Жұма, 18 Шілде 2025
Өзгелер 231 0 пікір 17 Шілде, 2025 сағат 12:48

Путинге Трамп Украинаға қару жеткізуді бастады

Сурет: qamshy.kz сайтынан алынды.

АҚШ Президенті Дональд Трамп Украинаны қару-жарақпен қолдау туралы мәлімдеме жасап, НАТО аясында бұл елге ауқымды көлемде әскери техника жеткізіліп жатқанын растады. Бұл туралы The New York Times пен First Channel News хабарлады.

Patriot зымырандары жеткізілді. Біз аптасына 5-6 мың адамның өмірін сақтап қаламыз. Оның ішінде ресейлік те, украиналық та сарбаздар бар, – деді Трамп.

Ол жаңа келісімді АҚШ үшін тиімді мәміле деп атап өтті. Дегенмен, келісімнің егжей-тегжейі мен нақты іске асу жолдары әзірге құпия күйінде қалып отыр.

Бұл – өте маңызды мәміле. Біз әлемдегі ең үздік әскери жабдықтарды ұсынып отырмыз, ал әлемнің ауқатты мемлекеттері оны сатып алуға дайын, – деп мәлімдеді Ақ үй басшысы.

НАТО-ның жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Марк Рютте кемінде 8 елдің Украинаға қажетті қару-жарақты сатып алуға қаражат бөлетінін айтты.

Ол Дональд Трамптың бұл процеске қосқан үлесін жоғары бағалап, АҚШ-тың рөлі шешуші болғанын жеткізді.

Бұл – әділ және орынды шешім. Қаржылық жүктемені еуропалықтар өз мойнына алып отыр, – деді Рютте.

Алайда Трамп АҚШ-тың Украинаға алыс қашықтықтағы зымырандарды жеткізу жоспары жоғын нақтылады.

Сонымен қатар, Трамп пен Рютте жаңа келісім аясында Украинаға қосымша америкалық Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері жеткізілетінін растады.

Германия 2 жүйені сатып алуға дайын екенін білдірсе, Норвегия тағы бір жүйені ұсынуға әзір.

Ал Трамп атын атамаған мемлекет өзіндегі 17 Patriot жүйесін сатуға дайын. Бұл 2020 жылы америкалық Raytheon компаниясы Швейцарияға сатуға келіскен 17 ұшыру қондырғысы болуы мүмкін деген болжам бар.

АҚШ бұл келісім арқылы елеулі экономикалық пайда көрмек. Мысалы, Patriot жүйесінің бір батареясы модель түріне қарай 1 миллиард долларға дейін бағаланады. Бір ғана зымыран қағушы шамамен 3,7 миллион доллар тұрады.

Бұдан бөлек, JASSM зымырандарының құны – 1,5 млн доллар, ал ATACMS зымырандары кемінде 1 миллион доллардан басталады.

АҚШ үшін бұл келісім тек саяси ықпалын арттыру ғана емес, әскери-өнеркәсіптік кешеннің де табысын еселеу мүмкіндігі болып отыр.

Abai.kz
0 пікір