Израиль неге Түркия үшін жексұрын ел?..

Қазіргі күнгі Израиль елінің Палестинаға қарсы үнемі жүргізіп келе жатқан агрессиялық әрекеті және Газа секторындағы қарапайым адамдардың көптеп қаза табуы, әділдікті жақтайтын шартарап елдерінің ашу-ызасын тудыруда. Сонымен қатар, қазіргі Иран мемлекетімен арадағы қарулы қақтығыс салдарынан Таяу-Шығыстағы жағдайдың ушығып кетіуне негізгі себепкер болуда. Дегенмен, бізге ағайын ел түрік жұрты мен Израиль арасындағы ахуалды айта кетейік.
Халықаралық саясатта Түркия мен Израиль арасындағы қарым-қатынас күрделі әрі тұрақсыз сипатқа ие. Соңғы онжылдықтарда бұл екі мемлекет арасында дипломатиялық дағдарыстар мен саяси қайшылықтар жиі орын алып отыр. Түркия үшін Израильдің "жексұрын ел" ретінде қабылдануы бірнеше тарихи, саяси және гуманитарлық факторларға байланысты.
Ең алдымен, Түркия халқының басым көпшілігі – мұсылмандар. Бұл жағдай Палестина мәселесіне қатысты Түркияның ұстанымына тікелей әсер етеді. Израиль мен Палестина арасындағы ұзақ жылдарға созылған қақтығыстарда Түркия үнемі палестиналықтардың жағында болып келді. Түркия билігі мен қоғамы Израильдің Газа секторындағы әскери әрекеттерін "агрессия", "адам құқығын бұзу" деп сипаттап, қатты сынға алып отырады. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бірнеше мәрте Израиль үкіметін "террорлық мемлекет" деп атап, бұл елдің саясатын айыптаған.
2010 жылғы Мави Мармара оқиғасы — екі ел арасындағы қарым-қатынастың күрт нашарлауына себеп болған нақты сәттердің бірі. Бұл – Түркиядан шыққан гуманитарлық флотилияның Израиль әскери күштері тарапынан шабуылға ұшырауы, салдарынан 9 түрік азаматының қаза табуы. Бұл оқиға бүкіл түрік халқының ашу-ызасын туғызып, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар үзіліп қалды.
Саяси қайшылықтармен қатар, мәдени және діни факторлар да рөл атқарады. Түркия халқы Израильдің ислам құндылықтарына және қасиетті жер – Иерусалимге қатысты әрекеттерін үлкен алаңдаушылықпен қабылдайды. Израильдің әл-Ақса мешіті маңында жасаған полиция әрекеттері, мұсылман қажыларға көрсетілген қысымдар Түркиядағы халық наразылығын үдете түсуде.
Айта кету керек, Түркия мен Израиль арасында экономикалық байланыстар мүлде тоқтаған жоқ, бірақ саяси деңгейде салқындық сақталып отыр. Кей кезеңдерде екі ел дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға тырысқанымен, Израиль тарапынан жасалған әрекеттер Түркияның бұл елге деген сенімін қайта-қайта жоғалтуына себеп болады.
Қорытындылай келе, Түркия үшін Израильдің "жексұрын ел" ретінде қабылдануы — тек саяси емес, сонымен қатар діни, тарихи және гуманитарлық көзқарастарға негізделген. Палестинадағы жағдай, ислам әлемінің қасиетті жерлерінің қорғалмауы және Израиль билігінің әскери әрекеттері – бұл екі ел арасындағы терең қайшылықтардың түп-тамыры десек шындыққа сай келеді.
Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz