Шындығын шырақ еткен шайыр

Өмір деген қызық қой. Бір адамдар болады күнде көресің, тілдесесің бірақ таным-түсінік жағынан алыста. Тым алыста.Біреулер болады алыста, болмыс-бітімімен, ой-өлшемімен, жаныңа жақын. Қызық, иә?Бала күнімнен жыр жазып, өзімде отты өлеңдердің қызуына «жылынып» өскендіктен болар, жүрекке жылы тиер поэзия қуатын сезінсем, сол ақынды «қуалап» жүріп оқитын әдетім бар.
Ұмытпасам, 2000 жылдардың орта тұсында теледидардан ізгілік, адамгершілік, имандылық туралы бағдарламаны көріп отырып, жиналған көпшілік арасынан қоңыр өңді, қоңыр үнді, ойлы жанары тұп-тұнық қағілез жігіттің сөз саптасын ұнаттым. Сол бағдарлама көтерген тақырыптың «оң жамбасына келетін» имани жыр оқығаны есімде. Сөзбе-сөз көкейімде жатталып қалмаса да, өлеңнің көтерген жүгі қоғамдағы арсыздықтар мен ұлттық салт-дәстүрден алыстай бастаған жастар туралы болатын. Кәдімгідей төселген, кең тынысты ақын екені көрініп тұр. Есім-сойы да жадымда сақталып қалды – Дәулетбек Байтұрсынұлы.
Адам есімін көкейге сақтауда менің өз әдісім бар. Мысалы немере інімнің аты Дәулет. Осыны санама бірнеше рет қайталап сіңіріп аламын. Дәулеттің артына «бек» жалғауын қосу қиын емес. Өзім Ахмет Байтұрсынов туған өлкеденмін. Алты алашқа есімі таныс Ахаңның тегін ұмытып не көрініпті.
Ол кезде бүгінгідей интернет сайттардың, әлеуметтік желілердің әлі күшіне міне алмай шатқаяқтап тұрған кезі. Халық әлі де болса баспаның бояуының иісі бұрқыраған газет-журналға жүгініп, содан рухани күш алып, ақын-жазушылардың, журналистердің аяқ алысына зер салып, бақылап отыратын заман. Сол жылы «Ислам және өркениет» газетінің бір номерінен Дәулетбек Байтұрсынұлының имани шуақтың «нұрына шомылған» топтамасын оқып жаным жадырады. Мені тәнті еткені, өлеңдеріндегі шұрайлы тілі мен шынайы болмысы. Өрелі образ арқылы, салиқалы ой түйе білуі. Жылға-жылғамен жылап аққан қар суындай жұғымсыз ақыл мен татымсыз пәлсапа айтудан ада ақын екен. Қайта, дариядай ағысын ішіне жасырып ағатын қарапайымдылығы басымдау ма дедім. Бітік шыққан көк шалғындағы таңғы шықтай мөлдіреген сөз сиқыры баурап алды ма? Бәлкім кірпияздығы қолайыма жақты м, есіме түспей тұр, тек жадымда сақталғаны, көзімізден ғайып болып бара жатқан қазақы тіршіліктен ажырамаған болмыс-бітімі мен қопсып тұрған санасына сіңген ұлттық құндылықтың ғажап үні еді...
Бұған дейін асқақ ақын, марқұм Есенғали Раушановтың:
« - Қош бол, - дедім құмдарға, -
Есен жүрсем, бір келермін, мұңданба.
Ат тағалап, атан қомдап ер жеткен
Ең соңғы ақын мына мен ем бұл маңда» деген өлеңінің әсерінен арыла алмай жүргенде, Дәулетбек ақынның:
«Оғаштықты көрмейтін өзіме мін,
Жас күнім-ғой ол кезде не білемін.
Күндізімді өткізіп мал соңында,
«Ақ сүйекпен» таң ата көз ілемін.
Жатпайтынмын болды деп ұйқым шала,
Жылқы қуып кетемін қиқу сала...
Асау таймен алысып жүруші едім,
Пәре-пәре киімім жыртылса да.
Ерте оянып жүректе арайлы үміт,
Сан үйрендім қозыны санай жүріп.
Әжеміздің ертегін әліппе ғып,
Талай жылап, қызықтан талай күлдік.
Өмір өзі екен-ғой сұрақ, құрбым,
Сан сиқырлы әуенге құлақ түрдім.
Кеше үйренген, көп көрген білімдерім,
Іс басында аздығын бірақ білдім.
Шындықтарға солай да айналды арман,
Жеңіс таптым арпалыс майдандардан.
үмітімнің тізгінін берік ұстап,
Түйіндедім ой жібін байланбаған.
Күнін кештім ерлену, жасулардың,
Азабында өртендім ашулардың.
Бой түзеген сұлудай жігітіне,
Ой түзедім өрінде асулардың!» деп жазуы – көңіліме қуаныш ұялатып-ақ тастады.
Газетке шыққан топтама өлеңдерін оқығасын, ақынның жырына деген қызығушылығым оянып кітабын іздей бастадым. Іздеген жетер мұратқа. Таптым. «Күнәсыз мекен» деп аталатын алғашқы жинағы қателеспесем. Ақын Мұзафар Әлімбаев ақ батасын беріп алғы сөз жазғанын ұмытпаппын.
Кітаптың ортан білінен ашып оқи бастадым:
«Өзім оқып сарғайттым жүрегімнің кітабын,
Өтіп жатқан уақытты қайтып қана ұтамын?
Құла дүзге кетсем бе тыныштықтың еліне,
Құлазыдым у-шудан көңілімнен жұтадым.
Алда ненің боларын Алла ғана біледі,
Өткенді аңсап табылар жүрегімнің бір емі.
Жарамсыз боп жаралсақ мынау жарық жалғанға,
Лақтыруға дайын тұр уақыттың күрегі».
Жүрек баурайтын нәзік лиризммен тұла бойыңды шымырлатып, эпикалық арынмен күзгі нөсердей төкпелетіп жібергенде, көне көз қариялардың тәлім-тәрбиесін көргенін, қисса-дастандарды жаттап өскенін, құнан қымыздың қуатын сезінгендей бірден түсіне қаласың. Сөзді ойнатып, әр жолды тотыдай түрлентіп, метафораға сабылып, теңеу іздеп жанығып, «қиыннан қиыстырып», «әп-бәрекелді» дегізетін ой-толғамдарды «жиыстырып» әбігерге түсетіндерден жыр-қосын аулақтау тіккенін көзі қарақты жыр сүйер қауым бірден аңғарады.
Ақын өлеңдері ақ парақ бетіне ойлы жанардан күн шуағындай төгіліп түскендей әсерге бөлейді. Шып-шымыр. Жып-жинақы. Жер қойнауынан тұтас табылған асыл метал тәрізді. Бөлшектеуге, бөлектеуге келмейді. Бір жолын алып тастасаң, иық тірескен өзге буындар «жетімсіреп» қалатындай. Оқып көріңіз!
Тауға ұқсап
Алтын табақ, күміс нұрлар тарата,
Биік тауды аймалайды таң ата.
Бір жағында қарауытса көлеңке,
Бір жағында балқып жатар кең, өлке.
Бір қапталы нұрға бөксе жылынып,
Бір қапталы тітіреткен суық, ық,
Сондықтан да күнгей менен теріскей,
Келе жатыр бір-бірімен келіспей.
Туылыппын көш жолында таудағы,
Төрт адымдай күркешенің аумағы.
Боран үдеп туырлықты жұлқылап,
Қар да сонда тұрған дейді жауғалы.
Күнгейі мен теріскейі бәрі айқын,
Бар адамдар шалқасынан қарайтын.
Үйсінтаудың етегінде туыппын,
«Таудай бол» деп анам жаны қалайтын.
Содан болар достарыма күнгеймін,
Бөктердегі алуан-алуан гүлдеймін.
Содан болар дұспаныма теріскей,
Боламын да -
Жақтырмаймын сүймеймін.
Олар үшін есіркеуді,
Шапағатты білмеймін!» -дейді ақын.
Жақсылық пен жамандықты, пенде бойында кездесетін қарама-қайшылықтарды «Күнгей мен теріскей» арқылы суреттеу – шынайы поэзияның басты мұраты. Бұл абстрактілі ұғым. Ақынөлең өлкесіне табиғаттың сырын, даланың жырын, бұлақтың үнін, дауыл мен желдің мұңын, адам баласының құнын бағалап келген. Адам мен табиғат егіз. Ақын жырларының жүрек-бұтаққа, бозторғай болып қона кететіні содан ба деймін.
Заңғар ақын Жұмекен Нәжімеденовпен үндестік байқалады жырынан. Бірақ ақын өзіне дейінгі айтылған ойды қайталамайды. Тыңнан түрен салады.
«Жасыл түсті секілді нұр, арай да,
жасып қалған секілді алап, маңай бар.
Тастардан да сабыр қашқан тәрізді,
Кәрінің де ақылы жоқ абайлар.
Көк теректер көтеріліп еңсемен,
желпінетіндей биікпін деп, мен сенен,
мен де терек жапырағы боп сылдырап,
мен де еменнің бұтағы боп теңселем.
Көңіл шіркін әр қилы ғой,
әр қилы,
әсері де ән күйдің:
ақ гүлдердің арманы боп ашылып,
қызыл гүлдің қиялы боп қалғимын» дейді Жұмекен ақын.
Қос ақын да жырларына табиғаттың бояуын керемет үйлесімділікпен келістіре жағады. Бұл оқырманға жағады. Себебі табиғат адам жанының бір бөлшегі.
Ақынның бірі табиғатпен сырласса, екінші ақын табиғат арқылы адам психологиясын ашуға талпынады. Қоғамдағы келеңсіздіктерді жырымен әжуалайды.
Бұл көрініс әлем әдебиетінің інжу-маржандарына да тән. Әріге бармай-ақ,А.С. Пушкиннің «Қысқы жол» поэмасын алайық, орыс ақынының тамаша шығармаларының бірі бұл. Осы поэманы оқығанда орыс пейзаждары елең еткізіп, кейде ішіне сыр жасырып «қымтана» бастайды. Ал Сергей Есениннің – туған жердің сұлулығын, оның табиғатын, шексіз кеңістігін жырлаған әйгілі жырлары қаншама. Бұл ақындар да ешқашан пейзажды адамнан бөлек суреттеген емес...
Ақын «ДАБЫЛ» деген өлеңінде:
«Баян етіп отырғандай қыз мұңын,
Жігітіне сұрғылт бақта күзді күн.
Қатал өмір қолтығына тығылып,
Сыбыр-сыбыр естіледі біздің үн.
Жер бетінде қауышамыз достасып,
Өмірменен болып ара қос ғашық.
Оралмасқа сапар шеккен жандардай,
Албырттығым кетіп жатыр қоштасып.
Сүйікті елден бой көтеріп панамыз,
Тарих белін ендей аттап барамыз.
Ылғи менің асқым келіп тұрады,
Биіктерден аса алмаған бабамыз.
Толтырғандай қу тезекке етегін,
Кемпірлерше тірлік отын көседім.
Қиясынан тартып барам заманның,
Қиып тастап өзгелердің жетегін» - дей келіп, өлеңді керемет түйіндейді:
«Жол болсынын айтып жатыр маң күліп,
Аяғы елпек жас келінін маңдырып.
Мен танимын, танымайды шоқылар,
Танымасын силамайды, заңдылық».Осы соңғы жол – әдемі жырдың мәнін арттырып, сәнін келтіріп тұр. «Мен танимын, танымайды шоқылар..» деп айта білуге де іңкәр сезім, алғыр ой, керім жүрек, көрегендік керек-ақ шығар...
Жаным сыздап отырмын жарылардай,
Бір қызыл шоқ тәнімді қарығандай.
Малын алсаң ала бер, жанын алсаң,-
Мынау бейбақ халықтың арын алмай!..
Оқиғалар тууда мүлде шетін,
Қарын үшін болыпты күн кешетін.
Ару қызы қазақтың қайдағы бір,-
Кок аттыға көлденең мінгесетін...
кез болғаны-ай...
ұятым қолды болған,
Серіппейтін тұяғын сорлы болған.
Не биліктен, не елден тиым болмай,-
Не жігіттер шықпайды орғып ордан.
Қыздарыңа қырғидай тиіп бөтен,
Жаттар жалмап жатқанға күйіп кетем.
Қыз бұлқынбай бұл күнде, ер жұлқынбай,
Тапталасың осылай «күйіс» десең!..
Қызын зорлап басқанда Жапон келіп,
Бас көтерген Қытайда от ән керіп.
Қыз намыссыз, ерлер ез... селт етпейді,-
«Ауланғаны» жас қыздың –отан деп ұқ!
Ғылым іздеп барған қыз байланады,
«Мем-арнадан» мақтанға айналады.
Қысық көзбен, қаралар қызықтап жүр,-
Төсек салып төріңе... аймалады.
Иман кетсе, ар кетсе ет өледі,
Табылмай тұр әзірге кесел емі.
«Озық» елге жетерміз ақшамызбен,-
Қайтіп қана намысың өтеледі?!... Міне, ақынның жанайқайы! Ішкі запыран. Иманы берік азамат ақын, әділетсіздікке, арсыздыққа төзе алмайды.Ұрпағың азғындап бара жатса, кімге керек «көңіл тоғайтар көбік жыр». Атойлап атқа мінбесе де, арағайындап араша түсуге тырысады ақын.
Махамбетше жырласақ,
«...Тағыдай таңдап су ішкен,
Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген.
Тағы сынды ер едік,
Тағы да келдік тар жерге.
Таңдансаң тағы болар ма
Тәңірің салған бұл іске?!
Ата-енені сөктіріп,
Ат басына соқтырып,
Нәлет десең болмас па,
Осынау біздің жүрген жүріске» дейтін-ақ кезең туып тұр ұлттың басына. Осындай шақта қаламын қанға малмаса да, жан жүрегінің сиясымен суарып, ішкі күйзелісін елге жеткізе білу де ерлік іс!
Бүгінгі біздің «биіктік» өлеңінде:
«Ұялмай-ақ көрсеткен соң кіндігін,
Қылығынан жиіркендім құрбының.
Май бөксенің маңайында ышқыры,
Сыпырылып түсуге шақ жүр бүгін.
Қайран ғана аруларым асылым,
Қымбатыңды қымтап ұста жасырын.
Намысыңды шылғау етпек аяққа,
Батыс билеп жетектеген ғасырың.
Құралайы сүп-сүйкімді еліктің,
Шырмауында нең бар мода, желіктің.
Қыз – болашақбөксесіненжалаңаш,
Ей, әкелер«тек!»десеңші,неніұқтың?!» деп қазақтың ер-азаматтарының намысын қайрайды. «Ұлттың болашағы қыз емес пе, ол бөксесін жалаңаштай бастады, енді біздің келешегіміз, болашағымыз не болмақ, әкелер?» деген жалынышты, ұрпақ қамын жеген аянышты жанайқайы естіледі ақынның. Онымен ғана шектелмей«...Намысыңды шылғау етпек аяққа,Батыс билеп жетектеген ғасырың...» деп, астары терең ой айтады. Алпауыт елдердің шонжарларының әлемге үстемдік жүргізу жолындағы іс-әрекеттерін ақын-жүрек жан-тәнімен сезінеді. Бұрқанады, буырқанады. Қолында қалам тұрғанда жазып қалуға тырысады. Жер сілкінісінің магнитудасын дамыған технологиядан (Сейсмология) бұрын сезетін мысық тәрізді – жанталаса қимылдайды. Ұлт болашағын ойлап аласұрады. Өлеңдегі «Батыс билеп жетектеген ғасыр»поэтикалық ой, кез келген ақынның уысына түспейтін қазына! Ақынның поэзиядағы ұтқыр тұсы да, шабытына арқау болған поэтикалық жыр үлгісінің жалғасын табуында.
Кейін интернет желісінен, түрлі сайттардан өлеңдерін оқып жүрдім.Жолымыз тоғысты. Мен «Қазақстан Дәуірі» газетінде бас редактордың орынбасары, ол кісі «Мөлдір бұлақ» журналында бас редактор. Мен Астанада, Дәукең Алматыда. Екі-үш рет кездесіп, әңгімелескеніміз бар. Сонда байқағаным, иманы берік, біреуді даттауға жоқ, ақкөңіл азамат екен... Мен оны Дәуке деп кеттім.
Маған «Сенің арқаң» (поэзия кітабын) және «Төлеген оқыған хат», «Өлместің суы бар ма» прозалық кітаптарын сыйлады. Оған да бір-екі жылдың жүзі болып қалды-ау. Аманатталған кітаптарға қиянат жасауға бола ма? Оқып шықтым барлығын. Осы мақаланы жазарда «Сенің арқаң» кітабын қайта парақтадым.
«Батырың қайда, дұшпаның келіп бағынған?
Тұлпарың қайда,шаң жұқпас жүйрік сағымнан?
Қайсарлық қайда,өркештеп жатқан қаныңнан,
Қарқара тұлға қарттарың қайда, табынған?
Аруың қайда, айшылық жолдан аңсаған?
Шақтарың қайда,кең өріс тапқан тар санаң?
Жетімдік түссе көрсетпей кеткен әлсізге,
Күндерің қайда,жамандық біткен жамсаған?
Мұралың қайда, ұраның қайда, арлы жол?
Ортаға шығар «береке!» десе қарғып ел.
Бәрі де бізде, бәрі де бізде...Бірақ та, -
Пенделік деген түрмелеп отыр қандықол...».
Осы өлеңдегі «...Қайсарлық қайда,өркештеп жатқан қаныңнан» деген жолға елең ете қаласың. Тосын ой! Қызық пайым. Тосырқап қарайтының да содан. Біздің пендәуи түсінікте қайсарлық – мінез бен рухтан күш алатын тылсым энергия. Көз де, көңіл де соған әбден сенген. Сөйтсек, қайсарлықөркештеніп қаныңнан көтерілгенде көз алдыңа ұлттық мәнге ие қара нарды әкеле қояды екен-ау. Немесе теңіздің жал-жал толқынын елестетеді. Өзгені қайдам, қазақ баласына өркешті айтса қара нар елестейтіні айдан анық. Жырдан біз іздейтін ұлттық колорит осы емес пе!
Дәулетбек Байтұрсынұлыөзіне дейінгі сүрлеу мен соқпақтан қашып, соны жол іздеуге әуес ақын. Бұл жол өте ауыр. Жанкештілікті қажет етеді.
Орыс ақыны Николай Заболоцкий «Өлеңді көтеріп тұратын үш кит бар. Олар – Ой, Образ, Әуезділік», – дейді. (Стихотворения держится на трех китах: М – О – М. Мысль – Образ – Музыкальность). Осы тұрғыдан қарағанда ақын творчествосы ошақтың үш бұтындай «Ой – Образ – Әуезділікті» жат көрмейді. Тіпті біте қайнасып кеткен.
Ақын бір өлеңінде:
«Біреу келіп жүрегімді қанжарлап,
Сорғалайды сорым қайнап қан қарға ақ.
Көп ит қуған киіктей боп ентігіп,
Қарғитындай қал кешемін жардан нақ…» десе, тағы бір жерде:
«– Қазақстан, отаным ба ?
– Отаным!
– Мынау дала мекенім бе?
– Мекенім!
Күйін кештім жаңа туған ботаның,
Белгісіздеу қашан белге жетерім.
Бәрі бізде, тауыса алмайсың өлшетіп,
Байлық та бар басыңды изеп, иланар.
«Көк қағазды» көкжиектен көрсетіп,
Жат жұрттықтың жетегінде бұйдалар...
Не жоқ дейсің, менің мынау өлкемде,
Қайрат, жігер, қулық, тағы ептілік...
Айнымайтын адамдықпен өлсең де,
Жетпейді тек, жетесі мен тектілік!» деп қайырады.
Бұл жолдар данышпан Абайдың:
«Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл.
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер, өзің біл» дегенімен үндеседі.
Өлеңінің өн бойынан образ бен әуезділік, ой әдемілігі төгіліп тұрғанымен, кейде ақын өршіл рухымен де ортаға шығады. Ару жырға мұңында шағады.
«...Сондай сәтте сыбырлайды періште,
Қайтарады кеткен ойды теріске.
Аямайтын пенделер бар ешкімді,
Жүректерін айналдырған берішке.
Қысымын да қалған кезде көк беттің,
Көз алдыма көктемімді көлбеттің.
Ақ періштем – өлең болып сен келдің,
Тік көтеріп рухымды өрлеттің.
О, ару жыр, сен болмасаң тозамын,
Тұнығыңа жудым жүрек тозаңын.
Шымыр-шымыр… бойы нұрға балқыды,
Дәл бабында қалықтады өз әнім» деп әуелеп те кетеді.
Поэзия – талғам мен таланттың, сыршылдық пен шыдамдылықтың, болмыс пен парасаттың ұштасатын жері. Өлең құралмайды, құралған жыр оңалмайды. Жүректен шамырқанып шығып, жанды жегідей жемеген жырдың ғұмыры қысқа. Оқырман ақынның жыр жазу үстіндегі ауыр азабын сезінбей, көз ілмей жазған жырын Алла Тағаланың өзі қағаберісте дәптеріне құя салғандай сезінгенде ғана бағы жанады. Өлеңнің өміршеңдігі деген сол!
Жырға ғашықтықсезімді тілмен жеткізіп айту қиын. Тереңдігі қырық құлаш құдық-ойға шөл далада кездесіп қалып, бір жұтым су аңсаған жолаушыдай қауғасынтастап жіберіп, кезерген ернін жалап-жалап қоятын көрініс шын ақынның пешенесіне жазылған дүние... Бұл ақындардың ақынына ғана бұйырған бақ!
«Өмір – ғажап, өмір – сырлы, өмір – таң,
Тұншығасың қиялыңмен шомылсаң.
Уақыт – қиқар, әміріңе көнбейді,
Ми – мазасыз, жүрек – кірбең, көңіл – шаң.
Біз мезеттік,Уақыт шексіз, мәңгілік.
Шаужайлайды шабуылдап сан күдік.
Бақи дүние елемейді ертеңін,
Инсан деген – қарынға құл, әңгүдік» дейді ақын бір өлеңінде. Иә, өмір жайлы, дүниенің жалғандығы жөнінде арғы-бергі тарихта тебіренбеген шайыр аз. Әр ақын өзінше өріс тастап бұл тақырыпты әбден шиырлап, шарлап тастағаны да жалған емес.
Мұндайда:
«Бір-біріне ұқсамасын ақындар!
Ақын түгіл ұқсамайды жақындар.
Өйте берсе бәрін қуып, халайық,
Біреуін-ақ қалдыруға қақың бар!» деп, Қадыр ақынға жүгінеміз.
Дәулетбек ақын бұл жағынан қаламына берік. Жаңашылдыққа «жерік».
«Уақыт – қиқар, әміріңе көнбейді,
Ми – мазасыз, жүрек – кірбең, көңіл – шаң». Осы екі жол өлеңдегі көңілді шаңға балау арқылы философиялық түйін жасау сәтті шыққан эксперимент. Иә, көңілді де шаң басады. Көңілді шаң басқаны – бәзбіреудің көңіліңді қалдырғаны, жамандықты жағалағаны емес пе?!.. Көңіл-кілемнің шаңын ақын жырымен қағады. Қазақы түсінікке де жеп-жеңіл.
Данышпан Абай:
«Көңілдің күйі тағы да,
Өмірсіз жанның алды ішін.
Аударды өлең жағына,
Нәпсінің сынған қайғысын» десе, Тұманбай ақын:
«Жүретін бір күндерің бар
Атқа мінбей, жаяу қалып.
Көңіл кетіп гүлге құмар,
Отырасың ой ойланып...» деп толғанатын.
Сүйегіне сөз сіңген, өткен-кеткен тарихтан хабары мол, ата-баба ұстанған һақ діннің бастауынан сусындаған ақынекі дүниенің парқы мен нарқын білгендіктен, өлең-өмірі де тіршілігімен біте қайнасып кеткендей әсерге бөлейді.
«Жан емес ем желігіп желп еткен де,
Жүгінбедім, кіжініп жер тепкенге.
Өзімді-өзім хақ жолға түсірсем де,
Жүрегімді жүреді өртеп пенде...» деп, һақ жолда жүрудің де сынақ екенінен хабар береді.
«Жаза алмадым жанымның қалаулы үнін,
Жүрегім де салқындау, нарау бүгін.
Көре-көре көзімнің нұры тайды,
Адамдардың аңдысқан қараулығын.
Қыс секілді кейде осы жазды күнім,
Сарқар болдым жанымның аз жылуын.
Ести-ести құлақта қақас болды,
Адамдардың ғайбатпен жазғыруын.
Табам таза дүние қайдан әппақ?
Жүре алмадым нәжістен тайғанақтап.
Арғы әлемнің ақ нұрын аңсаймын да,
Кеткім келіп тұрады айдан аттап...» деп, іштегі сырында жасырмай айтып салады. Осындай мезетте Мұқағали ақынның «Айтып өткен ақында арман бар ма, жүрегінің түбіне кір жасырмай» дегені орала кетеді.
Ақынның
«...Жетімдік түссе көрсетпей кеткен әлсізге,
Күндерің қайда,
жамандық біткен жамсаған?...»,
немесе,
«Басыңа неше түрлі сұрақ берер,
Кедейлік – нағыз сынақ, шын-ақ төнер.
Байлық та ер жігітке бір соғады,
Иманын талқыға сап, сынап көрер»,
Болмаса,
«Жылдар жылжып өтеді, жылыстайды,
Тебіренбесе жүрегің жыр ұшпайды.
Бақыт та бір жолаушы қонып өтер,
Дүниенің тұтқасын кім ұстайды?!» деген сияқты қайырымдары үлкен толғаныстан туған дүниелер екені даусыз. «Қазақтың дәл өзіндей қарапайым» (Мұқағали) тілімен-ақ, бәсі үлкен ойлар туғызуға ақын бауырым өте құштар. Бұл ізденістің, тілдік қордың байлығының арқасы.Ақындық кредоның, шалқар шабыттың да көксегені осындай арда сезімдердің жанартаудай атқылауы емес пе!!
Сөз соңында айтарым, орыс әдебиетінің ұлы сыншысы В.Г.Белинский: Поэзия адамның еркін тілімен берілетіндіктен, онда үн де, сурет те және пайымды ойлар мен айқын айтылған түсінік те болмақ. Сондықтан өзге өнердің барлықэлементтері поэзияда бар» дегені ойға оралады. Белинский айтпақшы, «өзге өнердің барлық элементтерінің бірі емес бірегейі» Дәулетбек ақын жүрегіне иман нұрымен кірген илләһи жырлар.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл» деген Абай аманатына ақын адал. Оны соңғы жазған кітаптары«Күнәсіз мекен», «Ләтипа лүпілі», «Топыраққа сіңген нұр», «Сенің арқаң», «Мәңгілік мекен», «Ясин – Нұр», «Ақыреттің егіні», «Хылует» т.б прозалық жазбаларынан аңғармау мүмкін емес. Ақын адам баласын түзу жолдан адастыратын, ізгіліктің қанатын қиятын, алдамшы дүниелерден сақтандыруға тырысады.
Қайтейін дүниенің дүр екенін,
Сүйретіп ластап жүр кір етегін.
Жетеді «жауынгерлер» алтынға құл,-
Олар көп... қайтіп қана күресемін?
Пендені мынау жалған батыл еткен,
Көтермей асап жатыр басын еттен.
Даңқ пен қарын ғана қастерленіп,-
Бұл күнде қорықпайды ақыреттен.
Тірлікте өкініш мол кегім кеткен,
Суғармай майсасында егін кепкен.
Даярлық арғы әлемге мазалайды,-
Табылар өле кетсек кебін, кетпен...» дей келіп,
«Қиялға қызықтап қалықтағанымда,
Пенделік жеңіп шарықтағанымда,
Рухым әлсіреп, арықтағанымда,
Сеземін, Бейшара екенімді, Алып табаныңда.
Ерлікті көріп, еркіндегенімде,
Жеңісті көріп желпілдегенімде,
Думанды көріп, селкілдегенімде,
Есімді жиямын,
Жүректің берген бағзыда сертін көремін де.
Сенсіз бәрінен тұл екенімді,
Шарасыз пенденің бірі екенімді,
Өзіңнің арқаңда тірі екенімді,
Мойындап,
Саған басымды ием,
Алла, алдыңда құл екенімді!..» деп ағынан жарылады. Өзің күнде көріп, кейде іштен тынып айта алмай булығып жүрген келеңсіздіктерді, дабырайтып, даңғазаламай-ақ, алдыңа тарта қояды ақын.
Бұл да өзіне дейінгі ірі даңқты ақындардың мектебінен өткендігі.
«Биссимиллаһир Рахманир Рахим,
Жолын қуған мен Абайдың бір ақын.
Құдай, Құран, Сенім – мәңгі серігім,
Арлы, иманды болу менің мұратым!» деген ақынға жыр сапарың оң болсын дегіміз келеді!.. «Сылдырлап өңкей келісім, Тас бұлақтың суындай» арнасынан асып, шөліркеген таңдайға тамып, оқырманның мейірін қандырып, сүйіспеншілігіне бөленсе, одан асқан не бар мына жалған дүниеде?!.. Бұл жағынан Дәукең бақытты ақын!
Ақын елу жасқа толғанда «Алаш» сыйлығының иегері, сыншы Бақыт Сарбала «Ой түзеген Оғлан» деп «Қазақ әдебиетіне» жазып еді. Ақын ұлттық бояуы қанық, халықтың табиғатына жақын көркемдік тіні мықты, салт-дәстүрдің жібек жібімен кестеленген жырымен алпыстың асуынан да алқынбай асып отыр. Бұл үлкен қуаныш! Даңғарадай жетістік. Мақалаға өзек болған пікіріміз Дәулетбек Байтұрсынұлының ақындық бір ғана қыры. Аударма саласында он кітап, көркем прозада «Өлместің суы бар ма?» деген бір кітап, публистикалық сарында «Төлеген оқыған хат», «Әділет шапқат кімде бар» атты екі кітап, «Ерлік ескірмейді» деген сын-мақалар жинағы, балалар шығармашылығында «Мөлдір бұлақ» журналын шығарып отырған еңбегі мен қосқан үлесі атан түйеге жүк болардай қомақты. Ол жайлы да жазыла жатар. Қаламың мұқалмасын, ойлы жырың жұқармасын, қазақтың Дәулетбегі!
Нағашыбай Қабылбек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Abai.kz