Жұма, 30 Мамыр 2025
Ашаршылык: 491 0 пікір 29 Мамыр, 2025 сағат 13:19

«Әділет» және 31-мамыр

Сурет:GOV.KZ сайтынан алынды

31-мамырды – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін ойлағанда бірінші кезекте міндетті түрде «Әділет» қоғамы тілге оралады. Ол, Қазақстанның тарихи-ағарту және құқық қорғау ерікті қоғамы ретінде мемлекеттік тәуелсіздігімізден үш жылдай бұрынырақта туған бүгінгі ҚазТАҚ «Әділет», еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы қарлығаштарының бірі болатын. Алғаш рет 1988 жылы құрылған дайындық комитетінде атқармақ ісін, қол жеткізбек мақсатын айқындау барысында дүниеге келіп, 1989 жылғы сәуірде өткен құрылтайшы конференциясында бекітілген бағдарламасында «Әділет» саяси қуғын-сүргіндер мен алапат ашаршылықтар сырларын ашып, жазықсыз жапа шеккендердің адал есімдерін қоғамға қайтаруды, оларға қатысты бұрмаланған ащы шындықты, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді, жалпы, сталинизм қылмыстарын жан-жақты әшкерелеуді мұрат тұтатынын шегелеп жазған еді. Содан бері қоғам өзінің жарғылық міндеттерін, бағдарламалық жоспарларын жүзеге асыруда елеулі еңбек етіп келеді.

Саяси қуғын-сүргін кезеңдері шындығын ашатын ұйым құруды көздеген 1988 жылғы бастамашыл топ пен дайындық комитетінің жұмысына Болат Ілиясұлы Жансүгіров-Ғабитов жетекшілік еткен-тін. Қоғамның 1989 жылғы алғашқы төрағасы мемлекет және қоғам қайраткері Санжар Оразұлы Жандосов болды. Одан беріде академиктер Манаш Қабашұлы Қозыбаев, Мұрат  Тәжімұратұлы Баймаханов, Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейісов төрағалық жасады. Басқарма құрамында Мардан Келдібайұлы Байділдаев, Александр Лазарьұлы Жовтис, Марат Жақсыбайұлы Хасанаев, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары Сәуле Тұрарқызы Рысқұлова, Сәуле Рахымқызы Сүгірова-Айтмамбетова, Саят Ілиясұлы Жансүгіров, Қызғалдақ Құдайбергенқызы Жұбанова, Нәдір Әбдіқадырұлы Әзірбаев, Марат Садықұлы Нұрпейісов, Әли Оразұлы Жандосов және басқалар белсенді жұмыстар жүргізді. Репрессия құрбандары ұрпақтарынан бүгінде Сәуле Қожықова, Шолпанай Аманжолова, Геннадий Земель, Марина Айбасова,  Ажар Жандосовалар, күні кеше өмірден өткен  профессор Ғарифолла Әнес басқарған  Саяси репрессия құрбандары музейінің жұмысын қазіргі таңда жалғастырып, жандандырып келе жатқан Мейіржан Мұсабаев, алашшыл жас зерттеуші, жазушы Елдос Тоқтарбай бастаған қоғамның ұжымдық мүшесі «Қыр баласы» қорының азаматтары, «Әділеттің» атқарушы директоры Ардақ Беркімбай,  басқа да «әділетшілер» ҚазТАҚ «Әділет» төрағасы академик Хангелді Әбжановтың жетекшілігімен  қазіргі таңда жүйелі жұмыстарын жоспарлы түрде өрістетуде.

Қоғам Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1991 жылы 30-шы жылдарғы ашаршылық себептерін зерттейтін комиссия құруына, 1992 жылы әр жылғы 31 мамырды ашаршылық құрбандарын еске алу күні етіп белгілеуге (1997 жылдан – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні, қазіргі кезде – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні), сол 1992 жылғы жылғы еске алу күнінде бұрынғы НКВД ғимараты маңына 1931–1933 жылдардағы аштық құрбандарына болашақ ескерткіш тұрғызылатын орынды көрсеткен тас қоюға, 1993 жылы репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі алғашқы заңның шығуына  себепкер болды. Шаңырақ көтергелі бергі ғұмырында «Әділет» тоталитарлық кезеңнің бұрмалауларын, аштықты, репрессияны әшкерелеуді көздейтін түрлі ғылыми-практикалық конференциялар, дөңгелек столдар, қуғын-сүргін құрбандарына айналып, бертінде – 50-ші жылдарғы «жылымықта», одан 1988 жылдан (қайта құру жылдары), сосын тәуелсіздік дәуірінде ақталған ұлт қайраткерлеріне, олардың мерейжастарына арналған іс-шаралар, өзге де жарғылық міндеттерін орындау барысында жұртшылықпен көптеген кездесулер өткізді. Алматы түбіндегі «Жаңалық» мемориалдық кешенін, ондағы Саяси репрессиялар құрбандары мұражайын, «Алаш арыстары» мешітін  ашуға, қасіретті кезеңнен сыр шертетін алғашқы естеліктер кітабын шығаруға мұрындық болды. Жазықсыз оққа байланғандардың есімдері мен өмірдеректерін жария еткен «Азалы кітап» тізбегін шығарды.

Президент Қ.К. Тоқаевтың арнайы жарлығымен құрылған Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі орталық космиссияның, өңірлік комиссиялардың жұмыстарына ҚазТАҚ «Әділет» мүшелері белсене атсалысты.   «Әділетшілер» бүгінде жастарды тарихпен, қасіретті тарих арқылы тәрбиелеу ісіне, қоғамдық сананы жаңаша қалыптастыруға, демократиялық құндылықтарды орнықтыруға белсене атсалысып келеді.

Бұл қоғамдық ұйымның тарихынан ҚазТАҚ «Әділеттің» алғаш құрушылары қатарында болған, қоғам шаңырақ көтергелі оның тұрақты басқарма мүшесі, біраз жыл президенті, соңғы кездері төраға орынбасары ретінде жұмысына тұрақты қатысып келе жатқан осы жолдар авторының жиырма бес жылдыққа арнап әзірлеген «Әділет» туымен ширек ғасыр» және отыз жылдық құрметіне шығарылған «Ұлттық апатты тану» деп аталатын жинақтары танымды сырлар шертеді. Алматыда қоғамның құрылғанына 25 жыл толуына орай 2014 жылы өткен салтанатты жиналыста «Әділет» туымен ширек ғасыр» публицистикалық хроникасының, 2019 жылы өткен «Ашаршылық пен Үлкен террордың тарихи сабақтары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Ұлттық апатты тану» публицистикалық хроникасының таныстырылымдары өткізілді. Аталған кітаптарда автордың «Әділет» идеяларын насихаттауға, сталинизм қылмыстарын әшкерелеуге, тарихи білімді таратуға байланысты әр кезде жазылған мақалалары, түрлі жиындардағы сөздері, баяндамалары, әзірленуіне тікелей өзінің қатысы болған құжаттар, түрлі басылымдарға берген сұхбаттары берілген. Бұл қос публицистикалық хроникада қайта құру дәуірінде өмірге келіп, тәуелсіздікпен бірге даму үдерісін бастан кешіп келе жатқан қоғамдық ұйымның  тыныс-тіршілігінен келтірілген пайдалы мағлұматтар мол.

Өткен ғасырдың 20–30-шы жылдарында қазақ халқының тарихындағы ең бір қаралы кезең орын алғаны мәлім. 1917–1918, 1921–1923, 1931–1933 жылдары үш дүркін айналып соғып, халықты үлкен апатқа ұрындырған ашаршылықтардың, артынша мемлекеттің өз халқына жасаған Үлкен террорының қайғылы салдары ауыр болғандығы сондай, ұлтымыздың дамуы мен өсуі ғасырларға кері шегерілді. Кезінде ауызға алуға тыйым салынып, тарихтағы «ақтаңдаққа» айналған бұл кесапаттардың шындығы мен астары қайта құру жылдары ашыла бастағаны, кейіннен қызыл империядан азат болып, тәуелсіздікке қол жеткен кезеңде терең зерттеуге алынғаны белгілі. Жинақтардағы «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының тарихынан мағлұмат беретін, әр жылдарғы жұмыстарын кезең-кезеңімен топтастырған мақалалар, зерттеулер, конференциялардағы сөздер мен баяндамалар, сұхбаттар және жиындарда қабылданған үндеулермен таныса келе, оқырман еліміздің тәуелсіз даму үдерісі кезінде аталмыш  қоғамдық ұйымның санамызды жаңарту бағытында тынымсыз атқарып келе жатқан істеріне қанығады, танымды жарияланымдармен танысады, халқымыз бастан кешкен қасіретті терең түйсініп, саяси қуғын-сүргін, ұлттық апат құрбандары алдындағы мәңгілік борышымызды ешқашан ұмытпай,  аруақтарды әрқашан ұлықтай беруге міндетті екенімізді ұғады.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні мына жәйтті арнайы айта кеткен жөн: біз қазақты жойылып кетуге шақ қалдырған ұлттық апат үшін арамыздағы орыс диаспорасына да, күшті көршіміз демократиялық Ресей Федерациясына да кінә артпаймыз, біз тек халқымызды сол масқараға душар еткен қылмысты саясатты айыптаймыз. Қазақ сүйегі үстінде «социализм орнатуға» келген, содан бері арамызда бірге тұрып жатқан бүгінгі жұрт     сол қылмысты саясатқа жанама түрде болса да қатыстылықтарын түсініп, қазақ қасіретіне түсіністікпен, тарихи әділеттілік тұрғысынан қарағаны жөн деп ойлаймыз. Сонда республикамыздағы әр ұлт өкілдері мемлекетқұрушы қазақ халқы төңірегіне саналы түрде тығыз топтасады, екі ел арасындағы және өз мемлекетіміз ішіндегі этносаралық шынайы достық жарасымын тауып, қазақстандық бірлікті арттыра түсетін рәуіште жалғаса беретін болады.

Мұны бүгінгі ұрпақтың жан-жақты танып, терең түйсінгені дұрыс болмағын осы Саяси репрессиялар мен ашаршылықтар құрбандарын еске алу күні тағы бір қайталап қоюды орынды санаймыз.

Бейбіт Қойшыбаев,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының

орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты.

 Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Алтын сандық

Бауыржан Омарұлы 3005
Білгенге маржан

Сертіне берік самурай...

Бейсенғазы Ұлықбек 4749