Трамп пен Ким Чен Ын кездеспек
Сәрсенбі күні БАҚ өкілдерінің.: «Ким Чен Ынмен биыл кездесесіз бе?!» деген сұрағына Ақ үй басшысы Трамп: «Иә, мен онымен кездесемін» деп жауап берген. Егер расында кездесу өтсе, бұл екі көшбасшы арасындағы төртінші кездесу болады. Кейбір сарапшылар кездесу қараша айында Қытайда өтетін APEC саммиті кезінде өтуі мүмкін деп болжайды.
Трамп президенттікке келгелі бері Солтүстік Корея диктаторымен ерекше қарым-қатынаста екенін айтып келеді, ал АҚШ барлау агенттіктері Ким Чен Ынның мемлекетін АҚШ қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді деп санайды.
Трамп пен Ким Чен Ын арасындағы «ерекше қарым-қатынас» АҚШ президенті жексенбі күні Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери жаттығуларды қысқарту туралы шешім қабылдаған кезде тағы да көпшіліктің назарына ілікті. Трамп бірлескен жаттығулар Пхеньянға «мүлдем орынсыз және дұшпандық сигнал» жібереді деп мәлімдеді. Оңтүстік Корея әскерилері бастапқыда 27 тамызға дейін жалғасуы тиіс АҚШ-пен бірлескен жаттығулар жұма күні аяқталатынын жеткізді.
Дегенмен, Ким Чен Ынның ықпалды әпкесі Ким Ё Чжон сәрсенбіде ағасы мен Трамптың кездесуі туралы «мүлдем білмейтінін» мәлімдеді, бұл АҚШ президентінің сөзіне кереғар.
Бірақ Ким Ё Чжон мәлімдемесінде Трамп пен Ким арасындағы қарым-қатынас «өте жақсы» екенін атап өткен. Сонымен қатар Трамптың бірлескен жаттығуларға қатысты шешімі «пікір айтуға тұрарлық емес» және «мағынасыз» деген.
Сәрсенбі күні Трамп Солтүстік Кореяның ядролық арсеналына нақты баға беріп, елде «57 ядролық бомба бар» деп мәлімдеді. Ол: «Бұл болмауы керек еді. (...) Егер мен президент болсам, бұған ешқашан жол бермес едім», - деп қосты. Америка Құрама Штаттары Солтүстік Кореяны ресми түрде ядролық держава ретінде танымайды.
Трамптың ұстанымының аяқ астынан өзгеруі Америка Құрама Штаттарының тарихи одақтасы Оңтүстік Корея үшін күтпеген соққы болды. Оңтүстік Кореяның сыртқы істер министрі Чо Хён Джу сәрсенбі күні Ұлттық Ассамблеяға Сеул жаттығудың уақытын қысқарту туралы алдын ала хабарлама алмағанын түсіндірді.
Оңтүстік Кореяда АҚШ-тың 28 500 әскері бар, олардың бір бөлімі 18 000 оңтүстік кореялық әскерімен бірге жаттығуларға қатысуы тиіс еді.
АҚШ пен Оңтүстік Кореяның бірлескен әскери жаттығуларын тоқтату– Солтүстік Кореяның Америка Құрама Штаттарымен диалог жүргізу үшін қойған алғышарттарының бірі екені айтылуда.
Abai.kz