Сәрсенбі, 9 Шілде 2025
Әдебиет 193 0 пікір 9 Шілде, 2025 сағат 12:53

Шәкәрім болыс, би болған кезең баяны

Сурет: alash24.kz сайтынан алынды.

11 шілде – Шәкәрімнің туған күні

Шәкәрім (Шаһкәрім) өмір жолын 40 жасқа дейінгі және 40-тан соңғы деп екі кезеңге бөледі. Өзі туралы «Мұтылғанның өмірі» атты жыр-дастанында: «Қырыққа келіп астым бел» дейді. Төменде 20 мен 40 жастың арасын сөз етпекпіз. Бұл өмір айдынына құлаш сермеп, партия қырқысы мен талас-тартыстың бел ортасынан табылған шағы. Сөйтіп, тұлға ретінде қалыптасты және 40-тан соңғы азаматтық лирикасының қайнары болған өмір тәжірибесінен өтті. Сондықтан ғұламаның билікке араласқан кезеңін зерттеп-зерделеу маңызды мәселе деген ойдамын.

Алғашқы болыстық қызметі

Атам заманнан ел билеу жұмысын халықтың өзі сайлап алған билер атқарып келгені әмбеге аян. Ал, Ресей патшалығына толық қараған ХІХ ғасырдың екінші жарымы, дәлдісі 1868 жылы жаңа низам (закон) қабылданған соң, «болыс», «болыстық» деген жаңа қызмет шықты. Осыған орай билер қызметі де өзгеріп, бұрынғыдай «билік құру» деп емес, жай ғана «ел жұмысы» делінетін болды.   Шәкәрім болыс болған, би болған кезеңді Абайсыз қарастыру мүмкін емесін де ескерте отырайық. Билікке араласу, ел жұмысы кеңістігінде ағалы-інілі екеуі бір арнада тоғысады.

Ат жалын тартып мінгеннен Абай ел жұмысына араласты, белді, беделді  басшы болды.   Оның 12 жыл болыс болғаны Семей уезінің начальнигі К.С. Навроцкийдің рапортында көрсетілген: 9 жыл Шыңғыс болысында (1865-74 жж.) және үш жыл Мұқыр болысында (1875-78 жж.). Соңғы үш жыл келешек ұлы  ақын өмірінің ең мазасыз, ең ауыр шағы болды. Осы кезде Абайға қарсы он екі іс қозғалып, оларды тергеу-тексеру тым ұзаққа 1878 жылдан 1884 жылға дейін созылған-ды.

Енді Шәкәрімге келер болсақ, ол алғаш рет 20-ға енді ғана іліккен жасында болыс болады. 1878 жылғы Шыңғыс болысының сайлауы қырқысты жағдайда өткен. Болыстық қызметтің Шәкәрімге бұйырғаны ешкім күтпеген Олжай ішіндегі тосын оқиға болған. Оны Шәкәрім баласы Ахатқа былай деп әңгімелеген екен: «Бір жылы қиян-кескі партияда, Олжай екі бөлініп, болыстыққа қырқысады. Болыс сайлауында жеті старшын (Сақ, Тоғалақ және Әнет, Бәкең деген аталар – А.О.) бөлінген екі партияға да шар салмай отырып алады. Келген ояз шар түгел болмаған соң болысты сайлай алмай: «Бұлай болса, назначениямен басқа болыс сайланады!» дейді». Не істеу керек? Абай өзінің жақын айналасымен кеңесе отырып, жас та болса әр қырлы өнерімен көзге түсе бастаған Шәкәрімді құп көреді. Абай оны шақыртып алып: «Сен болыс боласың!» депті.

Осы шақты Шәкәрім: «Өнерлі, шебер, тіл-жақты, Алады – деп – бұл бақты» – Еріксіз маған ел жапты, Болыстықтың тоқымын», –деп есіне алады.

Абай мен Ысқақ неліктен сайлаудан тыс қалған?

Мұқыр болысы қызметінде (1875-1878) Абай ұры-қарыны қатты қолға алады. Жоғарыда айттық, нәтижесінде қарша бораған арыз-шағымның астында қалды. Орыс заңына сәйкес істі болған адамның сайлауға түсу құқы жоқ. Тете інісі Ысқақ ше? Бұған дейін қатарынан екі мәрте болыс болған (1872-78 жылдары) ол мәнсап буына мастанып, елді-ел, жұртты-жұрт деуді ұмыта бастапты. «Бір күні Ысқақтың ауылына елдің бір жиылысы тобына менің әкем келсе, – дейді Тұрағұл, – Ысқақ төсектен тұрған жоқ, түске шейін отырған елдің ақсақалдары жалығып тарқап бара жатыр еді. Сонда менің әкем, Ысқақты шақырып алып, айтыпты: – Сонау Жиреншенің не ойлап бара жатқанын білесің бе? – деп. Ысқақ айтыпты: – Жоқ, – деп.  Ендеше сені келесі сайлауда боғымды болыс сайлармын деп барады депті».

Болыстық қызметке жігіт Шәкәрім сайланған жайы осы. Әсілі, сайлаушы қауымның оның әмірші болуын теріс көрмей, ат тұяғын тай басар деген Абайдың уәжіне тоқтауы бекерден емес. Ол кешегі болыстық қызметін әділетпен атқарған, осы қызметте жүріп мезгілсіз қайтыс болған Құдайбердінің баласы.

Сөйтіп, 1878-1880 жылдары Шәкәрім Шыңғыс болысының басшысы. Тағы айтайық, болыстық қызметін ақылшы туыстары – Абай мен Ысқаққа сүйене отырып атқарған. Зерек һәм сөзге ұста Шәкәрімді екі немере ағасының жасынан ел жұмысына баулып, ертіп жүргені жайлы: «Құдайберді баласы Шәкәрім 19 жаста атқа мініп, Абай мен Ысқаққа еріп ел басқару жұмысына көзі қанған екен», – деп жазады Әрхам Кәкітайұлы.

Екінші мәрте болыстық қызметі

Шәкәрім болыстығының кесікті мерзімі (үш жыл) өткен соң, келесі сайлауда (1881-83 жж.) болыстық қызметті Ысқақ қайтадан алған. Осымен тағы үш жыл тыныш өтіп,  1884 жылғы сайлау да тақап келеді. Шәкәрімнің екінші мәрте болыс болуы да алғашқысы сияқты алмағайып жағдайда өткен. Рет-ретімен баяндайық.

1884 жылғы сайлау өртке дауылдай боп өткен. Мәселе сонда,  бұл жолы кезек Оспандікі еді. Абай, Ысқақ, Шәкәрім өзара осылай келіседі. Бірақ атқамінер шаршы топтың ойы басқа болған. Олар Оспан билікке жарамсыз ожар мінезді адам деп санаған. Сондықтан Жиренше, Оразбай, Күнту, Абыралы, Ербол бастатқан, барлығы он бес атқамінер, билік тізгінін тәуекел деп Құнанбай ұрпағынан тартып алмаққа ұйғарған. Ол үшін Абайға қарсы баталасады (шыны керек, бұл ойда жоқта пайда болған қарсылық емес-ті. «Ырғызбай әбден жуандап алды», «болыстық неге бір ғана тұқымның мирасы болуы керек» дегенге саятын наразылық, әсіресе, ел жуандары арасын кеулеп жүргендүр).

1884 жылғы сайлауға, әрине, Шәкәрім де белсене кіріскен. Бұл жайлы Әрхам былайша әңгімелейді: «Шәкәрім Ерболдың сайлап жатқан елу басыларының Құнанбай тұқымына жат адамдар екенін байқайды да, әкесі Құдайбердімен көптен дос болып келе жатқан жуантаяқ Байқұлақ деген кісіге келіп: – Бәке, сіз білесіз бе, мына Ерболдың істеп жатқаны бізге жаулық па, жоқ қателесіп жүр ме? – деп сұрайды. Сонда Байқұлақ сасып қалып аз тұрады да, балам, мен сенің әкең Құдайбердімен ақыреттік дос едім, мына сұрағың маған өте қиын болды. Өтірік айтсам, иманыма қас, шын айтсам уәдем мен антыма қас, бірақта өзің сезген көрінесің, бұл істің жәйі мынадай деп бастан-аяқ болған істі баяндап береді».

Бұл деректі неге келтірдім? Себебі, Күнтуды болыс сайламақ астыртын әрекетті әшкерелеген кісі бұрын айтылып келгендей Ысқақ емес, Шәкәрім екені анықталып отыр. «Болыстық біздің тұқымның мирасына тиген нәрсе ғой деп сеніп жүрген жас Шәкәрімге мына сөз сұмдық көрінген, ол Ысқақ пен Абайға асыға жетіп, істің мән-жайын баян етеді» дейді Әрхам ақсақал.

Абай досы Ерболды өзіне шақыртып: – Бұл рас па?, – десе, Ербол: – Әй, Абай-ай, мен осы жұмысқа араласпайын десем өзің болмайсың. Сайлағалы отырғанымыз жалғыз болыстық. Оған Ысқақ мені қой дейді, мына Шәкәрім мен болайын дейді, сен Оспанды қой дейсің, бұл қайсыңа жетеді, маған біреуін-ақ ұстатшы, – депті. Сонда кісіге нанғыш Абай досы Ерболды жамандыққа қия алмай: – Е, солай ма, жұмысыңа бара бер! – деген екен. 1884 жылғы аты-шулы сайлау қарсаңын Әрхам, міне, осылай баяндаған.

Сөйтіп, Шыңғыс болысында алғаш рет Құнанбайдың ұрпағы емес, қарсы партияның адамы бөкенші Күнту болыс сайланды. Бірақ партия таласы бітпеді, жаңағы қарсы жақ Абайды ықтырып, Ырғызбай тұқымын тәубесіне бір келтірсек дескен. Бірақ бұл үміт ақталмай қалады. 1884 жылғы сайлаудың дүрбелеңі 1886-87 жылғы сайлауға дейін толас таппады.  Неге? Оған аты-шулы Базаралы-Тәкежан дауы себепкер болған. Базаралы Тәкежанның бір қос (800 бас) жылқысын барымталаған бұл оқиға «Абай жолы» эпопеясында толық баяндалған.

Архив деректеріне жүгінелік. Семей әскери губернаторы 1887 жылы 14 желтоқсанда Дала генерал-губернаторы канцеляриясына  жолдаған рапортта төрт болыс Тобықты елінде 1886 жылы өтуге тиісті сайлау 1887 жылы да аяқталмай қалды делінген. Оның себебін түсіндіре келе, әскери губернатор ресми рапортын былайша қорытады: «…В конце августа, сопровождая Его высокопревосходительство господина генерал-губернатора по области, я имел случай говорить с представителями означенных волостей... Результатом всего этого было то, что в начале сентября месяца Тобуклинская волость была умиротворены и выбора там окончены» (ҚР ОМА, 15-қор, 1-тізбе, 386-іс).

Көріп отырмыз, Тобықты елінде екі жылға созылған  партия таласы 1887 жылдың қыркүйек айында ақыры тынышталған. Осы оқиғадан келешек ойшыл Шәкәрім зор сабақ алғаны сөзсіз. Әкімдік жүйенің қыр-сырына, саясатына қанықты, атқамінер ортаның бір-бірімен қатынасын сезінді дегендей.

Сонымен, Шәкәрім қалайша сайланған?

Семейге 1886 жылы Омбыдан корпусной генерал-губернатор келген. Сәтін салғанда, Абай оған жолығып, еркін сұхбаттасады (досы ояз Лосовский көмек көрсеткен).  Корпуснойдың Абайдың ақыл-парасатына көңілі толғаны соншалықты: «Пәлі, сен заманыңнан басың асқан адам екенсің» депті. «Сол жерде оязнойға тапсырып, Күнтуді түсіріп, – дейді Тұрағұл өз естелігінде, – қызметті Шаһкәрімге тапсырмақ қылыпты. Біздің жау жағымыз мұндай төңкеріс болып қалғанын білмей, Абай айдалатын болды деп, Тәңірбердінің жылқысын алған. Сол жерде Күнту түсіп, қызмет Шаһкәрімге тиіп, жылқыны алып, қырып салған ел қатты қазаға ұшырап, берекесі кетіп қалған».  Шыңғыс болысының болыстық қызметі Шәкәрімге қайыра бұйырған жайы осы. Оның кандидатурасын он жыл бұрынғы (1878) сайлауда сияқты Абай ұсынғанын да көріп-біліп отырмыз.

Сөйтіп, 1886-87 жылғы қысылтаяң шақта Шәкәрім екінші рет сайлаусыз (яғни алдыңғы жолы сияқты «назначение»-мен) болыс болып тағайындалған. Бұл соңғы болыстық қызметі. Қолда бар дерек-дәйектер мен естеліктер осылай тұжыруға мүмкіндік береді.

Шешен атанған, би болған жылдары

Жоғарыда сөз болған Тәкежан-Базаралы дауы отыз жастағы Шәкәрімге шешен, би деген атақ әкелген еді (Тәкежан даугері болған Шәкәрім айыпкер елге қомақты салық салуға қол жеткізеді). Өмір қазанында қайнап, алуан түрлі заман талқысын көріп шыңдалмасаң, қайдағы тұлға болып қалыптасу?! Епті жігіт Шәкәрім енді би болуға бет бұрады. Отыз бен қырық жастың арасы соныменен айырықша.

Шыны керек, бұл қызметі дәулет құраудың да көзі еді. Әр түрлі старшын, болыс деңгейіндегі дау-дамай, жүгініске көп түскені жайлы «Мұңлы шал» (1922) деген өлеңінде Шәкәрімнің өзі: «Би, болыс, епті жігіт атанам деп, Көп түстің ерегес пен талқыға да» дейді. Ахат әкесінің би болғаны жайлы үлкендердің сөзін келтіреді: «Шәкәрім кісі қағуға жүйрік еді. Ұры мен айтушыны қаққаны ешбір билердің қаққанына ұқсамайды. Және Шәкәрімге келген адамдардың наразы болып кеткенін көргеміз жоқ».

Айналасына үйірілген жастарға Абай: «Оқу оқып, ғылым іздеңдер, би болған, болыс болған өнер емес» деп дәйім ескертумен болғаны шығармашылығынан мәлім. Ахат ақсақал да естелігінде: «Мені болыстық, әкімшілікке құмар қылмай, онан құтқарған Абай!» деген әке сөзін де келтіреді. Қырық жастағы Шәкәрімнің біржола ғылымға бет бұруы содан. Тағдырлы шешім! Өзіне өзі төреші ақын «Қырық жылдан өтіп жасым», «Қырықтан соңғы иманым», «Қырықтан соңғы қырымды» деп басталатын өлеңдерінде осы байламын паш етеді. Өзі туралы «Мұтылғанның өмірі» атты дастанында қарт ақын: «Жиырма мен қырық арасы – Жас өмірдің сарасы, Бос өткенін қарашы, Жүрекке төгіп қанды ірің» десе, бұл ғылымға қолын кеш сермегенін айтқаны. Шын мәнінде, Шәкәрімде бос өткен уақыт болмаған. Қырық жасқа дейін-ақ, ойшыл өлеңдер, діни қиссалар, «Еңлік-Кебек» поэмасын жазды, шежіре жинады, қойшы, әйтеуір, тынымсыз еңбектенген. Абайдан кейінгі ірі ақын атанғаны анық. Осыған ел жұмысын, өзінің отбасы тұра тұрсын, бүкіл Құдайберді әулетінің тұрмыс-тіршілік тауқыметін иығына артқанын қосыңыз. Бірақ ендігі жүрек қалауы – ғылым жалына жармасу болды. Неге оны мақсат қылғанын былай деп ұқтырады:

Мен жетелеп өлемін,
Өрге қарай қазақты.
Өлсем де ойын бөлемін,
Сөзбен салып азапты.

Қорыта айтқанда, немере ағасы Абай қамқорымен билікке араласқан Шәкәрім үлкен өмір мектебінен өтті (мұны «Абай жолы» эпопеясындағы Шұбар бейнесінен де жақсы білеміз).  «Мен... түрлі жамандық, жақсылыққа кездесіп, солардың көпшілігін, керекті-керексізін өзім де істеп, басымнан өткізгендерім көп», –  дейді ақынның өзі. Десек те, қырық жасқа дейінгі көрген-білгендері келесі даналық кезеңге даярлықтұғын. Оның іргетасы болды. Келесі ғылым-білім шыңына шыққан өмірі жайында: «Қырықтан соңғы иманым, Отыз жылдай жиғаным» дейді. Бұл ұлы өмірдің қайталанбас құнды мұралар туылған ерекше кезеңі. Оны баяндау, әрине, өз алдына бөлек әңгіме.

Асан Омаров,

шәкәрімтанушы

Abai.kz

0 пікір