Сәрсенбі, 9 Шілде 2025
Ел іші... 100 0 пікір 9 Шілде, 2025 сағат 13:19

Қазақстанда айыптұрақтар ақылы болуы мүмкін

Сурет: pixabay.com сайтынан алынды.

Күзден бастап Қазақстанда айыптұрақтар ақылы болуы мүмкін. Тиісті заңға енгізілген түзетулерді Сенат мақұлдады. Алайда жүргізушілер бұл жаңалыққа қарсы.

Айыптұраққа жеткізу және онда уақытша сақтау құнына байланысты төлем мөлшерін мәслихаттар белгілейтін болады.

Бұл жаңалық автокөлік иелері арасында наразылық тудырып отыр. Жаңа өзгерістерге автокөлік саласындағы заңгерлер де алаңдаулы. Олардың пікірінше, мұндай жаңашылдықтар айыптұрақтардағы көлік санын арттырып, соттардың жүктемесін көбейтеді және жемқорлық қаупін де күшейтеді.

Бұл бірден жемқорлық тәуекелдерінің артуына алып келеді. Менің ойымша, енді жол полициясының қызметкері тұрып алып “сені де, сені де айыптұраққа қоямын, ақша төлейсің, арыздансаң, өзің біл” деп айтуы мүмкін. Мысалы, көлікке 300 мың теңге көлемінде зиян келтірілген делік, ал ол 60 күн бойы айыптұрақта тұрды, бұл әкімшілік іс қаралатын процессуалдық мерзім. Соңында не болды? Айыптұрақ босаған жоқ, соттар іс қараудан шаршайды, – дейді автоюрист Михаил Будянский.

Айыптұраққа көбінесе дұрыс қойылмаған көліктер жеткізіледі. Сондай-ақ қарызы бар көліктер де жиі тұрып қалады.

Негізгі себеп – автокөлікті дұрыс қоймау. Сонымен қатар бұл әкімшілік айыппұлдары көп, үнемі құқықбұзушылық жасайтын жүргізушілер. Бізде арнайы бағдарлама бар, күн сайын осындай азаматтарды анықтап отырамыз, – дейді Алматы қаласы жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Тимур Нұғайбаев.

Алматы қаласының балансында екі айыптұрақ бар. Қазіргі таңда онда 1 500-ден астам көлік пен 2 000-ға жуық мопед тұр. Олардың барлығы ақысыз негізде қойылған.

Айта кетейік, айыптұрақ – жол-көлік оқиғасы, сақтандырудың жоқтығы немесе көлік салығының төленбеуі сияқты жағдайлар кезінде көліктерді уақытша сақтау үшін қолданылады.

Бірақ айыппұл, терезе қараңғылығы, қатты дыбысты шығару немесе ақылы автотұраққа төлем жасамау жағдайында көлікті эвакуациялауға болмайды.

Әкімшілік кодекстің 797-бабы, 4-бөлігіне сәйкес, арнайы тұрақтар коммуналдық меншікте болады және жергілікті атқарушы органның шешімімен құрылады. Яғни, олар жеке меншік емес және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Сондықтан қазіргі таңда айыптұрақтағы көліктерге қатысты тұрақ ақысы алынбайды.

Abai.kz

0 пікір