БАӘ – әлемнің үшінші ЖИ орталығына айналмақ

АҚШ президенті Трамптың Парсы шығанағы елдеріне сапары өз мәресіне жетті.
Сауд-Арабиясынан кейін Катарға ат басын тіреді. Ел астанасы Доханың батыс оңтүстігіне орналасқан АҚШ әскери базасында әскерилердің алдында сөз сөйледі. Екі тараптың 42 миллиард долларлық қару-жарақ келісіміне қол қойғанын атап өтті. Катар билігі АҚШ әскери базасын жаңалауға 10 миллиард доллар бөлгені де айтылды.
Трамп Сауд-Арабиясында да құны 742 миллиард долларлық келісімге қол жеткізген еді.
Ал Әбу-Дәбиде алдағы 10 жылда БАӘ АҚШ экономикасына 1 триллион 400 миллиард доллар құятыны мәлім болды.
Осы жолы Трамп биылдан бастап БАӘ-не жыл сайын жасанды интеллектке қажет чиптің 500 мың данасын беріп тұруға уәде берді. Сарапшылар бұл келісім жүзеге асса БАӘ – АҚШ пен Қытайдан кейінгі әлемнің үшінші ЖИ орталығына айналады деп болжап отыр. Трамп пен бірге жүрген АҚШ сандық технология алыптары Сауд-Арабиясымен де ЖИ саласын дамытуға келісім жасасқан еді. Айта кетерлігі Байден билігі «Қытайға беруі мүмкін» деп Орта шығыс елдеріне чип беруді шектеген болатын.
Трамптың жомарттығы қазірдің өзінде АҚШ пен әлем елдерінде қызу талқыланып жатыр. Сыни пікірлердің дені Қытай мен Араб елдерінің саяси байланысы өте тығыз болғандықтан Трамп рұқсат еткен жоғары сапалы чипкердің дені Қытайдың қолына өтіп, коммунистік елдің әскери әлеуетін жаңа деңгейге көтеруі мүмкін деп қауіптенеді.
Ал сала мамандары саясаткерлерден бөлек көзқараста. Олар БАӘ-нің сандық орталығын АҚШ компаниясы басқаратынын алға тартады.
Көріп отырғанымыздай, бұрын Арабтың бай елдерінің мұнайы Қытай мен АҚШ-тың көз құртына айналса, енді аталған аймақ екі алпауыттың ЖИ бәсекесі алаңына айналғалы отыр.
Abai.kz