Абай– Қазақ әдебиетінің классигі

«Сонда жауап бере алман мен бейшара!
Сіздерге еркін тиер байқап қара!»
Абай
I. Еленбеген ерекшілік
Қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай ысырмалаушылар, оған да місе тұтпай, табалдырықтан шығарып тастаушылар, менің байқауымша, даусыз бір моментті ескермей жүр: ол өз тұсында, жалғыз қазақ қана емес, басқа көршілес елдерден де,
Абайдың әдебиеттегі үздіктігі. Армения мен Грузияны былай қойып, басқа елдердің өткенін шолып қарасақ, ең озығы Қазан татарлары екен де, өңгелері содан кейін қарай тізіледі екен. Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан – қысқасы – бүтін Орта Азия XIX ғасырдың ұзын бойында ескі мәдениетінің кірлі көрпесін қалың жамылып, батыс ауасынан әлі тыныс ала қойған жоқ еді. Түрікмен әдебиетінің атасы саналатын Мағдумқұлидың да күрделі еңбегі – ескі шағатай әдебиетінің шеңберінен шығып, аз да болса, халық әдебиетінің үлгісіне жуыса жүргендігі ғана еді, Бірақ тозған мұсылман күншығысының мәдениеті қалыбын бұзып,
көнерген қалып даналығының тар аумағынан шығып, әдебиет маңдайын жаңа арнаға қарай бұрған, жер жүзі әдебиетінің кеуде жеріне қарай жетелеген ақын-жазушы, – ол кезде, Орта Азия былай тұрсын, Ресей күн шығысы ғана емес, мемлекетті ел – Түркияда да кем болған. Онда да «бармақ өлшеуі»1 өлең, «Қаба діліні»2 «қара халық» белгісі болып саналып, «нәфис әдебиетте»3 араб-парсы «ғарузының»4 «қаңсығы таңсық» көрінетінді.
Татарстанда Абай мен бастас екі-ақ адам бар еді. Мұның бірі – Чиһабудтин Мәржани, екіншісі – Қаюм Насири. Еділ бойын басқан ескі фанатизм тұманының арасынан алғаш сәуле берген, татардың жаңа өсіп келе жатқан жас буржуазиясына мәдениет жөнінен жол ашпақшы болған XIX ғасырдың соңғы жарымындағы татар жаңашылдары осы екеуі болатын. Мәржани –
шіріген ислам іргесін ақыл кездемесімен жамамақ болған, схоластикаға қарсы шығып, енді ақылға бағындырып, мектепке дейінгі ғылымы мен орыс тілін енгізу қамында өткен, өзінше,
Абайдың ақындығын, басқа қасиеттерін былай қойып, тек әдеби тілімізді жасаудағы еңбегінің өзін қанша алсақ та, онда ақымыз кететін түрі жоқ. Оның үстіне Абайдың ірі ақын болғанын, оның өлеңі бол, қара сөзі бол, бұрынғы халық ақындарынан да, шағатайшыл молда ақындардан да озып шығып, соны жол салғанын ескерсек, Абай бейнелі ақын ол кезде, қазақта
ғана емес, көрші елдерде де болып жарымағанын көру қиын емес.
Өйткені, алған «Мұхаммедие» ізімен, түрік тілінде жазып жүріп барып, бері келе Европа үлгісіне түскен, сөйтіп татар өлеңі тарихында жаңа дәуір туған Абдолла Тоқайлар «Қан сонарда бүркітші шығады аңға» жазылғанда, туған да жоқ еді.
Қырымда сол жылы Ресей пантуркизмнің атасы Измайл Гаспринский «Тілде, істе, пікірде бірлік», «жоғалсын татаршылық!» ұрандарын көтеріп, «Тәржіман» газетін
-------------------------------------------------------------------------------------------------------
1 «Бармақ өлшеуі» деп түріктер буын негізді метриканы айтады.
2 «Қаба діл» – тұрпайы тіл деген мағынада.
3 «Нәфис әдебиет» – көркем әдебиет.
4«Ғаруз». Араб-парсының өлең өлшеу жүйесі, дауысты дыбыстардың кезектесуіне сүйенген
болады, Абайдың 1858 жылдарда жазған: «юзі раушан, көзі гауһар, лафилдек бет үші әһмәр...»
дейтін өлеңі осы жүйемен жазылған.
шығарды. «Тәржіманның» тілін біраз жеңілтіп алған Оспан түрігінің тілі еді. Оның «Тілі де бірлігінің» астары – бүкіл түрік-татар халықтарының ана тілін құртып, жойып, бәрін де Оспан түріктерінің тіліне шоқындыруы еді. Соның әлегінен Қырым татарлары енді-енді құтылуға айналып, өзінің ана тілін жаңа-жаңа тауып келе жатыр. Жуырда болып өткен «Тіл, емле конференциясы» ғана Қырым татар әдебиет тіліне орнықты, тура жол белгіледі. Азербайжанда Абай өлгеннен екі жыл соң «Шелале», «Пуюзат» журналдарының басында Ахмет Қамал, Сабрибей-заде Налид Һусейн-заде сияқты түрікшілдер отырып алып, «Сенің тілің бұзылған Оспан тілі... Сенің өзіңде тіл жоқ...»2 деп, Азербайжан еңбекшілерінің өз тілін өзіне бермей, осынысы үшін Гаспринскийден Һүсейін-заде алғыс алып еді3 . Азербайжан халқының ана тіліне жеңдіріңкіреп жазылған Нариман жолдастың «Тойы» Абай өлгеннен көп кейін жазылған еді. Рас, Азербайжанның бұл жөнінде бас бәйге алатын бір реті бар. Өйткені темір жол барып ұштасып, Бакуды капитализм арнасына алып жіберген кезден – 900 жылдардан көп ілік, XIX ғасырдың орта
жөнінде, ескіліктің қай тарауына да тәтепкі беруге талаптанған онда бір адам болды. Ол... Мырза Фатали Ахундов болды. Мырза Фатали араб жазуынан қашумен бірге ескі Шығыс мәдениетінің, ескі халық надандығының әр түріне де қарсы күш жұмсаған, сонымен қатар бірнеше әдеби мұра да қалдырып кеткен адам еді. Азербайжан халқының ана тілі де алдымен соның шығармаларында ғана болмашы орын алған еді. Бірақ, түркияшілдік ауруынан ол да тазарып болмаған еді. Сөйтіп, Абайды көрші елдердегі замандастары, бастастарымен салыстырғанда Мырза Фаталиден басқа
ешкім де шеңдесе алмай шығады. Ұлт тілінен де озат шығады. Өйткені ол кезде таза халық тілімен жазып тұрып, ол жағынан классик әдебиет үлгісімен шығарған ол елдерде адам болған жоқ. Абайдың, бір қатар сыншылар ескермей жүрген, бір оқшаулығы – осы.
Абайды өзгеден өзге қылатын оның тағы бір ерекшелігі бар: бұл – Тоқай мен Дәрдімәддей, Faли Асқар Қамал мен Фатих Әмірхандай, тіпті – Мәржани мен Насиридай – кезінің қолайлы жағдайы, жарыққа шығарған, өсіңкі тұрмыс тілегі тікелей тудырған емес. Ол – ойлау дәуірінің толқынынан пайда болған неміс Лютері, француз Малербі де емес. Сондықтан, Ренессанстай ұлы нөсердің ірі жемістері: Леонардо да Винчи, Албьрехт Дюрер болу да Абайға «бұйырмаған». Абай - шағатайдың жайсыздығы басып тудырған қараңғылық ішінен келер таңның шолпаны болып елестеп, тұнып тұрған тымырсық та келер дауылдың дауылпазы болып күңіренген адам. Бұл – өз
ортасының Дантесі сияқты. Бірақ, Данте – ескінің соңы, жаңаның алды еді. Орта дәуір мен ояну дәуірінің аралығындағы көпір еді. Ал Абайдың алды жоққа жуық та, арты ғана бар: ол – соны дәуірдің басы, жаңалық желісінің шат бұршағы сияқты. Өйткені Рим емес, үдере көшкен қайшылық өмір ғой. Абайдың осы алды – жоққа жуықтығы, салған жолының сонылығы еленбеген
ерекшелігінің бірі.
II. Абай және шағатай әдебиеті
Абайдың алды жоқ емес, жоққа жуық. Өйткені Абайдың алдында да әдебиет болды. Ата мұрасы, Абайдың еншісіне тиген әдебиет қазынасы екі түлік болатын: Бірі – емшек сүтімен қатар құлағына кіріп, сүйегіне сіңген ананың «әлди, әлди, ақ бөпем», атаның «сал-сал білек, сал білегі»,
қойшының әні, қыздың сыңсуы, қаралы қатынның жоқтауынан бастап көркемдік сезімін шарбыдай шырмаған халық әдебиеті. Екіншісі – қажы аулы, ордалы ауыл болған Құнанбай аулына ала-бөле
таныс ескі Орта Азия үлгісі – шағатай әдебиеті. Абайдың алды осы екеуі ғана. Абайдан бұрынғы қазақ әдебиеті бұл екеуінің шарасынан шығып көрмеген-ді. Абайды кернеген ақындық қуаты алғаш тасып төгілгенде, осы қолдағы бар қалыпқа құйылған. Бірқатар сыншылар соңғы кезде Абай шағатай әдебиетінің шеңгелінен шыға алған жоқ деп мойындайтын сияқты. Бірақ менің байқауымша, Абай мұны 13-19 жастарында ғана жалтыратып тағынып, сонан кейін суынып, тастап кеткен тәрізді. Шағатай әдебиетінің алды мен көзге түсер ерекшелігі – мистицизм, диуаналық лирика. Онда бастан-аяқ өртенген ғашықтықтан басқа нәрсе болып жарымайды. Оның
ғашықтығының түрі де бөлек, объекті кім екені белгісіз: құдай ма? Әйел ме, тіпті, еркек пе? Ғашықтығы жыныссыз ғашықтық. – Қәне, Абайда бұл бар ма? – Ұшқыны да жоқ.
«Җам-у жәм ишра хузур суы насибумүр мәдам,
Сағията тәркі жам әйләп, геда болдум сеңа».
Рюмка ішіндегі салдуарлық суы мәңгілік несібем (еді),
– Ей, арақ құюшы – рюмкадан баз кешуге де бардым саған.
(«саған» деп ғашығына айтады.-Қ. Ж.) Пенде (кедей) болдым деген сияқты диуаналықты
Абайдан тауып болмайды. Абай, «Шырақтар, ынталарың «менікінде» болмасын деуімен дүниеге қол сілтеген сопы болып шықпайды. Ол «мен»-ді кірлететін «менікіне» ғана қарсы. Иран –
шағатай мистицизмінің қашып құтыла алмайтыны – сол «мен» – «нәпсі» емес пе?Сондықтан Абай ғашықтықты қаншама өзегін өртей суреттесе де, ғашығының «аяғын жалап», басын бүкпейді.
Берілгені сонша ма, «Саған құрбан мал мен бас» деп өліп кетуге даяр, бірақ Абайдың көксеген өлімі «еңкейіп өлу» емес, «мендігін» сақтап, шалқайып өлуі. Абай Науаиышылап:
Дедім зауқың тұтып, шытақыңны өбей,
Қөз, қашына сүртубен, қабағыңны өбей,
Гүлдек юзің исләбән дудағыңны өбей,
Йок, йоқ әгәр десең дудағыңны өбей.
(Қызығыңды көріп, қызылыңнан (бетіңнен.-Қ. Ж.») сүйейін деп едім, көзіңе қасыңа үйкеп,
қабағыңнан сүйейін деп едім, гүлдей жүзіңнен иіскеп, ерніңнен сүйейін деп едім, «Жоқ! Жоқ!» – десең, егер, аяғыңнан сүйейін деп едім) – демейді.
Дүние азабының тізесі батып, көресіні көре-көре «құдай салдыға» көнген, өлім мен
тіршіліктің жігін жоғалтқан, қарсыласар дәрмен көксемей, тағдырдың лағынет қамытына мойнын өзі сұққан көнбестілік, құлдық идеялы – міне, шағатай әдебиет мистицизмі салған жол осы. Абай бұдан аулақ. Бұл – қолмен болмаса да, оймен бостандық іздеп, «көппен көрген ұлы
тойды» бұзбақ болған адам. Тағдыр қамытынан қалай босанудың жолын, әдісін, рас, таба алмаған. Бірақ бұлқынбады деу зорлық.
Міне, осы біріндегі «меннен» қашу, біріншідегі «мен» ардақтау – осы Абай мен шағатайдың басын бір қазанға сыйдырмайтын.
Бұл жағынан Абайды шағатайға ұқсатушы да жоқ болу керек. Бірақ біз Абайдың пікір
бағыты, әдеби нысанасы сопышылдық жолынан аулақ екенін айтумен, осы аулақтықтың Абай
өлеңінен поэтикалық техникасына да шалығын тигізгендігін мойындағымыз келеді. Өйткені
Абайдағы тұтастық, түгелдік, гармония оны шалағайлыққа жібермеген. Абай – ойшыл ақын.
Өлеңін пікір кернеп тұр. Оның сезімі ойшыл сезім. Бірақ оның ойы да – сезімшіл ой. Сондықтан
Абай өлеңінің мазмұны түрін көрсетіп тұрады да, түрі мазмұнын көрсетіп тұрады. Абайдың тілінің
сөздігі (лексикасы), грамматикасы, Абай өлеңінің өлшеуі, ырғағы, ұйқасымы, Абай суретінің
бейнесі – бәрі бірге қосылып та, жеке тұрып та негізгі тақырыптың күйіне билеп тұрады. Оның
сөздері тек бермек ұғымын жеткізерлік амал болып поэтикасы өлең қалыбына сиярлық қана болып
қоймайды: бірі олай, бірі бұлай да кетпейді: солардың әрқайсысы үлкен симфония оркестріндегі
жеке музыка аспаптары сияқты, өздері бір-бір күй тартып тұрады да, бәрі қосылып негізгі күйді
шығарады, тақырып соның бәріне дирижер болып тұрады. Дін, құдай жайын өлең қылса, «Мәкен
берген, һалық қылған – ол ләмәкән», Уә күтубиһи дегенмен ісі бар ма?» – деп арабшалап кетеді:
орыс мектебі, Салтыков, Толстойды сөз қылса, жаңа кәсіпке шақырса, «здравомыслящий»,
«занимайся прямотой» деп орысшалап та қояды. Берілген көңілдің шабытына, көтеріңкі
бәсеңдігіне қарай, түрленіп, грамматикалық формалары бірде шұбалаң, бірде жүрдек болып келеді.
Сөйтіп Абай өлеңінің мазмұны өзіне лайық түрге орана келсе, түрі де бойына шақ мазмұнын
жамылып келеді. Түр мен мазмұн тек жарасып отырмайды, «бірі-біріне ауысып, бірінен-біріне
құйылып» отырады.
Осындай іш пен сырттың біте қайнап, қосылған Абайыңда шағатайдың іші болып, сырты
болмауы немесе сырты болып тұрып, іші болмауы мүмкін де емес. Ондай диссонансты Абай
гармониясы көтермейді.
Рас, алғашқы әзірде, өлең дүниесіне қадам басқан кезде, шағатай қармағына Абай да
ілінген. Бірақ, көп ұзамай ол қармақтан бұлқынып шығып кеткен сияқты. Әзірге белгілі бір
кезеңіне жататын үш-ақ өлеңі бар. Оның да бірінің бас-аяғы жоқ. Бірақ, осы аз өлеңінің өзін
жазылған мезгілдері мен формалары арасындағы үйлесімі жағынан алып қарағанда, шағатай
қаумасынан Абайдың бір аттаса-ақ шығайын деп тұрғанын көру қиын емес.
Үш өлеңінің екеуі 1858 жылы (13 жасында) жазылған да, қалған біреуі бұдан алты жыл
кейін 1864 жылы жазылған. Міне, осы алты жылдың өзі шағатай әдебиеті мен Абай арасында
едәуір сына болып табылған. 1858 жылы жазылған өлеңдерінің екеуі екі басқа өлең екеніне ешкім
таласа алмас. Өйткені бірін қызға айтқан да, біреуі иран-шағатай ақындарына арналған. Екі
өлеңнің өлшеуі де екі басқа. Бірақ солай бола тұрып, осы екі өлең бір-біріне сондай ұқсас, бұл
ұқсастықты әлдеқалай бола қалған деуге сияр емес.
Бұл екеуінде мезгіл бірлігіне Абайдың әдеби көзқарасының, әдеби техникасының бірлігі де
сай келіп, ол Абайдың қай Абай екенін айтып тұр. Ол – иран, шағатай әдебиетінің классиктерімен
танысқан, оларды ұғынған, шеберлігіне қол қойған, сондықтан:
Физули, Шамси, Сайқали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Қожа Хафиз – бу һәммәси
Мәдет бар, я, шағири – Фурият», – деп, солардан мәдет-жәрдем тілеген Абай. Ол – әлі
бұлардың өнеріне осы көзімен қарауға шамасы келмеген, тек еліктей берген Абай.
Міне, бұл Абай өлеңдері осы екі өлеңі – шын мағынасымен шағатайша шыққан. Өлең
ұйқасымының лажсыздығы (заруата шағрия) қуып әкеп тыққанда, әсіресе, артықша орын алатын
араб-парсы сөздері шұбар тіл керек пе? Халық метрикасын менсінбей, ғаруз өлшеуін қолдану
керек пе? Халық кәдесіндегі ұйқасым молын жинап қойып:
«Юзи раушан көзи гәуһар,
Ләғилдек бет үши әһмәр,
Тамағы қардан һәм биһәр
Қаши құдрет, қоли шәге», –
сияқты үш рет жалғасынан ұйқасып келіп, төртіншіден түйіп отыру керек пе? Бұл екі
өлеңде осының бәрі де бар. Мұндағы теңеулер де көбінесе шағатай ақындарының мініп-мініп
жауыр қылып тастағандары – қазақ сезіміне ұғымсыз бейнелер: – «гәуһар көз», «лағылдай»
(маржандай) «үш қызыл бет» «Сүлеймен», «Шәмши, «Искендір» патшалардай мүлікті, байлығы
мол адамдар. Кейінгі кезде тұрмыстың қандай қараңғы түкпірлеріне де жанары түскен қараңғы көз
әлі онда жоқ. Сондықтан тұрмыстан алынған бейне де жоқ. Күншығыс ақындарынан қалған, тозған
бейнелерден шетке шықса-ақ «қасы құдірет, қолы шеге» сықылды үйлесімсіз, сорлы суреттерге
ұшырайды. «Қақтаған ак күмістей кең маңдайлы», «Айттым сәлем, қаламқастарды» жазған кезде
Абай сүйген сұлуына «қолың шегедей» демеген болар еді: қасты құдіретке теңеудің де орнын таба
алмаған болар еді.
Міне, бұл – ақындық беті ашылмаған балаң Абай кезі, Абайда, осындай, түгелімен шағатай
тұтқынында болған дәуір болуы, осы екі өлеңнің екеуінің бір жылда жазылуы, түрінің ұқсастығы
осыны көрсетеді: екеуінде де шұбар тіл, екеуінде де ғаруз, екеуінде де үштен тастап, төрттен
түйген тізгін ұйқасын, бірде шағатай ақындарына сыйыну болып, екіншісінде солардан қалған
жауыр бейне болуы осының бәрі, осыншама ұқсастық, бұл әлдеқалай, кездейсоқ нәрсе емес. Бұл –
Абай ақындығының бір кезеңі – шағатайға еліктеу кезеңі, олардан шығып кетпек түгіл, оларды
сынамақ түгіл, әлі олардың өз ішіндегі тәуірін таңдап алуға да, өз ішінен түр іздеуге де шамасы
келмеген кезеңі.
Енді үшінші өлеңге («Әліп деп ай жүзіңе ғибрат еттім») келсек, мұны жазған кезде Абайдың
бір аяғы шағатайда тұрса да, бір аяғы шетке аттауға таянған кезі көрінеді.
Мұнда алдымен көзге көрінетін – Абайдың шағатай әдебиетіндегі өлең техникасының
бұлтарыстарын тегіс аралағандығы, өмірден безіп, кейіпті кескін таба алмай, алдындағы жазудың
әріптерін бейне қылып пайдаланған шағатай ақындарының поэтикалық ойынына шейін
барғандығы.
Я – ярым, қалай болар жауап сөзің?
Мәт – қасың, тәштит – кірпік, секін – көзің,
Үтірмен асты-үстілі жазу да бар...
Араб әрпінің ас, үс, үтір, секін, тәштиттерінен көркемдік бейнесін іздеу шағатай
ақындығына үйреншікті әдет болатын. Науаидің
«Қашларыңден, кімге егер қаниғ көңіл ішре қиял,
O – қызыл қәғәда НОН болұр, – шапағ ішре һилал» деген өлеңдегі қасты нон әрпіне
ұқсатуы, немесе:
«Жанымдағы жем – ол екі далаңға пида;
Аңмен соң әлиф – таза ниналиңға пида,
Нұні дағы – ғанбарлық хиалиңға пида,
Қалған екі нұқта – екі қалыңға пида»
Жанымның «ж» әріп – ол екі қасыңа құрбан,
Онан соң «а» әрпі таза бойыңа құрбан,
«Н» әрпі дағы жақсы иісті ай жүзіңе құрбан,
Қалған екі ноқат бетіңдегі екі қалыңға құрбан», – деген өлеңіндегі ж, д, а, н әріптері мен
ноқаттар бірін ол, бірін бұл мүшелерге меңзетуі – осы әріп бейнесін ісіне асырған ақындық ойыны
болатын. Абай осыған шейін барып, шағатай үлгісінің ұшығына шыққан түрі бар. Бұл алты жыл
ішінде Абайдың түр іздеу екпіні көп өскендігін көрсетсе, оның үстіне әріп бейнесін шағатайша
бейне түрінде қолдануды місе тұтпай, әріп орнына дыбыс алғанын, әр дыбысты сол дыбыспен
басталатын сөзге синуал есебінде ұстағанын көрсетеді: «А-ай, б-бала, т-тіл, с-саламат, ш-шекер, қ-
қабыл, к-кәміл, м-мейірім, н-нала», тағы басқалар. Осының өзі шағатай үлгісін ішінен шіріте
бастағаны болу керек.
Шынында, «Әліп деп ай жүзіңе ғибрат еттім» өлеңі алдыңғы екі өлеңнен көріне басқа. Бұл –
шағатайдан қашықтай бастаған, қазақтың өз үлгісіне қайта бейімделе бастаған кезі болу керек.
Тіліндегі шұбарлық нәлі қалмаған да болса, алдыңғы екі өлеңнен көп жеңіл, араб сөзі сирек
кездеседі. Өлеңнің өлшеуі де ғарузша емес, буын өлшеулі, ұйқасым қазақтың қара өлеңінше. Бұл
кәдімгі 11 буынды қазақ өлеңі. Мұны да ғарузша құрылған дәуірлер болуы мүмкін. Ондай күмән
тудыратын екі-ақ жол бар, ол:
«Би – бала дертіңе нисбәт еттім,
Си – сәна кен мәдкіңа құрмет еттім».
Бұл екеуін күмәнды қылып тұрған – екеуінде де парсы изапетімен байланыстырылған
«бала-и-дерт», «сәна» «мәдқ» деген араб-парсы сөздері болуы, изапеттің алдыңғы буыны созылып
айтылған болғандықтан, «ұзындық-қысқалық» негізіне құрылған ғарузға ұқсап тұруы мүмкін.
Бірақ бір өленің құрылыс жүйесін, өзгесіне қарамай, тек екі жолына қарап шешуге болмайды. Бұл
өлеңнің осы екі жолдан басқаларының бәрі, оның үстіне ұйқасымы қазақша құрылғанына дау
қалдырмайды.
Ескі күншығыс ақынының әріп бейнесін дәп қолдануы өмірден қашықтап, қаламы мен
әрпіне ғана қарап тізесін құшақтап қалған касталық жағдайын көрсетеді. Абай осы белеске шейін
өрмелеп барып, шағатай жолынан безген сықылды. Осы өлеңнен кейін шығыс жұртына қонуды
тоқтатқан. Бұдан соңғы Абай өлеңдерінен шағатай үлгісін іздеу, меніңше, құр арам тер.
Абай енгізген өлеңнің жаңа өлшеулерінің кейбірі – кім білді, – ғарузға ұқсап та тұрған
шығар. Арабтың 28 әрпіне келетін комбинациясының ешқайсысын қалдырмай ұйқасым қуалаған
Шығыс ақындарының тоқсан тарау өлең ұйқасымы мен өлшеуі Абайдың қайбір өлеңіне тура келіп
те кететін шығар. Бірақ оған қарап, оп-оңай шеше салуға бұл мәселе көнбейді. Қазақтың өлеңінің
бар өлшеуін, – созып айтып, бұрмалап қараса, – ғаруздан шығаруға болады. Абайдың жаңа
үлгілеріне де осыны істеуге болатын болар. Бірақ, шағатай әдебиеті, ғаруз үш ұйықтаса түсіне
кірмеген Міржақып:
«Сен жоғыңда бұл жалғанда
Җалған олқы деді кім?
Сен келгенде арамызға
Қанша орасан толды кем?» – дейтін жоқтау өлеңін:
«Ләгул мүлке, лу ул қамдо,
Лә шурко, лә нунема» ізімен жазды деп қалай нандыруға болар?
Сонымен, 1864 жылдан кейін Абайдан шағатай ықпалын іздеу – бос арам тер болып
шығады. Өйткені 1) шағатай әдебиетінің негізгі бағыты мистицизм; Абайда бұл жоқ. 2) шағатай
әдебиетінің тілі араб-парсымен шұбарланған шұбар тіл; Абайда бұл машықтау үшін болмаса,
ұшырамайды. 3) шағатай әдебиетінде өлең өлшеуі – араб-парсының ғаруз өлшеуі; Абай мұны ерте
тастаған. 4) Абай сияқты төрт аяғы тең жорға ақын шағатайдың ғарузына сүйсінген болса, жазып
алып сүйсінбей, басқа да бір қасиеттерін қосып ала жүрген болар еді; Абайда ондай қылық жоқ.
III. Абай және халық әдебиеті
Абайға ана сүтпен кіріп, сүйегіне сіңген әдебиет үлгісінің бірі – халық әдебиеті. Абайдың
жұмсаған сөз қаруы осы қалыпқа соғылған. Бірақ ол мұның да қызығына ерте тояттап, ескірген ел
даналығын көп ұзамай өзіне мұра санаудан қалған сияқты. Халық әдебиетінің заман таптар
даңғылдаған көне жолы Абайға тарлық еткен. Ол соныдан жол салмақшы болған, «Мәдет бер» деп,
13 жасында Науаи, Сағди, Фердоусилерге жалбарынған Абай, келелі кеңестің кеуде биі болмақ
болып, ескі бише қосарлап сөйлемек болған Абай, ескі ақынша «көр-жерді өлең қылмақ» болған
Абай, енді бұларды қомсына бастайды. Оның «күн шығысы күн батысы болып», «Қожа – Хафиз»,
Сағди орнына Байрон мен Гетенің, Нысанбай, Бұхар орнына Пушкин мен Лермонтовтың етегінен
ұстайды. Классик алып әдебиет дөңіне шығып, артына қарағанда оған енді:
«Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау» – болып, олардың «кемшілігі әр жерде-ақ көрнеу тұрады». Ол
– қазақтың өнерінің өзіне сын көзімен қарап, ескі әдебиет мұрасының ескірген жерін көзі шала
бастайды. Ол жалғыз хиссашыларды ғана мінеп, шөп татыған «Әзірет Әлі», «Айдаһарлы ертегіні
термектікті» ғана кемшілік деп тоқтамайды. Өлеңнің ұйқасы үшін «ауылда қонған жерін», «астына
мінген атын», «айтамын айт дегендерді» сүйреп әкеп сөз арасы бөтен сөзбен былғанса, онда Абай:
«ол ақынның білімсіз бейшарасы», – дейді. Сөздің қасын түзеймін деп «көзін шығарып», бітпейтін
кейіпті суреттеген нәрсесінің жанына жарып тығып, өз сөзін өзі есептемей айтып «алтын иек сары ала қыз» табатын өлең арналарын қатаң сынайды. Сонымен қатар Абай «қазақтың өзге жұрттан
сөзі ұзын» екендігін, өйткені онда басы артық қосарлар жүретінін байқайды.
«Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,
Мақалдап айтады екен сөз қосарлап, –
деп қырағы көзбен бұл кемшілікті шолып өтеді де өзі «ескі бише отырман бос мақалдап»
деп, ондайдан аулақ болатындығын айтады.
«Жұрттың бәрі сөз сатқан»
Сатып алып не керек,
Ескі сөзді, ант атқан,
Шыр айналған дөңгелек, – дейді. Өткен өмір арбасының дөңгелегімен қоса айналып,
дөңгеленген, ескі тозған сөз үлгісін тастап, Абай «тіл ұстартып, өнер шашпақ» болады. Басы артық
бір сөз де өлең ішінде тұрмауын, өлеңнің «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» деген шарттарды
қояды Абай. Осындай қатаң шарт, ауыр сынның арқасында Абайдың сөздері, Ілияс айтқандай,
«қиюынан қыл өтпейтін» нығыз болып, мағынаға малынып келеді. Сондықтан оны ағызып оқып,
сыдыртып өте шықсаң, ішкі мәніне жетпей қаламын деп кідіртіп, салмақтап, ақынның кестелеген
айшықтары, қошқар мүйіздерімен оралып өтуге тура келеді. Абай айтар сөзінің бірін айтып, орнын
тақырлап кетпейді, оқушыға да шығарғыштық сыбаға қалдырып кетеді.
Міне, Абай сөзінің осы қасиеттері, Абайдың өлеңге қойған осы шарттары күні бүгінге
шейін құнын жоғалтпаған артықшылықтарының бірі. «Алтын иек сары ала қыз» сияқты жалаң,
жалған жалтыр бейнелер (образдар), ұйқасым қуалап, өлеңнің кетігін басқа сөздермен тығындаулар
бүгінгі әдебиетімізден де әлі кетіп болған жоқ.
Халық өлеңінде тақырыптан тысқары басы артық сөз болмай тұрмайды. Ондай артықтар
жаман өлеңде сорайып көрініп тұрады да, тәуірлерінде бойын жасырып, бірде орынсыз пейзажға
оранып келеді. Қалай болғанда да, бұлар өлеңнің мәнін сұйылтып, дәнін жұқартпақ. Абайдың
алдындағы әдебиет үлгісі осы сұйық мәнді, жұқа дәнді өлеңдер, тозығы жеткен мақалдар, бір
өңдей тізіліп, жалықтырғыш келетін ертегілер еді.
«Айдын көл батпақ атанар,
Айдын құрып, суалса...»
.......................................
«Арғымақ аттың белгісі –
Аса бір шауып буланбас...»
«Ағарып тұрған ай да өлер,
Қызарып тұрған күн де өлер,
Алшаңдаған бай да өлер,
Ардақтаған хан да өлер...»
Осы сияқты арзан ақиқат, тозған шындық, керексіз тақпақ – ескі өлеңнің мазмұнын да, тvрін
де біліп алған ескілік ауру болатын. «Ескі бише отырман бос мақалдап» дегенде Абай осыларды
айтқан болуы керек. Абайдан бұрынғы Абаймен замандас ақындардың «не жақсы» дегені де осы
бос мақалдан құтыла алмаған. Бұдан құтылмай тұрып, шын мағынасымен әдебиет тілін жасау да
мүмкін емес еді. Абайдың сіңірген бір еңбегі әдебиетті осындай артық жүктен тазарту болса керек.
Халық әдебиеті – халықпен құрдас, бірге жасап келе жатқан кәрі нәрсе. Оның жаңалығы
жарытусыз, бұрынғының үстіне жаңа бояу жағу түрінде ғана болады. Жаңа шығармасы да сол ескі
тамырға көктеп өседі. Мұның бәрі өмір ағынының шабандығын, ілгері басуда халықтың
мандымағанын, ескінің тігісін сөгіп ыдыратқандай, халық өмірінде ұлы өзгеріс болмағанын
көрсетеді. Сонымен атам заманда айрылып қалған, бір кезде жаңа болған, бірақ бүгінде тозған бір
нәрсе, кернеген сөзді халық әдебиеті қайталап немесе болмашы бояу жағып алып сүйрете береді.
Халық әдебиетінің сақталатыны да, оның таусылмайтыны да осыдан келеді.
Абай біздің жазба әдебиетіміздің атасы болған да, өлеңін, қара сөздерін тек қағазға
жазғандығы мен ғана емес, жазба әдебиет пен ауыз әдебиетті осы айырмашылығын ашқандығымен
атасы болады. Қазақ әдебиетін ауыз әдебиеті дәрежесінен шығарып, неше мың жылдай көнігіп,
етке, қанға сіңсіп болған ескі ауыз әдебиет дағдысынан құтқарған адам – Абай. Ескі ауыз
әдебиетіндегі артық қыстырмалардан алғаш тазартқан Абай.
Абай сынаған «қазақтың ұзын сөзділігі», «ескі бидің сөз қосарлап бос мақалдайтындығы»,
«ескі ақынның жоқтан қармап, көр-жерді өлең қылатындығы» дегендер – осы басы артық, қысыр
әңгімелер болатын. Абай сөзінің «қиюынан қыл өтпейтін» ықшам, тығыз болатыны да осы
артықтан аман болғаннан келетін-ді.
Абай ескінің шұбалаң қыстырмасын икемді бейнеге (образға) айналдырды:
Ізденіп табар сұңқармын,
Жарастықты, сүйгенде,
Қылығында жоқ ағат
........................................
Сіз – қырғауыл жез қанат,
Аш бетіңді, бер қарат...
Ескі халық ақыны болғанда, «сұңқар» мен «қырғауылдың» өз романын жарыстырып, жігіт
пен қыздың әңгімесін оның көлеңкесімен бүркеңкіреп қояр еді. Абай олай сөзді ұзайтпайды.
Ұзатпау үшін «сұңқар» мен «қырғауылдың» арасын алыстатып: арасына негізгі тақырыпты
кіргізеді; «Сұңқар», «қырғауыл» дегендер «жігіт», «қыздармен» теңбе-тең жасайтын, өз беттілік
теңеу болмай, «Сұңқар» – жігіттің, «қырғауыл» – қыздың бір мезгілдік қана кейпіне ұқсатылады
да, негізгі суреттің анықталуына, толығуына себеп болады.
Абайдың өлеңдері бейнелі, суретті келіп, шын мағынасы мен көркемдік шартын орындап
отырады. Сонда Абай образды қолдан жасап, жат кейіп қылып шығармайды. Қазақтың өзіне
қашаннан таныс, оны келтіргенде бермекші суретінің бояуын қандырып, ашып келетін суреттерден
алады. Суретті ойдағыдан күшейтіп жіберетін болса, Абай ондай-мұндай ерсі, әдепке шеттігіне де
қарамайды. Мұнысын, әрине, мақтауға болмайды. Қәрі шалдың жас қызды еріксіз қатын қылғысы
келгенін улы тілмен шаққысы келсе, «Тұсап қойып қашырар бұқа ма екен?» – деп сөгеді. Елдегі
қулардың ұнамсыз қылығын біле отырып, оны тоқтатуға мұршасы келмейтінін айтқанда:
«Ойнасшы, қатын болса ғар,
Андыған ерде қала ма ар?» – деп жібереді. Ақы алып өлең айтқан ақын – тыңдаушыны да
сөгіп, оны тыңдама деп, ондайдан бездіргісі келсе:
«Сатып алма сөз сатса,
Ол – асылды аңдамас.
Біләткенің бәрі ақша
Ер жақсысын таңдамас», – деуге де аузы бара салады. Абай қазақтың мақалын да, ертегісін
де, салтын да – бәрін де суретке пайдаланады. Бірақ, осының бәрінде қазаққа таныс образдардың
өзі бұрынғы құрысып, қатып қалған күйінде тұрмайды, жүріп кетеді, жан бітеді, жетіліп, өсіп,
ашылып, жарқырап кетеді. Өз қалпында қалып қоймай, уақиғаның өзіне біте қайнап қосылып
кетеді. Мақалдар Абайда босқа қосарланып, «солай дегендей-ақ» болып жүрмейді, жанды суретке,
қозғалысқа, протеске айналады, «Адам басы – алланың добы» деген дөрекі фатализм мақалы
ғашықтың материяланған суреті болып, бірде теріс ұшып, бірде қайта түседі:
Тәңірі добы – бұл ғарып бас
Кетті амалсыз – қорлама,
Қайта қақты, қайла болмас,
Келді, түсті ордаңа!
Бұл аудармада кездессе де (Пушкинде мұндай сөз жоқ), Абайдың өзі тағдырды осылай доп
қылып ойнатып қойған. Дәлдеп аударған жерінде де Пушкиннің:
«Мои сомненья разреши
Быть может, все это пустое,
Обман неопытной души
И суждено совсем иное» – дегенін кім біледі, мұның бәрі тәжірибесіз жанның алдануы
шығар да, жазмыштың ұйғарғаны басқа болар. «Біздегі көп аударғыштарша» тікелемейді.
Шеш көңілім жұмбағын,
Әлде, бәрі – алданыс.
Җас жүрек жайып саусағын
Талпынған шығар айға алыс, – деп әрі тура; әрі сұлу, суретті қылып, үлгілі әдеби аударма
береді. Міне, мұнда «алыс айға саусағын жайып талпынған жас жүрек» бейнесі қазақтың
«Арыстан айға шауып мерт болған» дейтін мәтелінен алынған. Сондай таныс нәрсе екені білініп
тұр, бірақ ол кейіптен еш нәрсе қалып жарыған жоқ, бәрі де Абайдың өз қолымен жаңартылған.
Мұнда арыстанның жыртқыштығы тәкаппарлығынан, сол пейілінен тапқандығынан, мерт болған
артқы аяғы екендігінен ырым да жоқ. Мұнда жүрегі таза жас сәби Айды алмақ болып, балдыр
саусағын шолтаңдатқан күнәсыз қылық қана бар. Сонымен бірге жай қалмай, мерт болып
қалатыны да көрініп тұр.
Абайдың қыз бен жігіті ғана құс пен аңға ұқсап қоймайды, құсы мен аңы да қызға, жігітке
ұқсай береді. Түлкіні бүркіт басып, екеуінің алысқанын қара шашы төгіліп, иықтары бүлкілдеп,
суға шомылып жатқан сұлуға меңзеп қояды.
Жер-ана деген ұғым қай жұртта да бар. Бірақ, Абайдың Жер-анасы не қалыңдық ойнаған
қыз болып, ұрын келген күйеуі Күнмен жымыңдасып, күліп ойнап кетеді немесе ол – ана, елжіреп
емізіп кетеді.
Қысқасы, Абайдың образ қолдануындағы өзгешелігі: әуелі – қатесіз анық таныс бейне
алады; екінші – образ ескі өлі қалыбында қалмай, жанданып кетеді, үшінші – ескі образды өсіріп,
жаңартып, жалғап әкетеді. Оның ескі, таныс образ алуы – тек таныс жағымен тартып, жуықтатып
алып келгеннен кейін басқа жаққа бұрып жібермейін дегені сияқты. Ескі әдебиет мұрасын
Абайдың пайдалануының бәрі осылай. Ол ескіні де, өз заманын да дәріптемейді. Ескі образды
алғанда, оны сүйдіру үшін емес, ескіні бұзып, жаңа қылып, сонымен жаңаны ұғындыру үшін
болады. Абайдың әдебиет, мәдениет үстеріне қолы тиіп кетсе, ол тек сипап, сүртіп шаңын кетіріп
шықпайды, өзінше бұзып, өзінше түзеп, өз қолының ізін қалдырады. Өлеңнің ырғағы да, ұйқасы
да, буыны да, әні де, тақырыбы да, сөз төсегі де, суреті де Абайдың қолынан өткенде бұрын
көрмеген жаңа нәрсе болып шығады. Қайсыбіреудің құлағын «шу» дегенде тосаңсытады, бірақ
сөйте тұра, Абай өлеңі – қазақ өлеңі, қазақ өмірінің суреті, қазақ тілімен жазылған, қазаққа
түсінікті болып шығады, Ол Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты қазақша сөйлетеді, күпілі қазақты
Пушкинше, Лермонтовша сөйлетеді. Абайдың арқасында XIX ғасырдың соңғы ширегінде қазақ
аулындағы қызойнаққа Онегин мен Татьяна «қатысады». Абайдың арқасында XIX ғасырда
қазақтың әдебиеті өзінің атам заманғы «азалы ақ көрпесін сілке тастап», Европаның классикалық
әдебиетінің қалыбына түседі, сүйте тұра қазақ әдебиеті болушылығын да бұзбайды.
Бұлайша ескіні жаңаға ұштастырып, жан бітіру үлкен шеберлікпен ғана болатын іс. Абайдан
біз осы ірі шеберлікті көреміз. Абай – ақын болғанының үстіне ескі мәдениет мұрасын дұрыс
пайдалана білген ақын. Абай ескі күншығыстың экзотикалық өнерінің бірі – шағатай әдебиетімен
де жақсы таныс болып, онан жанына азық таба алмай, ілгері басқан Европа үлгісін таңдап
ұстағанының үстіне, қазақтың халық әдебиет мұрасын да жете тексерген, оны барынша бағалаған,
онан бар керегін ала білген адам. Абайдың баласы Тұрағұлдың естелігінде: «Қазақтың
ертегілерінде естіген ертегісі кем шығар. Сонда, қазақтың ескі ертегісінен: бұрын қай жерлерде
жүргені, көршілес күндес елдері қай жұрттар екені, елдің ескі салты, арманы, кәсіп-қарекеті не
екені көрінеді деуші еді», – дейді. Міне, бұл халық әдебиетін (ертегіні) осы ғылым айтуындағыдай
бағалай алғандығы. Қазақтың мақалдарына қарап отырып, қазақтың тарихын қарастыруы да, өз
сөзіндегі қазақтың шаруашылық қалпын, дүниеге көзқарасын білуге мақалдарды кілт қылғысы
келгендері де – бәрі де халық әдебиеті мұрасын қалай пайдалану жолын түсінгенін көрсетеді.
Сонымен бірге, Абай ескі мұраны талғамай ала беретін адам емес. Ол ескіден қалған мұраға
да, өз заманының жайына да сын көзімен қарап, өзінің ақыл елегінен өткізіп алған. Қашаннан келе
жатқан «мәңгі шындық» саналатын мақалдарды, әдет заңын Абайдай қирата сынға алған қазақта
ол кезде болмаған. «Ата-анадан мал тәтті», «Атың шықпаса жер өрте», «Жарлы болсаң, арлы
болма», «Көппен көрген ұлы той» т. б. неше мақалдардың сырын ашып сынаған адам – Абай.
Жоғарыда айтылып өткендегідей, Абайдың халық әдебиеті үлгісіндегі өлең қалыбын
өзгертіп, өзінше құруы да әдебиет мұрасын қалай пайдалануды, қалай сынауды жетік білгендігінен
келген. Өлеңнің өлшеуі мен ұйқасымына кіргізген сыртқы өзгерісінің – өзі тек бола салған іс емес,
Абайдың барды сынай отырып, соныға тартқанынан туған жеміс.
Абайдың музыкаға енгізген жаңалығы – жаңа түрлі әндері де – осы өлең құрылысын қайта
құрумен байланысты. Жаңа, жат өлшеулерді жұрт құлағына сіңдіріп, көп ұғымына жуықтату үшін
оларға ән де шығарып берген. Абайдың жаңа түрлі өлең өлшеулерін шағатай үлгісінен
шығарушылар сол әндердің құрылысына сынатып қарау керек. Ән – «Ғұшшақ», «Науа» тәрізді
дәруіш мақамына бейімделген бе екен, жоқ өзі білген дәрежесінше, Батыс үлгісіне тарату бар ма
екен? Біздің байқауымызша, Абай әндерінде Орта Азияның ескі мақамына тартқан жер жоқ.
Абайдың композиторлық тәжірибесі, бәлкім, бізді қанағаттандырарлық емес шығар, сонда да сол
кезде қазақ әнінің құрылысына Батыс әсерін ендіріп өзгерту талабының өзі – біздің мәдениет
тарихымыз елеп өткендей іс. Бұл да – қазақ көркемөнерінің қолда барын қанағат қылмай, ескіні
ескі деп біліп, жаңаша таратудың бір ұшқыны.
Сонымен Абайдың көркемөнер жөніндегі айтқан сөзі емес, істеген ісінде ұлы сыншылық,
барды қайта құрушылық барына таласпай көнуге болатын болды.
1. Абай шағатай әдебиетімен жақсы таныс болып, оны баурап алып, соның үлгісімен өлең
жазып та көрген. Бірақ оны қанағат кылмай, оның ішінде қалмай, сыртына шығып соныдан жол
іздеген.
2. Абай қазақтың халық әдебиетін жақсы біле тұра, оның айдын жолымен жүріп кетуге
шамасы келе тұра, оны да өзіне баянды жол деп есептемеген, онан да шетке шыққан.
3. Абай жер жүзінің классик әдебиетінің үлгісін таңдап ұстап, қазақ әдебиетін Байрон,
Шиллер, Гете, Пушкин, Лермонтов, Толстой ізімен Батысқа жетелеген.
4. Әдебиет арнасын басқа жаққа бұрумен байланысты өлеңнің мазмұндылығы, көркемдігі,
бояуы – бәрі де өзгеруі керек деп табады. Бұл жөнінде:
a) Ауыз әдебиетінің өзгешелігі болып сақталып келген өлеңдегі басы артық бос сөздерді
шығарып, өлең сөзінің мәнділігін арттырады;
ә) Бұрын жай қосақталып, негізгі тақырыппен жарыса жүріп, оны солғындатуға себеп
болатын көлденең суреттерді шағындап, қиындап, олардан жаңа бейне құрастырады, Бұрынғы
мақал, мәтел, халық сенімі секілділердің қатып, құрысып қалған суреттерін жанды жүрек кейіпке
айналдырады;
б) Қазақ өлеңін түр жағынан байытып, жаңа өлшеулер, жаңа ұйқасымдар, жаңа ритмдер
туғызады;
в) Әдебиет тіліндегі халық үлгісінің басы артық қосарларын жоюмен қабат, шығыс
үлгісінен келіп жүрген араб-парсы сөздерін де қуып, әдебиет тілін тазартып, қазақ тілінің бар
байлығын іске асыруға жол ашып, жазба әдеби тіліміздің іргесін қалайды;
г) Көркем шығармаларды өзі де шығарып, ірі ақындардан да аударып, әдеби аударманың,
жаңа заман әдебиетіндегі бірқатар белгілі жанрлардың үлгісін іспен береді.
Халық әдебиетінің кері тарауларының бірі болған мақалдардың жарамсызы көп екенін
ашып көрсетіп, өзі де бірнеше мақал шығарады.
5. Әдебиет жұмысында өзгеріс жасаумен қатар, әлінше қазақ музыкасында жаңалық
ендірудің талабын істейді. Міне, осының бәрі де құрғақ сөз емес, Абайдың істеген істері. Адамды
істеген ісіне қарай сынайтын болсақ, бұл істерді, бұларды істеген адамдарды қалай бағалауымыз
керек? Абайды қолда барға қанағаттандырмайтын, үздіксіз сынға, таусылмас назарлыққа қуып
салатын, атам заманнан, ата-бабадан қалған, замандас, бастастары түскен даңғыл жолға
сыйдырмайтын не? Неге ол даяр әдебиет үлгісін, дайын мәдениет дағдысын сынай береді? Неге
бұлар оның сынына толмайды? Абайдың әдебиет «бар мәзіріне», мәдениет сатысына бұл сыншыл
көзқарасы бөлек жатқан нәрсе емес, соның бір бөлшегі, өткенді, төңірегін тегіс сынауынан, тегіс
ұнатпауынан, бұл әдеби формада бой көрсеткен бір түрі. Әйтпесе, өткенді көксеп, төңіректегі барға
риза болған адам сол өткеннің, төңіректің идеологиялық жемісіне – әдебиетіне ол әдебиеттің
дәрежесіне, түріне де риза болған, қанағаттанған болар еді. Ойдағы сыншылдық, жалпы бағыттағы
жаңашылдықты істе көрсете алу – онда да әдеби формада – ырғақ пен ұйқасымда, бейне мен
сөздікте көрсете алу – бұл ол шыншылдықтың тамыры терең бойлап кеткенінен келеді. Абайдың
тұла бойын түгел алып кеткен, осындай сөз ортасына наразылық бар. Абай сол заманда, сол
ортаны соя сынаған адам. Абайдың әдебиеттегі сыншылдығының түп тамыры осында жатыр.
Құдайберген Жұбанов
Abai.kz