Бейсенбі, 7 Тамыз 2025
Денсаулық 303 0 пікір 7 Тамыз, 2025 сағат 17:21

Туберкулез ауруы туралы бірер сөз

 Туберкулезді көне замманнан келе жатқан ауру десек еш қателеспейміз, жеті мың жыл бұрынғы неолит дәуіріндегі мумиялардың сүйегін зерттеген ғалымдар осылай тұжырым жасайды.Ерте кездегі ғалымдар бұл ауруды жұқпалы демеген екен, тек Әбу Әли ибн Сина, бізге Авиценна атымен белгілі ғалым өзінің “Дәрігерлік ғылымның каноны” деген жазбасында туберкулезді тұқым қуалайтын аурулар қатарына жатқызған. Ал шын мәнінде туберкулездің жұқпалы ауру екенін бірінші рет  1478 тен 1553 жылға дейін өмір сүрген италиялық ғалым Дж.Фракасторо дәлелдеген екен. Аурудың тарауына науқастың қақырығы себеп болады және де үй жануарларының сүтін шикілей ішкенде болмаса етін шала пісіріп жеген кезде де болады.Бұл аурумен көп жағдайда үш жасқа дейінгі балалар ауырады, өйткені оларда ауруға қарсы иммунитет жоқ, тағы да бір себеп бұл ауру жасөспірімдерде жыныстық жетілу кезеңінде пайда болады.

Туберкулез ауруының екі түрі бар, ашық және жабық. Ашық түрінде қақырықта туберкулез таяқшалары болады, сондықтан туберкулездің мұндай түрімен ауыратын адамдар өте қауіпті деп есептелінеді. Ал жабық түрінде қақырықта туберкулез таяқшалары болмайды, бірақ дерт асқынатын болса, туберкулездің мұндай түрімен ауыратын науқастар да ауру жұқтырады. Туберкулез таяқшалары әр түрлі органдарды, көбінесе өкпені зақымдайды. Аурудың біліну сипаты туберкулездің түріне, науқастың жасына, организмнің жалпы жағдайына байланысты. Аурудың ортақ белгілері: дене қызуының көтерілуі, түнге қарай көп терлеушілік, ұйқының қашуы және тәбеттің нашарлауы. Науқас жүдеп, ашуланшақ келеді, жұмысқа қабілеті төмендейді.

Елімізде бұрыннан келе жатқан  бұл ауруға қарсы арнайы егпе (БЦЖ) жүргізіледі, ол сәби дүниеге келгеннен 3 – 5 күннен кейін іске асырылады. Ауруды емдеудің терапиялық, хирургиялық, т.б. әдістері табылып, күнделікті дәрігерлік жұмыста қолданылатын болды. Санаторийлерде емделу өте пайдалы. Қазақстанда туберкулезге қарсы жұмысты туберкулез мәселері ұлттық орталығы үйлестіріп отырады. Әрбір облыс орталығынданда арнаулы диспансер, жергілікті жерлерде олардың бөлімшелері жұмыс істейді. Республика туберкулезге қарсы қажетті дәрі-дәрмекпен, емдеу орындары төсек-орынмен жеткілікті қамтамасыз етілген.

Туберкулез ауруы біздің елде тегін емделеді.Қазір Қазақстанда аталған аурудың азайғаны мәлім, соңғы жылдардың мәліметі бойынша ақырғы 10 жыл шамасында 2,3 есе азайған, ол аурудан қайтыс болғандар саны да 6 есе азайған,емдеу халықаралық стандарттандырылған және аурумен күресу үшін заманауи  диагностикалық технология әдістері пайдаланылады.

 Туберкулезді ерте анықтаудың және жедел емдеудің маңыздылығы- жалпы халықтың ауру туралы хабардар болуы болып есептеледі. Бұл жұқпалы ауру кез-келген адамға әсер етуі мүмкін, сондықтан ол туралы мәліметтер беру денсаулық саласының міндеті.

  Өзім қызмет ететін жүз жылдық тарихы бар Түркістан облыстық фтизипульмонология орталығы туберкулезге қарсы көмекті ұйымдастыратын және жүзеге асыратын мамандандырылған денсаулық сақтау мекемесі және ұйымдастыру - әдістемелік, профилактикалық және емдеу - кеңес беру жұмыстарын қамтамасыз ететін негізгі үйлестіру орталығы болып табылады.Біздің мекеме осы аурумен ауырған адамдарды емдеу саласында көптеген жетістіктерге жетіп, емделуге келген облыстық тұрғындарға көмегін аямай келеді. Оның ішінде өзім қызмет ететін Облыстық фтизиопульмонология орталығының «Өкпе және өкпеден тыс туберкулезді емдеу» бөлімшесіндеемдеу түріне оталар жасайды. Бұл салада өте білікті, денсаулық саласында көптеген жетістіктерге жетіп жүрген бөлім меңгерушісі Мамбеталиев Сакен Мұхтарұлы, қырық жылдан аса еңбек өтілі бар білікті фтизиохирург Дұтбаев Бақыт Ермекұлы және де сүйек-буын дәрігері Шопаев Батыр Оңалбайұлын атап айту өте орынды. Орталықта 2023 жылы 195 адам емделіп шықса,оның ішінде 70 адамға ота жасалған, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 34% көбейген, яғни 262 адам емделіп, ал 119 адамға ота жасалған.Бұл көрсеткіш облыстағы профилактика қызметінің өскенін баяндайды. Сөз соңында айтарымыз, осы ауру белгілерін білген кезде жеделдетіп денсаулық мекемесіне бару керек! Ауырмаңыздар!

Облыстық фтизипульмонология орталығы

Өкпе және өкпеден тыс туберкулезді хирургиялық

емдеу бөлімшесінің аға медбикесі Байжарасова Жібек Мырзасейітқызы

 

         

Abai.kz

0 пікір