Көл түзелер, көпшілік сен де түзел...

Соңғы кездері Алакөл демалыс аймағы туралы пкірлердің «қызуы көтеріліп» тұрғандай. Қанша адам болса сонша көзқарас болатыны секілді сыни пікірлер әралуан, ол заңдылық.
Алайда, біздер көбінесе мәселенің бір жағын ғана айтып, екінші жағына үңіле бермейміз. Жиі сөз болып жатқан жайдың бірі – демалыс аумағындағы санитарлық жағдайға қатысты. Тазалықты сақтауда кемшіліктер жоқ емес, бірақ сондай сорақы деуге де келмейді. Ал бір ғана осы санитарлық мәселенің орын алу себептеріне назар аударып көрейікші. Ол қоқыстар аспаннан жауып жатқан жоқ қой, сол демалушылардан қалатын қалдықтар. Жасыратыны жоқ, демалушылардың көбі қоқысқа немқұрайды қарайды. Жағалауға өздерімен бірге баратын пакет толы тағамдардың құтылары мен орамдары кейде отырған жерлерінде қалып қоятын жағдайлар бар.
Бұл жерде негізігі айтпағымыз табиғатты пайдалану мен мүлікті тұтыну мәденитіміздің әлі де төмен екендігі. Жарайды, жағалауда қоқыс контейнері аз екен, сіз қоқыс тастайын десеңіз толып тұр делік, бірақ, сізге қолыңыздағы қоқыс пакетіңізді ешқайда лақтырмай демалыс үйінің немесе келісі бір контейнерге дейін ала кетуіңізге болады ғой. Егер шынымен солай істесек – ол табиғат пен қоршаған ортаға деген нағыз жанашырлықтың үлгісі болар еді.
Әрине, комуналдық қызметтерде олқылық жоқ дейалмаймыз, солай екен деп демалушылар айналамызды одан сайын ластай берсек баға жетпес табиғи байлығымыздан не қалады? Алакөлге орта есеппен бір маусымда 1,5-2 миллионға жуық турист келеді екен. Бұл дегеніңіз осы демалыс аймағы күніне мөлшермен 20-25 мың адамға қызмет көрсетеді деген сөз. Осыншама жұрттан пайда болатын бір ғана қоқыс мәселесін реттеудің өзі аз шаруа емес. Басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етуде түрлі түйткілдер де кездеспей қалмайды.
Осы және өзге де көкейкесті сұрақтардың туындауының бірнеше себептері бар. Соның бірі – бұл туристік аймақтың о баста белгілі бір мемлекеттік бағдарламамен жоспарлы түрде салынбағаны, табиғи сұраныстың салдарымен қалыптасып кеткендігі. Демалыс үйлері мен сауда орындары табыстың көзі екенін түсінген кәсіпкерлердің бизнес жоспары көл жағасын 2010 жылдарға қарай қалың нөпірге толтырып жіберді. 2018 жылы ғана бұл аумақта кешенді реттеулер мен жағалауды бекіту, арбат алаңдарын абаттандыру қолға алынды. Көлдің даңқы мен жарнаманың күші келушілер қатарын жыл сайын арттыра түсті. Көптің аты көп, бірі – разы, екіншісі – наразы дегендей. Кайф ұстағандар мен хайп қуағандардың аузынан не айтылмай жатыр... Ал, негізінен 200-ден астам демалыс үйін маусым бойы лық толтыратын қауымды мұнда ешкім күштеп әкеліп жатқан жоқ. Бұл жақ олар үшін комфорт болмаса осыншама көпшіліктің осында толассыз ағылып несі бар. Халық көбейген сайын әр нәрсеге сұраныс та арта түсуде. Сұраныс жұбаныш таппаған соң сынға ұласып жатады. Адам бар жерде – мін бар, тіршілік бар жерде – сын бар. Бірақ көптеген адамдар сол талапты өзгеге қойғыш, өзінен жойғыш келеді. Көңілі толмағанның бәрін белінен сызып, жапанға жар салғысы келіп тұрады. Негізі керісінше осындай теңдессіз табиғаттың қуатына кенеліп, шуағына бөленудің сәті түскеніне іштей разылық білдіріп үйренсек деп ойлаймын. «Қанағат, рахым» бар жерде «обал мен сауап та» ілесе жүреді. Бұл жалпы демалушылар мен соларға қызмет көрсетуші тарапқа да аса қажет тағылым. Олай дейтініміз, қай-қайсы болмасын «табиғат пен қоршаған ортаға зиянымызды тигізіп алмайықшы» деген ұстанымда болса талай мәселе өздігінен реттеледі.
Әрине, жергілікті атқарушы билік тарапынан халыққа жағдай жасалу керек. Үкіметтік құрылымдар қызмет көрсету орындарының жауапкершілігі мен стандартын бақылауы тиіс. Бұл бағытта жұмыс жоқ деп те ешкім айта алмайды, жетіспей жатуы мүмкін. Айтқымыз келетіні, осынау суы да, ауасы да құнарға бай табиғатымызды сақтау мен игілікке пайдалану мүддесінде «билік пен халық» болып бөліну, бір-бірінен кінә іздеу деген болмауы керек. Әркім өз жауапкершілігін толық сезінгені абзал. Маңдайға басқан көліміздің, мақтан тұтар жеріміздің табиғи құнарынан ажырамауына бәріміз ынталы болсақ, соған сай іс-әрекеттерімізді реттеп үйренсек – бұл біздің сыртқы ғана емес ішкі мәдениетіміздің жетілгені болар еді.
Жалпы, еліміздегі туризмді дамыту бойынша мемлекттік бағдарламалар бар, ол әр өңірде әрқалай дамып жатқан болар. Әуелгі қажеттілік туристік аймаққа баратын жол мен ондағы қызмет түрлерінің сапасы. Осы тұрғыдан келгенде Алакөлдің Абай облысы жағындағы жағалауының жағдайы көш ілгері. Семей – Алакөл бағытандағы тасжол бүгінгі таңда тақтайдай тегіс. Сонау жылдары асфальты жоқ, шаңы мен құмы бұрқырап жататын айналма кедір жолдарды ендігі ұмыта бастадық. Бірнеше жыл бұрын Үржардың аэропорты да жөнделіп, ұшақтар қабылдап келеді. Көлдің іргесіндегы «Жалаңаш» станциясына дейін маусым сайын поезд қатынасады. Алакөлден Семей мен Алматы бағытына күніне 2-3 рейстен үлкен автобустар қатынайды. Көлдің басындағы демалыс кешендерінің көбі мақтаулы қонақ үйлерден кем емес. Туристер үшін негізгі қажеттіліктер жеткілікті. Кезінде осы аталған дүниелердің бәрі үлкен мәселе болатын, қазір қалыпты жағдайға айналды.
Иә, уақыт жаңарған сайын қажеттіліктер де қосылады. Соған сәйкес қазіргі көтеріліп жатқан сұрақтар негізінен жағалау мен алаңдардағы сервис пен қауіпсіздік, тұрмыстық нүктелердің жетіспеушілігі. Ол дүниелерді алдын ала нақтылау мақсатында Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы маусым басталмай тұрып, бір емес үш келіп-кетті. Қажеттіліктерді толықтыру мен дамыту үшін облыстық бюджеттен әуелде 658 млн, іле-шала тағы 300 млн теңге бөлдірді. Барлық жайды бақылауда ұстап отыр. Көптеген түйткілдердің түйіні тарқап, жағалауды жандандыру мен қажетті нысандар бой түзейтін болды. Арбатты абаттандырудан бастап киім ауыстыру кабинасы, қоқыс котейнері мен урна, дәретхана, санитарлық торап сандары бірнеше есеге ұлғайды. Өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы құрлыстарының іргесі көтерілуде. Биылғы маусымға қосымша 25 киім ауыстыру кабинасы, 50 қоқыс контейнері, 2 биодәретхана, 18 санитарлық торап орнатылып, 7 пирстің 3-еуі салынған. Алдағы уақытта туристік аумақты дамытудың бас жоспары қайта қаралып, соған орай тиісті жұмыстар жалғасын таппақ. Яғни, келер жылдары да облыс басшылығы бұл жақты бақылауда ұстайды деген сөз.
Бұйырса, Алакөл демалыс аймағы алдағы жылдарда бүгінгіден де бетер дамып, сервистік тұрғыда өркендей беретіні анық. Осы орайда, инфрақұрылымы мен тұрмыстық сипатына басымдық берумен бірге аймақтың ішкі тынысына да назар аударылса дейміз. Ішкі тынысы дегеніміз, әсіресе, туризм нысаны болып отырған көлдің жақын және болашақтағы экологиялық ахуалы. Үкіметтің экология мен табиғатты қорғауға жауапты салалық ведомоствалары демалыс маусымның басы мен соңындағы судың құрамын лабораториялық негізде зерттеп, өз болжамдарын жасап отыруы қажет деп ойлаймыз. Минералды қоспаларымен бағалы болып тұрған су айдынының табиғи қуатын, денсаулыққа пайдалы құнарын сақтап тұруға қажетті шаралар мемлекеттік стратегия тармақтарының біріне енуі тиіс деп есептеймін. Соңғы жылдары Алакөлдің осы жақ жағалауына келішілер саны 2 миллионға дейін баратынын жоғарыда айттық. Бұл туризмнің бір ғана нүктесі үшін көп пе әлде қалыпты салмақ па, онымен қандай мамандар шұғылдану тиіс? Көлдің туристерді қабылдау әлеуетін кімдер шамалауы қажет? Алакөлдің бүгінгі және ертеңгі экологиялық жағдайына тек жергілікті жұрт қана алаңдауы керек пе? Демалыс аймағын тәулігіне тонналап шығатын тұрмыстық қатты қалдықтар мен кәріз суларынан арылту қаншалықты стандартқа сай? Қоқыс полигонындағы жарғақ, пластмасс материалдардың желмен ұшып кетуін қалай тежейміз? Кәріз бассейні қалай шектеліп отыр? Осы тектес өзекті сұрақтардың шешімін бір ғана жергілікті атқарушы биліктің мойнына іліп қойып, соларды ғана кінәлаумен шектеле берсек ұлттық байлығымызды уыстан шығарып алуымыз мүмкін ғой...
Сондықтан, табиғаттың өзі тарту етіп тұрған туристік аймақтың тағдыры немқұрайдылықты көтермейді. Бұл жалпыға да, жалқыға да ортақ мәселе. Себебі, айдынды көліміз бен айбынды беліміздің болашаққа бүлінбей жетуіне бәріміз де жауаптымыз. Тізгін ұстаған басшылардан бастап күрек ұстаған тазалықшыға дейін табиғатқа зияны тиетін әрекет-әдеттермен шынайы күрессек туристік бағытта бәсіміз арта түсер еді. Күрес деген сол – әркім өз мүмкіндігінше белсенді болу. Мысалы, демалушылар, оларға қызмет көрсететін кәсіп түрлерінің иелері табиғатты ластауға, төңіректі былғауға, суды лайлауға себеп болатын әрекеттерге қатаң әрі сақ қараса. Тағамдардың қалдығы, темекінің тұқылы, орамдар мен құтылардың шашылып қалуы жемен, жаңбырмен көлге барып қосылатыны жасырын емес. Әлгінде аталған 2 миллионға жуық туристің 35-40 пайызы үстілеріне қара балшық жағып суға түседі. Ол балшықтың адам ағзасына пайдасы бар-жоғын біліп жатқан жан, зерттеген маман жоқ. Ал адам денесі арқылы көлге тонналап қосылып жатқан қара балшықтан су айдынына зияны тимесе пайдасы жоқ екені былайда белгілі. Көл айдынына батпан балшықты қойып күннен, масадан қорғану үшін пайдаланатын кремдердің өзі залал болып табылса керек. Өзінің табиғи байлығына аса сақ қарайтын өркенді мемлекеттер осы тектес жағдайларға дейін зер салады. Мәселен, көрші Қытай мемлекетінің орталық қалаларының маңындағы көлдерге шомылу тұрмақ аяғыңды салуға рұқсат жоқ. Мұнда су айдынын мейлінші пайдалансақ, ол жақта біз турист ретінде айдынды көлдерін тамашалаумен ғана шектелдік.
Түйіндей айтқанда, туристік аймақпен байланысы бар үлкеніміз бен кішіміз түгелдей жоғарыдай айтылған көрністерге көңіл бөлсек, ортақ дүниелерді тұтыну тәртібіне бағына білсек. Атқарушы биліктің бақылау құрылымдары демалыс маусымының басталуымен бірге аяқталу мерзіміне де жіті мән бергені дұрыс. Себебі, маусымның соңы созылып барып түйінделетіндіктен санитарлық нормалар мен комуналдық қызметтер босаңсып ақырғы қоқыс контейнерлері шығарылмай қалуы ықтимал. Қалып қойған тұрмыстық қалдықтарды Алакөлдің күзгі дауылы ұршықтай үйіріп ала жөнеледі. Керек болса әрбір демалыс үйін өз төңірегін таза қалпында қалдырғаны жөнінде жергілікті әкімдікке есеп беруін міндеттеп қойса да артық емес. 2025 жылдың көктемінде осы демалыс аймаққа сенбілік жүргізгенде ауылдық округтертің шамасы келмей Мақаншы аудан орталығының жұрты көмекке келгенін білеміз. Егер өткен жылғы маусымнан төңірек таза қалса көмекші топ сонау жүз шақырымнан келіп несі бар.
Шамамыз келгеше туристік аймақ мәселесінің себебі мен салдарын қатар айтуға тырстық, бізге дейін де айтылған. Өстіп-өстіп көшіміз де, көлімізде оңала берер. Алакөл даңқы асқақтай беретініне күмән жоқ. Қорыта келгенде, көлге қатысты мәселенің бәрі түзелетіні хақ, сонымен бірге көпшілік сен де түзел дегіміз келеді. Көпшілік дегеніміз – ол бәріміз!
Қайрат Сарыбай
Abai.kz