Дүйсенбі, 21 Шілде 2025
Әдебиет 379 0 пікір 21 Шілде, 2025 сағат 14:19

Ұлттық дүниетанымға қызмет ететін өлең

Сурет: janr.kz сайтынан алынды.

«Итжейде» өлеңі турасында

Өтепберген Ақыпбекұлы – танымал балалар ақыны. Тақпақ, өлең, мазақтама, әліптеме, суреттеме, жұмбақ, санамақ т.с.с. балалар әдебиеті жанрында айрықша із қалдырған тұлға. Оның балаларға арналған өлеңдері көбінесе әліпби тақырыбында (әріптерге байланысты), табиғат, күнделікті тұрмыс, тәрбиелік ойлар төңірегінде өрбиді. Оның шығармашылығы – әртүрлі жанрларды қамтыған, әдебиет пен тәрбие қағидаларын үйлестірген, ұлттық поэтиканы бала тілінде шебер жеткізген ерекше үлгі ретінде танымал.

Этнопедагогика әліппесін жазған ақынның көптеген өлеңдерінде бала көзқарасы мен сезімі шынайы беріледі. Мысалы, «Итжейде» деген өлеңін оқиық:

«Қой, бөпешiм, бұлқынба» –
Көндiрдi əжем ырқына.
Əйбəт жейде кигiздi,
Тiгiсi тек сыртында.
Ғұмыр тiлеп,
Жол тiлеп,
Айтуда жұрт оң тiлек:
«Жасың ұзақ болсын!..» – деп,
«Итжейдең тез тозсын!..» – деп…
Iстi көрiп бүгiнгi,
Қабағым сəл түйiлдi:
Итжейде деп нелiктен,
Атады екен киiмдi?!

Ақын осы өлеңінде нәрестенің эмоциясы, аңғалдығы мен сұрауыштық сипаты көркем тілмен ашылады. Бұл – бала ішінде жасырын тұрған сұрақтар мен түсініксіз мінез-құлықтарды ақындық тұрғыда көркемдейтін тәсіл.

Бұл өлең қазақ халқының дәстүрлі ғұрпына байланысты жазылған. Мұнда нәрестеге итжейде кигізу салты сөз болады. Итжейде – жаңа туған нәрестеге арнап дайындалған алғашқы көйлек. Ол баланың ғұмырлы болуына тілектестікті білдіреді. Ақын осы салтты бала көзімен көрсетіп, оның ойына орын алған итжейде неге аталған? деген сұрақты көтереді.

Ақын диалог элементін келістіре қолданады. Мәселен, «Қой, бөпешім, бұлқынба» – әже мен сәбидің арасындағы қарым-қатынас әдемі беріледі. Мейірім мен нәзіктік сезіледі. Көркемдегіш құралдары да қарапайым, бірақ мағынасы терең. «Әйбәт жейде» – көйлектің қарапайымдылығын емес, ерекше әрі ыстық ықыласпен тігілгенін білдіреді. «Тігiсi тек сыртында» – баланың нәзік денесіне тиген тігіс ауыртпасын деп жасалған аналық қамқорлық көрінісі. «Ғұмыр тілеп, жол тілеп...» қайталама арқылы тілек пен ниет күшейіп, ой мен сезімнің әуезділігі артады. Тұспалдау мәнді сөз арқылы «Итжейдең тез тозсын!..» деп баланың жылдам өсіп, мықты азамат болып кетуін қалай әдемі жеткізеді. Итжейденің тез тозуы – жақсы ырым.  Ал риторикалық сұрақпен «Итжейде деп неліктен, атайды екен киімді?» деп балаға тән аңғалдық, ақындық ізденіс арқылы салттың мәнін ашып көрсетіп тұр.

Шағын өлең ұлттық дүниетанымға қызмет етеді.  Қазақ халқының бала тәрбиесіндегі ырым-тыйымдары жақсы тілек арқылы ұлттық таным мен фольклорлық дәстүр шеңберінде шебер өрілген. Этнопедагогика әліппесін ақын бала сезімімен беріп, оқиғаны тосын өрбіткен. Баланың итжейденің атауына түсінбей таңырқауы, бала үшін бұл ерекше оқиға (жаңа киім кию, жұрттың тілек айтуы) барысынан жас өскінге тән аңғалдығы мен сұрауыш ойлау жүйесі сезіледі. Бір сөзбен қайырғанда, бұл өлең қазақ халқының ғұрпын, ырым-тыйымдарын бала санасына лайықтап жеткізген әрі қарапайымдылық пен нәзіктік үйлескен, тілі жеңіл, құрылымы ықшам, балаларға тез жатталатындай етіп жазылған туынды.

Өтепберген Ақыпбекұлы шығармаларының поэтикасы – көркемдік, ұлттық идеологияның үйлесімді поэтикалық формасы. Бұл балалар әдебиетіндегі бірегей үлгінің бірі әрі бүгінгі сауаттық мәдениетті дамытудағы маңызды ресурс деп айтуға болады.

Ал бүгінгі балалар жаттап жүрген тақпақ пен өлеңнің мәні бар ма? Не ұйқасы жоқ, не тәлімі жоқ шалажансар қойыртпақты жаттатып, баланың дүниетанымына соққы жасағанша, Өтепберген Ақыпбекұлының «Құпия оқулық», «Керек кітап», «Қызықты әліппелерін» оқытсақ, жаттатсақ еш ұтылмайтынымыз анық емес пе!

Елдос Тоқтарбай

Abai.kz

0 пікір