Жұма, 16 Мамыр 2025
Әдебиет 244 0 пікір 16 Мамыр, 2025 сағат 12:58

Оразақын Асқардың туғанына 90 жыл!

Сурет: ult.kz сайтынан алынды.

Көрнекті қаламгер Оразақын Асқардың туғанына 90 жыл

16 мамыр –Халықаралық «Алаш», Мұқағали атындағы және  Түркі әлемі «Ақбозат» әдеби сыйлықтарының лауреаты, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Панфилов ауданының Құрметті азаматы – Оразақын Асқар атамыздың туған күні[1].

Оразақын Асқар 1950 жылдың аяғы 1960 жылдың басында қазақ поэзиясына қосылған соны тұлғалардың бірі.

«Жыланның уы басында,

Бейғамның жауы қасында,

Аттандық жылан жылымен

Жиырма бірінші ғасырға[2]...» – деп өлең жазып кеткен ақын, биылғы жылан жылы тоқсан жасқа келер еді...

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіндегі (ҚР ОМА), Оразақын Асқардың қор құжаттары арасынан, ақынның 2001 жылдары «Құрдастарға» - деп арнап жазып кеткен өлеңінде, «Тоқсаннан топ етейік асып барып»[3] - деп арман еткен, тоқсанның торқасына шыққан мерейтойын республика көлемінде аталып өтілетін еді...

Құрдастар! Аз қалдық қой асықпалық,

Тоқсаннан топ етейік асып барып.

Армансыз тағы біраз сусындасын

Қазақы жырымызға ғашық халық.

Ол рас «жазмыштан озмыш жоқ»,

Емес пе әрбір айтқан сөзіміз сот.

Аңғармай албырт, ақ көңілмен,

Жүрмейік басып қалып өзіміз шоқ...

Өмірдің қарама-қайшылығына байланысты, қазақтың «Бір кем дүние...» деген қанатты сөзі ойға оралады. Осындай елім деп жерім деп, түн ұйқысын төрт бөліп, малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы деп өткен тұлғаларға айтылса керек.

«Ақынның хаты өлмейді,

Батырдың аты өлмейді» - демекші Оразақын Асқардың да артында қалған мол мұрасы мен қымбат қазынасы, жеке тектік құжаттары ақынның өз  өтініші бойынша, 1995 жылы ҚР ОМА-ға қабылданған. 1996 жылы архивке тапсырылған құжаттарына ғылыми-техникалық сараптама жасалынып, 1951-1995 жылдарды қамтитын, 134 істен тұратын, № 1-ші тізімдеме жасалынып, оған № 2221-ші қор нөмірі берілген.

Оразақын Асқардың өмірі мен шығармашылығы жайлы және қызметіне қатысты мәліметтерді, 1996 жылғы № 1 тізімдеменің алғысөзінде, ҚР ОМА-ның сол кездегі Ғылыми жариялау және жеке қорлар бөлімінің жоғары дәрежелі маманы, әрі ақынның жұбайы Ажар Баратқызы толық жазып кеткен екен. Сол алғысөзден үзінді келтіргенді жөн көрдім: «Оразақын Асқар Шыңжаң өлкесінің  Іле аймағына қарасты, Мүкей-Қаратас деген жерде, 1935 жылы 16-шы мамырда туған. Әкесі, Асқар Төпеұлы – Талдықорған облысының Жаркент қаласында туған. Шешесі, Нәпен Шажабайқызы – Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Шалкөде деген жерде туған. Олар 1930 жылы Қытайға өткен. Әкесі 1947 жылы қайтыс болған. Шешесі 1968 жылы Алматы қаласында дүниеден кеткен.

Оразақын бастауыш білімді Сарыбұлақ мектебінен алып, Сүйдің қаласындағы қазақ-қырғыз орта мектебінде оқыған. 1950 жылы Құлжа қаласындағы «Білім жұрты» деп аталатын Ахметжан Қасыми атындағы гимназияда оқып, 1951 жылы Үрімші қаласынан ашылған Ұлттар институтының тіл және әдебиет факультетіне оқуға түседі. 1950 жылдан бастап «Іле газеті»,  «Шыңжаң газеті» және «Шұғыла» журналдарына өлеңдері жарияланып тұрады.  «Ақ көгершін» атты өлеңі, Шыңжаңдағы алғашқы әдеби жарыста жүлделі орынға ие болады.

Институттағы оқуы сол кездегі қоғамдық жағдайдың талабына сай, екінші курспен аяқталады да «Шыңжаң газеті» редакциясына қызметке жіберіледі.

1955 жылы 27-ші сәуірде, 20 жасар Оразақын Асқар шешесімен бірге атамекені Қазақстанға түбегейлі көшіп келеді. 1955 жылы Алматыда  «Әдебиет және искусство» қазіргі «Жұлдыз» журналының №8-ші санына өлеңі жарияланып, сол жылы «Қос жүрек» атты жастардың ұжымдық жинағына бір топ өлеңдері енеді.

1956 жылы Қазақтың  Еңбек Қызыл Ту орденді С. М. Киров қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология  факультетіне түсіп, оны 1961 жылы бітіріп шығады. Студент кезінде республикалық газет-журналдарда үзбей жарияланып тұрған. 1961 жылы шыққан  «Жас жүрек» кітабында өлеңі басылған.

1961-1964 жылдары Ғылым академиясында, Ш. Уәлиханов атындағы тарих-этнография және археология институтында кіші ғылыми қызметкер болады. 1964-1971 жылдары, Қазақстан Жазушылар одағында көркем әдебиетті насихаттау бюросында, әдеби нұсқаушы болып істеген.

1971-1984 жылдары аралығында, Қазақ ССР Мемлекеттік кітап палатасында, білім меңгеруші қызметін атқарған. 1984-1992 жылдары, «Жалын» баспасының поэзия редакциясында аға редактор болған.

Оразақын Асқардың «Тұңғыш» (1964),  «Мейірім» (1969),  «Күмгей» (1975),  «Ләйла» (1977),  «Көкорай» (1979),  «Балқарағай» (1981),  «Сәулет» (1984), «Таудай бол» (1984),  «Белжайлау» (1985),  «Өркеш» (1987),  «Қара өлең» (1989),  «Расти большим» (1989),  «Қос қоңырау» (1990), «Керімсал» (1991),  «Баркөрнеу» (1992), «Жеткіншек» (1995),  «Қара өлең» (1995) жылы толықтырылып қайта басылған өлең кітаптары бар. Сонымен бірге «Туған жердің мартасы»,  «Әміренің әні»,  «Абсент»,  «Аттастар», «Ұлы тоғыс», «Оныншы қыз»,  «Анама ескерткіш», «Ана шешімі», «Сары көйлек»,  «Қыз ұясы», «Жас шопан» деп аталатын поэмалардың авторы. Ол ел арасынан қазақтың халық поэзиясы, қара өлеңді жинап, оның 20 мың жолға жуық қорын, 1989 жылы «Жазушы» баспасынан тұңғыш рет жеке жинақ етіп шығарды.

Оның жоғарыда аталған «Туған жердің картасы» поэмасы, 1974 жылдың балалар мен жастарға арналған шығармаларға жарияланған конкурсында, жүлделі орынға ие болды. Сирек айтылатын қазақтың халық әндерін де жинап, мерзімді баспасөзде жиі жариялап келеді. Бұл еңбегі  «Парасат» журналының республикалық жарысында, екінші орынды жеңіп алды. 1983 жылы «Қорықтар әлеміне саяхат» деп аталатын өлеңдер циклі үшін, Қазақстан табиғат қорғау қоғамының бірінші дәрежелі жүлдесін иеленген. Ал, қазақтың қара өлеңін жинаған еңбегін жоғары бағалап, Қазақстан Республикасының Ғылым академиясы мен мәдениет министрлігі   "Игілік банкпен» біріге отырып жариялаған, халық шығармашылығының конкурсында бірінші жүлдеге ие болған.

Оразақын Асқар шығармашылық еңбектерін негізінен үлкендерге арнап жазатын ақын. Сонымен бірге балаларға арнаған өлеңі, ертегі, аңыздары да бар. Оның шығармашылығы туралы Е. Исмайлов, Д. Әбілев, Х.Ерғалиев, Ғ. Қайырбеков, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ө. Күмісбаев,    Р. Отарбаев, С. Дәуітов, Е. Дүйсенбаев, М. Жұмаханов т.б. мақалалар мен пікірлер жазған. Мысалы, 1960 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор, сыншы Е. Исмайлов: «Қазақ мемлекеттік университетінің 4-ші курсында оқушы жас талант Оразақынмен өлеңдері ойға белгілі сюжетке нақтылы оқиғаны әңгімелеуге құрылып жазылған. Ол өзінің ақындық лебін, өлең өрнектерін жатық қалыптастыра бастаған ақын. Оразақын өлеңді ұзақ жазбайды. Бас аяғы жинақты ықшам да тапқыр жазады» - деген болатын.

Ал, қазақтың аға буын ақындарының қатарындағы ірі тұлғалардың бірі, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы Ғ. Қайырбеков: «Оразақынның ә дегендегі ақындық ерекшелігі  не? Оның ақындық тілінде табиғи ажар, еркіндік, нақтылық пен жинақтылық, ашық бояу, ашық сурет болатын. Ежелгі шеберлерден үйренген тәрбие, ұсталыққа құмар мінез бар. Осы аз пікірдің өзі оның Қазақ поэзиясында сүйкімді жолы бар, ол жолды көмескілемейтін, аспайтын, таспайтын, өзін-өзі жұрт көзіне баспайтын, үгіттемейтін, баяу болғанымен терең ағысты, ойлы творчествосы бар інімізге деген ризалықты білдіреді ғой деп ойлаймын» - деп қорытынды жасаған ақынның  «Сәулет» жинағына жазған алғысөзінде.

Сол сияқты 1981 жылы қазақтың ұлы ақыны, мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы Қ. Мырзалиев: «Оразақын байқағыш дарын, аңғарымпаз ақын. Байқап қана қоймайды-бағалай біледі. Аңғарып қана қоймайды айта біледі. Оның табиғат туралы топтама жырлары жатқан бір сурет көрмесі. Оның өлеңдерінен реніш түгіл өкпе, қайғы түгіл мұң кездестіре алмайсың. Әккі дарынға тап болмаса дүниеге сыймайтын, ал айтқыштардың аузына түскенде бір өзіне бүкіл дүниені сыйғызып жіберетін де ұлы құдірет бар. Ол - сөз. Біздің өнеріміз - міне осы, сөз өнері. Оразақын сол ерекше өнердің айрықша өкілдерінің бірі. Ол он сөздің кейде тіпті жүз сөздің ішінен өзіне керек бір ғана сөзді, ең қажетті сөзді қапысыз таба біледі. Тақырып тұрғысынан келгенде Оразақын Асқар дәстүршіл ақын» - деп жазған. Мұндай пікірлерді осы қордағы басқа авторлардан да кездестіруге болады. Біз жоғарыда үш автордан қысқаша алумен шектелдік[4]» - делінген.

Абай атамыз айтпақшы: «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, өнердің қай түрі болып ақындық өнер болсын, өнердің қай саласы болса да өз ісінің хас шеберлері болады.  Оразақын Асқар сондай шеберлердің бірі десек, артық айтқандық болмас. Қытайда білім алып, сол жақта ақын болып қалыптасып келген ақын қазақ поэзиясына өзгеше бір рең берді.  Ол кісінің 1980 жылы жазған, «Абсент» поэмасы арқылы, қазақ даласынан шыққан атақты Абсент атын суреттеуі, қандай тамаша! Поэмада керемет теңеулер мен  шебер өрнектеумен Абсенттің тарихын, тағдырын жеткізген:

«Москвада әйгілі үлкен көрмеде,

Көрем десе табылмайды елге не.

Өз маңына жинап үлкен кішіні,

Бір қарагер байлаулы тұр көрмеде.

 

Кең маңдайы – айсыз түнгі қара аспан.

Ақ қасқасы – жалғыз жұлдыз жарасқан,

Сәл қозғалса түгі тоқсан құбылып,

Өн бойына жылытылдап нұр тарасқан.

 

Сәнденеді қудай мойын иілтіп,

Көрген жанды сымбатына сүйінтіп.

Ақ бақайы қадалып тұр жерге тік,

Бір талғампаз жасатқандай бұйыртып.

 

Қос құлағы – қатар екі қаламұш,

Төске көлбеп жабысып тұр жарап іш,

Тал бойынан табылмайтын бір міні,

Осындай да болады екен жарсалыс.

 

Тықыршиды тұяғымен тарпып жер,

Мадақтауда таңданысып әр тілде ел.

Құлақ түріп, көз тігеді қиырға,

Шақырғандай сайын дала, салқын бел[5]...»

«Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып, өзіне қайтарамын...» – деп жырлап кеткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев сияқты, Оразақын Асқарда артына мол өшпес мұра өлең-жырларын қалдырып кетті.

Осындай ұлы ақын-жазушыларымыздың есімдері ұмытылмай, әлі де болса толықтай зерттеліп, ұрпақтарымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенемін.            

[1] ҚР ОМА 2221-қор, 2-тізімдеме, 296 іс

[2] ҚР ОМА 2221-қор, 2-тізімдеме, 36 іс, 3 бет

[3] ҚР ОМА 2221-қор, 1-тізімдеме, 36 іс, 4 бет

[4] ҚР ОМА 2221-қор, 1-тізімдеме, 3-7 беттер.

[5] ҚР ОМА 2221-қор, 1-тізімдеме, 50 іс, 43-62 беттер

Ғалия Меңілбаева,

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивінің қызметкері

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2672
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4367