Сенбі, 9 Тамыз 2025
Жаңалықтар 227 0 пікір 9 Тамыз, 2025 сағат 17:21

Абайдың 180 жылдығына орай Жидебайда тағзым шарасы өтті

Сурет: dalanews.kz сайтынан алынды

ҚР Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылым депутаты Жанарбек Әшімжан Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Семейден 170 шақырым қашықтықтағы киелі Жидебайға барып, ұлы ойшыл Абайдың рухына тағзым етті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Депутаттың айтуынша, бұл сапардың мақсаты — елдің ертеңі мен Отан амандығы үшін тілек тілеу және қазақтың ұлы тұлғаларына құрмет көрсету.

«Жаратқан Иеміз тілегімізді қабыл қылғай! Қазіргі күндері Алаштың аты шыққан азаматтарының бәрі Семейге, киелі Жидебайға ағылып келіп жатыр», — деді ол.

1 тамыздан бастап Абайдың 180 жылдығына арналған түрлі мәдени және рухани іс-шаралар Абай облысының орталығы Семейде және өзге өңірлерде өтіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында Абайдың мерейтойын лайықты деңгейде атап өту қажеттігін және оның рухани мұралары қазақ қоғамының өмір салтында бағдаршам болуы тиіс екенін атап өткен еді.

Жанарбек Әшімжан Абайдың шығармашылық мұрасы бүгінде қайта жаңғырып, кітаптар мен жинақтар басылып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол ақынның алтыншы қара сөзіндегі бірлік туралы ойына тоқталып, «Абай айтқан ақылға бірлік — елдікке, ұлттық мүддеге бастайды» деді.

Халық қалаулысы мерейтой елдің рухани қуатын арттырып, жастардың Абай мұрасына бет бұруына ықпал етеді деген сенім білдірді.

Abai.kz
0 пікір