Тәуелсіздіктен кейінгі тұңғыш сатиралық роман

Мен кітапқұмар адаммын. Жастайымнан кітап оқып өстім. Бүгінде зейнеткермін. Колледжде домбырадан сабақ бердім. Бір сөзбен айтқанда өнер адамымын. Мұхтар Шерім Жұмашұлының сатираларымен сырласып жүргеніме қырық жылдан асты ғой деймін.
Мұхтар Шерім Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығынынң лауреаты, Қазақстанның құрметті жазушысы, Көпен Әмірбек атындағы «Ара» сыйлығының тұңғыш лауреаты. Ол бұл атақтардың бәріне лайықты. Оған бұл атақтар берілмесе де, Мұхтар Шерім деген аты–жөнінің өзі белгілі сатирик екенін айқындап тұратынын айтқым келеді. Оның жазғандарын бұрыннан бақылап келемін. «Бюрократпен қоштасу», «Біз ұялмаймыз», «Құдағи құшақтай береді» кітаптарын, төрт томдық шығармалар жинағын шығарған Мұхтар өте еңбеккқор, ізенімпаз жазушы-сатирик. Тағы бір қасиеті–заман көшіне ілесе біледі. Заман тақырыбын, жастар тақырыбын жазып, оқырмандарына көңілді күлкі сыйлайды, қоғамда болып жатқан жат әрекеттерді әжуәлайды.
Мұхтар Шерімнің жақында ғана Алматыдағы «Тоғанай» баспасынан «Супер бетсіздер» атты сатиралық романы шықты. Атының өзі айқайлап тұр. «Супер бетсіздер кім екен?» деп қызыға кітап бетін парақтадым. Әзіл әңгімелері сойқан ғой, оқығанда бір рахаттанып қаласың. Ал, мына сатиралық романын жүрексіне қолға алғанымды жасырмаймын. 800 бетттен аса романда оқырманын күлдіру, жымиту, ой салу екінің бірінің қолынан келмейді ғой. Сондай ойда болдым. Сөйтсем, олай емес екен. Мұхтар Шерім керемет көсіліпті. Бүгінде кітап оқитындар азайып кетті ғой, жастар, жастар түгілі кәрі–құртаңдардың өзі ұялы телефонның құлы болған заман. Бірақ көпке топырақ шапайын, кітап оқитындар аз да болса баршылық. «Супер бетсіздер» сатиралық романы ә дегеннен күлкілі оқиғалардан басталады. Сосын сені қармағына іліп алады да, ары қарай тарта жөнеледі. «Не болар екен?» деген оймен кітаптың бел ортасына келіп қалғаныңды байқамайсың. Шын керек, мұнда адамдар арасындағы қараулық, арамдық, кекшілдік, жемқорлық, парақорлықты әшкерелеу өз алдына, сатқындық, жағымпаздық, астамшыл министрлердің өзін орнына қояды. Басты кейіпкерлері Майра, Мергенбай, Нартай, Қалқабай, әр қайсысы күлкінің ортасында, қызығасың, кейбірінің қара ниеттеріне қынжыласың, қаның қайнайды. Мұнда ішкі істер органдарындағы кейбір полицейлердің, бастықтардың парақорлығы, оны айтасыз, спорттағы небір былықтар, нашақорлардың қақтығысы комедиялық оқиғалармен ерекшеленеді.
Шынымды айтсам, комедиялық кино көріп отырғандай әсер алдым. Егер бар ғой, мықты режиссер, мықты әртістер табылып, кино жобасын қолға алса, ешкімнің ұтылмайтынына бәс тігемін. Роман тарауларға, тақырыптарға бөлінген. Әр тарауы сатиралық тілмен басталады: «Әйел деген ашуланса бар ғой, ақылы ағып кетеді, не асып кетеді. Долданып, жолындағының бәрін шашып кетеді. Одан қорыққан балалар тым-тырақай қашып кетеді. Қарлығаш сол ашулы күйінде әкесінің үйіне кіріп келді. Үй–іші қамырлы ет жеп отыр екен. Еріні жыбырлап, құлағы қыбырлап, бет ауызы бір уыс болып келген қызының түрінен шошынған анасы Бәтима селк ете қалды». Көрдіңіз ғой, Қарлығашты қалай суреттелгенін. Әдемі әсер аласың. Ия, мен филолог, немесе зерттеуші ғалым еемеспін. Бірақ кітапты көп оқығандығымнан болар, өзімнің жеке пікірімді айта аламын. Маскүнем, сөзінің сиқы жоқ участкелік полицей Нартайдың бейнесі есте қалады. «Ұйқыда жатқан Қарлығаш күйеуін бір теуіп, ұшырып жіберді. Басы шифонерге соғылып, тілін тістеп алғаны. Ашуы Ауғанстаннан ұшып келгендей болды. Қаны басына шапшып, дереу атып тұрды да, әйелінің бөксесіне бір тепкелі аяғын көтере беріп, қақиып қалды. «Жоқ, шыда, Нартай! Қатынды ұруға болмайды. Заң қатайды. Ертең бастығымның бетіне қалай қараймын?» деп ойлады ішінен». Мұның бәрі Мұхтар Шерімнің стилі. Кейіпкерлерінің әрқайсысына күлкілі мінез берген. Бірі- біріне ұқсамайды. Жымиып отырып оқисың, кей тұстарында рахаттанып күліп аласың. Күлмеске амалың жоқ. Бұл Мұхтар Шерімнің таланты. Қазіргі қоғамдағы шіріген байларды жіліктегенде шындықтың жарқырай түскенін байқадым. Рас қой. Қараңыз Мұхтар былай суреттейді: Біздің елде халық екіге бөлінеді ғой. Кедейлер мен шіріген байлар. Ал бұл екеуінің өзі бірнеше атаға бөлінеді. Қазақтың жеті ата руы сияқты. Кедейлерден бірде жетіп, бірде жетпес кедейлер, бірде жетіп, бірде жетпес кедейлерден болар болмас кедейлер, болар болмас кедейлерден айлығы шайлығына жетпес кедейлер, айлығы шайлығына жетпес кедейлерден тақыр кедейлер, тақыр кедейлерден битін сығып, қанын жалап отырған кедейлер, битін сығып, қанын жалап отырған кедейлерден қанын жалайтын биті де жоқ, есік алдында үретін иті де жоқ, «қашан өледі екенмін?» деп сағатына қарап отырған кедейлер тарайды.
Рас қой? Еріксіз қол қоясыз. Шындықты айтып отыр. Шындықты айта біледі. Өттері жарылып кетсе де, құдайдан қорықпайтын миллионерлердің бар екенін бүкпесіз сатира тілімен сойды. Ұрылар пәтер тонағанда әр бөлмеден ақ параққа жазылған сөздерді оқып, таң қалады. Мысалы, «Біздің үйде тас жоқ, әрең күн көрудеміз», «Біз қайыршылардан бетерміз», «Біз тас жалап жүрміз», «Былтырдан қалған көжені ішіп кетіңіз!» сияқты күлкі шақыратын хат дейміз бе жарнама дейміз бе, әйтеуір күлкі шақырады. Мақтамен бауыздап отыр десек те болады. Мұның арғы жағында халықтың кедейшілік тұрмысы аңғарылады. Сатирик жазушы Мұхтар Шерімнің «Супер бетсіздер» сатиралық романында шынында бетсіз кейіпкерлер жетерлік екен. Диалогтары қандай шымыр, ширақ, сатиралық тілмен жалғасқан. Сенбесеңіз, қараңыз, кейіпкері участкелік сыныптасына әйелі жоғалып кеткенін айтып, жәрдем сұрайды.
– Жынысы? –деп сұрады ол. Одан кейінгі сөздері тақұл–тұқыл болды.
– Қатын...
– Көңілі?
– Маған салқын...
– Бiлегi? – деп сұрады тергеуші.
– Жуан.
– Девизi?
– Бұйырса, тағы туам!
– Шашы?
– Айтсам, әңгіме көп, шашы жиналмаған шөп.
– Қасы?
– Төңкерілген қайық, бірақ өзіне лайық.
– Көзі?
– Жас бала жылағандай.
– Сөзі?
– Менен бірдеңе сұрағандай.
Осындай диалогтары еріксіз күлкі шақырады. Қызығып, ары қарай оқып шығуға ұмтыласың. Уақытың болмай жатса, келесі күні оқығанша асығасың. Бұл ненің құдыреті? Автордың шеберлігі, сатира жанрының жілік майын шағып, оқиғаларды әсірелей көрсете білуінде деп ашық айта аламын. Романның тағы бір ерекшелігі сол шытырман оқиғалар әр тарау сайын кезекпен алмасып жатады. Қалқабай жағымды кейіпкер. Бірақ ол ауыл әкімі болғанда, автор былай суреттейді. «Енді мен ауыл әкімімін! Галстуг керек!» деп ойлады таксиден түскен Қалқабай ішінен. «Галстугім бар. Тек мойын тұсы сәл түтілген. Су жаңа костюм-шалбарым да бар. Тек сәл үлкендеу болғаны болмаса. Тек тойларға ғана киіп баратын. Қара туфлиім де бар екен ғой. Тек өкшелерінің қисайып кеткені болмаса... Аппақ көйлегі де таза, тек түймелерінің үзіліп қалғаны болмаса». Автордың суреттеуіне риза боласың. Қалқабай «уа халқым!» деп қояды қуанғанынан. Таксимен ауылына келе жатып та «уа, халқым!» деуден жалықпайды.
Мұхтар Шерімнің «Супер бетсіздер» сатиралық романынан мұндай үзінділерді көптеп келтіруге болады. Әр бетін оқыған сайын жалықпайсың, күлкіге қарық боласың. Тағы бір айтайын дегенім, нашақорлардың түрмедегі тірішілігі керемет суретелген, жаргондары қызық. Айтпақшы тілші журналистердің қым-қуыт тіршілігі, макет сызу дейді ме, Соликамскіден қағаз әкелу дейді ме, лездеме дейді ме, фельетон жазылып, арты сотқа сүйретілген тілшінің тағдырын осы роман арқылы білдім. Жай қара дүрсін баяндап шықпайды, жеңіл әзілмен әспеттейді. Олимпиядаға қатысқан спортшылардың таныс, көке арқылы жолдама алғанын қалай келемеждейді десеңші.
Мұхтардың спорт саласын ерекше зерттегені көрініп тұр. Ұзын сөзің қысқасы, романның аяқталуы да ғажап, күлкілі оқиғалармен түйінделеді. Мұхтардан білгенім ол «Далбаса дөкейлер» атты сатиралық екінші романын жазу үстінде екен. Жаз, жаза түс, сатира снайпері Мұха!
Болат Сембиев,
сазгер, Шымкент қаласы
Abai.kz