Сейсенбі, 24 Маусым 2025
Билік 320 0 пікір 24 Маусым, 2025 сағат 15:16

Мәдениет саласындағы инфрақұрылым: Алматы қаласының тәжірибесі

Сурет: anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Қазақ халқының рухани болмысы ғасырлар қойнауынан бастау алады. Бұл болмыстың негізі тіл мен тарихта, салт-дәстүр мен дүниетанымда, сөз өнері мен ұлттық танымда көрініс табады. Халықтың ұлт ретінде сақталуы оның рухани негіздерінің беріктігіне тікелей байланысты. Ұрпақ өткеннің тағылымын бойына сіңіргенде ғана болашаққа сеніммен қадам баса алады. Ал тарихи жады әлсіреген қоғамда рух та жойылып, ұлттық келбет көмескіленіп, рухани тірек әлсіреуі мүмкін.

Бүгінгі таңда рухани құндылықтарды сақтау және оларды жан-жақты ұғындыру қоғам үшін өзекті қажеттілікке айналып, елдің өркендеу жолындағы маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан халқымыз үшін бұл жол тек өткенді еске алу емес, ұлттық өмірді жалғастырудың кепілі саналады. Ата-бабадан мирас болып қалған асыл мұраны жас ұрпақтың санасына сіңіру үшін жүйелі жұмыс пен ғылыми негізделген тәсіл қажет. Ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған қазіргі дәуірде бұл құндылықтарды заманауи әдіспен жеткізе білу аса маңызды.

Осы бағытта нәтижелі жұмыс атқарып келе жатқан орталықтардың бірі - Алматы қаласы. Бұл шаһарда ұлттық руханиятты насихаттауға арналған жобалар мен түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Қаланың мәдени кеңістігінде ұлт тарихын тануға жол ашатын, салт-дәстүр мен ана тілін қадірлеуге бағытталған бастамалар қарқынды түрде жүзеге асып келеді.

Алматы көркем келбетімен ғана емес, ұлттық идеяны өрістетіп, мәдени құндылықтарды тоғыстырған рухани орта ретінде де ерекшеленеді. Бұл қалада сан түрлі ұлт өкілдері тату өмір сүріп жатыр. Осындай көпұлтты ортада қазақтың рухани негізін айқындау, ұлттық болмысты насихаттау айрықша маңызға ие. Алматы қалалық Мәдениет басқармасы осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде іске асырып келеді. Ұлттық тарих, дәстүр, ана тіліміз бен ділімізге қатысты ақпараттық материалдарды кең көлемде тарату тұрақты түрде жалғасуда.

Қала аумағында мәдениет мекемелері мен ақпараттық алаңдардың саны артып келеді. Кітапханалар, музейлер, театрлар мен өнер ұйымдары арқылы жұртшылыққа ұлттық мазмұндағы шығармалар ұсынылуда. Мұндай игі істердің түпкі мәні – халық жүрегіне рухани сәуле түсіру. Бұл арқылы ұлттық құндылықтар жаңғырып, жас ұрпақтың ұлттық негізге деген сүйіспеншілігі арта түсуде. Алматы осындай жұмыстардың нақты әрі нәтижелі үлгісін көрсетіп отыр.

Біз Алматы қаласының Мәдениет басқармасына хабарласып, соңғы жылдары алып мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат сұрап-білдік...

АЛМАТЫ: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – РУХАНИ ТІРЕК!

Қазіргі таңда Алматыда 91 мәдениет нысаны жұмыс істейді: оның 45-і республикалық, 46-сы қалалық мекемелер. Бұлардан өзге де жекеменшік ұйымдар бар. Жалпы мәдениет саласында 7 мыңнан астам адам еңбек етеді, оның ішінде 2152 қызметкер Мәдениет басқармасына қарасты мекемелерде қызмет атқарады. Қалада 37 көпшілік кітапхана, 28 музей, 20 театр, 20 жекеменшік кинотеатр, 4 архив, цирк, зообақ және 160-тан астам мәдени іс-шара өтетін алаң бар.

Кітапханалар саласы - Алматының мәдени инфрақұрылымының іргетасы. Қалалық Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 28 кітапхана кіреді. 471 қызметкер жұмыс істейді, кітап қоры 1,3 миллион данадан асады. Кітапханаларда 250 мыңнан астам белсенді оқырман тіркелген, жыл сайын 3 миллионнан астам адам келіп тұрады.

Қалада еліміз бойынша алғаш рет тәулік бойы жұмыс істейтін 3 кітапхана ашылды: Жамбыл атындағы жастар кітапханасы, Alatau Creative Hub және №4 кітапхана. Мұндай жаңа формат олардың жылдық келушілер санын 70%-ға арттырды. Сонымен қатар, 24 автономды кітапхана станциясы орнатылып, кітап оқуға қолжетімділік айтарлықтай жақсартылды.

Музей ісінде де ілгерілеу бар. Алматы қаласы Музейлер бірлестігі құрамына 11 мәдени нысан кіреді. Бірлестік қорында 66 229 жәдігер сақталған, оның 62 мыңы цифрландырылды. 2021 жылы музейлерді 85 мың адам тамашаласа, 2024 жылы бұл көрсеткіш 310 мыңға жетті. Түскен табыс 4 есе өсіп, 86 млн теңгеге жетті. Аудиогидтер 5 тілде қолжетімді. «Алматының тарихи жады» жобасы аясында көрнекті тұлғалар зираттары мен тарихи нысандар картаға енгізілді.

Цирк пен театр саласы да белсенді дамуда. Қазақ мемлекеттік циркі көрермен санын 3 есе арттырып, 176 мың адамға жетті. Табысы 320 млн теңгеге дейін ұлғайды. Цирк артистері халықаралық фестивальдерде жүлде алып, тіпті Гиннес рекордтар кітабына енді.

«Алатау» дәстүрлі өнер театры соңғы жылдары 2 есе көп көрермен жинап, гастрольдік сапарлар мен халықаралық фестивальдерге белсенді қатысуда. Қуыршақ театры да халықаралық деңгейде жетістіктерге жетіп, бірқатар беделді фестивальдерде жеңіске жетті.

2024 жылы Алматыда 160-тан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 800 мың көрерменді қамтыды. Олардың 84%-ын жеке сектор жүзеге асырды. Yandex, Milka, Samsung, Tengrinews, Sxodim Fest секілді ірі брендтердің қатысуымен өткен фестивальдер қаланың мәдени брендіне айналды.

Қалада жыл сайын өткізілетін «Asia Daуысы», «The Spirit of Tengri», «Apple Fest», «Almaty Cover Show», «Opera Kok-Tobe», «Ballet Globe Gala», халықаралық джаз форумы сияқты мәдени шаралар Алматыны мәдени туризм орталығына айналдырып отыр.

Алматыда мәдениет саласы тек өткенді сақтау емес, оны заман талабына бейімдеп, халықтың рухани қажеттілігін өтейтін қуатты құралға айналуда. Бұл бағыттағы жұмыс - ұлттың болашағын баянды етудің берік негізі.

Abai.kz

0 пікір