Домбыра — рухани кодымыз!

Домбыра – қазақ халқының көне заманнан келе жатқан киелі аспабы. Ол – ұлттың рухани жаны, болмысының айнасы.
Қос ішектен төгілген күй мен әуен тек музыкалық саз ғана емес, ол – халықтың тарихы, салт-дәстүрі, арманы мен үміті, қайғысы мен қуанышы.
Сондықтан да домбыраны қазақтың рухани коды деуге толық негіз бар. Домбыраның үні даланың тынысын жеткізеді. Бабаларымыз көшпенді өмір сүріп жүріп-ақ, осы аспап арқылы ұрпағына өсиет қалдырды, елдің бірлігі мен ерлігін дәріптеді. Ежелгі шежірелер мен аңыздар, батырлар жыры мен лирикалық толғаулар осы домбыраның шанағынан сыр шертті. Қазақ тарихындағы Қорқыт, Асан Қайғы, Бұқар жырау, Құрманғазы, Дина сияқты алыптар домбыраны өмірінің серігі етті. Олардың күйлері ғасырлардан ғасырларға өтіп, ұрпаққа мирас болды.
Домбыра – тәрбие құралы. Ол — жасты имандылыққа, тәртіпке, сабырға, еңбекке баулиды. Күй тыңдаған бала елін, жерін сүйеді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйренеді. Өйткені күйлердің әрбірінде өмірлік өнеге мен терең мағына жатыр. Мысалы, Құрманғазының «Сарыарқа» күйін тыңдағанда еркіндікті аңсаған халықтың үні естіледі. Динаның «Науысқысы» арқылы көктемнің лебі мен жаңа өмірге құлшыныс сезіледі. Бұл – ұрпақты эстетикалық және патриоттық тәрбиелеудің ерекше жолы.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан ұлттық құндылықтарға, соның ішінде домбыраға үлкен мән беріліп отыр. Ел Президентінің жарлығымен шілде айының бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілді. Бұл – халқымыздың ұлттық болмысына, мәдениетіне жасалған зор құрмет. Елдің түкпір-түкпірінде домбыра шеруі, күй сайыстары, өнер кештері ұйымдастырылып, жас ұрпаққа домбыра тарту өнері насихатталып келеді. Мектептерде домбыра үйірмелері ашылып, әр отбасыда ұлттық аспаптың қадірі арта түсті.
Домбыра – сәндік бұйым емес, ол — жан дүниенің тілі. Әр қазақ баласының үйінде домбыра ілулі тұруы – ұлттық сананың белгісі. Ол қазақ болып қалудың бір жолы. Домбыра бар жерде қазақтың үні бар, тілі мен ділі бар, діні мен тарихы бар. Сондықтан біз домбыраны құрметтеу арқылы өзімізді, өз ұлтымызды құрметтейміз.
Қорытқанда, домбыра – біздің рухани кодымыз. Оны сақтау, насихаттау – әрбір азаматтың парызы. Домбыраның үнімен бірге қазақтың үні жасай бермек.
Бағлан Ташимов
Abai.kz