Сәрсенбі, 2 Қыркүйек 2026
Мәдениет 112 0 пікір 2 Қыркүйек, 2026 сағат 13:30

«Қош бол, Гүлсары!»

Суреттер: Автордың жеке архивінен алынды.

Жылқының дүбірінен адамның үні естілгенде...

Астанадағы театр маусымын бірінші болып бастаған Музыкалық жас көрермен театры биыл шымылдығын бірден жаңа қойылыммен ашты. Жетінші маусымдағы алғашқы премьераның 25, 26, 27 тамыз күндері қатарынан аншлагпен өтуінің өзі көрерменнің театрға деген сағынышын аңғартқандай. Ал қойылым тақырыбына қазақ халқы жеті қазынаның бірі санаған жылқы тағдырының арқауға алынуы жай сәйкестік емес, жақсылықтың нышанындай қабылданды.

Бұл жолы театр сахнасында бауырлас қырғыз халқының заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қаламынан туған, қазақ оқырманына Шерхан Мұртазаның көркем аудармасы арқылы кеңінен танылған әйгілі «Қош бол, Гүлсары!» повесін жас режиссер Ералхан Мырзахмет жаңаша пайымдады. Шығарманы сахна тіліне бейімдеген де режиссердің өзі.

Түпнұсқаның негізгі өзегін сақтай отырып, режиссер оны сахна заңдылығына бағындырып қана қоймай, шығармаға өзіндік көзқарасын ұсынуға талпынған.

Айтматов шығармасының өзегінде – адам мен жылқының тағдыры ғана емес, адам мен қоғамның, еркіндік пен тәуелділіктің, адалдық пен биліктің арақатынасы жатыр. Танабайдың өмір жолы мен Гүлсарының тағдыры бір-біріне параллель өріліп, ақырында бір арнаға тоғысады. Осы байланысты режиссер сахналық нұсқада айқын көрсете алған.

Повесте оқиға Танабайдың қартайған шағынан басталып, өткен күндерді еске түсіру арқылы өрбиді. Ал қойылымда бұл құрылым өзгертілген. Режиссер оқиғаны хронологиялық жүйеге түсіріп, өткенді еске алу тәсілінен бас тартады. Осы арқылы спектакль уақыт жағынан бірізді, қабылдауға жеңіл құрылымға ие болған.

Бұл – режиссердің ұтымды шешімдерінің бірі. Өйткені Айтматов шығармасын оқымаған көрерменнің өзі оқиға желісін еркін қабылдай алады. Қойылым көрерменді уақыттың ауысуымен немесе күрделі композициялық құрылыммен әуреге салмай, Танабай мен Гүлсарының өмір жолын бірізді көрсетеді. Алайда режиссердің негізгі мақсаты шығарманы тек жеңілдетіп көрсету емес. Керісінше, түпнұсқадағы философиялық астарды сахналық әрекет арқылы тереңдетуге ұмтылыс байқалады.

Мәселен, Танабайдың жылқыны баптау туралы ойлары арқылы адам мен жануар арасындағы байланыстың табиғаты ашылады. Оның «Атты баптағанда  тек жүрісіне, жүйріктігіне ғана емес, иесін тыңдауына, түсінуіне де көңіл бөлген жөн! Ал жылқыны баптағанда күшпен емес, пейіліңмен баптау керек. Сонда ғана ат иесінің мінезін біледі, қайғысын да, қуанышын да сезеді» деген сөздері қойылымның философиялық қабатын қалыңдата түседі. Ал Гүлсарының «Бүгін мен алғаш рет адамның үнін таныдым. Мені баптап жатқан адам тізгінді қатты тартса да, қолында қатігездік жоқ еді. Менің бұл адамнан байқағаным, мені көндіруді емес, түсінісуді қажет етіп тұрғандай. Қанша ауырлықты сезгеніммен, жеккөрушілікті сезбедім» деп тіл қатуы  повестің түпнұсқасында жоқ, режиссерлік қиялдан туған шешім. Әрі осындай тың режиссерлік ізденістер қойылым барысында жиі кездеседі.

Бұл жерде жылқы жай ғана сахнадағы кейіпкер емес, өз тағдыры мен өз түйсігі бар тіршілік иесіне айналады. Демек, режиссер Гүлсарыны оқиғаның объектісі емес, оның субъектісіне айналдыруға ұмтылған.

Танабай – қарапайым еңбек адамы. Бірақ оның қарапайымдылығы әлсіздік емес. Ол – қайратты, өжет, әділетке сенетін, өз ұстанымынан оңайлықпен айнымайтын адам.

Бұл образды Қазыбек Есқара табиғи болмысын бұзбай, нанымды сомдайды. Актердің ойынында артық пафос жоқ. Танабайдың Гүлсарыға деген ықыласы мен жақындығы жасанды мейірім ретінде емес, адамның өз серігіне деген шынайы сезімі ретінде қабылданады. Әсіресе Танабайдың Гүлсарының қызған денесін қалшылдаған қолымен сипауы, жанашырлықпен жүгендеуі секілді қарапайым әрекеттердің өзінде кейіпкердің ішкі әлемі көрінеді. Бұл көріністерде актер сөзден гөрі әрекетке сүйенеді. Ал театрдағы шынайылық көбіне дәл осындай қарапайым әрекеттерден сезіледі.

Танабайдың тағдыры Гүлсарының тағдырымен қатар дамиды. Бірі – адам, бірі – жануар болғанымен, екеуінің де өмірінде еркіндікке деген ұмтылыс бар. Екеуі де бір сәтте өз еркіндігінен айырылып, адамның және қоғамның қойған талабына тәуелді болады. Сондықтан қойылымдағы Гүлсарының тағдырына қарап отырып, шын мәнінде Танабайдың тағдырын да көреміз.

Қойылымның ең күрделі актерлік міндеттерінің бірі – Гүлсары бейнесін жасау. Жануар образын жай ғана сыртқы қимылын қайталау арқылы емес, оның табиғатын пластикамен жеткізу – актерден ерекше физикалық дайындық пен ішкі концентрацияны талап етеді.

Гүлсарыны екі құрамда Ермахан Аймахан мен Аққанат Қуандықов сомдайды. Екі актер де бұл бейнеге әртүрлі жолмен келеді. Бірі жылқы мінезін дененің дірілі, көзқарасы, тұрысы арқылы жеткізуге тырысса, екіншісі жүрісіне, дыбысына, тынысына, дене пластикасына көбірек сүйенеді. Екеуінің де сыртқы дене бітімі жылқы бейнесіне сахналық тұрғыдан сәтті сәйкес келеді.

Дегенмен Гүлсары образында әлі де тереңдетуді қажет ететін тұстар бар. Актерлер кей сәттерде жылқыны «ойнап» тұрғанын сездіріп қояды. Ал мұндай образда көрермен актерді емес, тіршілік иесінің өзін сезінуі керек. Яғни пластикалық әрекет біртіндеп саналы актерлік қимылдан табиғи инстинкт деңгейіне өтуі қажет. Өйткені қойылымда бар назар Гүлсарыға түсетін сәттер аз емес. Сондықтан бұл образдың сахналық табиғатын одан әрі тереңдету спектакльдің эмоционалдық қуатын да арттыра түсері анық.

Соған қарамастан Гүлсары мен Танабайдың алғашқы кездесуі, бір-бірін тануы және Гүлсарыны құрықтау сәті қойылымдағы ең көркем әрі әсерлі көріністердің бірі. Бұл жерде жарықтың рөлін ерекше атап өткен дұрыс. Жарық режиссерлік ойды толықтырып қана қоймай, көп көріністердің эмоционалдық қуатын арттыра түскен. Жарық арқылы адам мен жылқы арасындағы арпалыс, Гүлсарының асау табиғаты мен еркіндікке ұмтылысы айқын сезіледі. Ал Танабайдың Бүбіжанмен бірге өткізген түніндегі көрінісі жарық пен дыбыстың үйлесімі арқылы өте сәтті берілген. Сол түнгі найзағайдың жарқылы мен күннің күркіреген дыбысы сахнадағы атмосфераны күшейтіп, көріністің ішкі ширығуын әсерлі жеткізеді. Қойылымдағы жарық жай ғана сахнаны безендіру құралы емес, оқиғаның эмоциялық ахуалын, кейіпкерлердің ішкі күйін толықтыратын маңызды көркемдік құрал ретінде қолданылған.

Қойылымдағы негізгі драмалық жүкті көтерген образдардың бірі – Танабайдың жары Жайдар. Бұл рөлді Ақниет Замзат сомдайды. Актрисаның сахналық жұмысындағы басты ерекшелік – ішкі қасіретті сыртқы айқайға айналдырмай жеткізуі. Жайдардың ішкі толғанысы көзқарасынан, дауыс ырғағынан, үнсіздігінің өзінен байқалады. Бұл жерде актриса кейіпкердің эмоциясын көрерменге күштеп таңбайды. Керісінше, оның ішкі күйін көрерменнің өзіне сезінуге мүмкіндік береді. Театрдағы ұстамдылықтың өзі кейде үлкен эмоциялық әсер туғызатынын дәл осы Жайдар бейнесі дәлелдейді.

Спектакльдің көркемдік деңгейін анық көрсететін, назар аударуға тұрарлық тұсы - Бәйге сахнасы. Көпшілік сахна өте әдемі құрылған. Бірінен-бірі өткен сәйгүліктер, аламанға жиылған жұрттың «Шап! Шап!» деген айқайы, мәреге ұмтылған жылқылардың қимыл - қозғалысы ерекше әсер қалдырады. Жалпы атмосферасы мен кейбір пластикалық шешімдері басқа бір қойылымды еске түсіргенімен, мұнда дайын көшірме емес, өзіндік режиссерлік ізденістер ұсынылғаны байқалады.

Актерлердің сахнаны айнала шауып, бірде алға, бірде артқа, бірде қапталға қисая қозғалып, мәреге бірінші болып жеткен Гүлсарының алдына тартылған арқаннан аттап өтетін сәті – хореографиялық тұрғыдан жақсы ойластырылған көрініс. Сол сәтте көрермен бәйгенің шынайы атмосферасын сезінгендей болады. Бұл көріністің құндылығы жылқының сыртқы қозғалысын көрсетуінде ғана емес. Мұнда қозғалыстың өзіне еркіндік ұғымы сыйған. Гүлсары үшін жүйріктік – табиғи болмыс. Ал адам үшін сол табиғи болмысты мойындату, иемдену, басқару әрекеті басталады. Осы қайшылық кейін спектакльдің негізгі философиялық желісіне айналады.

Алайда қойылымның көркемдік тұтастығына қатысты сын айтуға болатын тұстар да бар. Солардың бірі – Танабай мен Бүбіжанның махаббат сахнасы. Бұл көрініс тым ұзаққа созылып, спектакльдің жалпы эстетикалық табиғатымен толық үйлесе қоймайды. Кейбір әрекеттердің сахнада тым ашық берілуі көркемдік астарды күшейтудің орнына, керісінше, оның әсерін әлсіретіп жібереді. Театрдың басты құдіреті – бәрін тура көрсетуінде емес, көрерменнің қиялына орын қалдыруында. Сондықтан бұл қарым-қатынасты көзқарас, үн, қашықтық, ишара немесе қысқа пластикалық әрекет арқылы астарлап та жеткізуге болатын еді.

Бұған қоса Танабай мен Бүбіжан арасындағы желіге қойылымда едәуір көп орын берілгендей көрінді. Бұл өз кезегінде негізгі драмалық арқау Танабай мен Гүлсары тағдырының параллель өрілуінен көрермен назарын сәл алыстатып жібереді. Оның орнына шығарманың қысқарып қалған кейбір маңызды желілерін қосуға болар еді.

Мәселен, Айтматовтың түпнұсқасындағы Танабайдың досы Шора спектакльде мүлде жоқ. Әрине, бұл – режиссерлік интерпретацияның нәтижесі. Сахналық нұсқада кейіпкерлерді қысқарту заңды. Бірақ Шора бейнесінің болмауы Танабайдың әлеуметтік ортасын, адамдық қарым-қатынас кеңістігін біршама тарылтқанын да айта кету керек.

Жалпы қойылымның драматургиялық құрылымы жүйелі, ішкі қуаты өте мықты. Актерлік ансамбль де қойылымның тұтастығын сақтауға қызмет етеді. Спектакльдің сценографиялық шешімі де өзін ақтайды. Сахнада артық деталь жоқ. Декорация көрермен назарын артық дүниелерге бөлмейді, оқиға өтіп жатқан қажетті кеңістікті ғана белгілейді.

Сахнаның қақ ортасында тұрған жалғыз ағаштың орны бөлек. Шығармада қайта-қайта аталатын, Гүлсары байланатын бұл ағаш спектакльде жай ғана декорациялық элемент болып қалмайды. Ол оқиғаның тұрақты нүктесіне айналады. Адам мен жылқы тағдырының түрлі кезеңдері сол бір кеңістіктің айналасында өрбиді.

Ағаштың өзі де белгілі бір мағынада еркіндік пен тәуелділіктің арасындағы шекараны көрсетеді. Гүлсары табиғаттың еркін тіршілігінен адам қолына өткен сайын сол ағашқа байланады.

Музыкалық шешім де қойылымның жалпы атмосферасымен қабысып жатыр. Музыка оқиғаны сырттай сүйемелдеуші ғана емес, қойылымның эмоциялық кеңістігін қалыптастыратын элемент ретінде қызмет етеді.

Хор орындайтын «Жылқышының әні» спектакльдің тақырыбымен үйлесім тауып, шығарманың ұлттық бояуын тереңдете түседі.

Қойылымдағы ең маңызды әрі көркемдік салмағы басым режиссерлік шешім – финал.

Танабай үкіметтің малын меншіктеді деген айыппен ауылшаруашылық кеңесінің жиналысына түседі. Режиссер бұл жиынды кәдімгі сот отырысына ұқсас жағдайда құрады. Танабайға түрлі айыптар тағылып, мойнына темір кісен салынған сәтте сахнаның артқы планында Гүлсарының қамшы астындағы көрінісі қатар жүреді. Иесі қиналып, рухы жаншылып жатқанда, жорғаның да жан даусын шығарардай күй кешуі – адам мен жануар тағдырын бір нүктеде түйістіретін өте күшті сахналық шешім.

Мұнда режиссер параллель монтаж тәсілін театр тіліне айналдырады: бір сахнада адам жазаланады, екінші кеңістікте жылқы азап шегеді. Бірақ көрермен үшін екеуінің де жазасы бір жүйеден шығып тұрғаны анық.

Одан кейін ауыл тұрғындарының Танабайды қой терілерімен ұрып, «халық сенімін ақтамаған» адам ретінде көміп кетуі де символикалық тұрғыдан аса салмақты сахналардың бірі.

Бұл бір адамның ғана жазалануы емес. Бұл жүйеге сыймаған адамның қоғам тарапынан жерленуі. Ал Гүлсарының тағдыры осы үкімнің екінші қыры іспетті. Бірі – адам болғаны үшін, екіншісі – табиғатына адал болғаны үшін жапа шегеді. Финалдың айтар ойы дәл осы сахнамен астасып жетеді.

Қорыта айтсақ, «Қош бол, Гүлсары!» Айтматов шығармасын сахнаға жай ғана көшіріп әкелуге тырыспай, онымен шығармашылық диалог орнатқан қойылым. Режиссер Ералхан Мырзахмет түпнұсқаның негізгі идеясынан алшақтамай, өз сахналық тілін іздеген. Оның хронологиялық құрылымға көшуі, Гүлсарының ішкі дауысын енгізуі, Танабай мен жылқы тағдырын параллель жүргізуі, бәйге көрінісіндегі пластикалық шешімдері және финалдағы сот көрінісі мен қамшы астындағы Гүлсары тағдырын қатар көрсетуі – режиссердің өзіндік қолтаңбасын танытатын ізденістер.

Қойылымның ең басты жетістігі – Гүлсарының тағдырын Танабайдан бөлек қарастырмай, екеуінің өмірін бір-бірінің айнасына айналдыра білуі. Жылқының еркіндігі шектелген сайын адамның да еркіндігі тарылып бара жатқанын сезінеміз.

Қойылым адам мен табиғаттың арасындағы байланысты ғана емес, адамды адамның өзіне жат қылатын қоғам туралы да ойлантады.

Спектакль осы ойды бүгінгі көрерменге қайта ұсынуға талпынады.

Гүлсары сахнадан кеткенде, оның дүбірі біразға дейін құлақта қалады. Бірақ сол дүбірдің ар жағынан жылқының ғана емес, өз еркіндігінен айырылған адамның үні естілгендей болады.

Жұлдыз Капезова, театртанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 383
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 1290
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 356
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 323