Алматы мектептерінде «Полиция – балалардың қорғаушысы» күні аталып өтілді

23 мамыр – «Полиция – балалардың қорғаушысы» күні. Бұл күн балаларға құқықтық білім беру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдағы тәртіп нормаларын түсіндіруге арналған.
Осыған орай бүгін Алматы мектептерінде «Полиция – балалардың қорғаушысы» тақырыбында іш-шаралар өткізілді. Біз Алматы қаласындағы мектептер ұйымдастырған бірқатар іс-шараларға қатысып, ұйымдастырушылардың пікірлерін топтастырдық.
Алматы қаласындағы мектептер мен білім беру мекемелерінде бүгін «Қауіпсіз маршрут» пен «Қауіпсіз аула» сияқты іс-шаралар ұйымдастырылады. Шараға учаскелік полиция қызметкерлері, ата-аналар және еріктілер қатысты. Сонымен бірге, бүгін балалар арасында футбол, күрес, шахмат сияқты спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Қызметтік иттердің қатысуымен көрсетілімдер өткізілді.
Дина Жанғазықызы Ожанова, Алматы қаласы Бостандық ауданына қарасты №70 жалпы білім беретін мектептің ұстазы:
– Бұл күннің негізгі мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және полиция қызметкерлерінің балаларға қамқорлығын көрсету. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдерге құқықтық тәрбие беру, оларға сенімді ортаны қалыптастыру көзделеді. Осы шара барысында, мектебімізде аудандық деңгейде «Мен - жас сақшы» квест ойын түрінде танымдық шара өткізілді. Мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру, отансүйгіштікке, тәртіпке, жауапкершілікке тәрбиелеу. Бұл ойын квестінде «Заңгерлік білім», «Тәртіп сақшысы», «Қырағылық», «Шешен сақшы», «Отанға адалдық анты» бекеттерінен құралады, әр бекеттің өз тапсырмалары мен ойындарын ойнау арқылы балалар құқықтық тәрбие мен қоғамдық жауапкершілікті сезінеді. Ойын соңында оқушы жеке қауіпсіздігін сақтау мақсатында хабарлама-брошюра қағаздары таратылады.
Бұл акциялар білім беру мекемелері орналасқан аудандарда – мектептер мен балабақша маңында, сондай-ақ тұрғын үй аулаларында өткізілді. Оған полиция қызметкерлері, білім беру ұйымдарының өкілдері, ата-аналар комитеттері және жергілікті атқарушы органдар қатысты. Осы шара негізінде, аулада дұрыс тәртіптің болуы, оқушыларды жаман әдеттерден сақтау, қоғам, мектеп және отбасымен бірлескен ортақ шара болып табылады.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға психологиялық, педагогикалық және құқықтық қолдау көрсетілуде. Мектебімізде инклюзивті білім беру шеңберінде олардың құқығы сақталып, қатысатын іс-шаралар бейімделген түрде өткізіледі. Дені сау және ерекше баланы бірге оқыту арқылы толеранттылық пен қолдауды дамыту болып табылады. Оқушылар бір-бірін қабылдауға үйренеді. Арнайы қолдаудың арқасында ерекше балалар өз қабілетін танытып, қоғамға пайдасын тигізетін толыққанды азамат болып қалыптасуына, олардың оқуға, жұмыс істеуге, өмір сүруге толық құқылы екенін көрсетеді.
Іс-шараның маңыздылығы – балалардың құқықтарын қорғау мәдениетін қалыптастыру, оларды қауіпсіздік ережелеріне үйрету, құқық қорғау органдарына сенім күшейту. Сонымен қатар, қоғамда балаларға деген жауапкершілікті арттырып, олардың амандығы үшін бірлесіп әрекет етуге жол ашады. Оқушылардың қоғам алдындағы өз жауапкершілігін түсініп, жаман әдеттерден аулақ болуға, дұрыс өмір сүруге, сәтті жазғы демалыс өткізуге шақырады.
Балауса Аймұханбетқызы Елшібай, Әл-Фараби атындағы №145 мектеп-гимназия директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары:
– Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бұл бағыттағы полиция қызметінің рөлін айқындау. Іс-шара барысында қоғамдық орындарда, сондай-ақ интернет кеңістігінде балаларды қорғауға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау екенін көрсету. Сонымен қатар, балалар мен полиция арасындағы сенімді нығайтып, балаларға тәртіп сақшыларының қорғаныш екенін ұғындыру көзделіп отыр.
«Қауіпсіз маршрут» және «Қауіпсіз аула» акциялары – балалардың жарақат алуын алдын алуға бағытталған іс-шаралар. Олар мектеп маңайында, тұрғын үй аулаларында және қоғамдық орындарда ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға құқық қорғау органдары, ата-аналар комитеті мен мектеп әкімшілігі бірлесіп атсалысты. Мұндай шаралар балалардың қауіпсіз жүріп-тұруын қамтамасыз етуге бағытталған.
Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға мектеп қабырғасында кешенді қолдау көрсетіледі. Бұл қолдауға психологиялық, педагогикалық және әлеуметтік бағыттағы қызметтер кіреді. Арнайы білім беруді қажет ететін оқушыларға жеке тьюторлар, логопед және дефектолог мамандар көмектеседі. Сонымен қатар, мектептерде пандустар, лифттер және арнайы санитарлық тораптармен жабдықтау сияқты инфрақұрылымдық қолдау да қарастырылған.
Іс-шараның тағы бір маңызды бағыты – оқушылардың жеке қауіпсіздігін сақтау. Бұл тек жолда жүру ережелерін сақтау ғана емес, сонымен қатар өрт қауіпсіздігі, киберкеңістіктегі қауіпсіздік, экологиялық және медициналық қауіпсіздік мәселелерін де қамтиды. Іс-шара барысында оқушыларға түрлі төтенше жағдайларға дайын болу жолдары түсіндіріледі. Басты мақсат – балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және олардың өмірі мен денсаулығын сақтау.
Орындаған: Томирис Сайтхуджа, Ақбөпе Нұрәлі
Abai.kz