Сәрсенбі, 13 Тамыз 2025
Қоғам 3685 0 пікір 23 Шілде, 2025 сағат 13:11

Қазақы мазохизм және харакири

Сурет: ratel.kz сайтынан алынды.

* Мазохизм – психология мен психиатрияда қолданылатын ұғым. Ол адамның өзін өзі азаптаудан, ауырсынудан немесе қорланудан ләззат алуына байланысты күйді білдіреді.

* Харакири (腹切り) – жапон тілінен аударғанда «қарынды жарып тастау»деген мағынаны білдіреді. Бұл – самурайлардың ар-намысын қорғау үшін жасайтын өзін-өзі өлтіру рәсімі.

Желідегі жазбалар: бірінші жазба:

БІЗ, ОСЫ НЕ ІСТЕЙ АЛАМЫЗ?

Адамды емдей алмасақ?
Киноны түсіре алмасақ?
Сапалы білімді бере алмасақ?
Ғылымды дамыта алмасақ?
Ауылшаруашылықты келістіре алмасақ?
Киімді тіге алмасақ?
Энергетиканы реттей алмасақ?
Жолды сала алмасақ?
Суды үнемдей алмасақ?
Байлықты пайдалана алмасақ?
Машинаны жасай алмасақ?
Табиғатты таза ұстай алмасақ?
Дінді түсіне алмасақ?
Дананы бағалай алмасақ?
Баланы тәрбиелей алмасақ?
Жақсыны қадірлей алмасақ?
Жаманды ажырата алмасақ?
Тентекті тия алмасақ?
Тілді құрметтей алмасақ?
Ұлы тарихымызды түсіне алмасақ?
Ел болып біріге алмасақ?
Ең азы – әуежайды басқара алмасақ?
Сонда, қолымыздан не келеді, ағайын?!.

(Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің жазбасы...)

Оған журналист Сәуле Әбілдаханқызы жауап берді:  екінші жазба:

МЕН ЖАЗАМЫН:

Біз өсек айта аламыз.
Біз өтірік айта аламыз.
Біз қызғана аламыз.
Біз көреалмаушылықтан өле аламыз.
Біз мақтана аламыз.
Біз даңғойлана аламыз.
Біз той жасай аламыз.
Біз сатқындық жасай аламыз.
Біз аяқтан шала аламыз.
Біз бәле жаба аламыз.
Біз жала жаба аламыз.
Біз жақсылық жасаған адамға, жазықсызға боқ жаға аламыз.
Біз сумаңдап сөйлей аламыз.
Біз ән айта аламыз.
Біз би билей аламыз.
Біз той тойлай аламыз.
Біз арақ іше аламыз.
Біз темекі шеге аламыз.
Біз наркоман бола аламыз.
Біз лудоман бола аламыз.
Біз әйелдерімізді ұрып өлтіре аламыз.
Біз отбасымызға арамдық жасай аламыз.
Біз ата-анамызды қарттар үйіне өткізе аламыз.
Біз сүйгенімізді сата аламыз.
Біз жемқор бола аламыз.
Біз жағымпаздана аламыз.
Біз туфли жалай аламыз.
Біз іркіттей іри аламыз.
Біз бір-бірімізбен төбелесе аламыз.
Біз бір-бірімізді пышақтап, атып өлтіре аламыз.
Біз еліктей аламыз.
Біз маска кие аламыз.
Біз пластикалық отамен сұлу бола аламыз.
Біз жасанды бола аламыз.
Біз мисыз бола аламыз.
Біз жүрексіз бола аламыз.
Біз қазынаны тонай аламыз.
Біз халықты тонай аламыз.
Біз досты сата аламыз.
Біз туысты сата аламыз.
Біз жерді сата аламыз.
Біз елді сата аламыз.
Біз баланы сата аламыз.
Біз ділді сата аламыз.
Біз тілді сата аламыз.
Біз дінді сата аламыз.
Біз Құдайдың жұмағын сата аламыз.
Біз Құдаймен жағаласа аламыз.
Біз... қысқасы ібіліске әскер бола аламыз...

(Сәуле Әбілдаханқызы).

 

Міне, екі жазбаны да оқып шықтық... Мен оның бірінші бөлімін «мазохизм», екінші бөлігін «харакири» деп атадым – анықтамасын көрсеттім. Енді, осының себебіне тоқталайын...

Алдымен, екі жазбаның өн бойында айтылған «біз» ұғымына тоқталу керек. Қазіргі Қазақстанда қазақ ұлты демографиялық басымдыққа ие болды. Сөйтіп, қазақ ұлты Конституцияда ата көрестілгендей «мемлекет құрушы ұлт» статусын күшейте түсті – енді қазақтар мемлекеттік жауапкершілікті өз мойнына жүктеген ұлт ретінде саналатын болды: тілі мен мәдениеті, экономикасы «ұлттық мүддеге» сай болуына талап күшеюде. Сондықтан, жоғарыдағы айтылған «біз» ұғымы бұқаралық санада (жұрт санасында)«қазақ ұлты» деп қабылданатыны анық.

Бір жағынан бұл жақсы, өйткені, «біз» деген сөз «қазақ» түсінігімен жалғасса – ол мемлекетіміздің жалпы ұлттық сипатын анықтайтын, мемлекеттің «өзіндік менін» танытатын түсінікке айналып келе жатқанын білдіріп, ол – болашақ «Қазақ мемлекеттілігі» құрылып жатқанынан көрініс береді...

Мазохизм

Алайда, бұл теориялық тұрғыдағы болжам ғана. Ал, мұнда «біз» деген бірінші сөзде «мазохизм» белгілері толық көрініс тапқан. Енді осы ойды нақтылайық: мысалы, «Жолды сала алмасақ?» деген тіркесті талдап көрейік...

Кез-келген мемлекет өзінің билік формасы арқылы анықталады: ол «авторитаризм» және «демократия» деп бөлінеді. (Арасында неше түрлі өзге формалары бар: мысалы, «монархия»,  «королдік», «парламенттік» және т.т.). Бірақ бұл екеуі де халықтық сипаттама емес, алдымен «мемлекеттік басқару формасы» болып табылады. Ендеше, жоғарыда айтылған «жол құрылысы» ә дегеннен мемлекеттік мүддеден (халықтық мүдде) туындаған билік шешімі екені анық. Ондай шешімдер халық тарапынан толық қолдауға ие. Міне, мұндағы «Біз» дегеніміз осы! Яғни, мұнда «билік шешімі» мен «халықтың талабы» (тілегі) бір арнадан табылды – билік пен халық бірігіп, «Біз»  деген түсінікті құрады!

Одан әрі жол құрылысы басталды... Міне, осы жерде «Біз» деген ұғымда алғашқы сызат пайда болады: өйткені, құрылысты жобалау, сметалық қаржылық жобасын жасау, тендерлер өткізу, мердігерді анықтау, қаржыны бөлу және құрылысты бақылау және басқа міндеттемелерді атқару биліктің құзырына көшеді. Бұл жерде «біз» дегеніміз – биліктің өзі болып қалады.

Сонымен, «атқарушы билік» жұмысты бастады...

Жоба жасады – нарықтан екі есе жоғары қаржыны сметаға енгізді. Пайда тапқысы келген жақтар ол жобаға өз үлестерін қосты.

Тендер өткізді – алдын ала келісілген фирма оны «ұтып алды». Тараптар өз «откаттарын» алды...

Қара жұмыс басталды – қаржы орта жолда қысқарып кеткендіктен, жұмысқа лайықты еңбекақысын талап ете алатын қазақтар, яғни, мемлекет азаматтары емес, өз құқын қорғай алмайтын, өте арзанға болса да жұмыс істеуге мәжбүр гастарбайтерлер тартыла бастады...

Сөйтіп, тіптен, мектепте орта білім алмаған, өз елінде де сұраныс таппаған гастарбайтерлер мұнда келіп, «жол салудың күрделі технологиясын» меңгере бастайды... (Ең қызығы, Қазақстанда оларды бұған тегін оқытады және сол үшін оларға ақша да береді).

Сөйтіп, біраз жол құрылысында жұмыс істеген гастарбайтерлер, біршама уақыттан соң, «білікті жол құрылысшысына» айналып шыға келеді... Ол аз болса, олар өз елінде де «жоғарғы санаттағы жұмысшыға» айналады!

Ал, «қазақтар» ше? Олар, сол баяғы «жол сала алмайтын біздер» санатында қалып қойды...

Енді, сұрақ қоялық: Біз неге өзгенің қолына қармақ беріп, оған балық аулатамыз да, өз адамдарымызға қармақ беруден бас тарта отырып, оларды «Балық аулай алмайсыңдар!»?» деп, жазғырамыз. Неге, сол жазғыруды «ұлтқа жан ашығандық» деп сезініп, сол сөзден рахатқа бөленеміз?...

Себебі, «жол құрылысы» басталған сәттен бастап, халық «біз» деген түсінік аясынан шығып кеткен. «Біз» толығымен сыбайласқан, билікпен астарласқан жүйенің құзырына көшкен. Бірақ, біреулер оны ескермей, «Біз жол сала алмаймыз» деп, оған халықты кінәлі етіп қояды. Онысын «халықтың мұңын мұңдаған сөз» деп, содан рахат сезімге бөленеді...

Нағыз мазохизм дененіміз осы!

Харакири

Әдетте, адам «мазохизмнен» өлмейді. Иә, ондай адам өзін өзі шыбықтап, содан жаны мен тәні тоят табар – бірақ, өлмейді. Ал, енді, харакири – намыс үшін өзін өзі өлтіру! Одан ешкім тірі қалмайды – тірі қалуы тиіс емес!

Ендеше, жоғарыдағы екінші жазбаныхаракири десек болады.

Өйткені, онда «біз өсекшіміз, өтірікшіміз, жалақормыз, пәлеқормыз, іриміз, шіриміз, туфли жалаймыз, мисызбыз, сатқынбыз...»  деген неше пәлекет басымызға жуындыдай төгіліпті... Яғни, солай дей отырып, «егер адам баласына (бізге деңіз) осындай қасиеттер қонса, онда оның өмірінің еш құны қалмаған, оған (яғни, бізге) «өзін‑өзі ішін жарып өлтіруден басқа жол жоқ»» (харакири жасау) деген үкім (вердикт) шығарылады екен.

Енді қараңыз, Халық (қазақ), негізінен, өзінің салт‑дәстүрін жалғастырып өмір сүруде. Оның ережелері мақал‑мәтелдер күйінде, афоризмдермен, даналық сөздермен өрнектеліп, ол Ұлттық тәрбиенің өзегі ретінде орнаған. Халық даналығында жоғарыда аталған «пәлекқорлық пен жалақорлыққа», «өтірікке», «мисыздыққа» тосқауыл қойылған. Ұлттық тәрбие «адамды адам етуді» өр мінезбен, ар‑намыспен, адамгершілік қасиеттермен ғана байланыстырады.

Олай болса, «біз осындай төмен халықпыз» деген сөз Бізге, (яғни, Халыққа) жала жабу емес пе? Мысалы, сіз, кешкісін, дастархан басында ет жеп отырған отбасы мүшелерінің, не болмаса, бір‑біріне құда болып жатқан құдалардың, не болмаса, асқа жиылған қауымның қауқылдасып, бір‑біріне өтірік айтудан жарысып, одан қалды, бір‑біріне жағымпазданып, өтірік күліп, еріндерін сылпылдатып отырғанын көз алдыңызға келтіре аласыз ба? Ол миға кірмейді ғой, тіптен!

Ендеше, мұндағы «Біз» деген кімдер?» деген заңды сұрақ тағы да алдымыздан шығады. Неге осыны ашық айтпасқа?

Мәселен, Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шаханов ағамыз «туфли жалағыш» (ТЖ) деген термин енгізген. Онда оның кімнің адресіне қарата айтылғаны да  түсінікті. М.Шахановтың сөзінде «біз» жоқ, онда билік үшін, қарақан басы мен қалтасының қамы үшін өтірік те айтатын, жағымпаздана да алатын, сатқындыққа да баратын, туфлиді де жалай салатын атаққұмар, билікқұмар пенделер сынға алынады емес пе?

Қорытынды:

Ендеше, осы айтылғандарды ескере отырып, мен замандастарды (бір заманда өмір сүріп жатырмыз дегенім) халықты (бізді) оңды‑солды сынауды доғаруға шақырамын. Сіздер өз күнін өзі көріп жүрген халқыңызды, ұрпағын оқытып, отаншылдыққа тәрбиелеп жатқан ұлтыңызды олай қаралаудан аулақ  болыңыздар. Өзгелер бізге жақсысын бере салмайды. Әрі, өзгенің жақсысын аламыз деп, өзімізді жоғалтып алуымыз бек мүмкін – осыны да ескерейік.

Егер, «біз» дегіңіз келсе, онда оның нақты кімге арналғанын да ашып көрсету керек. Бұған қосып айтарым: депутат пен журналист тізіп шыққан құбылыстар барлық елде бар екенін, әлемдік әдебиет пен философия тарихына көз жүгіртсеңіздер – біліп отыратын боласыздар.

Асыл мінезді Халқымыз аман болсын, Біз аман болайық!

Бәріңізге құрметпен:

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ‑публицист, «Қазақ әлемі» қоғамның мүшесі

Abai.kz

0 пікір