Сейсенбі, 17 Маусым 2025
Алаш арысы 240 0 пікір 17 Маусым, 2025 сағат 14:51

Қалағам мен Дидағам

Сурет: автордың жеке архивынен

 

 

 

«Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» жазба ақындарының мүшәйрасы мен Айтыскерлердің аламан бәйгесі «Алтай түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аясында өтті. ШҚО-ның шақыруымен ұлы дүбір мерекеге біз де қонақ болып барып келдік.

1) 13-маусым азанда Қалихан Ысқақов пен Дидахмет Әшімхановтың қабірі басына барып Құран бағыштадық.

2) Жазушының 90 жылдығына орай Топқайың ауылындағы Қалихан Ысқақов атындағы мектепке барып ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық.

3) Катонқарағай аудан орталығы мәдениет үйінде Дидахмет Әшімхановтың 75 жылдығына орай ескерткіші ашылып, ғылыми практикалық конференция өтті.

4) Түсте Дәулет Дидахметұлы әкесіне арнап дасдарқан жайып Ас берді. Марқұмға Құран бағышталды.

5) Сол күні кешке қарай Топқайыңның арасында, арқасын тауға сүйеп, сарқыраған өзен бойында жазба ақындардың жырдан шашуы шашылып, маздап жанған алаудың қасында бәрі бірдей 500000 тг ден сыйлық алды.

6) 14-маусым түске дейін бауырынан жараған жүйріктер бәйгеге түсіп атшабарда арғымақтар жарысқа түсті. Нәтижесінде Тарбағатайдың қарагері бірінші келіп бәйгесіне автокөлік алды. Онан кейін Күршім мен Зайсан ауданының жүйріктері 2-3 болып құйрық тістесе келді.

7) Сағат 11 де айтыскерлер мінбеге көтеріліп алты жұп сайысқа түсті. Мәреге Дидар Қами оқ бойы озып келіп 3000000 (үш милион) тг алды. Екінші болған Рүстем Қайыртай 2 милион, үшінші болған Моңғолиядан келген ақын мен Қырғыз елінен келген Нұрсұлтан 1 миллионнан алды. Өзге ақындар жарты миллионнан еншілеп ешкімде құры қайтқан жоқ.

14-маусымның түсінде аудандар мен мекемелер тіккен Ақбоз үйлерде бас тартылып табақ-табақ ет қойылды. Айтыс аяқтаған соң кешінде облыс әкімі арнайы дасдарқан жайып сый табақтарын қойды.

9) Кешкі сағат 19:30 да "Алтай түркі әлемінің алтын бесігі" фестивалі басталды. 13 мемлекеттен келген өнериелері төр Алтайды күйге бөлеп, әнмен әрледі.

10) Қонақтарды 12-маусымда қарсы алып, 15-маусым құрметтеп шығарып салды.

Екі күн жол жүріп, екі күн өнердің өлкесінде жүзген біздер Алматыға зор шабыт, терең сезіммен оралдық. Табиғаты көркем, өлкесі өрнекті, қарағай мен қайың бой таласқан, сайларынан сарқырап өзен аққан Катонқарағай жан біткенді жалт қаратады. Тамаша таланттар Оралхан Бөкей (Шыңғыстай), Қалихан Ысқақ (Топқайың), Дидахмет Әшімханов (Жаңаүлгі) шыққан, Астанада жүрген Әлібек Асқары бар, Өскеменде отырған Әлібек Қаңтарбаев сынды тұлғалары бар Катон елі бақытты. Маслихаттың төрағасы Бейімбет мырза айтқандай "Үш мемлекеттік сыйлықтың, алты Алаш сыйлығының иегері шыққан Катон" қалай мақтанса да болады.

1) Бұғы-маралыымен белгілі,

2) Баларасымен бай,

3) Балқарағайымен биік,

4) Қысыменен атақты,

5) Табиғатымен таңғажайып

Катонқарағай өңірі елдің тынысы, жердің жұмағы.

Қазақстанның барлық облысын араладым, аяғым жетпей келгені Катонқарағай еді. Алла нәсіп етті, ҚЖО-ның ШҚО бойынша пилиялының жетекшісі Әлібек Қаңтарбаев аға себеп болды. "Адам айдаса бармайсың, дәм айдаса қалмайсың" деп Ресей, Қытай, Моңғол, Қазақ төрт елдің түйілісі Мұзтаудың бөктеріндегі орманды өлке, қорғанды өлке, таланттар мен дарындар туған шырайлы шығыстың сұлу жүзін көріп көңіл көтеріліп, жан рақаттанды.

Тойға келген қонақтардың қатарынан көп кісілерді көріп, тура келгенімен амандасып, қиыс өткенімен қас қағысып талай дүрлерді көрдік. Ұлы дүбір шараны өткізіп отырған ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов мырза, көрші облыстан келген жаңа әкім Берік Уәли, Парламенттен келген Жанарбек Әшімжан, Ерлан Сайыр, Мақсат Толықбай және біз атын есімізге сақтай алмаған депутаттар болды. Астанадан Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқаров, Алматыдан Нұрдәулет Ақыш, Қуандық Түменбай, Көлбай Адырбек, Ұлықбек Есдәулет, Иран Ғайып одан өзге өкше басар жас қаламгерлер той мәртебесін асыра түсті.

Біз Алматыдан бірге ұшқан ҚЖО-ның Төрағасы Мереке Құлкенов пен орынбасары Ғалым Қалибек мырзалармен бірге жүрдік. Көптен бері жақыннан шүйіркелесудің реті келмей жүрген замандасым Ғалым Қалибек бауырмен төрт күн бойы қатар жүрдік.

ҚАЛИХАН АҒА

(Қалихан Ысқақов - 90 жыл)

Катондай көркем өлкең де,

Көркейіп көңіл жүзеді.

Қалдырдың мұра ертеңге,

"Тұйық" пен "Қоңыр күз еді".

"Бұқтырма", "Ақсу - жерұйық",

Білдірді озық дарынды.

"Топқайың" саған ең ұлық,

Іздеп кеттің бе, "Ағаларыңды"?!

Сахнада "Қазақтарыңа",

Мақала жазып сөз еткем.

Таңғалып ғажаптарыңа,

Лапылдап өрт боп өзектен.

Қалихан аға, дарасың,

Сілкідің ұрпақ санасын

Есіме алсам, бұл күнде,

Мұзтауды еске саласың.

Арқадан қақтың аялап,

Артыңнан ерген ініңді.

Үлгіңді алдық саялап,

Данасың, дара білімді.

Өзгеше едің, өзгеше,

Сабырдың сары алтыны.

Жіберген жоқсың сөзге Есе,

Қазақтың қайсар нарт Ұлы!

Басыңда Құран оқыдым,

Қабірің - Ғасыр кемесі.

Өткенді көріп отырмын,

"Келмес күндердің елесі"!...

ДИДАҒАМ

(Дидахмет Әшімханұлы - 75 жыл)

Біз едік сені қасыңда жүріп силаған,

Алдында жастар жоғары еді Би бағаң.

Тегеуріні күшті, Төралтайдың текті ұлы,

Жоғалтып алдық, жоқтадық сені Дидағам!..

Алпыс бес деген жігіттің жасы самдағай,

Ажал құрығы сап ете түсті шалмадай.

Өзіңнен белгі - шырағы сөнбес шығармаң,

Өте шықты ғой, "Дүние шіркін жалған-ай"!..

Іздеген жанға бадырайып, басқан жатты ізің,

Артыңда қалды жанары жас боп "Аққызың".

Жазғаның жұрттың жан-азығына айналды,

Жұмақ мекен де басталды сенің бақ күнің!..

Атағың таудай "Дидаға" деген дәрежең,

Кемелді жансың, пейілі дарқан және Кең.

Іңгалап келген киелі мекен Катоның,

Рухыңды сеуіп ұрпақтар үшін дән егем.

Сұлу өлкеден суырылып шыққан сүйріксің,

Қамшы салдырмас қайқая шапқан жүйріксің.

Көркем әлемнің көзіндей болған көрікті ой,

Арналған ұлтқа қазынасың ғой, сыйлықсың!..

Дәулетбек Байтұрсынұлы

Abai.kz

0 пікір