"Назарбаев қоры" тексеруден тыс қалды...

Кеше Мәжілісте «Кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл» мәселелеріне арналған заң жобасын талқылау отырысы өтті. Депутат Бақытжан Базарбек бірқатар маңызды сауал көтерді.
Оның айтуынша, заң жобасының үшінші бабында қаржылық мониторинг субъектілері ретінде аталған 20 ұйымның тізімі толық емес және бірнеше өзекті мекеме бұл тізімнен тыс қалып отыр.
«Не себепті бұл тізімге “Заңсыз активтерді қайтару туралы” ЖШС, Astana Hub, “Қазақстан халқына” қоғамдық қоры, автоломбардтар, “Жасыл даму” АҚ кірмеген? Эндаумент қорлары мен есеп беру орталықтары да назардан тыс қалған. Оларды қаржылық мониторинг субъектілерінің қатарына енгізуге дайынсыздар ма? — деді депутат.
Осыған жауап ретінде Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов бұл мекемелердің кейбірі іс жүзінде қаржылық мониторингке қатысушы екенін атап өтті.
«Astana Hub пен ломбардтар сияқты ұйымдар бізге есеп береді. Біз олардан мәліметтер аламыз. Кімдердің субъект болатынына қатысты шешімдер халықаралық тәжірибе негізінде, атап айтқанда, ФАТФ ұсынымдарына сүйене отырып қабылданады. Дегенмен, сіз ұсынған ұйымдарды да қарастыруға дайынбыз», — деді ол.
Алайда Бақытжан Базарбек бұл жауапқа қанағаттанбады. Оның айтуынша, заң жобасының үшінші бабында нақты 20 субъектінің тізімі берілген, ал Astana Hub, автоломбардтар, цифрлық майнингпен айналысатын мекемелер бұл тізімге енбеген.
«Astana Hub ішінде криптовалюта мен заңсыз табыс айналымына қатысты ұйымдар көп. Ал автоломбардтар микрокредиттік ұйымдарға жатпайды. Сондықтан олардың бөлек қаралуы қажет», — деп нақтылады депутат.
Мәжілісте қаралып жатқан бұл заң жобасы қаржылық қылмыстардың алдын алу, терроризмді қаржыландырумен күресу және ФАТФ талаптарын орындау аясында әзірленген. Жобада қаржылық операцияларды бақылау тетіктерін күшейту үшін қаржы мониторингі субъектілерінің тізімін кеңейту қарастырылған.
Назарбев қоры неге ақшаны жылыстату мониторингінен тыс қалды — агенттік жауабы
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовке Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналист: «Назарбаев қоры неге ақшаны жылыстату мониторингінен тыс қалды?» деген сұрақ қойды.
Оған агенттік төрағасы былай деп жауап берді:
«Қаржылық мониторинг субъектісіне алғаннан қандай пайда бар. Біріншіден, мынаны түсіну керек. Назарбаев қорына қаржы қайдан түседі? Қаржы ұйымдарынан түседі. Қаржы ұйымдары дегеніміз — банктер, төлем ұйымдары. Олардың бәрі онсыз да Қаржылық мониторинг субъектісіне кіреді. Оларға қоятын критерилеріміз бар. Қорға ақша түскен болса, ол банк арқылы келген болса, қаншалықты заңды екенін көріп отырамыз. Ол аударымда күдік болса, бізге мәлімет түседі. Әрі қарай талдаймыз», — деді ол.
«Сіздің жауабыңыздан Қаржылық мониторинг агенттігі Назарбаев қорын заңсыз ақшаны жылыстатуға бейім ұйым ретінде қарап отырған жоқ деген қорытынды шығара аламыз ба», — деп нақтылады журналист.
Жеңіс Елемесов: «Иә», — деп қысқа қайырды
Abai.kz