Жұма, 27 Маусым 2025
АЭС құрылысы 124 0 пікір 27 Маусым, 2025 сағат 12:53

Алғашқы АЭС-тің құны қанша? Сәтқалиев не дейді?

Суреттер: primeminister.kz, uralskweek.kz сайттарынан алынды.

Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы шамамен 14 миллиард долларды құрайды. Бұл туралы ҚР Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев хабарлады.

«Құны ТЭН негізінде айқындалатын болады. Қазір конкурстық рәсімдерге қатысу шеңберінде вендорлар ұсынған индикативтік параметрлер бар. Бірақ біз оларды жариялай алмаймыз, өйткені олар құпиялылық туралы келісімдермен қорғалған», - деді Алмасад Сәтқалиев.

Естеріңізге сала кетейік: 2024 жылы 6 қазанда Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу бойынша референдум өтті. Референдумға шығарылған мәселені оң шешуге дауыс берген азаматтардың саны 5 миллион 561 мың 937 адамды немесе 71,12% құрады.

Мемлекет басшысы референдумнан соң БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Бүгін тарихи күн. Халқымыз АЭС құрылысы бойынша дауыс береді, маңызды мәселе. Бүгін халқымыз қандай шешім қабылдаса, мемлекетіміздің түпкілікті байламы сондай болады», - деген еді.

Сонымен, Қазақстан алғашқы атом электр станциясын салуды жоспарлап отыр. Үміткер елдер қатарында — Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея болған. Бұл мемлекеттермен келіссөздер жүргізіліп, әрқайсысы өз технологиясын ұсынған.

Жуырда Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті ресейлік «Росатом» салатыны белгілі болды. Құзырлы ведомствоның хабарлауынша, тарихи және стратегиялық серіктес ретінде басты үміткер деп  ресейлік «Росатом» таңдалған. Алайда, қазіргі геосаяси жағдайға байланысты Қазақстан бір елге ғана тәуелді болғысы келмейді. Сондықтан, АЭС құрылысы консорциумдық басқаруда болады.

Айта кетейік: Қазірге дейін Қазақстан билігі қос бірдей АЭС-ті салу бойынша шешім қабылдады. Ал осының алдында ядролық инжиниринг саласындағы жетекші әлемдік тәуелсіз компаниялардың бірі Assystem Қазақстан Республикасының атом-энергетикалық бағдарламасын іске асыруда қолдау көрсету мақсатында «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС (ҚАЭС) техникалық кеңесшісі рөліне ие болды.

Assystem АЭС жобасын іске асыру үшін инжиниринг, жобаны басқару және құрылыс жұмыстарын кешенді ұсынуда және қадағалауда ҚАЭС техникалық кеңесшісі қызметін атқаратыны айтылды.

Қазақстанда салынатын алғашқы атом электр станциясын (АЭС) ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы басқаратын консорциум іске асыратын болды. Бұл жөнінде ресми ақпаратты Қазақстан Республикасының Атом энергетикасы агенттігі таратты.

Агенттіктің мәліметінше: «АЭС салу бойынша «Росатом» компаниясының ұсынысы қауіпсіздік, технологиялық шешімдер және қаржыландыру шарттары тұрғысынан ең тиімді деп танылды», – делінген хабарламада.

Қытайдың CNNC компаниясы Қазақстанда тағы бір атом электрстанциясын салу жөніндегі консорциумның көшбасшысы болып танылды.

«Қытаймен атом өнеркәсібіндегі ынтымақтастық туралы жеке келісімге қол қою жоспарлануда. Ал біз тағы бір атом электр станциясын салу үшін Қытай технологияларын Қазақстанда көргіміз келеді», - деді Сәтқалиев.

Айым Алмасқызы

Abai.kz

0 пікір