Жұма, 18 Шілде 2025
Бетбұрыс 1621 0 пікір 16 Шілде, 2025 сағат 23:15

Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр...

Сурет: Depositphotos.com сайтынан алынды.

Қазақстан мен Өзбекстан – өзара қарқынды дамуына мүдделі  елдер. Өйткені, осы ‑ түп‑тамыры бір екі мемлекет қана бүкіл Орталық Азиядағы дербестіктің, тәуелсіздіктің басты кепілі болуға дайын. Сондықтан, тұтас Орталық Азия үшін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы интеграциялық процестердің қарқынды болуы, оларды көп мәселелерде бір‑бірін толықтырып отыруы, демеп отыруы – басты мәселе деуге келеді.

Қазақстан мен Өзбекстан экономикасы: салыстырмалы талдау және даму перспективалары:

1. Экономикалық ауқымы мен макротұрақтылық

Қазақстан қазіргі таңда макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша айқын көшбасшы. 2024 жылғы деректер бойынша Қазақстанның номиналды жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) $286 млрд, ал Өзбекстанда бұл көрсеткіш $115 млрд құрады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ де Қазақстанда әлдеқайда жоғары – $14 300, Өзбекстанда шамамен $3 090 ғана.

Қазақстан инфляцияны бақылау жағынан ТМД елдері ішінде үздік үштікке енеді, бұл макроэкономикалық тұрақтылықты нығайтады. Өзбекстанда инфляция деңгейі салыстырмалы түрде жоғары, себебі ішкі нарық әлі терең дамымаған және бағаға әсер ететін сыртқы факторларға тәуелділік басым.

2. Сыртқы сауда және қарыз жүктемесі

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 2024 жылы $141,4 млрд-қа жетіп, $21,8 млрд профицитпен аяқталды. Өзбекстанда сауда айналымы $55 млрд деңгейінде қалып, $15,5 млрд дефицит тіркелді. Бұл айырмашылық Қазақстанның экспорттық әлеуетінің (әсіресе мұнай, газ және металлургия секторлары есебінен) жоғары екенін көрсетеді.

Қарыз жүктемесі бойынша да Қазақстан тұрақтылық танытады: мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге қатынасы небәрі 11,3%, сыртқы қарызы тұрақты. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 35%, оның ішінде сыртқы қарыз $33,7 млрд (жыл ішінде $4,1 млрд-қа өсті). Сарапшылар мұны Өзбекстанның ішкі капитал нарығының әлсіздігімен және сыртқы қаржыландыруға тәуелділігімен байланыстырады.

Қазақстанның басты артықшылығы – Ұлттық қоры. 2000 жылдан бері жиналған $60 млрд актив экономикалық тұрақтандыру тетігі қызметін атқарады. Өзбекстан тек қана 2024 жылы UzNIF – Ұлттық инвестициялық қорын құрды, ол мемлекеттік активтерді басқаруға және IPO нарығын дамытуға бағытталған. Бұл құрылым қызметі Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қорының аналогы сынды. Бірақ әзірге тұрақтандыру функциясын атқару деңгейіне көтеріле қойған жоқ.

3. Қаржы нарығы және инвестициялық институттар

Қазақстанның қор нарығы соңғы бес жылда айтарлықтай өсті: капитализация $74,4 млрд-тан $146,1 млрд-қа жетті. Елде екі ірі биржа жұмыс істейді:

* KASE – ішкі нарыққа бағытталған

* AIX (АХҚО) – жаһандық инвесторларға ашық халықаралық алаң

Зейнетақы қоры – ЕНПФ – негізгі институционалды инвестор болып табылады. Оның активтері $42,7 млрд, портфельдің 53%-і бағалы қағаздарға салынған. Бұл Қазақстан экономикасында ұзақмерзімді инвестициялардың тұрақты көзін қамтамасыз етеді.

Өзбекстанда зейнетақы жүйесі әлі де бөлуші модельге негізделген, жинақтаушы бөлігі капитал нарығына ықпал етпейді. Сарапшылардың пікірінше, бұл институционалдық инвестициялардың дамуын қамтамасыз етпейді және борыштық құралдарға сұраныстың өсуіне кедергі келтіреді.

4. Инфрақұрылым және логистика

LPI-2023 (Дүниежүзілік банк) логистикалық рейтингінде Қазақстан 79-орында, Өзбекстан 88-орында. Бұл Қазақстанның Еуразиялық транзиттік торап ретіндегі артықшылығын дәлелдейді.

5. Институционалдық даму және инвестициялық тартымдылық

2024 жылғы халықаралық рейтингтер Қазақстанның институционалдық артықшылықтарын көрсетеді:

Рейтингтер Қазақстан Өзбекстан
Fitch BBB (тұрақты) BB–
S&P BBB– (тұрақты) BB–
Moody’s Baa1 (тұрақты) Ba3 (позитивті болжам)
HDI (2023) 60-орын 98-орын
GII (2024) 78-орын 83-орын
Soft Power Index (2025) 87-орын 99-орын
Global Peace Index (2024) 59-орын 60-орын
TTDI (2024) 52-орын 78-орын

Қазақстан инвестициялық деңгейдегі ел ретінде бағаланады, ал Өзбекстан әлі де сауда санатында. Дегенмен, Өзбекстанда «қуып жетуші өсім әсері» (Роберт Солоу теориясы) байқалады – төмен бастапқы база есебінен экономикалық өсім қарқыны жоғары.

6. Туризм және аймақтық бедел

Қазақстан аймақта туризмді дамыту бойынша сөзсіз көшбасшы. WEF-тің TTDI 2024 индексінде Қазақстан 52-орында, Өзбекстан – 78-орында. Қазақстанның артықшылықтары – қауіпсіздік, баға бәсекеге қабілеттілігі, гигиена және денсаулық сақтау сапасы. Алайда әлсіз тұстар да бар: мәдени ресурстар мен көлік инфрақұрылымын дамыту қажет.

Қорытынды

Қазақстан мен Өзбекстан экономикасы әртүрлі даму траекториясын ұстануда:

Қазақстан – институционалды тұрғыда жетілген, макроэкономикалық тұрақтылығы жоғары, қаржы нарығы дамыған және халықаралық инвестициялық деңгейге ие ел.

Өзбекстан – жылдам дамып келе жатқан, бірақ институционалдық тереңдігі жеткіліксіз, әлі де сыртқы қарыздың ролі жоғары ел. Дегенмен, «қуып жетуші өсім әсері» есебінен Өзбекстан алдағы жылдары динамикалық өсімін жалғастыруы мүмкін.

Қазақстан үшін басты сын-қатер – экономиканы әртараптандыру және шикізаттық тәуелділікті азайту;

Ал Өзбекстан үшін – қаржы институттарын жетілдіру, капитал нарығын дамыту және макроэкономикалық тұрақтылықты күшейту.

Abai.kz

0 пікір