Сәрсенбі, 21 Мамыр 2025
Жаңалықтар 197 0 пікір 21 Мамыр, 2025 сағат 15:48

Келес өзенінің суы ішуге жарамсыз

Сурет: Kazgazeta.kz сайтынан алынды

Келес өзенінің суы микробиологиялық тұрғыдан ластанған. Бұл туралы Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді.

Сарыағаш аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары «Сарыағаш тұрмыс» мемлекеттік кәсіпорнына жоспардан тыс тексеру жүргізіп, мекемеге қарасты кәріз жүйесінен үш өрескел заңбұзушылық анықтаған.

Анықталған кемшіліктерге байланысты заңды тұлғаға 160 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айыппұл салынды және нұсқама берілді.

Сондай-ақ, Сарыағаш ауданына қарасты Көктерек елді мекеніндегі кәріз жүйесіне қатысты мәселелер жергілікті атқарушы органның қарауына ұсыныс хат арқылы жолданды.

Мекеме тарапынан Келес өзенінің суынан микробиологиялық және вирусологиялық көрсеткіштерге зерттеу мақсатында сынама алып, зерттеу үшін Ұлттық сараптама орталығы Түркістан облысы бойынша филиалының Шымкент қалалық бөлімшесіне тапсырылған.

Зерттеу нәтижесінде лактоза оң ішек таяқшаларының индексі санитарлық нормадан асып кеткені белгілі болды.

Норматив бойынша 1 дм³ судағы шекті көрсеткіш 5000-нан аспауы тиіс болса, Келес өзеніндегі көрсеткіш 9100-ге жеткен.

— Бұл Келес өзенінің микробиологиялық тұрғыда ластанғанын білдіреді. Өзен суы ауызсу ретінде пайдалануға жарамсыз, дегенмен балықтарға зияны жоқ, — делінген Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ақпаратында.

Экологиялық талаптар да сақталмаған

Сарыағаш ауданының Көктерек елді мекенінде Келес өзеніне кәріз суының төгілуі бойынша әлеуметтік желіде жарияланған видеоға байланысты Түркістан облысы бойынша экология департаменті де «Сарыағаш-Тұрмысқа» жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Сарқынды су сынамасын алып, талдау нәтижесінде Экология кодексінің 106 және 222-баптарының талаптарының бұзылғанын анықтады.

 

Осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің негізінде хаттама толтырылды.

Сарқынды судағы ластаушы заттардың шоғырлануы мынадай:

Нитраттар — 0,78 мг/дм³

Нитриттер — 0,206 мг/дм³

Фосфаттар — 1,9 мг/дм³

Сульфаттар — 900,78 мг/дм³

Хлоридтер — 241,1 мг/дм³

Анионды беттік белсенді заттар — 0,36 мг/дм³

Аммоний — 22,66 мг/дм³

Сутек көрсеткіші (рН) — 7,4

Құрғақ қалдық — 2293,0 мг/дм³

Экология кодексінің 216-бабының 2-тармағына сәйкес, рұқсат етілген төгінділер нормативтеріне дейін тазартылмаған сарқынды суларды су объектілеріне немесе жер бедеріне төгуге тыйым салынады.

Ал 222-баптың 8-тармағында тазартылу дәрежесіне қарамастан, мұндай суларды ауызсу көздері мен санитариялық қорғау аймақтарына төгуге жол берілмейтіні нақты жазылған.

Мамандар тұрғындарға өзен суын тұтынбау керегін еске салады. Олардың айтуынша, өзен суын ауыз су ретінде немесе тұрмыстық мақсатта пайдаланбаған дұрыс. Себебі бұл адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

 

Айта кетейік, бұдан бұрын Сарыағаш санаторийінен аққан кәріз суы Келес өзеніне құйылғаны мәлім болған еді.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 2776
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4511