Сенбі, 2 Тамыз 2025
Білгенге маржан 418 0 пікір 1 Тамыз, 2025 сағат 12:46

Кестелеп шежіре түзудің заманауи үлгісі

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Бұған дейін шежірені таратудың жырлау, қара сөздік нұсқасы, схемалық, сондай-ақ, «бәйтеректік» көріністері немесе тармақтап жазу болғаны белгілі. Алайда, қазіргі жағдайға сай, санаға сіңімді, қабылдауға оңай, жазуға ыңғайлы түрін іздестіре келе, кестелік (таблицалық) жаңа тәсілді енгізуді жөн көрдік. Алғаш рет бұл шежіре жазу үлгісі 2001 жылы кітапша болып басылған еді.  Шежірелік кесте алты бағаннан тұрады: ұрпақ реті, әулет реті, арыс реті, жанұя, перзенттер, ұран/таңба. Бұл тәсіл қажетті мәліметтерді, оның ретін ешбір шатастырмай, шұбалаңқы етпей, көз алдыға рет ретімен ұсынуымен тиімді. Бұлайша шежіре түзу ретін РУКЕСТЕ атап отырмыз. Бұл математикалық шежіре кестелеу бірнеше ұрпақты, әулетті, жанұяны, перзенттерді жыныстарына қарамастан енгізу мүмкіндігін ашып отыр. Сонымен бірге әркім өз ұраны мен таңбасын да сыйғызуына болады.

Айталық, «алдыңғы ұрпақтың әулет реті» бағаны мен «арыс реті» бағандары бойынша әулет иесінің алдыңғы ұрпақтағы қай әулеттің нешінші арысы екені бірден көзге түседі, өйткені, «перзенттер» бағанына перзенттер/балалар жынысына қарамастан, ұл да, қыз да жанұядағы туу ретіне орай, үлкенінен кішісіне қарай тізіледі.

Сондай-ақ, шежіре жазудың тағы бір жаңалығы ретінде қазіргі ұрпаққа әрі тартымды, әрі заман талабына сай етіп, ербала мен бірге қызбала да есім алдынан «минус» таңбасын қою арқылы айырып көрсету ойластырылған. Яғни, бұлжағынан қазақ шежіресіне тән тек қана ұлдарды тізу тәртібі бұзылып, қыздар да жазылады. Бірақ жиендер шежіреге кірмейді, түзілмейді. Бұның мақсаты – біріншіден, барлық перзентті шежіреге енгізудің әділдігін көтеру; екіншіден, жиендер үшін нағашыларын білудің мүмкіндігін қарастыру.  Бұл жайт тарихта да көптеген әйелдердің ру басы,тіпті  ұраны болып кеткендігімен мұндай әрекеттің орынды екені тағы бір ақталады.

Сондай-ақ, кәмелеттік жасқа жетпей немесе белінен бала тарамаған болмаса о дүниелік болған перзенттерді «нүктемен» тұйықтап кетуді жөн көрдік. Сонымен бірге, атақты, әйгілі, елге құрметті арыстардың атағын, лауазымын болмаса лақапатын жақша ішінде көрсету жөн саналды.

Бұл шежірелі рукесте әр әулетке, әр шаңыраққа, өз алдына бөлек шыққан әр отау төріне ғана лайықты емес, кәмелетке толған әрбір жасқа қажет екенін дәлелдеу артық болар. Өйткені, бұл халқымыздың мол тарихының әрбір жанұяға қатысты бөлігін жинап қана тұрған жоқ, әр қазақтың бұдан былай медицинада аса қажет болмақ, перзенттің генеалогиялық тазалығы мен қуатын іске асырушы бірден бір құжат болуы мүмкін. «Арыс реті» бағанындағы «арыс» сөзі «Перзенттер» бағанындағы ұлы бар перзент және оның нөмірі осы бағандағы үтір арөылы нешінші тұрғанына қарай анықталады.

«Әулет реті» бағанындағы сан «Жанұя» бағанындағы арыстың әкесінің нөмірі. Мысалы, 1-кесте бойынша: Ұланақтан екі перзент бар, Рим цифрымен көрсетілетін «Ұрпақ ретінде» Есіл мен Тобылдың Әулет реті -1, себебі 1-ұрпақ реті бағанындағы Ұланақтың алдында 1 цифры тұр. Ұланақтың Арыс реті -4, өйткені, ол Жанұядағы 4-бала.

Бұл рукестені шахмат секілді жазуға да оны оқуға да болады.

III ұрпақ бойынша  Тепер әулетінде - Арық, Айнық деген екі перзент көрсетілген және Тепер ұранға шыққан: «Тепер», таңбасы:  айқыш/крес пен үшкіл.  Кесте бойынша оны былай формула түрінде жазуға болады: III.2.1.1.  

Мұндағы Тепер: ІІІ - үшінші ұрпақ; 2 – ІІ ұрпақ бойынша Жанұяның нөмірі, ІІІ (келесі) ұрпақта Әулет ретін береді - Тобылдан тарайтын 2-жанұя (1-жанұя Есілдікі) екенін көрсетеді, ал Перзенттер бағанындағы баланың реті, келесі ұрпақта Арыстың ретіне барып түседі: 1 – II ұрпақ бойынша Ұланақтың 2-арысы/перзенті Тепердің нөмірі, ал Жанұя бағанындағы 1.Тепер – Тобылдың 1-перзенті екенін нұсқап тұр.

Х ұрпақ бойынша IХ ұрпақтағы Жоланның төрт баласының әулеті таратылған: Пұсырман, Жаңабай, Есен, Аман.  2-сурет.

Х ұрпақтағы Жаңабай Жанұясындағы  екі қатарға тізілген оның сәйкесінше екі әйелінен туған перзенттер:

1.Бекболат, Итес,Намаз,Құлмағамбет, Көбек

2.Өтебай,Көккөз, Қойгелді, Төле, Алдаберген, Тұрым,Сейіт, Тамтық

Бұл екі топ екі әйелден туған бір Арыстың перзенттері деп ұғылады.

Кейде тіпті, ол әйелдің есімдерін де көрсетуге болады, Алаш-Алшын шежіресіндегі (4-кесте) ХҮІІІ.1.1.

1.Әлім:

Жаманақ (Шекті)

Қарамашақ (Төртқара)

Айнық (Қарасақал)

Ұланақ (Лақаптары:Сасықбай немесе Қаракесек)

2. Кетебике (2-әйел): Темірболат,Тойқожа (Шайқожа), мұндағы Кетебике – анамыздың есімі. Бәйбішенің есімі жоқ, табылса, оны да көрсетуге болады.

Тыныс белгілер мынаны көрсетеді:

(ХХХХ)«Перзенттер» бағанындағы жақша ішіне кейде перзенттің қосымша есімі де беріледі;

«,,» «Перзенттер» бағанындағы ақпараттың үзік екенін білдіреді,яғни мәлімет табылғанда толтыру мүмкіндігі қалдырылған;

«,» перзенттер арасын жалғаушы тыныс белгі;

«.» арыстың «тұяқсыз» өмірден өткендігін білдіреді;

«-» минус – перзенттерге қыздарды қосқанда көрсетілетін белгі, бірақ қыздан тарайтын жиендер нағашысына берілгенде болмаса, одан әрі таратылмайды.

Мысалы, мына кестедегі ҮІІІ ұрпақтағы 11-әулетте көрсетілген 13-жанұяның 2 қыз перзенті минуспен берілген.

Жоланша рукестеден іздеген адамды қалай табуға болады? Ол үшін ең әуелі ұрпақ реті бойынша ізделген адам есімін «Әулет» бағанынан тауып, сол екеніне көз жеткізу үшін, қасындағы «Перзенттер» бағанынан оның балаларына қарап тексеру керек. Одан әрі ұрпақтың нөмірін Рим цифрымен белгіленген ретін ескеріп алып, келесі ұрпақ нөмірінен одан тараған әулеттер мен перзенттерді іздеп табуға болады. Ұрпақ нөмірі жоғарыдан төмен қарай өсе береді. Іздегенде төменнен жоғары қарай да, керісінше де іздей беруге болады.

Математикалық жолмен бұл шежіре түзу тәсілі сәл-пәл дағдыны талап етеді, бір үйренгесін оңай әрі қызық және де өте ыңғайлы да тиімді болмақ.Берілген кестелерге қарап, өз жеті атаңызды түзіп көріңіз.

Серік Ерғали

Abai.kz 

0 пікір