Абай неге «орысша біліңдер» деді?
Абайдың жиырма бесінші қара сөзінде: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр» деген бір сөйлеміне ғана назар аударып; «Абай орысша үйрен деген» деп өздеріне ғана ыңғайлап, арғы жағына үңілмей өзінің туған тілін ұмытып жүргендер үшін осы тәмсілді мейлінше ашуға тырыстым.
«Абай жолы» романында кезекті сайлауға жіберілген ояз, урядник, старшындар түстері жүдеу тартып, жыртық үйде көшке ілесе алмай отырған кедей ауылға негізсіз қамшы үйіріп, басына келеді. Ояздар келгенде әр рудан құралған көп жатақтың берекесі кететінін Абай біледі. Қыстан қысылып шыққан сол жатақ ауылына арнайы келеді. Дәркембай мен Дәндібай, Еренайдан ояздар ауылын жаудай шауып, әбігерге салғанын естиді. Өздерінен бұрын дақпырты елге ерте келіп, қоңырауларын шылдырлатып айбар шеге келетін ұлықтар сол ауылдың болысы жамандаған адамды бас салып қамап, қыспаққа алады. Оларды мықтап көрсеткеніне дүре соғады. Абай зорлықшыл ел мен өз қазағының арасындағы намыс пен ыза, алдану мен қиянат, қимастық пен арланудың сан түрлі қысымын көреді. Өздері қоныстанып отырған жер емшегін еме алмай, бар қайратын ақ қар көк мұзда жыртық-жабумен күнелткен елдің ұлықтарға сөзін жеткізе алмай тілмаш арқылы шала ұғысқанын көріп, «қазаққа сусылдаған ділмар, су төгілмес жорға, қызыл тілден май тамызғаны неге керек, шешендік күші шындық қой» деп ойлайды.
Жұтаған ел, жығылған лашықтарды көрген Абайдың:
-Дауыл соқты ма? – деген сұрағына Дәндібайдың:
-Дауыл соқты! Бірақ, құдайдың дауылы емес, Ұлықтың, болыстың дауылы, - дейді.
Ұлықсығандардың өздері жатуына ақ үй керек деп жөні түзу үйлерді, ас пісіретін үй, дәретке отыратын үйге дейін тарып алып, зарарлық жасағанын көреді. Өздерін қорғай алмай, заңның тілін түсіне алмай, барынан айырылып отырған елге жаны ашиды. Абай қарасөзіндегі: «Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» дегені осындай заман түйткілдерінен туған.
«Орыстың ғылымы, өнері - дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» деп қазаққа ұлық болып келген империяда бар заңды белінен басып, өз дегенін қалауынша жасай беретін отаршыл орыстың озбырлығына бас шұлғи бермеу, «ұлықсыған орысқа» емес, баршаға ортақ заңға ғана бағыну керектігін ескертеді. Бірақ, өз жұртын ел қатарына қосу үшін айтқан өсиеті отаршыл өкіметтің іс-әрекетімен сол шақта астаса кетіп, сыңаржақ пікір қалыптастырды. Дала өлкесіндегі көптеп ашыла бастаған орыс-қазақ мектептері мен басқару жүйесінің елеулі тетігіне айналды. Осылайша, «орыстың тілін біл» деген өсиеті мемлекеттік тілді қабыл алғысы келмегендердің ұстанымы болып келеді. Ал, Абай заманындағы 19 ғасырда бұл ғақлия жұрттың сауаты шамалы уақытта айтылған. Қазақстанның біртіндеп Ресейге қосылуына дейін ел арасына бірлі-жарым араб, парсы, шағатай тілдерінде шыққан кітаптар болмаса, қазақ тілінде кітап бастыру ісі Ресейге қосылғаннан кейін басталды. Алғашқы қазақ кітаптары Санкт-Петербургте, Қазанда, Орынборда, Омбыда, Ташкентте басылды. Абай дүниеден озғаннан кейін Қазақстанда алғашқы кітап 1918 жылы ұлттық негізде құрылған жаңа баспаның алғашқы өнімі – «Әліппе» болды. Бұл – қазақ баспа ісінің қарлығашы Ахмет Байтұрсынұлының араб графикасына негізделе отырып жасаған төте жазуы. Мектеп оқулықтары, қазақтың өзін қорғауға қажет заң ережелері, Қазақстан тарихы, оның әдеби, мәдени өмірін зерттеуде маңызы зор болғанымен қазақ баспасы дамымаған тұста өз жұртын қатардан қалдырмау мақсатында айтты. «Осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік» дейді.
Абайдың әр сөзін түп-тамырымен түсіну үшін бір ғана шығармасы негізінде емес, Абай өмірі мен шығармаларын, заманын салыстыра отырып толық оқып шыққанда ғана саралай аласыз. Абай – бір жақтылыққа, таяздыққа, әсірелеушілікке көнбейді. М.Әуезовтің: «Абай мұхит болса, мен шөміштеп қана алдым» деген Абай мұхитының тереңіне қарай бойлай алсақ, абайлап сүңгігеніміз жөн. «Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» деген Абай өсиетін терең түсініп жүргеніміз абзал.
Алмахан Мұхаметқалиқызы
Астана
Abai.kz