Қателік құны - адам өмірі: ІІМ жауапсыздық неге әкеп соғуы мүмкін екенін көрсетті

Ішкі істер министрлігі азаматтарды өз міндетіне жауапкершілікпен қарауға шақыратын бейнеролик жариялады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Роликтің басты кейіпкері - мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғыны. Ол жылдар бойы малын қараусыз жіберуді әдетке айналдырған. Жергілікті биліктің бірнеше рет ескерту жасағанына қарамастан, қарт ешкімге құлақ аспайды. Оның кенже ұлы: "Әкімшілік бұл жолы соңғы ескерту берді. Келесіде — айыппұл", - деп хабарлайды. Бірақ әкесі бұл сөзге мән бермей, қолын бір сілтейді.
Сюжет желісі бойынша күтпеген жерден қайғылы жағдай орын алады. Қарттың үлкен ұлы ауылға келе жатып, жолға шығып кеткен жылқыны көлігімен қағып, апатқа ұшырайды.
2025 жылдың алғашқы бес айында ел бойынша жануарлардың қатысуымен 84 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл апаттардың салдарынан 6 адам қаза тауып, 128 адам түрлі жарақат алған.
ІІМ кезекті рет барлық азаматтарды — жүргізушілерді де, мал иелерін де жауапкершілікке шақырады. Әрбір ереже бұзушылық немесе бейқамдық алғашында ұсақ нәрсе болып көрінуі мүмкін, алайда үлкен қайғыға әкелуі ықтимал.
Abai.kz