Жұма, 13 Маусым 2025
Әне, көрдің бе? 542 0 пікір 12 Маусым, 2025 сағат 13:05

Қазақ мұнайы ОПЕК+ үшін тағы бір сынаққа айналды

Сурет: newscentralasia.net сайтынан алынды.

Қазір әлемдік БАҚ Қазақстан туралы жиі жазатын болды. Еліміздің туризм, мұнай саласы мен азық-түлік экспорттау жағдайы оларды қызықтыратыны белгілі.

Кеше Bloomberg басылым еліміздің мұнай экспорты туралы тоқталыпты. Сол материалды қаз-қалпында аударып отырмыз.

«Қазақстанның шикі мұнай экспорты келесі айда да рекордтық деңгейге жетпек, бұл елдің мұнай өндірісінің артуы ОПЕК+ үшін айтарлықтай қиындық туғызып отырғанын көрсетеді.

Төрт ірі мұнай саудагерінің болжамы бойынша, шілде айында Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск портынан жөнелтілетін CPC Blend маркалы мұнай көлемі тәулігіне 1,65–1,75 миллион баррельге жетуі мүмкін. Бұл ақпан айында тіркелген тәулігіне 1,7 миллион баррельдік рекордты қайталап немесе тіпті асып түсуі де ықтимал.

Қазақстанның мұнай өндіру көлемінің күрт өсуі Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) және оның серіктестерімен арадағы қарым-қатынаста шиеленіс тудырады. Астана мен басқа да мұнай өндіріп отырған елдерге қысым жасау мақсатында Сауд Арабиясы бастаған топ бірнеше ай бойы өздерінің мұнай жеткізілімін арттырып келеді.

Алайда бұл қадам Қазақстанды тоқтата қойған жоқ. Елдің энергетика министрі Ерлан Ақкенженов өткен айдың соңында шетелдік серіктестерге өндіріс көлемін шектеу талап етілмейтінін мәлімдеді.

OPEC-тің екінші дереккөздеріне сүйенсек, Қазақстан биыл сәуір айында тәулігіне 1,82 миллион баррель мұнай өндірген. Бұл айға белгіленген мақсатты көлемнен шамамен 300 мың баррельге артық. Мамыр айында бұл мақсат 40 мың баррельге қысқаруы тиіс еді, өйткені Қазақстан бұған дейінгі артық өндірісті өтеу үшін қосымша шектеулер енгізуге тиіс болатын. OPEC мамыр айындағы нақты өндіріс көрсеткіштерін дүйсенбі күні жариялайды.

Алайда өндіріс көлемі қысқарудың орнына, арта бермек. Қазақстан билігі 2025 жылы жалпы мұнай өндірісі алдын ала жоспардан жоғары, 97 миллион тонна болады деп болжайды. Бұл көрсеткіш 2026 жылы 100 миллион тоннаға, ал одан кейінгі жылдары 105 миллион тоннаға жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар, ұлттық компания — “ҚазМұнайГаз” алпауыт Қашаған кен орнын толық игеруге күш салып жатыр.

CPC Blend маркалы мұнай экспорты ақпан айында тәулігіне 1,7 миллион баррельге жетіп, рекорд жаңартты. Бұл Chevron компаниясының Теңіз кен орнын кеңейту жобасының аяқталуымен байланысты болды. Ал кейінгі үш айда — соның ішінде мамырда — тиеу көлемі аздап төмендеді. Себебі жүктеу терминалында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілген еді.

CPC арқылы экспортталатын мұнайдың шамамен 90 пайызы – Қазақстаннан шыққан. Бұл терминал елдің жалпы мұнай экспортының 80 пайызын қамтамасыз етеді. Ресейлік мұнай көлемі шамамен тәулігіне 150 мың баррельді құрайды.

Abai.kz

0 пікір