Сенбі, 17 Мамыр 2025
Көршінің көлеңкесі 702 0 пікір 16 Мамыр, 2025 сағат 17:25

Бір тарихшы үшін жетпіс тарихшы қуылды...

Сурет: migrationunion.com сайтынан алынды.

Сәуір айының соңында ресейлік ғалым елімізге кіре алмады. Қазақстанды «орыс фобиясын өршітуде» деп айыптаған Андрей Грозинді қорғап, ол жұмыс істейтін «ТМД елдері институты» бұл оқиғаны «қонақжайлылыққа жатпайтын қылық» деп атады. Себебі, осыдан екі жыл бұрын осы институт басшысы, депутат Константин Затулин кері қайтарылғанда, билікті пайдаланып әзер дегенде елге кірген болатын.

Әрине, бұл жағдай еліміздегі жетпістен аса тарихшыны «шегарада бұғаттауға» бұйрық шығарған Ресейге жауап болуы да мүмкін. Азаттық Азия редакциясы анықтағандай, Ресей ондаған қазақстандық зерттеушіні, соның ішінде кеңестік дәуірдегі қуғын-сүргін туралы еңбектердің авторларын «қалаусыз тұлғалар» тізіміне енгізген.

«Персона нон грата» мәртебесін алғандар»  және «қалаусыз адамдар» дегеніміз кімдер?

Бұл «персона нон грата» емес. Азаматтың елге кіруіне ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруіне байланысты тыйым салынады. Бұл кез келген азаматқа қатысты қолданылуы мүмкін. Яғни бұл — құқық қорғаушы болсын, журналист болсын, азаматтық белсенді немесе ғалым болсын — бәріне де қатысты. Егер билік бұл адам өз жарияланымдары немесе зерттеулері арқылы ұлттық қауіпсіздікке қандай да бір зиян келтіреді деп есептесе, онда оның елге кіруін қалаусыз деп тануға құқылы, — деп түсіндіреді қазақстандық құқыққорғаушы Жовтис.

«Персона нон грата» мәртебесі, әдетте, қабылдаушы тарапқа қолайсыз немесе қауіпті саналатын мәлімдемелер немесе әрекеттер жасаған дипломаттар мен саясаткерлерге беріледі. Бұл — әлемде қалыптасқан тәжірибе. Сонымен қатар, ел өз аумағында болуын «қалаусыз» деп санайтын жекелеген тұлғалар санаты да бар. Қазақстан Грозинді дәл осындай санатқа енгізгені анық.

Грозин не бүлдіріп қойды? 

Өзін мықты тарихшы санайтын Грозин бұрынғы бір сөзінде қазақ менталитетіне де тиісіп өткен‑ді: «Олар көршілерінің малын ұрлап, үйлерін өртейді» деп мәлімдеген еді бір кезде... Иә, бұл оның бұрынғы заманғы «барымтаны» еске алуы болар. Алайда, «барымта» ұрлық емес, керісінше, «әділеттілік орнатудың» далалық‑күштік жолы екенін ол бейбақ қайдан ұқсын... Ендеше, оны шегарадан асырмау – «Грозиннің өміріне қауіп төнбеуінің сақтық шаралары» десе де болатынын жасырмау керек...

Сонымен бірге, Андрей Грозин Қазақстан билігін «русофобиялық нарративке» әуес болды және «нациктерді» қолдайды деп айыптаған болатын. Ол Ресей 2022 жылы басып кірген Украина тағдырын Қазақстан да бастан кешіруі мүмкін деп болжады.

Андрей Грозин Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатын да сынға алып, елді БРИКС-ке (Ресей, Қытай, Үндістан, Иран, Бразилия және тағы бірнеше мемлекет мүше) қосылудан бас тартып, Батысқа «иіле кетті» деп мәлімдеді. Жалпы, ол осылай дей отырып, Ресей өзінің көрші елдерінің тәуелсіздігін тек өз мүддесі тұрғысынан мойындайтынын мәлімдеді деуге болады...

Оның ойынша, «Англосакстер Қазақстан элитасын ең әлсіз жерінен — олардың әмиянынан ұстап отыр. 2022 жылдың ақпанынан кейін Лондоннан «семіз мысықтарымызды» (яғни, реейліктерді) қуып жіберген соң, онда  қазақтар жылжымайтын мүлік пен сауда нүктелерінің саны жағынан бірінші орында тұр. Олар әлемдік экономикалық элитаға әлдеқашан кіріп кеткен, тек лакей ретінде ғана»  ‑ деді. Бұл не: өкініш пе, әлде, қызғаныш па? Онда оны ағылшындардың өзінен сұрау керек қой «Сіздерге лакей керек болмай қалды ма» деп? Ал, біз «өз мысықтарымызбен» не істерімізді өзіміз шешетін шығармыз...

«Енуге болмайды!»

Олардың қатарында Грозиннің тікелей басшысы, депутат Константин Затулиннен бөлек, аумақтық талаптар айтқан Мемлекеттік дума мүшелері — Евгений Федоров, Вячеслав Никонов және Петр Толстой, сондай-ақ үгіт-насихатшылар Тигран Кеосаян мен Тина Канделаки, және Россотрудничество басшысы Евгений Примаков та бар.

(Астана Константин Затулинді Қазақстанның солтүстік өңірлеріне қатысты аумақтық талаптар айтқаннан кейін персона нон грата тізіміне енгізген болатын).

Мұндай тізім Ресейде де бар. DW мәліметінше, Ресейге кіруге Қазақстан парламентінің депутаттары Айдос Сарым мен Ермұрат Бапиға, сондай-ақ бірнеше қоғам қайраткеріне тыйым салынған. Сарымның айтуынша, 2021 жылы оны дипломатиялық паспорты болғанына қарамастан Мәскеуге кіргізбеген.

 Бұл жағдайға ресми Астана ешқандай жария түсініктеме берген емес.

Қазақстандық ғалымдардың айтуынша, Ресей тарих, өнер, әдебиет және тіл білімі салаларына маманданған бірнеше зерттеу институтының қызметкерлеріне елге кіруге тыйым салған.

Әртүрлі ғылыми мекемелердегі бірнеше қазақстандық ғалымдар — Ресей біздің тарихшылар мен филологтарға, өнертанушыларға еліне кіруін «қалаусыз» деп тапқанын хабарлады. «Мұндай «Қара тізімге» тіпті сталиндік репрессиялар мен Алашорда (1917 жылдың желтоқсанында қазақ зиялылары құрған, 1920 жылы большевиктер таратқан Алаш автономиясы) туралы еңбектерімен танымал 77 жастағы академик Мәмбет Қойгелді де енгізілген.

Неге десеңіз, соңғы жылдары Ресей билігі Иосиф Сталинді ақтап, оның билігі кезінде жүргізілген жаппай репрессияларды ақтауға тырысып келеді. Бұл үрдіс әсіресе Ресейдің Украинаға әскери басып кіруінен кейін айтарлықтай күшейді.

«Сталиндік репрессиялар» тақырыбы кейінгі путиндік Ресейде режимнің «жалпы бағытына» сай келмейтін мәселеге айналуда, — деп жазады Радио Свободаға арналған мақаласында мәдениеттанушы әрі Венеция университетінің профессоры Евгений Добренко.

— Путиндік Ресейдің саяси режимі сталиндік режимнен өзін табады, екеуінің туыстық байланысы бар. Бұл режим сол кезеңнің тыйымдарын, мифтерін, фобияларын жалғастырып келеді».

2023 жылғы 31 қаңтарда Волгоградқа кіреберістегі жол белгілері. Сталинград шайқасының аяқталғанына 80 жыл толуына арналған еске алу шаралары аясында «Волгоград» деген жазулар уақытша «Сталинград» деп өзгертілді. 2025 жылы қаладағы Гумрак әуежайы да «Сталинград» деп қайта аталды. Қаланың аты да Сталинград деп қайта аталуы мүмкін...

Жол сергелдеңін кім тартады? 

Тарихшы-ғалымдардың бірі аты-жөнін атамауды өтініп, бірнеше жыл бұрын Ресейден қалай қуылғанын айтып берді. Оны әуежайда бірнеше сағат ұстап, кейін елге кіруге тыйым салынғаны туралы қағаз берген. Ғалым ғылыми жұмысқа материал жинауды жоспарлағанымен, билетті өз есебінен сатып алып, отанына оралуға мәжбүр болған.

— Неге мені кіргізбей жатқанын сұрадым. Ештеңе түсіндірмеді. ФСБ қызметкерлері: «Сіз өзіңіз де білесіз», — деді, — дейді зерттеуші.

Оның айтуынша, осындай жағдайға көптеген әріптестері тап болған:

— Олар Ресейге барады, Мәскеуге немесе басқа қалаларға ұшып жетеді, ал оларды сонда: «Алдағы рейспен кері қайтыңыз» деп кері қайтарады. Қазір «Ресейге кіре алмайтындар» тізімінде шамамен 70 ғалымымыз бар.

Ортақ тарих бола ма? 

2024 жылдың қарашасында Астанаға сапары барысында Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан тарапымен бірлескен тарихшылар жұмыс тобын құру жөнінде келісімге келгендерін мәлімдеді. Ол бұл қадам «қоғамдарымыздың жекелеген бөліктерінде мезгіл-мезгіл тұтанып кететін «зерттеушілік желікті» (азарт) басуға мүмкіндік береді» деп атап өтті.

Тарих тәуелсіз болуы тиіс! 

Біз айтар едік: Тәуелсіз мемлекеттің өзге мемлекетпен «ортақ тарихы» болмайды. Оның тек «өз тарихы» ғана бола алады. Кез келген мемлекет өз халқының тарихын белгілі бір кезеңдегі саяси конъюктураға сай өзгерте алмайды. Оған халық жол бермейді

Әбдірашит Бәкірұлы

(мақаланы жазу барысында Азаттық радиосы деректері қолданды)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2676
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4379