Дүйсенбі, 14 Шілде 2025
Анық-қанығы 126 0 пікір 14 Шілде, 2025 сағат 13:02

Перизат Қайрат ісі: Прокурор не дейді?

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Астанада қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты көпшіліктің назарына іліккен қылмыстық іс бойынша негізгі сот процесі өтіп жатыр.

Екі айыпталушыға аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылып отыр. Тергеу нұсқасы бойынша, олар қайырымдылық қызметі ретінде көрсетіп, 3,5 млрд теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденген.

Прокурор Оразалина айыптау актісін оқып жатыр.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарына сәйкес, Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаева жеке баю мақсатында, өз әрекеттерінің заңсыздығы мен қоғамға қауіптілігін түсіне отырып, ауыр қылмыстарды қасақана жасаған. Олар мүлікке қарсы және экономикалық қызмет саласындағы құқықбұзушылықтар жасады, - деді прокурор сотта.

Заңға сәйкес, қайырымдылық – бұл тегін немесе жеңілдетілген шарттармен көрсетілетін, гуманитарлық мұқтаждықтарды өтеуге бағытталған қоғамдық пайдалы қызмет түрі.

Тергеу мәліметтері бойынша, 2018 жылы іске қосылған BizBirgemiz.kz платформасы пандемия кезінде халықтан жаппай қолдау тауып, кеңінен танымал болған. Перизат Қайрат бұл платформаның аты мен идеясына деген азаматтардың сенімін пайдаланып, өз қылмыстық жоспарын іске асыра бастаған.

Тергеу деректері бойынша Қайрат Перизаттың әрекеттері:

  • “Biz Birgemiz” атты танымал ұранды пайдаланған қоғамдық ұйым құрып, оны заңды қайырымдылық бастамаларымен байланысы бар етіп көрсеткен;
  • Өзінің және анасының атына бірнеше банк шотын ашып, солар арқылы қайырымдылық көмек ретінде түскен қаржыны жинақтаған;
  • "Қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына көмектесеміз" деген желеумен халықтан қаражат жинап, түрлі ақпараттық науқандар мен аукциондар ұйымдастырған;
  • Іс-әрекетін заңды етіп көрсету үшін жиналған қаржының аз бөлігін нақты көмекке бағыттап отырған;
  • Ал қаржының негізгі бөлігі жеке мақсаттарға, яғни жылжымайтын мүлік сатып алуға, зергерлік бұйымдар алуға, шетелдік сапарларға жұмсалған;
  • Өзін және анасын "сәтті кәсіпкерлер" ретінде көрсету арқылы заңсыз табысты ақтауға тырысқан;
  • Сонымен қатар айналасындағы туыстары мен сенімді тұлғаларын да қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру және заңдастыру әрекеттеріне тартқан.

Осылайша ресми тергеу деректері бойынша, қылмыстық схема мұқият жоспарланып, әлеуметтік бастамаларға ұқсатып жасырылған ұйымдасқан алаяқтық әрекеттерінің бір бөлігі болған.

Бұған дейін сот залынан БАҚ өкілдерін шеттету туралы шешім қабылдағанын жаздық.

Тыңдау жартылай жабық режимде өтіп жатыр. Журналистер арнайы баспасөз орталығынан ақпарат таратып жатыр. Залда отыруға тек тараптарға ғана рұқсат берілді.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорыныңқұрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайратдеген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекетіанықталғанын жазған болатынбыз.

Abai.kz

0 пікір