АҚШ пен Сауд Арабияның саудасы: Мұнай келісімі Қазақстанға қалай әсер етеді?

АҚШ-Сауд Арабия. 142 миллиард долларлық қару-жарақ келісімі. Өзге инвестициялық жобалар
АҚШ Президенті Дональд Дж.Трамптың Сауд Арабиясына биылғы алғашқы ресми сапары зор табыспен аяқталғаны белгілі. Бұл сапар барысында 2 триллион доллардан астам сомаға жуық келетін келісімдерге қол қойылды. Олардың ішінде Сауд Арабиясынан 600 миллиард доллар көлемінде инвестициялық міндеттеме, Катармен 1,2 триллион долларлық экономикалық алмасу туралы келісім, АҚШ пен Катар арасындағы 243,5 миллиард долларлық сауда және қорғаныс келісімдері, сондай-ақ АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы 200 миллиард долларлық коммерциялық мәмілелер бар.
Президент Трамптың Таяу Шығыс елдерімен орнатқан тарихи ынтымақтастығы АҚШ экономикасын нығайтып қана қоймай, аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты арттырып, болашақта гүлденген әрі қауіпсіз әлем қалыптастыруға жол ашады. Бұл туралы Ақүйдің ресми сайты былай деп жазды: «Осы маңызды келісімдерді жүзеге асырып жатқан компаниялар Трамп әкімшілігінің көшбасшылығына және осындай келісімдердің жүзеге асуына жол ашқан экономикалық ахуалға алғыс білдіреді».
Alphabet және Google компанияларының Президенті әрі Бас инвестициялық директоры Рут Порат та өз пікірін жариялады: «Біз Трамп әкімшілігінің және Сауд Арабиясы Корольдігінің белсенділігі мен саясатына алғысымызды білдіреміз. Олар екі елде де жасанды интеллект саласын жедел дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Біз Сауд Арабиясының Қоғамдық инвестициялар қорымен (PIF) жаһандық AI хабын құру жөніндегі әріптестігімізді мақтан тұтамыз. Бұл бастама Сауд Арабиясына ғана емес, сонымен қатар осы өңірде жұмыс істейтін америкалық және халықаралық компанияларға да инновация, экономикалық өсім және қоғамдық пайда әкеледі. Біз бірлесіп жоғары білікті жұмыс орындарын ашып, жасанды интеллект бойынша оқыту бағдарламаларын ұсынып, адамдарға жаңа әрі табысты мансап жолдарын қарастырамыз».
Ал бұл байланыс туралы «Reuters» агенттігі де өз көзқарасын жария етті. «Президент Трамптың Сауд Арабиясы, Катар және Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған төрт күндік сапары жай ғана инвестициялық табыстармен шектелмейтін дипломатиялық шоу емес. Бұл сапар – Иранның қарсыласу мүмкіндігін тасада қалдырып, Израильді шетке ысырып тастаған, сүнниттер басқаратын жаңа Таяу Шығыс тәртібінің қалыптасқанын бекіте алады».
Айта кетейік, Газа секторындағы атысты тоқтатуға қатысты Израильдің әрекетсіздігі Вашингтонның шамына тиген тұста Трамптың бұл сапары Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға деген елеулі ескерту болды.
Енді алпауыт ақпарат агенттігі BBC-дің бұл жағдай туралы не жазғанын оқылық. «Президент Дональд Трамп Сауд Арабиясына жасаған сапары барысында 142 миллиард долларлық қару-жарақ келісімін бекітіп, Сирияға салынған барлық санкцияларды алып тастауға уәде берді. АҚШ президенті өзінің алғашқы ірі шетелдік сапары – Парсы шығанағындағы елдерге бағытталған жедел сапары кезінде, Америка үшін Сауд Арабиясынан артық серіктес жоқ екенін мәлімдеді. Эр-Риядта сөйлеген сөзінде Трамп енді Сирияның «ұлы болашаққа» ұмтылатын уақыты келгенін айтып, оған салынған барлық санкциялардың алынатынын жариялады. Сапардың алғашқы күнінде АҚШ пен Сауд Арабиясы 142 миллиард долларлық қару-жарақ келісімін және бірқатар басқа да инвестициялық жобаларды жария етті. Елдің тақ мұрагері бұл жобалар болашақта 1 триллион долларға дейін жетуі мүмкін екенін айтты».
Айта кетейік, Трамп Сауд Арабиясын 2017 жылы президенттік алғашқы мерзімінде де шетелдік сапарларының алғашқысын да осы елден бастаған еді. Бұл жолғы сапар аясында ол Катар мен Біріккен Араб Әмірліктеріне де барады. Трамп сейсенбі күні Сауд Арабиясына келгенде оны ерекше сән-салтанатпен қарсы алды – оған арналып лаванда түсті кілем төселді. Тіпті, Трамп өзі де сол түске үйлесетін күлгін түсті галстук таққан болатын. Эр-Рияд билігі 2021 жылдан бастап қызыл кілемнің орнына лаванда түсті кілем қолдана бастаған – бұл патшалықтың шөл дала гүлдері мен жомарттығының символы саналады.
Осы сапарында Трампты әуежайда тақ мұрагер ханзада Мұхаммед бин Салман қарсы алып, президенттік лимузинді араб жылқылары мінген құрмет қарауылы бастап жүрді. Инвестициялық форумда сөйлеген сөзінде Трамп АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынасын «бұрын-соңды болмағандай қуатты күйде» деп сипаттады. Трамп шетелдік инвесторларды АҚШ-қа тарту арқылы Америка экономикасын көтеруді көздеп отыр – бұл оның екінші президенттік мерзімінің төртінші айындағы басты басымдықтарының бірі. «Мен оны (Мұхаммед бин Салманды) тым жақсы көремін», – деді Трамп Сауд Арабиясының тақ мұрагері туралы.
Түйіндесек, екі елдің алпауыт сауда келісімінде мұнай сатып алу жөнінде де келісімдер болуы әбден мүмкін. Олай болса, бұл жағдай мұнай экспорттаушы ел - бізге қалай әсер етеді деген үлкен сұрақты экономистерге қоямыз?
Abai.kz