«Қарамола жарғысы» қалай жазылды?

Абай жазған заңға 140 жыл толды!
Семей губерниясына қарасты бес ояздың би - болыстары, ел билеуші ақсақалдары бас қосқан Қарамола жәрмеңкесінде 1885 ж. мамыр айында өткен төтенше съезіне биыл 140 жыл толып отыр. Бұл ереже — Шар бойында жасалғандықтан «Шар ережесі» немесе «Қарамола ережесі» деп аталады. 1885 жылы Семейден шамамен 70 шақырым жерде, Шар өзенінің бойында өткен құрылтайға генерал-губернатор Цеклинский қатысқан. Абай бұл сьезге қатысқысы келмегенімен, съезд жақындағанда, өзі төрт рет болыстық қызмет атқарған Қоңыр-Көкше елінен беделді адамдар келіп, сәлем беріп, Абайдың міндетті түрде съездің жұмысына қатысуын өтінеді. Тобықтының пысықай болыстары съезде өздерінің қылмыстары қаралатын болса, шындық пен әділетке жүгініп, жегендерін желкелерінен шығаратын Абайдан сескенеді. Пысық, жылпос тобықтының билері бес дуанның билерімен астыртын келісіп, Абайдың ел алдындағы абыройын төмендетпек арам ниеттілер ол жасамаған ауыр қылмыстарды тізіп, хаттап, мөр басып съезд бастығы генерал-губернатор Цеклинскийге табыс етеді. Бірақ ел ішінде халықтың қамын жеп, ізгіліктің жолынан таймайтын, көпті көрген қазына кеуде қариялар бес дуан елдің билерімен кеңес құрып, Абайға жапқан өтірік жаланы әшкерелеп, оны «шербашнай» сьезінің «Төбе биі» сайлайды.
Абай өз кезегінде Төбе билікті қапысыз атқарып, шербешнай съезді жоғарғы деңгейде мәресіне жеткізуге орыс заңы аяққа тұсау болатынын, қазақ ұлтының салт-сана, әдет-ғұрпы, орныққан тәртібіне сай заң керек екенін айтады. Абай нақты мысалдармен дәлелдеп көзін жеткізгендіктен, оған осы ұлттық ерекшеліктерді толық ескеріп, съезге дейінгі 3 күн ішінде қазақтың салт-дәстүріне, тұрмыс-тіршілігіне лайық «Ереже» жазып, съезд билерінің алқасында талқылап, олар айтқан ескертпелерді түзеп, толықтырып, дайын қылуға тапсырма береді.
Абаймен бірге Қарамолада болған Мүсірәлінің куәлігі бойынша Абай үш күннің ішінде, жанына бірнеше адамды ғана алып, 100-ден аса баптан тұратын заң күші бар ереже жасаған. Шамасы келгенше көпшілік үшін әділет іздеген Абай ұрлық, қылмыс пен әйел мәселесіне арнайы тоқталады.
Зайсан, Өскемен, Кереку, Қарқаралы, Семей дуандары бас қосқан шербешнай (чрезвычайный) съезінің билер талқысында 73 бап бекітіліп, съезд билері, танымал адамдар, болыстар, ұлықтар сұрақ қоймай, толығынан құптап, жалпы саны 66 жауапты жандар қол қойып, Қарамола съезінде генерал-губернатор Цеклинскийдің ұсынуымен бірауыздан мақұлданады. Заң «Қарамола Ережесі» деген атаумен елге тараған. Абай қазақтың бұрыңғы заңдарын, әдет-ғұрыпты, сонымен қоса орыс заңдарын үйлестіре отырып, сол кездегі қазақ қоғамына қажетті заңдар жазады. Абайдың жазған заңы қазақ топырағында сол кездегі Семей, Өскемен өңірі мен Жетісуға дейін тараған.
Бар-жоғы үш-ақ күнде шалқар мазмұнды Қазақ Заңнамасын өмірге әкелген Абайдың кемеңгерлігін Мұхтар Әуезов, зерттеуші-ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтар мойындап, жаңалығына назар аударған. «Қарамола Ережесінің» ұлттық, тарихи құндылығын кемелдендіруде Абайдың білімі мен қабілетін, көрегендігін Алаш қайраткері Райымжан Мәрсекұлы: «Қазаққа лайықты, келімді Законды қазақтың өзі жасамаса, халықтың салтын, ғұрпын, жайын білмегендердің қолынан келмес», – деп жазуынан Абай заңның пәрменді, мықты болғанын, оны халықтың дұрыс қабылдағанын айғақтаймыз.
«Қарамола жарғысы» сол кездегі Қазан университетінің баспаханасынан арнайы кітапша болып басылып шығады. Кітапша кейін билерге таратылған. Мұқият түптелген шағын кітапша түріндегі бір данасын белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов ғұмырының соңғы кезінде Қазақстан Орталық мемлекеттік архивіне табыс еткен. Құжатпен бірге белгілі қаламгер Сапар Байжановқа төмендегідей хат жолдайды: «Сапар, 1885 жылы Қарамолада бес дуанның сьезінде қабылданған ережені беріп жібердім.
- Ескіше білетін біреуге түгел жаңа алфавитпен көшіртіп аларсың да бастырып шығарарсың (көшірмесін мұқият қарау керек болар)
- Ереже әуелі орысша басылған, Қазан университетінің архивінен сол түпнұсқасын да алдырғаның дұрыс болар.
- Бұл өте мағыналы нәрсе ғой, екі тілде де басылып шыққаны үлкен еңбек болар еді. (Басқа көршілес бауырларымызда бұндай заң қабылданбаған ғой).
Абай арызын алдым. Рахмет.
Ғабит Мүсірепов. 21.11.85.
Р.С. Көшіргенде татарша текстің өзін қазақшалаған дұрыс болатын шығар.Ғ.М.»
Өткен ғасырдың аяғында Қазан қаласында араб әрпімен басылып шыққан қазақ тіліндегі тұңғыш праволық құжат Қазақстан Орталық архивінің қызметкерлері Б.Байғалиев пен Ж.Ахмадиевтің күшімен қазіргі қазақ әрпі мен әдеби тіліне икемдей көшіріліп, 1992 жылғы Абай журналының №3 санында тұңғыш рет жарияланды.
Абай Құнанбайұлының заң шығарушылық тәжіребиесі қазақ даласы үшін маңызы өте үлкен.
Абайдың бірнеше билер буыны болған отбасыда дүниеге келгенін ескерсек, Абайдың арғы атасы – Ырғызбай атақты би және батыр болған. Ырғызбайдың ұлы, Абайдың атасы – Өскенбай Солтүстік-Қазақстан өңірінде атақты би болған. Өскенбайдың әділ би ретінде атағы бүкіл қазақ даласына тараған. Өскенбайға, жолдың алыстығына қарамастан, қазақ даласының барлық түпкірінен көмекпен жүгінген. Абайдың отбасында бұл дәстүрді әкесі – Құнанбай да жалғастырған. Өз заманында Құнанбай ең қатал, бірақ әділ би атағына ие болған. Құнанбай Абайды жастайынан қасына ертіп жүріп, ел ішіндегі дау-дамайдың шешімін қалай табу керектігін үйреткен.
Абай қазақ қоғамында әділеттілік пен тұрақтылықтың белгісіндей болған, ежелден келе жатқан билер институтының адамгершілікті һәм құқықтық мұрасын барынша игерді. Сонау ХІІІ ғасырда билер атасы атанған Мөнке бидің тәжірибесін, «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын», Тәуке хан тұсындағы ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтекелер дайындаған «Жеті жарғыдан» рухани сусындады.
Мұның бәрі Абайды би ретінде ерте танылуына ықпал етті.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Аbai.kz