"Елге көмек" қорының басшысы ресми тергелуде

"Елге көмек" қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сәриевке қатысты тергеу басталды. Сәриев ірі көлемдегі алаяқтық жасады деген күдікке ілігіп отыр.
Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің мәлімдеді.
Іс бойынша оған қатысты 30-дан астам адам жәбірленуші ретінде танылған. Қазір Ілияс Сәриев қамауда отыр.
Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков "Елге көмек" қайырымдылық қорының басшысының әрекетінен зардап шеккен 4 отбасының оқиғасын баяндады. Оқиға 2024 жылы болған.
Заңгердің айтуынша, Ілияс Сариев отбасылармен жеке өзі кездесіп, ем-домға ақша жинауға көмектескен.
"Кей адамдар Instagram-да ауыр науқас туыстары туралы жазып, көмек сұрайды. Мұндай жандарды қайырымдылық қорының өкілдері іздеп табады", – деп түсіндіреді Орынбеков.
Бір әйелдің әкесі онкологиялық аурумен ауырған. "Елге көмек" қоры көмек ұсынған және қаражат жинауды бастаған.
Заңгердің сөзінше, шамамен 14 миллион теңге жиналған, бірақ бұл отбасы ол қаражатты мүлде алмаған. 2024 жылдың қыркүйегінде әйелдің әкесі қайтыс болған.
Оралдық кішкентай Інжу де ем алуы керек болған. Қор 27 миллион теңге көлемінде қаражат жинау бастамасын жариялаған. Орынбековтың айтуынша, Сәриев тіпті жеке автокөлігін сатуға уәде берген. Алайда, қыздың анасы ешқандай көмек алмағанын айтады. Інжу 2024 жылдың 7 тамызында көз жұмды.
"Адамдарға қаражат жиналып, қыз ем қабылдап жатыр деп айтылған. Анығында мұның бәрі жалған болып шықты", – дейді заңгер.
2024 жылдың қараша айында ауыр диагноз қойылған 2 жасар қыз балаға 1,7 миллион теңге жиналған. Алайда анасының айтуынша, қызын өз қаражатына емдеп жатыр. Тағы бір жағдайда көзі нашар көретін балаға ота жасау үшін 15 миллион теңге жиналғаны айтылғанымен, ота жасалмаған.
Орынбековтың айтуынша, зардап шеккендердің барлығы Ілияс Сәриевтің көмегіне өз еркімен жүгінген. Алайда уәде етілген көмекті алмаған соң, олар полицияға шағымданған.
"Алаяқтықты дәлелдеу қиын, өйткені полицияның пікірінше, олар нақты зардап шеккендер болып саналмайды. Қор зардап шеккендердің емес, халықтың ерікті түрде берген ақшасына ие болған. Яғни, қайырымдылық жасағандар оны өз еркімен жасаған", – дейді ол.
Заңгердің айтуынша, Қазақстандағы қайырымдылық қорларының қызметі іс жүзінде реттелмеген. Мұндай ұйымдардың міндетті есептілігі де, мемлекеттік аудиті де жоқ.
"Олардың басты мақсаты – жазылушылардың сеніміне ие болу. Олар ешкімге есеп бермейді. Ар-ұжданы таза, адал жұмыс істейтін қорлар да бар. Алайда, Перизат Қайрат пен Ілияс Сәриевтің істері бұл саланың басқа қырын көрсетіп отыр. Мұндай ұйымдар ақша айналымын ұйымдастыру, қолма-қол ақшаға айналдыру және салық жүйесінен айналып өту үшін құрылады. Әсіресе, бұл ірі қорларға тән", – дейді заңгер Орынбеков.
Abai.kz