Сәрсенбі, 25 Маусым 2025
Заң және Тәртіп: 266 0 пікір 25 Маусым, 2025 сағат 14:04

Заң және Тәртіп: Прокуратура жарты жылды қорытындылады

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Бас прокуратурада облыстардың және оларға теңестірілген аумақтардың прокурорларының қатысуымен, сондай-ақ барлық аумақтық прокуратуралардың онлайн-қосылуымен кеңейтілген алқа отырысы өтті. Отырыста ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы прокуратура органдарының қадағалау қызметінің қорытындылары шығарылды.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Бас Прокурор Б. Асылов құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқық қорғау органдарының күш-жігерін үйлестіруге, азаматтардың конституциялық құқықтарын, сондай-ақ адал бизнес пен мемлекеттің мүдделерін қорғауға басымдық бере отырып, «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға баса назар аударды.

Кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалауды жою қажеттілігі ерекше атап өтілді. Бас Прокурордың тиісті нұсқауынан кейін 2022 жылдан бастап мұндай фактілердің саны тұрақты түрде азайып келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Азаматтық істер бойынша мемлекеттік органдардың иневсторларға қарсы талаптарының саны 25%-ға, бизнеске қатысты тіркелген қылмыстық істердің саны үш есеге қысқарды.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығы атап өтілді. Ұйымдастырушылық және құқықтық сипаттағы шаралар қабылданды, осы саладағы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру жолдары талқыланды.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

 Басым бағыттардың қатарында – қадағалауды цифрландыру.

 Бас прокуратура әзірлеген жасанды интеллект элементтері бар «Цифрлық қадағалау» бағдарламасы құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қағидатын іске асырудың тиімді құралына айналды.

 Бағдарлама деректер мен болжамды талдауға негізделген проактивті форматқа көшуді көздейді. Бұл үдерісте Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті қоғамдық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді ерте анықтау мен алдын алудың аналитикалық және технологиялық орталығы ретінде шешуші рөл атқаруы тиіс.

 IT-шешімдердің арқасында қылмыскерлер мен борышкерлерді іздестіру жұмысы жақсарып, олардың саны 2,5 мыңға қысқарды.

 Прокуратураның бастамасы бойынша бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әлеуметтендіру жөніндегі шаралар шеңберінде «Отбасының цифрлық картасы» платформасымен интеграция қамтамасыз етіліп, 200 есепте тұрған адамға атаулы көмек көрсету мүмкін болды.

 Қарулы Күштердегі заңдылықты сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша әскери органдармен бірлесіп, моральдық-психологиялық ахуалды жақсартуға және армиядағы құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған «Әскердегі Заң мен Тәртіп» және «Цифрлық профилактика» атты тұжырымдамалық бағдарламалар әзірленді.

 Әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру тұрақты бақылауда. Прокурорлық қадағалау шаралары аясында азаматтарды әскерге шақыру туралы бұйрықтардың күшін жою және шақыру комиссияларының құрамын заң талаптарына сәйкестендіру бөлігінде Қорғаныс істері жөніндегі департаменттер мен жергілікті атқарушы органдарға 10 наразылық енгізілді.

 Шақыру іс-шаралары барысында, оның ішінде әскерге шақырылушыларды тамақтандыруға, тасымалдауға және медициналық тексеруге бюджет қаражатын заңсыз жұмсауға байланысты 213 млн теңге көлемінде залал анықталып, оның 57 млн теңгесі өтелді.

 Әскерге шақырылушылардың құқықтарын сақтау және оларды жиын пункттеріне заңсыз жеткізуге жол бермеу мақсатында прокуратура Қорғаныс министрлігімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, әскерге шақырылушылардың өз еркімен келуін қамтамасыз ету алгоритмін бастамашылық етті және іске асырды.

 Көлік саласындағы проблемалық мәселелер де талқыланды. Бас көлік прокуратурасы көліктегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, апаттылықтың алдын алу және ведомствоаралық үйлестірудің тиімділігін арттыру бағыттарындағы қадағалау қызметінің қорытындыларын ұсынды.

 Президенттің стратегиялық бағытына сүйене отырып, прокурорлар қадағалау практикасы призмасы арқылы қоғамда «Адал азамат» — заңдылық пен құқықтық тәртіпті ұстанатын адал азамат қағидаттарын нығайтуда.

Құқықтық ағарту және алдын алу шеңберінде прокуратураның үйлестіруімен әлеуметтік маңызы бар жобалар іске асырылуда: «Заң мен Тәртіп» атты мектеп пәнін енгізу, балаларды цифрлық қорғауға арналған «Балалар СИМ-картасы» жобасы және басқа да бастамалар.

 Әлеуметтік тұрақтылықтың іргелі негізі ретінде қауіпсіз қоғамды қалыптастыру мақсатында, ағымдағы жылы әлеуметтік-экономикалық салада 2 млн-нан астам азаматтың құқықтары қалпына келтірілді, 14 мыңнан астам лауазымды тұлға жауапқа тартылды.

 Жер қойнауын пайдалану, мұнай-газ өндіру, бағалы металдар айналымы, балық аулау және экспорттау, медициналық сақтандыру, спорт және басқа да әлеуметтік маңызы бар салалардағы тексерулердің қорытындысы бойынша 100 қылмыстық іс қозғалып. 58 адам сотталды.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

 Прокуратураның тұрақты бақылауында — криминогендік жағдай. Ел бойынша қылмыс деңгейі 5%-ға төмендеді (56 369-дан 53 379-ға дейін).

 Мемлекеттік айыптау 12,5 мың қылмыстық іс бойынша қолдау тапты. Қадағалау шеңберінде 425 адамға қатысты сот актілері заңға сәйкестендірілді, 248 сотталушының жағдайы жақсарды.

 Есірткі және киберқылмыспен күрес бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. Прокуратураның бастамасы бойынша 10 млрд теңгеден астам сомаға он мыңнан астам «тамшы» және есірткі дүкендерінің шоттары бұғатталды.

 Кибералаяқтыққа қарсы күрес шеңберінде ағымдағы жылы үш халықаралық қылмыстық колл-орталық жойылды. Прокуратураның үйлестіруімен «СИМ-бокстарды»пайдалану бойынша 47 сотқа дейінгі тергеу басталды, 82 құрылғы және 50 мыңнан астам SIM-карта тәркіленді, 36 адам, оның ішінде 16 шетелдік ұсталды. 4 іс бойынша үкім шығарылды.

 Арнайы прокурорлардың өндірісіндегі резонанстық істер бойынша үкімдер шықты.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

 Халықаралық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Ағымдағы жылы Катар және Кипрмен үш келісім ратификацияланды. 27 адам экстрадицияланды, 66 адам шет мемлекеттерге берілді.

 Қазақстан Еуропалық құқықтық көмек туралы Конвенцияға қосылу жөнінде ресми шақыру алды. Бұл – құқықтық және дипломатиялық үлкен жетістік. Бұл – Еуропалық Одақтың Қазақстанның құқықтық жүйесін мойындауы. Мұнда Мемлекет басшысының рөлі ерекше болды.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

 Отырыс қорытындысы бойынша Бас Прокурор басым міндеттерді айқындап, алдағы кезеңге нақты тапсырмалар берді. Прокуратура “Заң мен Тәртіп” тұжырымдамасын іске асыруды, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауды, активтерді қайтару, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қадағалау қызметінің басқа да маңызды бағыттары бойынша белсенді жұмысты жалғастырады, қылмысқа қарсы күресті үйлестіруді қамтамасыз етеді.

Abai.kz 

0 пікір