауға тиіс.

Қорытындылай келе.

Соңғы уақытта өз ұстанымдарын негіздеу үшін көптеген «талдаушылар» Коалициялар немесе Одақтардың атынан сөз сөйлеуге ұмтылуда. Іс жүзінде гранттық жобаларға небәрі 2–3 ұйым немесе олардың жекелеген өкілдері ғана қатысады.

Бұл – өздерінің тар көзқарасын кең қолдауға ие пікір ретінде көрсетуге тырысатын белгілі манипуляциялық тәсіл.

Мен қоғамдық пікірге әсер етуге бағытталған мұндай тәжірибеден бас тартуға шақырамын.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2546
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4211